"САЛМАҚТЫ ӘРІ АУЫР МӘСЕЛЕ"
15 ақпанда Алматыда "Жара" фестивалін ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлады. Ресейлік шоу-бизнес өкілдері 2022 жылдың жазынан бері Қазақстанда фестиваль өткізуге талпынып келеді.
Басында "Жара" фестивалі Әзербайжанда өтуі керек еді. Бірақ Ресей Украинаға басып кіргелі бері қалыптасқан жағдайға байланысты кейінге қалды. Қазақстан азаматтары "Жара" фестивалін "Z-батальон" деп атап, бойкот жариялауға шақырды. Бұл фестивальде Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдайтын әншілер, оның ішінде "Zа Россию" марафонына қатысушылар өнер көрсетеді.
Бірақ Әзербайжанмен салыстырғанда, Қазақстан билігі ұйымдастырушыларға концерт өткізуге тыйым салмайды. Дипломатияға салып, уақыт созады. Былтыр мамырда желі қолданушылары фестивальге наразылық білдіргенде, Алматы әкімдігі "ұйымдастырушылардан шара өткізу туралы өтініш түспеді" деп мәлімдеген. 1 маусымда сол кездегі мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қоғам наразылығына реакция білдіріп, азаматтардың пікірі ескеріледі деді.
"Контент пен қатысушыларды қарап шығу керек. Бұл салмақты әрі ауыр мәселе екенін жасырмаймын. Мысалы, кез келген елден 20 әртіс келді делік. Олардың бәрі бұрын Украинадағы кикілжің мен Қазақстан туралы не айтқанын тексеріп отырамыз ба? Бізге баланс табу керек", – деген Абаев.
2022 жылғы шілдеде өтеді деп жоспарланған фестиваль белгісіз мерзімге шегерілді.
Фестиваль уақыты қаңтарда жарияланды. Ұйымдастырушылар афишадан Ресейді ашық қолдап жүрген бірнеше әртісті алып тастап, "Қандай да бір тарапты қолдаған әншіні қайдан көрдіңдер? Біз махаббат, шығармашылық пен өрлеуді қолдаймыз. Әншілерді мұқият таңдадық" деп жазды.
Афишадан Григорий Лепс, Дима Билан, Ольга Бузова, Анита Цой және Лолитаны алып тастаған. Олар Ресей оккупациясын қолдап, пікір білдірген.
Фестивальге қатысады деп айтылған қазақстандық әнші Айқын Төлепберген де қатысушылар тізімінен түсіп қалды. Ол тамызда өткен концертінде украиналық "Океан Эльзы" тобының әнін салып, кештен түскен қаражатты түгел Украинаға көмекке жіберетінін айтқан еді.
Дегенмен аннексияланған Қырымда өнер көрсеткені үшін Украинаға кіруіне тыйым салынған кей әншілер фестиваль құрамында қалды.
Енді фестиваль 2023 жылғы наурызға белгіленіп отыр. 15 ақпанда ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі жағдайға байланысты фестиваль кейінге қалғанын хабарлады. Ұйымдастырушылар қай елдегі жағдайды меңзегені түсініксіз.
Желіде қазақстандықтар билікті "телеарналардан Ресей пропагандасын көрсетуге жол берген босбелбеу" деп айыптайды. Сарапшылар биліктің басқа амалы жоқ деп есептейді.
КОНЦЕРТ – ПРОПАГАНДА ҚҰРАЛЫ
Украинада соғыс басталғалы ресейлік әншілерді көп ел қабылдамай қойды. Аудиториясы көп, танымал адамдарға ерекше назар аударылып, олардың бірқатар мемлекетке кіруіне тыйым салынды. Мысалы, Германияда 6 ақпанда соғысты қолдайтын Филипп Киркоровтың концерт туры өтпей қалды. Жұрт петицияға қол жинап, Киркоров пен тағы төрт әншінің концертіне тыйым салуды сұраған. Петиция авторлары Украина президенті Владимир Зеленскийдің ресейлік 119 танымал тұлғаға жеке санкция салу туралы жарлығын негізге алған.
Өнертанушы Валерия Ибраева СССР-де мәдениет пропаганда құралы болғанын, Ресей де оны өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын айтады.
– Авторитар, тоталитар елдерде мәдениет билікке қызмет көрсету және халықаралық деңгейдегі пропаганда құралы болады. Қазір Третьяков галереясының басшысы ауысты [директор қызметіне Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі бұрынғы басшысының қызы тағайындалды], "Вагнер" [Ресейдің бейресми қарулы құрылымы] әскери компаниясының мәдениет орталығында көрме ашылды, Ресей агрессиясын қолдайтын суретшілер пайда болды, – дейді Валерия Ибраева.
Қазақстанда Ресей әншілерінің концертіне жаппай емес, ішінара тыйым салынады. Мысалы, "танымал Z-әртіс" деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті көпшіліктің талабымен өтпей қалды. Бірақ Киркоровтың Астана мен Алматыдағы концертіне ресми қарсылық болмады.
Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Лариса Долина Қазақстанға келе алмады. Концерт өтетін орынның әкімшілігі әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы тұрғындарының негатив реакциясына байланысты ұйымдастырушыға Лариса Долинаның концертін өткізуге орын берілмейді" деп жазды.
Қазақстан билігі украин әншілерінің концерттеріне де сақтықпен қарайды. Тамызда украин жұлдыздарының қатысуымен өткен қайырымдылық концертте билік өкілдері тыңдармандар қолындағы Украина символдары бейнеленген атрибутиканы жинап алған. Кейінірек ұйымдастырушылар украиналық символдарға тыйым салу Алматы әкімдігінің талабында көрсетілгенін айтты. Әкімдік ұйымдастырушыларға сілтеді.
Қыркүйекте Украинаның "Нервы" тобының концертінде "Русский военный корабль, иди на ***! Слава Украине!" деген жазуы бар жейде киіп, иығына Украина туын ілген белсендіні дөрекі түрде залдан шығарып жіберген. Белсендінің сөзінше, қызметкерлер "әкімдік тыңдармандар Украина символдарын әкелсе, концерт болмайды" деп ескерткенін айтқан. Әкімдік мұны жоққа шығарды. Тағы бірде шенеуніктер концертті саяси шараға айналдырмауды сұраған.
Жалпы алғанда, украин әншілері Қазақстандағы концерттерінде ешқандай мәлімдеме жасамайды. Украин әншісі Светлана Лобода Қазақстанда "Украинаның күші" туралы ән айтты, бірақ саяси пікір білдірмеді.
Валерия Ибраева қоғамдық деңгейде кей өнер адамдарына бойкот жариялауды қолдайды, бірақ ешкім билет сатып алмай қойса, жақсырақ болар еді деп есептейді.
– Сонда олар Қазақстанда концертіне ешкім барғысы келмейтінін түсінер еді. Мен идеалиспін, сондықтан тыйым салу коммунизм қалдығы сияқты. Біз ақшамен дауыс бере аламыз, – дейді өнертанушы.
ДЕКОЛОНИЗАЦИЯ КЕЗЕҢІ
Валерия Ибраева Украинадағы соғыс Қазақстандағы деколонизация және Ресейге тәуелділік (қазақстандықтардың көбі жылдар бойы Ресей телеарналарын көріп, Ресейдің мәдени өнімдерін тұтынып келді) мәселесін ашып көрсетті деп есептейді.
– Украинадағы соғыс Ресей саясатына тәуелді екенімізді ашып көрсетті. Соғыс украиндерді біріктіріп, елді демократия ошағына айналдырды. Бұл жанама түрде бізге де әсер етті. Ұлттық сана-сезім артып, арасында агрессияға ұласып тұрады. Бірақ бұл – өтуіміз қажет кезеңдердің бірі. Ұлт ретінде бірігуіміз Ресей агрессиясына байланысты болатын сияқты.
Өнертанушы қазір Қазақстан тарихында жаңа кезең басталып, ұлт өзін іздеп жатыр деп түсіндірді.
– Деколонизация мәдениеттен көрініс тауып жатыр. Жастардың музыкалық мәдениетінде сән пайда болды. Мысалы, қазақ тілінде рэп көбейді. Бұл өте маңызды, өйткені тіл сәнге еніп, қарсылық белгісіне айналды. Көркемсурет өнерінде тарихқа бойлап, суретшілер “біз кімбіз?” деген сұраққа жауап іздей бастады. Ұлттық болмысымызды анықтау Ресейге тәуелділік пен көрші мемлекет мәдениетіне еліктеу тұрғысынан ғана емес, басқа позициялардан да талданып жатыр. Мұндай ұлттық ізденіс бұған дейін өткен ғасырдың 60-жылдары болған, – дейді Ибраева.
Әзірше тек шоу-бизнес өкілдеріне бойкот жарияланып отыр. 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге бес рет барды. Ал Владимир Путин еш қарсылықсыз Қазақстанға ұшып келді. Одан бөлек, сауда қатынастары жалғасып, Қазақстан Ресейге батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесіп отыр деген күдік күшейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғысты айыптап, Ресейден Алматыға көшкен режиссер қазақша қойылым дайындап жатыр