НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ
2021 жыл парламент және мәслихат сайлауынан басталды. 10 қаңтар күні адамдар партияларға дауыс беріп жатқанда "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ (Демпартия) пен "Оян, Қазақстан" қозғалысы бейбіт акцияға шығып, сайлауға бойкот жариялады. Арнайы жасақ Республика алаңына бағыт алған азаматтарды ұстап әкетті, жиын орнына жетіп қойған белсенділер құрсауға алып, аязда сағаттап ұстап тұрды. Белсенділердің үнін естірмеу үшін музыка қойып, арасына олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов секілді адамдар жіберіп, наразылықты тарқатуға тырысты.
Наразылық кезінде айтылған ұрандардың ішінде Назарбаев та аталды. Мына суреттен Демпартия мүшесі Абзал Достияровтың "30 жыл халықты алдаған Назарбаев билігі кетсін!" деген ұран жазылған плакат ұстап тұрғанын көруге болады.
Осыған ұқсас жиындар 28 ақпан, 27 наурыз, 24 сәуір, 6 шілде күндері де өтті. Оларды Жанболат Мамай бастаған "Демпартия" белсенділері өткізді. Мамай митингіге шақырған күні қуғында жүрген саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов та жақтастарын көшеге шығуға үндеп жүрді. Ол жетекшілік ететін “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы (Қазақстан билігі қызметіне тыйым салған ұйымды Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды) наразылықты Алматымен бірге Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында да ұйымдастыруға тырысты.
Бұл жиындарда да экс-президентке қарсы сөздер айтылды. "Назарбаев – диктатор", "Назарбаев, кет!", "Назарбаев билігіне қарсымыз" қарсымыз деген ұрандар көтерілді.
Ал 8 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Назарбаев муралын бүлдіріп, оны Джокер кейпінде бейнелеген. Муралдағы “Ұлы дала ұлы” дегенді “Ұлы дала ұры” деп өзгертіп кеткен.
Наразылықтың көбіне экс-президентке қарсы бағытталуы қоғамның елдің нағыз басқарушысы Тоқаев емес, Назарбаев деп түсінетінін білдірсе керек. Азаттық сөйлескен сарапшылар, құқық қорғаушылар, қатардағы азаматтар да осыған ұқсас пікір айтты. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, қазір шетелде тұратын Әкежан Қажыгелдин де "Настоящее Время” арнасына берген сұхбатында "Тоқаев – Назарбаевтың қолындағы құрал" деп мәлімдеді.
НАЗАРБАЕВТЫҢ "ТОҚАЛЫ" ЖӘНЕ АҚЫҒА КІТАП ЖАЗҒАН ДЖОНАТАН АЙТКЕН
Қазанның басында Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Назарбаевтың бейресми әйелі саналатын Әсел Құрманбаеваның офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көргенін әшкере етті. Келісім экс-президентке қатысы бар деген екі олигархтың қатысуымен жасалған. OCCRP бұл келісімді "Пандора құжаттары" деген құжаттар легінен анықтаған.
1999 жылы "Мисс Қазақстан” сұлулық байқауын жеңген Құрманбаева қазір үкімет иелігіндегі "Астана Балет" театрының арт-менеджері. Бір кездері жаңалық сайттарында оның екі ұлының паспорты жарияланған. Онда ұлдарының әкесінің аты "Нұрсұлтан" деп көрсетілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева кім?Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми танылған әйелі – Сара Назарбаева. Ерлі-зайыпты Дариға, Динара және Әлия дейтін үш қыз сүйген. Кейінгі жылдары Сара Назарбаева бұқара алдында сирек шығып жүр. Өзге елдің басшылары жолдастарын ертіп баратын саяси жиындарға Назарбаев өзі барады.
"Пандора құжаттары" Назарбаевты мадақтайтын кітап шығарған британ саясаткері Джонатан Айткеннің сол кітап үшін ақы алғанын да әшкереледі. 2009 жылы жарық көрген кітабы үшін Айткен 166 мың фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 96 млн теңге) алған.
Бүгінде 80 жасқа таяған Айткен карьерасын журналист ретінде бастап, кейін саясатқа ойысқан. Түрлі жылдары парламент мүшесі, үкімет құрамында министр қызметтерін атқарған. 1990 жылдары ол сотта жалған куәлік бергені үшін сотталып, жеті ай түрмеде отырып шыққан.
Айткенге Назарбаев кітабы үшін ақы төлегендердің бірі – World PR компаниясы. Компания Қазақстанның Багам аралдарындағы мәртебелі консулы Патрик Робертсонге тиесілі болған. Financial Times газетінің тілшісі Том Берджестің зерттеуінше, World PR сондай-ақ Назарбаевтың қарсыласы Мұхтар Әблязовты қаралайтын науқан да жүргізген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Guardian: Назарбаевты мақтап кітап жазған Джонатан Айткен Қазақстан үкіметінен ақы алғанТАС ЕСКЕРТКІШ ПЕН ТАСПАДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ
Назарбаевқа мадақ ең қатты айтылатын кезең – шілденің басы. Айдың алтыншы тәулігі – оның туған күні. Қазақстанның мемлекеттік мерекесіне айналған бұл күн бір апта тойланады. Мерекелік шаралар маусымның соңынан басталып, туған күнде шарықтау шегіне жетеді. Туған күн былтыр коронавирус індеті өршіп, елде күн сайын ондаған адам қайтыс болып жатқан тұста да тойланған. Ауруханалар ауруға лық толып, денсаулық жүйесі коллапс жағдайында тұрғанда Нұр-Сұлтан аспанына фейерверк атылған еді.
Назарбаев мерекелік мадақтан биыл да кенде болмады. 3 шілде күні Түркістан облысы әкімдігінің алдында экс-президенттің қоладан құйылған кезекті ескерткіші ашылды. Сол күні ел астанасында Назарбаевтың креслода отырған ескерткіші таныстырылған. Салтанатты рәсіміне Тоқаевтың өзі қатысып, сөз сөйлеген. Мұндай ескертіш былтыр да қойылған. Жеке басқа табынушылықтың нышанына айналған мұндай мүсіндердің саны онға жуықтайды.
Былтыр маусым айында америкалық әрі ресейлік режиссер Майкл Идов коронавирус індетінің алдында Лос-Анжелестен Мәскеуге ұшып бара жатып америкалық режиссер Оливер Стоунды көргенін, таныстарынан оның Назарбаевтан сұхбат алуға бара жатқанын естігенін айтқан еді.
Бірақ сол жылы туған күні 6 шілде де, бірінші президент күні 1 желтоқсан да Стоун мен Назарбаевтың сұхбаты шыға қоймады. Бірақ биыл Стоунның сұхбаты жайлы әңгіме бос сөз болмағаны белгілі болды. Сұхбат расымен ұйымдастырылған, соған сүйеніп әзірленген фильм 8 сағатқа созылған. Оның екі сағатын 6 шілде күні "Хабар" арнасынан көрсетті.
Тұңғыш президент күні деп аталатын 1 желтоқсанда сұхбаттың толық нұсқасы көрсетіле бастады. Телеарналар 8 сериядан тұратын фильмді сегіз күн қатарынан берді. Қызы Дариға екеуі кезек-кезек сөйлеген фильмдер сериясында Назарбаев әдеттегідей өзін мадақтап, өзгені сөге сөйледі. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы сөз болғанды, оны ұйымдастырған Әблязов деп, елдің көкейінде жүрген басты сұраққа – полицияға қарусыз мұнайшыларға оқ атудың кімнің бұйырғаны туралы сауалға жауап бермеді.
Кезінде "Оскар" сыйлығын алған Стоун кейінгі жылдары авторитар басшылардың жақтасы ретінде танылған. Назарбаевқа дейін ол Ресей президенті Владимир Путиннен де сұхбат алған. Сұхбаттарында және өзге де сөйлеген сөздерінде ол АҚШ пен Батыс елдерін сынай сөйлеп, авторитар басшыларды дәріптеп отырады.
Назарбаев туралы фильмі де осы сипатта болған. Guardian секілді шетелдік басылымдар да, өзгелер де фильмді пропаганда деп бағалады. Өнертанушы Валерия Ибраева Азаттыққа берген сұхбатында фильмді "таспадағы ескерткіш" деп атады.
Фильмнің Нұр-Сұлтандағы презентациясына Оливер Стоунның өзі де, продюсері Игорь Лопатенок те келді. Азаттық Стоунға фильм туралы сұрақ қоймақ еді, режиссер жауап беруден бас тартты. Ал Украинада туып, қазір АҚШ-та тұратын Лопатенок сұрақ қойған Азаттықтың өзіне шүйлігіп, оны Кремльдің тілімен "шетел агенті" деп атады.
Биыл сондай-ақ Азаттық Назарбаев пен Қазақстандағы ірі құрылыстарды салып жүрген түрік бизнесмені Феттах Таминже арасында байланыс барын көрсететін зерттеуін жариялады. Тілшіміз Аян Қалмұраттың зерттеуін көре отырыңыздар:
Your browser doesn’t support HTML5
НАЗАРБАЕВТЫ СЫНАҒАНДАРДЫ СОТҚА СҮЙРЕУ
Мамыр айында Instagram желісіндегі Qaznews24 сатиралық парақшасының иесі Темірлан Еңсебектің үйіне полицейлер тінту жүргізіп, кейін оны Алматы қаласы полиция департаментіне жеткізді. Департаментте оны бес сағат тергеп, босатқан. Полицияның бұл әрекетіне Еңсебектің сатиралық жазбасы түрткі болған. Ол онда "Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай статусын бекітіп, оны Конституцияға енгізуді ұсынады". Полиция мұны жалған ақпарат таратуға теңеп, тергеу амалдарын бастаған. Осыдан кейін журналистер "сатира – қылмыс емес" деп ішкі істер министрлігіне үндеу жолдады. Осыған ұқсас үндеуді "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы да жариялады.
Қарашаның соңында Орал соты белсенді Орынбай Оқасовты "экстремистік ұйым қызметіне қатысты деп" бостандығын бір жылға шектеді. Соттың экстремистік ұйым деп отырғаны "ҚДТ" мен "Көше партиясы". Еуропарламент өз мәлімдемелерінде бұл екеуін бейбіт қозғалыс деп атайды.
Сот отырысындағы сөзжарыс кезінде прокурор Оқасовты "ҚДТ" және "Көше партиясы" экстремистік ұйымдарының қызметін ақтап, тұңғыш президенттің саясатын сынап, ҚДТ көшбасшысы Әблязовтың идеяларын қолдады" деп айыптаған.
Қарашаның соңына сот сондай-ақ Назарбаев пен Тоқаевтың "абыройына тиді" деген шағыммен бірнеше бірнеше белсендінің азаматтық ісін қарай бастаған. Шағымды "Ар-Бедел" қоғамды қоры түсірген. Қор азаматтық белсенділер Нұрсұлтан Тастаев, Айдар Мүбараков пен белгілі марафоншы Марат Жыланбаевты бұрынғы және қазіргі президенттердің "ар-ожданына тиді" деп айыптаған. "Ар-бедел" қоры сондай-ақ биліктегі өзге де шенеуніктердің мүддесін қорғап, баспасөз құралдарында жарық көрген материалдарды алдыртып тастауға әрекет еткен.
"Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның" тілшісі Инга Иманбайдың "Назарбаевтың "Ар-Беделі" қанша тұрады?" дейтін зерттеуінде қордың мемлекеттен 125 миллион теңге алғаны, ұйымды ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысы бар адамның басқаратынын айтқан.
ҚҰДАСЫ, КҮЙЕУ БАЛАСЫ ЖӘНЕ ҚЫЗДАРЫ
Боранбаев және вакцина дауы
Қаңтардың соңында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов 10 қазақстандыққа Covid екпесін салуға 50 миллиард теңге қарастырылғанын, оның бір бөлігі ресейлік "Спутник V" екпесін сатып алуға жұмсалатынын айтты. "Спутник V" вакцинасының бір партиясы Ресейден, қалғаны Қарағанды фармацевтика кешенінен алынатын болды. Кейінірек министрлік Қарағандыдағы кешенге ресейлік вакцинаны шығару үшін 15 миллиард теңге бөлінеді деді. Қарағандыдағы фармацевтика кешені Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі. Оның қызы Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанмен отау құрған. Бірақ бұл неке ажырасумен аяқталған. Ал Айсұлтан Назарбаевтың өзі 2020 жылы 16 тамызда қайтыс болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында оның есірткіні шамадан тыс пайдаланғаннан көз жұмғаны айтылды. Мұны сұхбаттарының бірінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де растағандай болды. Айсұлтан өлімінің алдында бірқатар даулы мәлімдемелер жасап үлгерген.
Азаттық ақпанның басында "Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі" деген мақала жариялағанда, Боранбаев материал авторы Бағдат Асылбекке қоңырау шалып, оны зауытқа келіп, өндіріспен танысуға шақырған. Тілші шақыруды қабыл алып, Қарағандыдағы кешенге барды, бірақ Боранбаев Азаттықтың бас сауалы – кешен өндірген вакцинаның бағасын айтпады.
Азаттық тілшісі Боранбаевтан оның шетелдегі жылжымайтын мүлкі туралы да сұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вакцина бағасын неге сұрайсың?" Қайрат Боранбаевтың есеп-қисабыҚайта оралған Дариға
Былтыр мамырда сенат спикерлігінен түсіп қалған Дариға Назарбаева биылғы сайлаудан кейін парламентке оралды. Бірақ бұл жолы төменгі палата – мәжілістің қатардағы депутаты болды.
Қарашаның басында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мақала жариялап, онда Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас бар деген еді. Азаттық тілшісі Дариға Назарбаевадан Лавров сөзі жайлы пікірін сұрағанда, ол журналистің өзіне шүйлігіп, "микрофонды аузыма тықпаңыз" деген еді. Кейінірек Zakon.kz сайтында оның осы жағдай туралы пікірі шықты. Экс-президенттің қызы журналист сұрағын "шабуыл" деп бағалап, Азаттықты "шетел агентіне" балағандай болды.
Ресей билігі журналистерді қудалауда қолданатын осы бір риториканы биыл Азаттық радиосына қарата бірнеше адам қолданды. Игорь Лопатенок, Дариға Назарбаевалардың қатарына жақында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да қосылды. Арон Атабек туралы сұрақ қойған Азаттық тілшісіне қарата ол "Американың ақшасына ұлтты сатып, қазақты қан қақсатып жатқан адамсыздар” деді.
Қыркүйекте Азаттық Дариға Назарбаеваның күйеуі саналатын Қайрат Шәріпбаевтың құпия бизнесі туралы зерттеуін жариялады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дариға Назарбаеваның "күйеуі" Қайрат Шәріпбаевтың құпия бизнесі бар ма?Кіші қыздың кітабы және көлік дауы
2021 жылы Назарбаевтың кенже қызы Әлия да ел назарына түсті. Көліктің құнын едәуір арттырып, қолжетімсіз еткен утилизация алымын Әлия Назарбаеваға қатысы бар деген жеке фирманың жинайтыны мәлім болды. Көлік иелері Қазақстанда бұл алымның шамадан тыс көп екенін айтып, #НетУтильсбору қозғалысын бастады. Бірақ қозғалыс мақсатына жете қоймады, утилизация алымы алынбады да, азаймады да. Ескі көлік қымбаттап, автосалонда жаңа автомобильге кезек пайда болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға утилизация алымы керек пе?Экс-президенттің ерке қызы сондай-ақ "Күш-қайрат мекені" кітабын да шығарды. Елді індет жайлап, карантин шектеулері күшінде тұрған тұста кітаптың құрметіне үлкен кеш өтті. Оны жүргізуге Ресейден Максим Галкин дейтін әртісті де алдырған. Салтанатты тұсаукесердің видеосы елге тарап, арты шуға айналған соң, жергілікті билік карантин талабын бұзғаны үшін айыппұл салды. Бірақ 670 910 теңге көлеміндегі айыппұлды кешті өткізген Әлия Назарбаеваның емес, кеш өткен опера және балет театрының мойнына түсті.
Кітаптың өзіне келсек, Әлия Назарбаева онда мемлекетке масыл болмауға шақырып, әкесін ұлықтаған, шексіз бақыт туралы ой толғаған. Журналист әрі өнертанушы Сәлима Дүйсекова "Бұл қырықтағы әйелдің емес, әлемді жете танымайтын жас қыздың тіліне ұқсайды… Автордың неше түрлі эзотерикалық, мағынасыз дүниелерді оқып, ақылға қонбайтын, арзанқол ақпараттың ықпалына түсіп, бос білім алғаны көрініп тұр" деп жазды.
Тимур мен Динара Құлыбаевтардың Алматыдағы жаңа базары
Назарбаевтың ресми түрде миллиардер атанған күйеу баласы Тимур мен ортаншы қызы Динара Құлыбаевтар жергілікті де, шетелдік де БАҚ назарына жыл сайын түседі. Офшордағы құпия байлық, шет мемлекеттердегі қымбат сарайлар, ірі мемлекеттік тапсырыстардағы жасырын үлес – осы секілді даулардың көбінде осы жұпты атап жататын. Бұл дәстүр 2021 жылы да жалғасын тапты. Азаттық тілшісі Аян Қалмұрат зерттеу жүргізіп, Құлыбаевтардың Алматы ортасындағы алты гектар жерге базар салғалы жатқанын әшкереледі.
Тілшіміздің зерттеуін көрсеңіз, бәрін түсінесіз: Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Алматыда тағы бір базар салмақ.
Your browser doesn’t support HTML5
ТӨРАҒАЛЫҚТЫ ТОҚАЕВҚА ТАБЫСТАҒАН ЖЫЛ
2019 жылы президенттіктен кеткенде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесіндегі, Қазақстан халқы ассамблеясындағы және билік партиясы "Нұр Отандағы" төрағалығын сақтап қалған еді. Биыл ол соның екеуінен бас тартып, Тоқаевқа тапсырды. Алдымен сәуір айында ассамблеядағы қызметін берді, қарашаның соңында партия басшылығынан кететінін мәлімдеді.
Ақордаға жақын сарапшылар мұны билік транзитіндегі жаңа межеге балап, бұл қадамға оң баға беріп жатты. Бірақ бұл қызметтер "Тоқаевтың құзыретін кеңейткенімен, ол бұл құзыретті пайдалана алмайды" дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов. Азаттық саясаттанушымен сұхбат құрып, осы өзгерістердің нені білдіретінін сұрады.
"БАСШЫ ЖАҒЫМПАЗДЫҚҚА ҚҰМАР БОЛСА, ОНДА СОЛ ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ОЛ АДАММЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ МЕХАНИЗМІНЕ АЙНАЛАДЫ"
Азаттық: Сырттан қарағанға Назарбаев биліктен мейлінше алыс кетіп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ барған сайын елдегі жалғыз билік Назарбаев деген түсінік күшейіп келе жатқан секілді. Басында қос билік туралы айтатын, бірақ қазір биліктің әрбір шешімінен кейін елді кім билеп отырғаны анықтала түскендей.
Димаш Әлжанов: Әрине. Бұл жүйе [Назарбаевқа] сүйеніп құрылған. Оны элитааралық қарым-қатынас құрылымынан, саяси шешім қабылдау жүйесінен оп-оңай алып тастай алмайсыз. Назарбаевтың алдымен президенттіктен, кейін Қазақстан халқы ассамблеясы [төрағалығынан] кетуі формалды сипатта жүрді. Ал Қазақстанда саясат көбіне бейформалды қарым-қатынас пен институттарға сүйеніп жасалады. Осы жүйені Назарбаевтың өзі құрған. Формалды түрде Тоқаевта билікті иемденіп кетіп, өзіне жайсыз оппоненттерін ысырып тастауға барлық мүмкіндік бар. Бірақ оның осы мүмкіндіктерді пайдаланатын бейформалды әлеуеті, саяси күші жоқ.
Азаттық: Бейформалды билік дегенді кеңірек түсіндіре кетсеңіз.
Димаш Әлжанов: Егер сіз өзгеге дегеніңізді істете алсаңыз я болмаса элита өкілдерімен патрон-клиент қарым-қатынасын құрып, оларға ықпал ете алсаңыз, онда сізде әлгі формалды емес билік бар. Тоқаевтың саяси карьерасына қарасаңыз, оның премьер-министр, сыртқы істер министрі қызметтерін атқаруы команда құруға әкелген жоқ. Ондай командада сізге адал адам да, сізге тәуелді адам да, сіз тәуелді еткен адам да болады. Осы нәрселердің жиынтығы сіздің қоршаған ортаға ықпалыңызды анықтайды. Тоқаевта мұндай ықпал жоқ. Сол себепті саяси тұрғыда ол Назарбаев үшін қауіпсіз. Осы тұрғыдан алғанда, "Нұр Отан" төрағалығы Тоқаевтың құзыретін кеңейткенімен, ол бұл құзыретті пайдалана алмайды.
Азаттық: Яғни, ол екінші Мирзияев емес қой?
Димаш Әлжанов: Ислам Каримов қайтыс болған тұста, ол Конституция бойынша екінші адам болған жоқ. Бірақ ол бәрібір билікке келді. Іс-жүзінде ықпалды адам болу деген осы. Тоқаевта мұндай билік жоқ. Айырмашылығы – осы.
Азаттық: Әсел Құрманбаева туралы сұрақ қойсам. Назарбаевтың "бейресми әйелі" екені бұрыннан айтылады. Бірақ сөйте тұра "Пандора құжаттары" дейтін зерттеуде аталуы қоғамда резонанс тудырғандай. Әйтеуір осы жаңалық оқырмандар мен көрермендер арасында қызу талқыланды. Осы бір оқиға Назарбаевтың имиджіне қалай әсер етті?
Димаш Әлжанов: Мұндағы мәселе осындай прецеденттің болуында. Біз жағдайды толық көріп отырғанымыз жоқ, біздің білгенімізден білмейтініміз көп. Айсұлтан мен күйеу баласының өлімінен бастап өзге оқиғаларға дейін. Президент қызметіндегі адам қоғамға, парламентке я болмаса конституцияға тәуелді болмады. Бұл ірі ресурстардың бір адамның қолына шоғырлануына әкелді. Кейінгі 30 жылда қоғамда [Назарбаев] туралы жағымсыз образ қалыптасты және ол оның мұрасына айналды. Енді оны ешнәрсе өзгерте алмайды.
Азаттық: "Пандора құжаттары" Назарбаевты мақтап кітап жазған британ саясаткері сол еңбегі үшін ақша алғанын әшкере етті. Кітап 2009 жылдары шықты. Сол жылдары Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну науқаны жақсы жүрді. Бұл кітаптың сол науқанға қатысы бар ма? Болса, ол Назарбаевтың имиджін қаншалық өзгерте алды?
Димаш Әлжанов: Ол кітап шыққанда оның артында лобби тұрғаны анық еді. Бұл жекелеген жағдай емес, толыққанды науқан еді. Егер архивті ақтарсаңыз, сол кезде осы тектес жарнамалар [Батыстың] таблоидтардан жиі шығатын. Мұны президент сайлауы кезінде де қолданды. Шетелдік консалтинг компанияларын жалдап, Назарбаевтың да, Қазақстанның да жағымды бейнесін қалыптастыруға тырысты. Мемлекеттің мұндай фирмаларға қанша ақша жұмсағанын әлі де біле жатармыз.
Жүйені басқарып тұрған автократ жағымпаздыққа құмар болса, онда сол жағымпаздық ол адаммен жұмыс істеудің механизміне айналады. Егер қандай да бір мәселені шешкіңіз келсе немесе оған жақын болғыңыз келсе, оған ұнайтын жоба әзірлеп, жағынып қалуға тырысасыз. Мадақ айтатын кітапты осы санатқа жатқызуға болады. Осы қарым-қатынас жүйесі жеке басқа табынушылыққа әкелді. Бұл – Назарбаевтың әлсіз тұсы және оны айналасы жақсы пайдаланып отыр.
Азаттық: Бірақ Айткеннің беделі сол уақыттың өзінде де күмәнді емес пе еді? Жалған айғақ бергені үшін түрмеден отырып шыққан. Мұның бәрін алдын ала тексермеген бе?
Димаш Әлжанов: Әдепті адам мұндай іске кіріспес те еді.
Азаттық: Өзіңді өзгенің аузымен мақтау мәселесіне келгенде режиссер Оливер Стоунды айналып өте алмаймыз. Иә, ол кезінде "Оскар" сыйлығын жеңіп алған, бірақ оны авторитар басшылардың жақтасы санайды. Оған дейін Путинді дәріптейтін сұхбаты шыққан. Тағы да сол сұрақ, Ақорданың көздегені не еді? Ойлағаны іске асты ма?
Димаш Әлжанов: Білесіз бе, олар бұған басқаша қарайды. Мұндай идеялардың саны көп қой: жергілікті фильм түсіру, шетелдік фильм түсіру деп кете береді. Жалған имидж жасауға деген талпыныстың тоқтамауы – осы ғой негізгі мәселе. Кісі қартайып жатыр, онымен бірге әлгі жалған имидж шайылып барады. Шындық ойдан құрастырылған образды шайып жойып жатыр. Егер билікті қиялға емес, шындыққа сүйеніп құрғанда бұлай болмас еді.
Азаттық: Назарбаевтың не қалайтынын түсінуге де болатын секілді. Өзі қойған адамның адалдығын, өзінің қауіпсіздігін ойлайтын болар. Бірақ оның айналасы, ресурсы мол туыстары мен жақындары қазіргі жағдайға разы ма? Тоқаев қазір оларға қауіп төндіретін ұстанымда отырған жоқ. Бірақ Назарбаев саяси аренадан толық кеткенде, билік басындағы адам батыл шешім қабылдап, қайрат көрсетуі керек болады емес пе? Ондай жағдайда капиталды қайта бөлісу қажеті тууы мүмкін ғой?
Димаш Әлжанов: Бір жағынан айналасы қазіргі жағдайдың қаз-қалпы қалғанын қалайды. Байлығын арттырып, елдегі шешімдерге ықпал ете алса болды. Бұдан ары қарай қалай өрбитіні жөнінде арнайы сценарий бар ма, әлде бәрі құпия келісім арқылы шешіле ме - біз оны білмейміз. Бірақ осындай арты не болары белгісіз жағдайдың өзі біздегі режимнің авторитарлық екенін білдіреді. Демократиялық елде билікке легитимді жолмен – сайлау арқылы келеді. Бұл – бәріне ұғынықты ашық механизм. Қоғам да, элита да не істеу керегін біледі. Ал бізде көп нәрсе белгісіз және бұл қоғамға да, элитаға да қауіп төндіреді.
Азаттық: Аталған трендтер 2019 жылы да, 2020 жылы да байқалды. Назарбаев президенттікті берді, бірақ биліктегі ықпалын сақтап қалды. Тоқаев нағыз президент болып көрінгісі келді, бірақ адамдарда нағыз билік Назарбаев деген түсінік барған сайын күшейіп барады. Дегенмен 2021 жылдың ерекше тұстары болды ма?
Димаш Әлжанов: Бір сөзбен айтар болсам, Назарбаевтың қартаюы дер едім. Кейінгі сөйлеген сөзін көрсеңіз (2021 жылғы 23 қарашада "Нұр Отан" саяси кеңесіндегі сөзі - Ред.). Бет-әлпетіне, сөйлеген сөзіне қарасаңыз, оның және ол құрғаның жүйенің өзгеріп жатқанын байқауға болады. Қоғам да мұны сезіп, даму бағытымыздың өзгеруін күтіп отыр.
Азаттық: 2022 жылдан не күтесіз?
Димаш Әлжанов: Алда не боларын айту қиын.
Азаттық: Ел арасында 2023 жылы сайлау болады деген қауесет бар.
Димаш Әлжанов: Сайлау еш нәрсені шешпейді. Егер элита келісімге келіп, қандай да бір адамға тоқтаса, Мирзияевтың жағдайындай болады.
Азаттық: Бірақ сайлау кезінде әдетте наразылық көңіл-күйі жоғары болады емес пе?
Димаш Әлжанов: Әрине. Бірақ бізде сайлауға жақсы дайындалатынын білесіз ғой. Қазақстанда Беларусьтегідей болмайды (2020 жылы Беларусь президенті сайлауынан кейін ел сайлау нәтижесімен келіспей қарсылыққа шықты – Ред.). Бізде Назарбаевтың болсын, Тоқаевтың болсын шынайы бәсекелесін сайлауға жібермейді.
Азаттық: Яғни, Беларусь билігінің басында Назарбаев отырса, Светлана Тихановская сынды қарсыласты көрмес едік қой?
Димаш Әлжанов: Иә. Назарбаев сайлауға түсіп жүргенде оның қарсыластары кім болғаны есіңізде болар. Сірә, мұндайда қарсыластың кім болғаны ғана емес, сайлау комиссиясы мен қаржы көздерін бақылау, наразылықты жұмылдыра алатын ұйымдар мен адамдарды қадағалау да маңызды. Қазақстанда мұның бәрі қатаң бақылауда.
Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын мына жерден оқи аласыз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Беловеж келісімі" кезінде Назарбаев қайда болды? Куәгерлер естелігі