Accessibility links

Кандидат ретінде тіркелген коммунист Ахметбеков сайлауда "жеңетініне" сенеді


Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан коммунистік халық партиясының үміткері Жамбыл Ахметбековті 6 мамырда орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына кандидат ретінде тіркеді.

Сайлау комиссиясының дерегіне қарағанда, Ахметбеков Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 қол жинаған. Комиссия оның 135 506-сын есепке алған. Қазақстан президенттігіне кандидат болу үшін үміткер 118 140 қол жинауы тиіс.

Ахметбеков қол жинауды 29 сәуірде бастап, 4 мамырда аяқтаған. Кандидат "бұл жолғы сайлауда жеңетінімен сенемін" дейді.

- [Сайлауға қатысуда] тәжірибем бар. Бұл жолғы сайлауда өзімді таныстыру кампаниясын жүргізбеймін. Халық мені таниды. Бұл жолы әлеуметтік мәселелерге ден қоямыз, - деді Ахметбеков.

Жамбыл Ахметбеков бұған дейін де - 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысқан. Сол жылғы сайлауда Назарбаев - 95,55, Ахметбеков 1,36 пайыз дауыс алған.

Ахметбеков 2012 жылдың 20 қаңтарынан бері - мәжіліс депутаты.

Бұған дейін ОСК "Нұр Отан" партиясы сайлауға үміткер ретінде ұсынған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұсынған үміткер Сәді-Бек Түгел, "Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы" ұсынған Амангелді Таспиховті, "Ақ жол" партиясы ұсынған Дания Еспаеваны, "Ауыл" партиясы ұсынған Төлеутай Рақымбековті президенттікке кандидат ретінде тіркеген.

Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады. Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:

Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG