"МЕМЛЕКЕТТІК ҰЙЫМДАРМЕН СЕРІКТЕС БОЛМАЙМЫЗ"
20 жастағы Рустам Жантасов биыл сайлауға алғаш рет қатысады. Бұрын ол "сайлау әділ өтпейді", "халықтың таңдау еркі жоқ", "жағдай өзгермейді" деген көпшілік пікірін қолдап келген. Кәмелеттік жасқа толғалы сайлауға көзқарасы өзгерген жігіт жақында достарымен бірге "Next.kz" жас бақылаушылар желісін құрды.
- Жаңа ұйымның мақсаты – сайлау процесін бақылауға тарту арқылы жастардың азаматтық белсенділігін дамыту. Алдағы уақытта өтетін сайлауларға жастар арасынан дауыс беру процесін қадағалайтын тәуелсіз бақылаушылар дайындағымыз келеді, - дейді Рустам.
Next.kz ұйымын құрушылардың бірі Арсен Әубәкіров бұған дейінгі сайлауларда заң бұзушылықтар жайлы көп естіген. Ол бюллетеньдерді топтап тастау, дауыс беруші санын көбейту үшін студенттерді пайдалану сияқты заңға қайшы әрекеттердің алдын алғысы келеді.
- 2015 жылы өткен президент сайлауы кезінде өзім оқыған университеттің бір топ студенті дауыс беруге барып, бюллетень ала алмаған. Олардың айтуынша, сайлау учаскесінің қызметкері студенттердің аты-жөнін қарап, "сіздер дауыс беріп қойған екенсіздер" депті. Бұл – жастар байқаған заңсыздықтардың бір мысалы ғана. Мәселенің түбіне бойласа, көзге көрінбейтін құқық бұзушылықтар қаншама, – дейді ол.
Next.kz жас бақылаушылар желісі Қазақстанда тіркелген 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің бес пайызын, яғни 500 бөлімшенің жұмысын қадағаламақ.
- Қазір сайлауға бақылаушы болуға тілек білдірген жастардан өтініш қабылдап жатырмыз. Еріктілер жиналған соң, әр өңірден жетекші тағайындап, бақылаушының құқықтары мен міндеттерін түсіндіретін онлайн дәрістер өткіземіз. Оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға осыған дейін Қазақстандағы бес сайлауға бақылаушы болған "Эхо" қоғамдық қоры көмектеседі, – дейді Арсен Әубәкіров.
Next.kz ұйымын құрушылар жекелеген адамдар мен әртүрлі ұйымдардан келіп түскен өтініштерді "мұқият тексермек".
- Бізге "Азаматтық альянс" жазған. Бірақ "Жас Отан" ("Нұр Отан" партиясының жастар қанаты – ред.), Жастар ресурстық орталығы, "Азаматтық альянс" сияқты мемлекет қаржысына жұмыс істейтін ұйымдармен серіктес болмаймыз. Бұл сайлауға барынша әділ бақылау орнату үшін керек. Семей мен Петропавл қаласында жұмыс істейтін ұйымдарды жақсы танысақ, басқа аймақтардағы жағдайды толық білмейміз. Сондықтан әр өтінішке қатысты жергілікті жердегі достарымызбен, әріптестерімізбен байланысып, қажет ақпарат алып қана шешім қабылдаймыз, - дейді Арсен Әубәкіров.
"САЯСИ МҮДДЕНІ КӨЗДЕМЕЙТІН" ҰЙЫМ
Жоба жетекшілерінің бірі Арсен Құдабаевтың айтуынша, қозғалыс ешқандай саяси мүддені көздемейді және сайлауға түсетін кандидаттардың ешбіріне қолдау көрсетпейді. Ұйым мүшелері еріктілер саны нақтыланған соң Орталық сайлау комиссиясына аккредитация алу үшін өтініш бермек.
- "Next.kz" жас бақылаушылар желісі үкіметтік емес ұйымдарға, сарапшыларға және жастарға бірігетін алаң ұсынады. Біз ұйым ретінде тіркелген жоқпыз. Бақылаушыларға аккредитация алу туралы өтінішті менің атыма тіркелген үкіметтік емес ұйым арқылы береміз. Маусымның 9-ы күні өтетін сайлау үшін құрылып, кейін жабылып қалатын ұйым болғымыз келмейді. Осы сайлауда тәжірибе жинап, алдағы сайлауларға да белсенді қатысуға тырысамыз, – дейді Арсен Құдабаев.
Жаңа қозғалыс жетекшілері сайлауға бақылауды Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдықтарында да ұйымдастырғысы келеді.
- Әзірге Прагада оқитын таныстарымыз сайлау күні Қазақстанның Чехиядағы елшілігінде бақылаушы болуға ықылас білдіріп отыр. Олардың құжаттарын дайындап, уақтылы жеткізуге тырысамыз. Бішкектегі достарымыз да сол жақтағы елшілікте сайлау мониторингін жүргізуге келісті. Басқа елдегі қазақстандық жастардан ұсыныс түссе, қуана-қуана қарастырамыз,- дейді Арсен Әубәкіров.
Соңғы кезде университеттер студенттерден мекенжай анықтамасын әкелуді сұрағаны, кейбір оқу орындарында емтихан уақыты белгісіз себептермен сайлаудан кейінгі уақытқа ауыстырылғаны туралы ақпарат тарай бастаған. "Next.kz" жас бақылаушылар желісі дауыс беру құқығы бұзылған студенттерге кеңес беруге дайын екендерін айтады.
- Студенттерді жастар жылы логотипін әлеуметтік парақшаларына қоюға міндеттеу шарасы жүргенде, біз жастардан дәлел-дәйек пен ақпарат жинап, осы туралы материал дайындағанбыз. Бұл жолы да сайлауға байланысты емтихан уақыты шегерілген, белгілі бір анықтамалар әкелуге міндеттелген жастар біздің Facebook парақшамызда жарияланған нөмірге хабарласа алады. Алдағы уақытта әлеуметтік желідегі парақшаларымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, "Дауыс беру құқығы бұзылса, кімнен көмек сұрау керек?", "Не істеу керек?" деген тақырыпта ақпарат жариялаймыз, - дейді Арсен Әубәкіров.
Арсен Құдабаев 2011 жылғы президент сайлауында ата-анасы мен айналасындағылардың пікірін ескеріп, дауыс бергенін еске алады. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда өз таңдауын жасағысы келетін жастардың қатары артқан.
- Қазақстан дербес ел атанғанына 30 жылға жуық уақыт өтті. Тәуелсіздіктен кейін туғандар өсті, жетілді, аяққа тұрды. Олар елге түбегейлі өзгерістер керек екенін түсінді. Ең бастысы, жастар бұл өзгерістер олардың өздерінен басталатынын сезінді. Үндемей отыратын уақыт өтті. "Ақты – ақ, қараны – қара" дейтін, азаматтық пікірді ашық айтатын кез келді, - дейді ол.
Қазақстанда маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына жеті кандидат тіркелген:
Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;
Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы;
Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы;
Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен бұрынғы сайлаулардың бірде-бірін "әділ әрі ашық" өтті деп мойындамаған. Ал Ресей бастаған ТМД елдері Қазақстандағы осыған дейінгі сайлауларға "заң талаптарына сай өтті" деген баға берген.