Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында 100-ден астам өлі итбалық табылған. Бұл жайында 8 қарашада Орталық Азия экологиялық зерттеу институты хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, итбалықтардың жаппай өлгені жайлы хабар Каспий итбалығын зерттеу орталығына 7 қарашада кешке түскен.
Қазір теңіз жағасында зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
"8 қарашада кешкі 17:00-тер шамасында 101 итбалық өлі табылды. Қазір себебін анықтау үшін олардың жасушаларын алып зертханаға жібердік. Қалдықтары шіріп жатыр" деді Каспий итбалығын зерттеу және емдеу орталығының директоры Әділхан Тауасаров.
Каспий теңізі жағасында өлі итбалықтар алғаш рет табылып жатқан жоқ. Биыл тамыз айында жергілікті Lada.kz басылымы Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко портына жақын жерде 64 өлі итбалық табылғанын жазған.
Осы аптада Маңғыстау облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге көңіл бөліп, Каспий итбалықтарын сақтап қалу және көбейту үшін бірқатар ғылыми-зерттеу жүргізуді тапсырған.
ПІКІРЛЕР