"Басын мұзға өзі ұрды". Ұлынан айрылған отбасы полицияны жазалауды талап етеді

Ұлы Анатолий Рейбанттың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп, аштық жариялап жатқан Ирина Рейбант. Петропавл, 10 тамыз 2021 жыл.

Рейбанттар отбасының "ұлымызды сабады" деп, Петропавл қалалық полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп жүргеніне бесінші жыл. Туыстары Анатолий Рейбанттың ажалы ұрып-соғудың салдарынан болды деп санайды. Жақында бұл іс "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен кезекті рет жабылды. Прокуратура марқұмның "өз-өзін жарақаттағанын" айтады.

61 жастағы Ирина Рейбант аяғын зорға басып, әзер сөйлейді. Ол 25 шілдеден бері аштық жариялап жатыр. Екі аптадан астам уақыт бұрын Ирина ас-су ішуден бас тартқан. Кейінірек туыстары оны су ішуге көндірген.

Ирина бұл наразылық акциясын мемлекеттік құрылымдардың назарын аударып, бірнеше жылдан бері мандымаған қылмыстық істі сотқа жеткізу үшін бастаған. Туыстарының сөзінше, 2017 жылы 25 жастағы Анатолий Рейбантты полиция қызметкерлері ұрып-соққан. Отбасы осы оқиғадан біраз уақыт өткеннен кейін қайтыс болған Анатолийдің ажалына ұрып-соққан кезде алған жарақаты себеп болды деп санайды.

Бұл оқиға 2017 жылы 2 наурызда болған. Отбасының айтуынша, сол күні кешке Анатолий жұмысқа кетуге қамданып отырған. Әйелі мен екі баласы бар азамат пәтерге ақша жинау үшін Ресейге барып, вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген.

Анатолий Рейбанттың отбасы архивіндегі суреті.

Анатолийді досымен бірге "рұқсат етілмеген жерде спирті бар ішімдік ішкені үшін" ұстап, екеуінің кім екенін анықтау үшін полиция бөлімшесіне, кейін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына (халық арасында "айықтыру мекемесі" деп аталады – ред.) апарған. Отбасының айтуынша, осы кезде бұған дейін артық мінез көрсетпеген Анатолий вахтаға кешіксе, жұмыссыз қалатынын айтып, қарсылық көрсете бастаған.

– Өзін босатуды өтініп, дауласса керек. Өйткені сол күні Ресейге жол жүруі керек еді. Оны желкесінен ұстап, жердегі мұзға итеріп жібергенін көрген куәгер бар. Полиция қызметкерлерін қорқытпақ болып, қолындағы бөтелкені сындырып, босап шығу үшін білегін кескен. Әйеліне хабарласып, "мені айықтыру мекемесінің аумағында өлтіргелі жатыр" деп айтып үлгерген. Ол бізге хабарласты, бірден сол жерге бардық, – дейді Ирина Рейбант.

КУӘГЕРЛЕРДІҢ СӨЗІ

Оқиға орнына жеткен ата-анасы ұлының жерде қансырап жатқанын, бірнеше полиция қызметкерінің оны арқасынан басып тұрғанын көрген.

– Ол мұздың үстінде жатты, жейдесі жоғары көтерілген, қолы артына қайырылып, кісенделген. Бір қызметкер аяғымен ұлымның басынан, екіншісі қолымен мойны, белі мен жамбасынан ұстап, тізесімен арқасынан басып тұрды. Қызметкерді аяғынан ұрып, "жібер" деп айқайладым. Олардың бірі күйеуімді көре сала орнынан атып тұрып, ақтала бастады. Ұлым ес-түссіз, түсініксіз дыбыс шығарып жатты. Кісенді шешуді сұрадым, бірақ олар сөзіме құлақ аспады, – дейді Ирина Рейбант.

Анатолийдің жақын туысының күйеуі, сол күнгі оқиғаға куә болған Алексей Марусич те Азаттық тілшісімен сөйлесуге келісті. Ол Анатолийдің айықтыру мекемесінде екенін естіп, оқиға орнына барған кезде полиция қызметкерлерінің оны ұрып-соғып жатқанын көрген.

– Орталыққа жеткен кезде әлдекімдердің айқайлаған даусын естідім. Бір адамның жерде етпетінен жатқанын көрдім. Ол жерде бес полиция қызметкері болды. Біреуі аяғымен басын, жерде отырған екіншісі мойнын басып, қолымен басын төмен тұқыртып ұстап тұрды, үшіншісі аяғымен бетінен теуіп жатты. Қалған екеуі Толяның аяқ жағында тұрды. Олардың не істегенін көрмедім. Ол кезде жай ғана қарап тұрды. Жерде жатқан адам Толя екенін түсінгенде, "Толян!" деп айқайладым, ол "Леха, кет бұл жерден!" деп жауап қайырды. Толяны бетінен ұрып жатқан полиция қызметкері даусымды естіп, маған қарай беттеген кезде қаша жөнелдім. Осы кезде Толяның ата-анасы келді. Әкесіне барып, "ана жақта Толянды ұрып-соғып жатыр дедім", – дейді Марусич.

"Ол мұздың үстінде жатты, жейдесі жоғары көтерілген, қолы артына кісенделген... Ұлым ес-түссіз, түсініксіз дыбыс шығарып жатты" дейді Ирина Райбант.

Алексей Марусич түсініктеме беруге бірден келіспеген. Ол Ресей азаматтығын алғаннан кейін ғана куәгер болған. Алексей ол кезде елден кетуге құжат жинап жүргендіктен тергеуге қатысу көші-қон процесіне кері әсер етуі мүмкін деп қорыққанын айтады.

2021 жылы Марусич түсініктеме беріп, Анатолийді ұрып-соққан полиция қызметкерлерімен жүзбе-жүз кездесу үшін Қазақстанға келген.

– Мені айықтыру мекемесіне апарған кезде бірден жәбірленушінің қай жерде жатқанын, кімнің қайда тұрғанын айтып бердім. Тергеу эксперименті кезінде жәбірленушіні қай жерде қалай ұрып-соққанын көрсеттім, – дейді Алексей Марусич.

Оның айтуынша, Анатолийді ұрып-соққан полиция қызметкерлерінің түр-тұлғасын анықтау процесі бірнеше рет кейінге қалып, күдіктілермен жүзбе-жүз кездесуге оқиғаға қатысы жоқ бір адам ғана келген.

Іс материалдарына сәйкес, тергеушілер Марусичтің сөзіне күмән келтірген. Жақында марқұмның отбасына келген қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда тергеуші оқиға куәгері Марусичтің түсініктемені 2021 жылы бір-ақ бергенін, оның айтқаны іске қатысушы басқа азаматтардың айтқанымен қиыспайтынын, куәгердің долбарға сүйеніп және сезімге беріліп куәлік еткенін жазған.

Алексей Марусич сот болса, процеске қатысып, полицияға берген түсініктемесін қайталауға әзір екенін айтады.

ТЕРГЕУ ҚАЛАЙ ЖҮР(МЕ)ГЕН?

Айықтыру мекемесінің қызметкерлері Анатолий Рейбантқа жедел жәрдем шақырған.

– Дәрігерлер де Анатолийдің қолынан кісенді ағытуды сұрады, бірақ полиция сөзімізді тыңдамай, оны етпетінен жатқызып қойды. Ауруханаға қарай жүріп кеттік. Жолда ұлымның тынысы тарылып, көгере бастады. Кабинаны ұрып, көлікті тоқтаттым. Медицина қызметкері кісенді шешуді талап етті, оны сол кезде бір-ақ босатты. Дәрігер ұлымның есін жиғызды. Ауруханаға жеттік, ол өз аяғымен ішке кірді, полиция қызметкерлеріне "үстеріңнен арыз жазамын" деді. Ұлымның білегін тігіп, облыстық ауруханаға рентгенге жіберді. Рентген қорытындысы ұлымның мұрын сүйектері мен жағы сынғанын, басынан жарақат алғанын көрсетті, – дейді марқұмның анасы.

Анатолий Рейбанттың анасы Ирина Рейбант. Петропавл, 10 тамыз 2021 жыл.

Осы оқиғадан кейін Рейбант пен анасы полиция қызметкерлерінің айықтыру мекемесі аумағында Анатолийге дене жарақатын салғанын айтып, арыз берген. Отбасының айтуынша, сот-медициналық сараптама толық жүргізілмеген, ота жасауға жолдама берілмеген, ал полиция арыз бойынша қозғалған істі сиырқұйымшақтатып жіберген.

Анатолий Рейбант 2017 жылы 4 маусымда қайтыс болған.

– Ұлым үш айдан кейін үйінде отырған жерінде көз жұмды. Өлгені туралы қорытындыда "құсығына шашалып қалған" деп жазды, – дейді Ирина Рейбант.

Туыстарының айтуынша, Анатолий алған жарақатынан кейін аузымен ғана тыныстап, түнде ауа жетпей қиналып, басы мен кеуде тұсы ауырып, басы айналатын болған. Жақындары Анатолий жараланған мұрнымен тыныстай алмағандықтан, аяқ астынан келген құсыққа шашалып, тұншығып қалған деп топшылайды.

Жәбірленушінің арызынан кейін полиция қызметкерлерінің билігі мен құзыретін асыра пайдалану фактісі бойынша іс қозғалып, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына жіберілген. Кейінгі жылдары бұл іс біресе тоқтап, архивке өтіп, біресе қайта қозғалып, қалалық және облыстық прокуратураның рұқсатымен қосыша тергеуге беріліп отырған.

Ирина Рейбант 2018 жылы қыркүйекте ұлының сүйегіне эксгумация жасауға рұқсатты әзер алған. Зерттеу нәтижесінде, мәйіттің бас сүйегінен тірі кезінде жоғарғы жақ сүйектерінің маңдайға жалғасқан тұсы мен мұрын сүйектері сынғанын растайтын жарақат табылған. Сарапшы мұның 2017 жылы 2 наурызда салынған жарақат болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

– Сүйектері сынғаны дәлелденді, бұл өте маңызды. Енді жеке қауіпсіздік басқармасының кедергісіне қарамастан, іс сотқа жетуі керек. Бұл іс 2017 жылы 2 наурызда полиция қызметкерлерінің өз құзыретін асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған. Бірақ жеке қауіпсіздік басқармасы сарапшылардан марқұмның қазасының себебін анықтауды ғана сұрап, 2017 жылы 2 наурызда алған жарақаты бойынша сұрақтар қоймаған. Бір жарым жыл өткеннен кейін мәйіттің сүйектері шіріп кеткендіктен, эксгумация кезінде сарапшылар мұрындағы тыныс жолдарына қатысты терең зерттеу жүргізе алмаған. Бірақ сарапшылар "тыныс алуға зақым келгендіктен, марқұм сұйық затқа шашалып қалған болуы мүмкін" деп жазды, – дейді Рейбант отбасының адвокаты Жанболат Елеукин.

2020 жылдың аяғына қарай адвокат бұл іске бас прокуратураның назарын аударған. Осыдан кейін іс қосымша тергеуге жіберілген. Бірақ сол кездің өзінде сотқа дейінгі тергеу бірде тоқтап, бірде қайта қозғалып отырған. Осылайша 2021 жылдың 15 шілдесіне дейін жалғасқан.

"БАСЫН МҰЗҒА ӨЗІ ҰРЫП, ДЕНЕСІН ЖАРАҚАТТАҒАН"

23 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасынан Ирина Рейбанттың хаты Петропавл прокуратурасына жіберілгені туралы жауап келген. Кейінірек жеке қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі Галиуллиннің сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулысы шыққан. 24 шілде күні бұл қаулыға Петропавл қаласы прокурорының орынбасары қол қойған.

Қаулыда "Полиция қызметкерлері Рейбанттың білегін кескенін көріп, оған өз денесін жарақаттауына және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатымен жерге құлатып, қолын артқа қайырып, кісен салған. Рейбант басын мұзға ұрып, өзіне-өзі жарақат салуды жалғастырған соң, полиция қызметкері оның басын жерге жатқызып ұстап отырған" делінген.

Қаулыға сәйкес, полиция қызметкерлерінің кінәсі дәлелденбегендіктен, қылмыстық қудалау тоқтатылған. Бес полиция қызметкері түсініктеме беруден бас тартқан. Жәбірленуші тараптың "Денсаулығына қасақана ауыр зақым келтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу мен тергеу экспериментін жүргізу туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Өйткені жеке қауіпсіздік басқармасы 2 наурызда болған оқиғалар мен жәбірленушінің өлімін байланыстыратын ештеңе таппаған.

4 тамызда Азаттық тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына хат жолдап, полиция қызметкерлерінің 2017 жылы 2 наурыздағы әрекетіне байланысты пікір беруді және қылмыстық істің жабылу себебін түсіндіруді сұраған еді. Бірақ әзірге жеке қауіпсіздік басқармасы редакция хатына жауап берген жоқ.

"АЗАПТАУ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІНІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ"

Бұл іске құқық қорғаушылар назар аударған. Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы өкілдері осыған ұқсас оқиғалар жиі кездесетінін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Айықтыру мекемесіндегі кісі өлімі бойынша сот үкімі шықты

– Рейбанттың ісі Астананың айықтыру мекемесіндегі Николай Кривенконың (29 жастағы қала тұрғыны 2017 жылы 15 наурызда қайтыс болған – ред.) өліміне ұқсайды. Бірақ екі істің арасында бір айырмашылық бар: Николай Кривенконы ұрып-соғып жатқанда, бейнебақылау камералары қосулы болған. Адвокат осы видеоны алып, бізге берді. Бәрін осы видео шешті. Қоғамдық резонанс туып, кінәлілер қатаң жазаға кесілді. Ал Анатолий Рейбантты полиция қызметкерлері ұрып-соққанын дәлелдейтін видео жоқ, тек куәгерлер ғана бар, – дейді журналист, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро қызметкері Андрей Гришин.

Гришиннің айтуынша, Қазақстанда куәгерлер мен сараптама қорытындысы болған күннің өзінде, қылмысты айғақтайтын видеосыз уақытша ұсталған азаматтар мен тұтқындарды ұрып-соғу, азаптау фактілерін дәлелдеу "мүмкін емес". Құқық қорғаушы ұрып-соғу мен азаптау құқық қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып кеткенін айтады.

– Қоғамдық резонанс болмаса, кінәлілер жауапқа тартылмайды. Істі ашып-жабу да бірнеше жыл былай тұрсын, ондаған жылға созылатыны қалыпты жағдайға айналған, – дейді Гришин.

"БҰҒАН ҚАШАНҒЫ ШЫДАУҒА БОЛАДЫ?"

Ирина Рейбант кінәлілерді жауапқа тартпайынша күресін тоқтатпауға бекініп отыр. Ол аштық жариялаған кезде және оған дейін бірнеше рет жалғыз адам пикетіне шыққан. Бұл пикеттердің біразы полицияның араласуымен аяқталған.

Анатолий Рейбанттың анасы Ирина Рейбант. Отбасы мұрағатындағы сурет.

– Адвокат полиция қызметкерлерінің кінәсін дәлелдеді. Эксгумациядан кейін тергеушіге мәйіттен табылған барлық сынықты көрсетті, істі сотқа жіберуге дайындап жатты. Бірақ жеке қауіпсіздік басқармасы қылмыстық істі тоқтатып тастады. Біз прокуратураға жүгіндік. Қылмыстық істің "қылмыс құрамының болмауына байланысты" тоқтағанын білдік. Бұл қалай сонда? Не істеуім керек еді? Аштық жарияладым. Полиция қызметкерлері ұстап, сүйрей жөнелді. Оларға "еш жаққа бармаймын" дедім. "Полицияға бағынбағаным үшін" сот болды. Судьяға бәрін түсіндіріп, "Маған қалағандарыңды жасаңдар, өлуге де дайынмын. Басқа не істей аламын? Оларға мәселемді қалай жеткіземін?" дедім. Судья ескерту беріп, шығарып салды. Кейін тағы шықтым: кейде ұстап әкетеді, кейде тимейді, – дейді Рейбант.

Ирина қазір өзіне күштеп оқшаулау әдісімен кедергі жасауы мүмкін деп қауіптенеді.

– 31 шілдеде [пикет кезінде] мені тағы да ұстады. [Құрғақ аштықтан] ағзам әбден әлсіреп қалған. Полиция бөлімшесіне апарды, қызым жедел жәрдем шақырды. Мені ауруханаға алып кетті, жағдайымды біліп, "бұрын психологиялық дертпен ауырған жоқсыз ба?" деп сұрады. Аштық жариялап, тыныш отырмай, үнемі пикетке шыға беретінім үшін мені психологиялық диспансерге жатқызып қоя ма деп қорқамын. Істі сотқа бермейінше, тамақ ішпеймін. Басқа амалым қалмады. Полицейлердің ұлымды сүйреп, ұрып-соғып, кейін "басын мұзға өзі ұрды" дегені есімнен кетпейді. Бұған қашанғы шыдауға болады? – дейді Рейбант.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тергеуден тірі қайтпады". Азаматтардың тергеу кезінде "өзіне қол салуына" не себеп?