Ол әуелі Христиан-демократиялық одақ (ХДО) жетекшісі қызметінен кетеді. Бірақ дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесіне сенсек, 2021 жылғы сайлауға дейін Меркель Германия үкіметінің басшысы болып қала береді.
Бірақ ақпарат құралдары Ангела Меркель дәуірінің аяқталуға аз қалғанын, Германияда мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін екенін жарыса жазып жатыр.
Канцлердің партия жетекшілігінен кету туралы шешіміне Гессен аймағында жексенбі күні өткен парламенттік сайлау нәтижесі ықпал етсе керек. Ол жерде ХДО бұрынғымен салыстырғанда 11% аз дауыс алған. Бірақ формалды түрде Меркель партиясы елдегі ең мықты партия саналады. Партияның одақтастары – социал-демократтар да нашар нәтиже көрсеткен.
Төмендегі кестеде Гессендегі сайлау нәтижесі 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырып көрсетілген:
Ангела Меркель мұндай көрсеткішке алғаш рет кезігіп отырған жоқ. Бірнеше апта бұрын ХДО-ның "туыстас" партиясы – бавариялық Христиан-әлеуметтік одағы (ХӘО) Баварияда әзер жеңіске жетті. ХДО/ХӘО рейтингісі соңғы айларда төмендеп барады.
Ангела Меркельдің биліктегі соңғы жылдарын ХДО атынан билікте ұзақ отырған екі канцлер – Конрад Аденауэр (ГФР үкіметін 1949-1963 жж. басқарды) және Гельмут Кольдің (1982-1998 жж. канцлер болды) билігімен салыстырады. Олар да ұзақ жыл сәтті саяси карьера жасап, соңына таман сәтсіздікке ұшыраған. Ел арасында танымалдығы азайып, сайлаушылар ғана емес, партия өкілдерінің өздері де жетекшілерінің ісіне разы болмады.
Вилфрид Мартенс атындағы еуропалық зерттеулер орталығы (Брюссель) саяси бағдарламалар директоры Роланд Фройденштейн Ангела Меркельдің Германия саясатындағы дәуірінің аяқталуы жөнінде Азаттыққа сұхбат берді.
Азаттық: – Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одақ жетекшісі қызметінен кетуіне не себеп болды?
Роланд Фройденштейн: – Ол партиясының сайлауларда қатарынан жеңіліп жатқанын көрді, енді көшбасшылардың жаңа буынына кедергі жасағысы келмейтін сияқты.
Азаттық: – Жаңа буын деп нақты кімдерді айтып отырсыз? ХДО төрағасы ретінде Меркельдің орнын кім басады?
Роланд Фройденштейн: – Ең ықтимал кандидатура – қазіргі ХДО-ның бас хатшысы Аннегрет Крамп-Карренбауэр - иә, бұл кез келген сайлауалды плакатына жарасатын таптырмас есім (күледі). Оны көбіне аты-жөніндегі бас әріптерді біріктіріп – АКК деп атайды. Ол желтоқсанда Гамбургте өткен съезде партия басшысы қызметі үшін сайлауға түсетінін мәлімдеді.
ХДО-ның оң қанатынан Фридрих Мерц қатысуы мүмкін. Ол газетке берген сұхбатында сайлауға түскісі келетінін айтқан. Алайда оның озып шығатынына күмәнім бар. Партияның сол қанатынан Армин Лашет шығуы мүмкін, ол Солтүстік Рейн – Вестфалия аймағының премьер-министрі. Егер осы үш саясаткер ғана сайлауға қатысса, "орталық кандидаты" ретінде АКК-ның жеңуге мүмкіндігі бар.
Партияға жаңа леп керек екені сезіледі
Азаттық: – Бірақ "орталық кандидаты" болу деген Ангела Меркельдің саясатын жалғастыру деген сөз ғой. Ал қазір сайлаушылар арасында оның танымалдығы азайды емес пе?
Роланд Фройденштейн: – Тіпті өзін-өзі ұстауы, жеке тұлға ретінде Аннегрет Крамп-Карренбауэр Меркельден аумайды. Сондықтан "мұндай буын алмасуы бізге керек емес" дейтіндер көп болатын шығар. Иә, көп сауал бар. Бір нәрсені ескеру керек: ХДО – идеологиясы бойынша бірқалыпты саясатты ұстанатын партия ғана емес, қызу пікірталастарды ұнатпайтын саяси ұйым. Бір-екі апта бұрын ХДО-ХӘО парламенттік фракциясының жаңа басшысы сайланды. Ральф Бринкхаусты бұған дейін ешкім мықты кандидат санамаған еді. Партия басшылығы оған қолдау көрсеткен жоқ. Мұны Меркельге қарсы шағын "бүлік" десе болады. Сайланған соң Бринкхаус қандай мәлімдеме жасады? "Меркельмен толық, жүз пайыз келісімге келеміз" деді. Демек, ХДО партияға жаңалық керек екенін сезінеді, алайда іштей бөлініс бола ма деген қорқынышы бар. Меркельдің өзі ізбасары ретінде жылы қарайтын АКК үшін мұның бәрі тиімді болмақ.
Азаттық: – Бірақ христиан демократтар жеке билік етпейді, олар қазір ХДО-дан бетер дағдарысты бастан өткеріп жатқан социал-демократтармен бірге "үлкен коалицияның" бір бөлігі. Германияның социал-демократиялық партиясының (ГСДП) көп мүшесі дағдарыстан шығу үшін басқарушы коалициядан кету керек деп санайды. Енді мерзімінен бұрын сайлау бола ма?
Роланд Фройденштейн: – Егер ГСДП үкіметтен кетсе, мерзімінен бұрын сайлау болады. Бірақ жаңа коалиция құру мүмкіндігі бар – ХДО/ХСО "жасылдармен" және либералдармен бірігуі мүмкін, былтыр ГСДП-мен келісім жасамай тұрып Меркель солармен келісімге келуге тырысты. Бірақ мұндай сценарий Меркель канцлер қызметінен кетсе ғана мүмкін болады. Әзірше ол биліктен кетпейтінін айтты - 2021 жылғы сайлауға дейін үкіметті басқарады. Дегенмен алдағыны уақыт көрсетеді. Социал-демократтар шынымен де кететін болса – мерзімінен бұрын сайлау өтеді. Ол кезде Ангела Меркель елеулі роль атқара қоймас.
Сонда не болады дейсіз ғой. Соңғы айларда жергілікті сайлауларда болған жағдай қайталанатын шығар. Яғни, оңшыл радикалды "Германияға балама" партиясы мен "жасылдардың" күшейгенін байқаймыз. ХДО мен ГСДП әлсірей береді. Бірақ солай бола тұра, христиан демократтар мықты партия болып қала береді – келесі үкіметте канцлер лауазымына таласады.
Азаттық: – Демек, "Германияға балама" мен "жасылдардың" тамаша жетістігіне қарамастан, сіздің ойыңызша, неміс саяси сахнасында күштердің толық жаңаруы мүмкін емес қой?
Роланд Фройденштейн: – Солай ойлаймын, себебі "жасылдар" социал-демократтардың бұрынғы сайлаушыларының дауысын алып жатыр, ал "Балама" - ХДО-дан көңілі қалған сайлаушылардың дауысын алды. Өзге де факторлар жеткілікті. Бірақ мән беретін бір нәрсе: саясаттағы екі үлкен лагерь – оң жақ пен сол жақ ондаған жылдар бойы көлемін өзгерткен жоқ. Мазмұны жағынан да, идеясы жағынан да, маңызды мәселені шешуде де күрт өзгеріс болмады. Мысалы, немістер технологиялық және өзге де ғаламдық өзгерістердің салдарына әркез алаңдайды, ядролық энергия немесе климат өзгерісіне уайымдайды. Біз қаржылық жағынан да консерватормыз, жеке өмірде де, мемлекеттік деңгейде де қарыз алғанды ұнатпаймыз. Осындай іргелі мәселелерге келгенде неміс саясаты бағытын күрт өзгертпейді.
Азаттық: – Ал сыртқы саясатқа келсек, атап айтқанда Ресейге қатысты ұстаным қалай өзгермек?
Роланд Фройденштейн: – Бұл жерде де айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Жаңа ресейлік империализм деп аталатын дүниеге өте сақ күйде қарсы тұру жалғаса бермек.
Азаттық: – "Жасылдар" үкімет басына келсе де ештеңе өзгермей ме?
Роланд Фройденштейн: – Ұстанымдары тұрғысынан алсақ, "жасылдар" социал-демократтарға қарағанда Кремль саясатын қаттырақ сынауға бар. Қазіргі үкіметте "Солтүстік ағын-2" мәселесіне лоббилік таныту, Мәскеуге жиі бару және "Путинді түсінуге тырысу" социал-демократтардың ұсыныстарының "арқасында" жүзеге асты. "Жасылдардың" Кремльге қатаң саясат ұстанатыны анық.
Меркельдің әлсірегеніне біраз болды
Азаттық: – Алдағы айларда Ангела Меркель канцлер қызметінде қалса, әлсіз болатыны, "ақсақ үйрек" кейпін киетіні айтылады. Германияның сыртқы саясатына бұл қалай әсер етпек?
Роланд Фройденштейн: – Меркельдің әлсірегеніне біраз болды. Эммануэль Макрон Франция президенті болып сайланғалы Еуроодақтың интеграциялық күш-жігері мен саяси бастамалары Париждің қолына көшкені айтылады. Германия – ЕО-ның өте маңызды мүшесі, әсіресе, экономикалық тұрғыда маңызды, бірақ сыртқы саясат тұрғысынан алғанда үлкен рөл атқармайды. Берлин қорғанысқа бөлетін шығынды көбейткісі келмейді және халықаралық әскери операцияларға қатысуға құлықсыз. Уақыт өте келе жаңа үкімет пен басқа канцлер болған күннің өзінде күрт өзгерістер күтпеймін.
АНГЕЛА МЕРКЕЛЬДІҢ САЯСИ КАРЬЕРАСЫ
64 жастағы Ангела Меркель ХДО партиясына 2000 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. 2005 жылдан бері Германия канцлері міндетін атқарды. Оның басшылығымен партия төрт рет парламенттік сайлауда жеңіске жетті.
Бірақ ХДО/ХСО парламентте көпшілік дауысқа ие болуы үшін Меркель әркез коалициялық келісім жасады: үш рет (2005, 2013 және 2017) социал-демократтармен және бір рет (2009 ж.) либералдармен күш біріктірді. Ангела Меркель ұзақ уақыт өте танымал канцлер болды, оның рейтингі 60%-дан төмендеген емес.
2015 жылы миграциялық дағдарыс болып, Германия басым көбі Таяу Шығыстан келген миллионнан астам босқынды қабылдаған соң Меркельдің қарсыластары оның саясатын қатты сынай бастады. Үкімет басшысының рейтингі айтарлықтай төмендеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Чехия Германияның босқындарды қайта бөлу ұсынысын қабылдамадыСоңғы жылдары Германияда әлеуметтік проблеманың ушыққаны, саяси экстремизмнің асқынғаны байқалады. Ресей Қырымды аннексия жасап алған соң, Украинада шиеленіс басталғалы Ангела Меркель Еуроодақтың Кремльге қарсы санкция енгізуін белсенді түрде қолдады. 2015 жылы ол Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу бойынша Минск келісімін жасауға қатысты.