Маңғыстау өңірінде жүздеген итбалық неден қырылды?

Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесі. Блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған фото.

Маңғыстауда Каспий теңізін мекендейтін итбалық жаппай қырылып қалған, Кейінгі бір аптада теңіз жағалауынан үш жүзге жуық итбалық өлексесі табылды. Мамандар олардың неден өлгенін анықтауға кірісті.

БІР ЖҰМАДА ҮШ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ӨЛЕКСЕ ТАБЫЛДЫ

Маңғыстау облысында 24 қазаннан бері Каспий теңізі жағалауынан 289 итбалықтың өлексесі табылған. Қызыл кітапқа енген итбалықтың қырылуына не себеп болғаны әзірге жұмбақ.

Жергілікті Lada.kz сайты Жайық-Каспий облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен гидробиология және экология институтының өкілдері теңіз жағасын бақылап жүр деп хабарлады.

Мамандар Каспий теңізі жағалауынан табылған итбалық өлексесін қарап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті жариялаған сурет.

Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Жазира Сыдықова қыркүйектің аяғынан бері Түпқараған түбегінің батысындағы жағалауда Каспий итбалығы неден қырылғанын анықтау үшін мониторинг жүріп жатыр деген. Экспедициядағы зерттеушілер күн сайын жағалауды (Баутин ауылы мен Форт-Шевченко қаласы арасын, одан әрі оңтүстікке қарай) қарап, теңізді бақылап отыр.

Өлген итбалықтардың жасын және неден қырылғанын анықтау үшін сынама алынды деді Жазира Сыдықова. Итбалықтың өліміне не себеп болғанын зертханадағы жұмыстар анықтағаннан кейін қосымша хабарланады деді ол.

Каспий итбалықтарын зерттеп жүрген Әсел Баймұқанова Instagram-парақшасында Каспий жағасына шығып қалған итбалық өлекселерінің кейбірінен зорлық-зомбылық іздері табылды деді. Оның айтуынша, өлген итбалықтың көбі буаз екені анықталған.

– Олар неден өліп жатыр? Әзірге айтар ештеңе жоқ. Ұрығы жетілгеніне қарағанда, олар Солтүстік Каспийге келгенге дейін сау болады, бірақ кейін әлдебір жағдай болып, олар өліп қалады. Неден қырылғанын биологтар ғана анықтай алмайды, бұған экологтар, химиктер мен технологтар кірісуі қажет, – деді зерттеуші.

ЖЫЛДА НЕГЕ ҚЫРЫЛАДЫ?

Өткен аптада маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Түпқараған ауданы Баутин ауылы аймағында жүзден астам итбалық өлексесі табылды деп Instagram-парақшасында хабарлаған.

Оның ақпаратына сәйкес, дауылдан кейін теңіз жағасынан, ғалымдардың есебінше, 151 итбалық өлексесі табылған.

– Қазір сол өңірде итбалықтарды зерттеп жатқан ғалымдардың сөзінше, кейбірінің жарақаты бары анықталған. Олардың неден қырылғаны әлі белгісіз, – деді Сәрсенбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті басылымдарға итбалық өлекселерін 24 қазанда Жайық-Каспий облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері теңіз жағасын барлап жүргенде тапты деп хабарлады. Ол жерге жергілікті атқарушы органдар, гидробиология және экология институты, Qazaq balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының өкілдері де барды деді министрлік.

Каспий теңізі жағасынан итбалық өлекселері биыл сәуірде де табылған. Ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет итбалықтар қыс мезгілінде бір уақытта өліп, содан бері өлксесі суда тұрған болуы мүмкін деп долбар жасаған.

Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесін тексеріп жатқан адам. Орталықазиялық экологиялық зерттеулер институты жариялаған фото.

2022 жылы қараша мен желтоқсан аралығында Каспий жағалауын тексеру кезінде 172 итбалық өлексесі табылған еді. Оның себебін былтыр ақпанда Қазақстан экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті қоршаған ортаның ластануы салдарынан иммунитеті әлсіреген итбалықтың пневмонияға қарсы тұра алмауынан деп түсіндірді.

"Ғылыми ұйымдар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған жұмыс тобы Каспий итбалығынының қырылуына вирустың әсерінен асқынған пневмония себеп болды деген қорытындыға келді. Тұмау және морбилли вирус инфекциясының аралас түрі ушыққан" деп хабарлады министрлік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Маңғыстау облысында Каспий жағалауында 100-ден астам өлі итбалық табылдыҚазақстан Каспий теңізін қазып, канал салмақ. Бұл теңіздің экожүйесіне қалай әсер етеді? Каспийдегі өлі итбалықтар