Accessibility links

Әлия Назарбаеваның "жарқын дәуірі" немесе "тарихи тек иесінің" толғауы


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, кәсіпкер һәм кинопродюсер Әлия Назарбаева тырнақалды кітабында отандастарын мемлекетке алақан жаймауға шақырып, әкесін ұлықтап, шексіз бақыт туралы ой толғайды. Оның әкесі де саясат пен экономика жайлы ондаған кітап жазған. Ал енді қызының рухани білім туралы қалам тербеуіне не себеп? Назарбаеваның кітабына сыншылар қандай баға береді?

Кітап дүкеніндегі жеке стеллаж. Күлімдеп тұрған әдемі әйел бейнеленген үлкен постер. "Күш-қайрат мекені" кітабының авторы, Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы Әлия Назарбаеваның алғашқы кітабы АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама мен әлемдегі ең бай адам Билл Гейтстің кітаптарымен бір қатарға қойылған.

Әлия Назарбаеваның орыс тілінде жарық көрген "Место силы" ("Күш-қайрат мекені”) кітабы қойылған дүкен сөресі. Алматы, 29 қыркүйек 2021 ж.
Әлия Назарбаеваның орыс тілінде жарық көрген "Место силы" ("Күш-қайрат мекені”) кітабы қойылған дүкен сөресі. Алматы, 29 қыркүйек 2021 ж.

"Әкеме тарихи тегім үшін ғана емес, дүниеге келгенім үшін де қарыздармын" деген Қазақстандағы ең ықпалды отбасының мүшесі және кітап авторы өз ойымды, жекелеген тұлғалар мен қоғамның трансформациясына әсер ететін білімімді бөлісетін кез келді деп шешкен.

Кітап 219-беттен тұрады, мың данамен басылған. Алматыда карантинге байланысты халық көп жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, 16 қыркүйекте Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында "Күш-қайрат мекені" кітабының тұсаукесері өткен. Кешті ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген. Шақырылған қонақтар арасында қазақстандық кәсіпкерлер, әртістер мен танымал тұлғалар болған.

Әлия Назарбаева Алматыда жаңа кітабын таныстырды. Қалада шара өткізуге шек қойылған
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

41 жастағы Назарбаеваның "рухани білімі" жинақталған кітап 3800 теңге (шамамен 9 доллар) тұрады. Кітап орыс тілінде шыққан. Ұлт лидерінің қызы желтоқсанда тәуелсіздік күніне орай кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын басып шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан.

"ҰЛЫ ЖАҢҒЫРУ ДӘУІРІН" КҮТУ

Бұрынғы президенттің қызы коронавирус пандемиясы басталған кезде кітап жазуға кіріскен. Карантин шектеулері, мұнай бағасының төмендеуі ел экономикасы мен көп отбасының бюджетіне едәуір соққы болып тиді. Әлия Назарбаева осындай қиын шақта аз қамтылған отбасыларға көмектескенін айтып, ыстық тамақ пен азық-түлік жеткізу жобасы туралы әңгімелейді. Автор "Адамдарға әртүрлі әдіспен қол ұшын беруге болады әрі солай істеу де керек. Бірақ адамдарды тамақтандырудың орны бөлек" деп жазады.

Кітаптың келесі бетінде жаңа ғана оқырманын қайырымдылыққа үндеген автор адамдарды басқалардың көмегіне арқа сүйемеуге шақырады. "Иә, әрқайсымыз мемлекеттен ресми деңгейде көмек күтіп (ел азаматы ретінде бұған құқылымыз), жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтардың болуы, қауіпсіздік сезімі және ертеңгі күнге деген сенімділік, отбасындағы тұрақтылық, жұмыспен қамтылу кепілдігі, жемқорлық деңгейі сияқты көрсеткіштер туралы ұзақ әрі көп талқылау жүргізуге болады. Күтіп, талқылай беруге болады. Жылдар бойы. Ондаған жыл бойы. Тіпті ғасырлар бойы. Немесе керісінше, өзіміздің дамуымызға, көздеген мақсатқа жетуімізге қажетті жағдай жасау өз қолымызда екенін түсініп, мойнымызға жауапкершілік алып, ешкімнен бізді бақытты қылуды талап етпей өмір сүруге болады" деп жазады автор.

Назарбаеваның "ешкімнен ештеңе талап етпеу керек" деген үндеуі ел азаматтарына "масыл" болмай, екі сиыр алып, өз алдына күн көруге кеңес берген әкесінің сөзіне ұқсайды. 2019 жылы экономикалық дағдарыс өршіген тұста көпбалалы аналар әлеуметтік төлемдерді көтеріп, мемлекеттік қолдауды күшейту талабымен наразылыққа шыққан кезде Назарбаев ""Маған бер, балам көп, жалақым аз, бер". Не ойладың? Бұл сенің мәселең, бала туарда мемлекетпен кеңескен жоқсың ғой" деген.

Тәуелсіз экономистердің есебі бойынша, Қазақстанда халықтың шамамен 25 пайызы кедейлікте өмір сүреді. Бұл ресми статистикадан бес есе жоғары. Елдегі орташа және ең төменгі жалақы мөлшері әлем елдерімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасы тоқтаусыз өсіп келеді.

"Мен адамның өмір жолында әртүрлі қиындықтар болуы керек деп ойлаймын. Адам сол қиындықтарды жеңу арқылы дамып, жетіле түседі" деп жазады Әлия Назарбаева.

Автор қиындықтарды бірлесіп жеңгеннен кейін "жеңілмейтін ұлт" қалыптасып, елде "ұлы жаңғыру дәуірі", "жарық пен күн дәуірі" басталады деп болжайды. "Қазір дәл уақыты келгенін сеземін. Ұлы данышпандар күн шығардың алдында түн қараңғы болады деп бекер айтпаса керек" дейді Назарбаева.

"ТАРИХИ ТЕК ИЕСІ" НЕ ТУРАЛЫ ЖАЗБАҒАН?

Назарбаеваның әкесі Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, билікке келген. Ол 29 жыл президент болған, көбі Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейін де бұрынғы ықпалын сақтап қалғанын айтады.

Назарбаев президент болған кезде Әлия Алматыда бастауыш мектепте оқитын. Кейінірек ол шетелге оқуға кетті: әуелі неміс мектебінде, Швейцариядағы білім мекемесінде, кейін АҚШ-тағы жоғарғы оқу орнында оқыды. Әлия 18 жасында Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың ұлына тұрмысқа шыққан. Көбі бұл некені постсоветтік республикаларды басқаратын екі отбасы арасындағы тиімді саяси одақ деп бағалаған. Бірақ бұл одақтың ғұмыры небәрі екі жылға ғана созылған (қазір Әлия Назарбаева төртінші рет тұрмысқа шыққан).

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жылы түсірілген сурет. Әлия үстіңгі қатарда ортада тұр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жылы түсірілген сурет. Әлия үстіңгі қатарда ортада тұр.

"Бәрі тең, бірақ кей адамдар теңірек". Қазақстанда шетелдік диплом алған адамның бәрі бірдей мемлекеттік қызметке қол жеткізе бермейді. Бірақ "тарихи тек иесі" еш қиындықсыз жұмысқа тұрды.

Назарбаева президент әкімшілігіне жұмысқа тұрып, жаңа астанаға қалай көшкені туралы "Әкем туабітті дипломат ретінде маған өзімен бірге Астанаға барып, жұмыс істеуді ұсынды" деп жазады. Кітапта жазылған ақпарат бойынша, Әлия әкесінің жеке хатшысы болып, қабылдау бөлмесінде отырған. Назарбаеваның ресми өмірбаянында оның президент әкімшілігіндегі жалпы бөлімнің кеңесшісі болып істегені айтылады. Ол мемлекеттік мекемеде ұзақ бөгелмей, кәсіби карьерасын бизнес саласында жалғастырды.

Жас қыздың Орталық Азиядағы "премиум класс сегментінің эталоны болатын" ең ірі спорттық-сауықтыру кешенін салу идеясын әкесі бірден қолдаған. Бірақ кітапта Назарбаева бұл жобаны жүзеге асыруға кеткен ақшаны қайдан алғанын жазбаған.

2001 жылы қаңтарда Қазақстанда ALEM LTD компаниясы тіркелген. Компанияның жалғыз құрылтайшысы - Әлия Назарбаева болған. 16 жылдан кейін Svelte Investors Limited компаниясы құрылтайшы болған. Ашық дереккөздерде бұл компания туралы ақпарат жоқ. Алматының бай аудандарының бірінде орналасқан LUXOR клубы осы фирмаға тиесілі.

Клуб сайтында бұл нысан "Күнделікті күйбең тірліктен қашып, демалып, ләззат алуға арналған орын" деп сипатталады. Клубтың бір жылдық премиум картасы – 3,5 миллион теңге, ал шектеулі карта құны 725 мың теңге тұрады. Ресми дерек бойынша, елдегі орташа жалақы мөлшері 251 мың теңгені құрайды (2021 жылдың екінші тоқсанындағы дерек бойынша).

LUXOR – бұрынғы президенттің қызы басқаратын жалғыз бизнес нысаны емес. Диверсификацияланған портфель иесі құрылыс, фармацевтика, зергерлік бұйымдар сияқты әртүрлі салада және Қазақстаннан басқа нарықтарда да жұмыс істейді. Биыл мамырда Швейцария ақпарат құралдары Назарбаеваның Еуропа елінде байларға арналған медициналық мекеме салу жоспары туралы жазған. Назарбаева өнер саласында да бағын сынап, екі кинокартинаға продюсер болған. Бір кинотуындысы үшін әкесінің қолынан мемлекеттік сыйлық та алған.

Жазушы мен ақынға мемлекеттік сый қажет пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Назарбаева құқық қорғаушылар адам құқықтарын бұзып, оппозицияны басып-жаншып, сөз бостандығын шектеді деп айыптайтын әкесі туралы "Бірінші президенттің туған жері мен халқының алдындағы еңбегін кейінгі ұрпақ бағалай жатар: адамзат тарихында қашанда солай болған. 30 жылдан бері "айдаһар" мен "аюдың" ортасында бейбіт өмір сүріп, әлемдік державалармен дос болып, халықаралық саяси аренадағы беделімізді жоғалтпай келеміз. Елдегі кедейлік деңгейін он есе азайттық. Біздің бейбітшілікке үндейтін идеяларымызды бүкіл әлем тыңдап, үлгі алады, ядролық қарудан бас тарту бастамасы үшін құрметтейді. Отыз жылда басқа мемлекеттермен бір де бір шекара дауы болған жоқ. Соғыссыз өмірге қуанып, елді ары қарай дамытуға күш салу үшін осының өзі жеткілікті емес пе?" деп көсіледі.

Әлия Назарбаева өз кітабында әкесін қазақстандық Магниткада істеген қарапайым жұмысшыдан республика басшысы деңгейіне дейін көтерілген "селфмейд" тұлға етіп көрсетуге тырысады. Ол күйеуіне қолдау көрсетіп, оның күш-қуатын еселеп, сүйеніші болған анасын мақтауды да ұмытпаған. Назарбаева анасының мемлекет басшысының жалғыз сыншысы болғанын, әкесі оның ескертулеріне үнемі құлақ асып отырғанын айтады. Автор ата-анасының қарым-қатынасы туралы көбіне өткен шақта жазады. Кейінгі жылдары бұрын жергілікті телеарналардан жиі көрінетін, Профирий Ивановтың әдісі бойынша шынығуды қолдайтын, мектеп бағдарламасына "Өзін-өзі тану" пәнін енгізген Сара Назарбаева ел алдына сирек шығатын болған. Ол президентпен шетелдік сапарларға барып, ресми шараларға қатысуды қойған. Ел ішінде олардың бірге тұрмайтыны, Назарбаевтың жаңа отбасын құрғаны туралы қауесет тараған. Жақында жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес ұйымының (OCCRP) журналистері жариялаған зерттеуде бұрынғы президенттің "бейресми әйелі", Әлия Назарбаевамен жасты Әсел Құрманбаеваның аты аталған.

"ДАРЫН" БА, ӘЛДЕ "КҮЛДІБАДАМ" ДҮНИЕ МЕ? СЫНШЫЛАР ПІКІРІ

Кітаптың соңғы үш беті авторды жер көкке сыйғызбай мақтаған сыншылардың рецензиясына толы.

Психология ғылымдарының докторы Шалва Амонашвили "Кітап қызық әрі өте талантты тілмен жазылған. Бастысы, ол әрқайсымызға әртүрлі деңгейде әсер етіп, автордың ойын түсініп, өмірімізді өзгерту үшін батыл қадамдар жасауға шақырады. Құрметті оқырмандар, біз Әлия Назарбаеваның бұл дарынын үлкен алғыс сезімімен қабыл аламыз деп ойлаймын" деп жазады. Кітапта бұл кісінің еңбектері жиі аталады.

"Қазақстан тарихында Абылай хан бейтарап болып, бейбітшілік саясатын ұстануды енгізді. Әлия Назарбаеваның кітабы да әлемнің осы әмбебап формуласын кеңейтіп, тереңдете түсетін сияқты" деп жазады педагог, жазушы Александр Хакимов. Ашық дереккөздерде Хакимов діни қайраткер, вайшнавизм насихатшысы, халықаралық Кришна қоғамы басқару кеңесінің мүшесі деп көрсетілген.

1 қазанда қазақстандық zonakz.net сайтына өнертанушы Сәлима Дүйсекованың Назарбаеваның кітабы туралы рецензиясы жарияланды.

"Бұл қырықтағы әйелдің емес, әлемді жете танымайтын жас қыздың тіліне ұқсайды. "Күш-қайрат мекені" Әлия Нұрсұлтанқызын рентген аппараты сияқты "оқуға" мүмкіндік береді. Автордың неше түрлі эзотерикалық, мағынасыз дүниелерді оқып, ақылға қонбайтын, арзанқол ақпараттың ықпалына түсіп, бос білім алғаны көрініп тұр" деп жазады сыншы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрған кезде қызы Әлияны ертіп, Халық бірлігі күні мерекелік шарада жүр. Алматы, 1 мамыр 2012 ж.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрған кезде қызы Әлияны ертіп, Халық бірлігі күні мерекелік шарада жүр. Алматы, 1 мамыр 2012 ж.

Дүйсекованың пікірінше, Назарбаеваны биологиялық тұрғыдан ғана емес, ақыл-парасаты жағынан да әкесінің қызы деп атауға болады.

"Ол [Назарбаев] да өзінше бір әртүрлі қиындықты жеңуші, утопиялық дүниелер мен қастерлі датаны ойлап табушы ғой. Оның қиялы бойынша, Қазақстанда екі-үш технологиялық революция болып, бүкіл ел аумағына автобан салып тастаған. Ол өзі қабылдаған "тарихи" шешімдерден шабыт алып, Астананың орталығында болашаққа бастайтын алтын көпір салды. Қызы да әкесінен көргенін қалайша қайталамасын! Қорыққан кезде балалар өстиді. Көрпенің астына тығылып, бойын билеген үрейден дірілдеп, өзін сұр қасқыр келіп алып кетпейді дегенге сендіру үшін батыл шөжелер туралы ән салуға тырысады. Қорыққаннан ыңырсыған дауысы ән деп аталады. Сонысын күшке теңейді" дейді Дүйсекова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG