Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан соң берген екінші сұхбаты. Алғашқы сұхбат орыс тілінде 29 қаңтарда көрсетілген. Күнібұрын жазып алынған екінші сұхбатында да Тоқаев алғашқы интервьюінде айтқан кейбір сөзін қайталады.
Тоқаевтың айтуынша, қаңтардағы наразылықтың "түп-тамыры – халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болуы мен теңсіздік".
"Ал лаңкестер мен қылмыскерлер осы наразылықты пайдаланып кетті" деді ол. Өткен айдағы дүрбелең кезінде Тоқаев "лаңкестер" туралы ең алғаш 6 қаңтарға қараған түні айтқан. ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған президент күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атып өлтіруге" бұйрық бергенін мәлімдеген еді. Тоқаевтың бұл шешімі ел ішінде де, шетелде де көп сынға ұшырады. Содан бері бір жарым ай өтсе де, билік "лаңкестер" жайлы тұжырымына бұлтартпас дәлел келтірген жоқ. Ресми дерек бойынша, оқиға кезінде қаза тапқан 227 адамның да аты-жөнін қоғам талабына қарамастан, жариялаған жоқ.
Қаңтар оқиғасы кезінде сарапшылар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Тоқаев арасында тартыс жүріп жатыр деп болжаған. Қаңтар оқиғасы кезінде көпшілікке көрінбей, 18 қаңтарда бір-ақ мәлімдеме жасаған Назарбаев "зейнет демалысында" екенін айтып, "билік тұтастай Тоқаевтың қолында" деп мәлімдеп, элита ішіндегі қақтығыс туралы сөзді жоққа шығарған. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың өзі, жақын туыстары мен серіктері лауазымынан айырылып, кейбірінің шетелге кеткені туралы хабар тарады. Экс-президенттің өзі содан бері көп алдына шықпады.
17 ақпанда мемлекеттік телеарнадан берілген қазақша сұхбатында Тоқаев тағы да "Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға" деп баға берді. "Кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет" деді ол.
Қаңтар оқиғасының құрбандары туралы Тоқаев бұл жолы да неге тіс жармады? "Жаңа Қазақстан" құру идеясын айтып жүрген президент не істеуі керек? Қаңтар оқиғасы қайталанады деген қауіп бар ма? Азаттық осы және өзге де сауалдарды саясаттанушы Шалқар Нұрсейітке қойды.
"АҚОРДАНЫҢ БАСТАМАСЫ ЕМЕС"
Азаттық: Шалқар мырза, қаңтардың аяғында президенттің орыс тілінде жарияланған сұхбаттан бұл сұхбатының қандай айырмашылығын байқадыңыз?
Шалқар Нұрсейіт: Бірінші айырмашылық, әрине, тілге байланысты. Алғашқы сұхбатынан кейін қоғамда "Неге қазақша сөйлемеді?" деген сұрақ өте көп айтылды. Тоқаевқа қойылған сұрақтар мен алдын ала дайындалған жауаптар – мұның барлығы сұхбат Ақорданың өз бастамасы емес, қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияның көңілін аулау ниеті тұрғанын көрсетті. Мына сұхбаттың "[орысша сұхбат беруім] менсінбеушілік емес еді" деп басталуы содан.
Орысша бергені үшін, сосын Ресей жайлы айтқан комментарийлері қазақша сөйлейтін аудиторияның шамына тигені көрінді. Тоқаевтың айналасындағы кеңесшілері, көмекшілерінің сол олқылықты тез арада жоюға талпынып көрген әрекеті. Меніңше, интервью шынайы болғанда журналист келесі сұраққа көшіп кете бермей, нақтылайтын жалғас сұрақтар қояр еді. Ондай байқалмады.
Ашық, демократиялық қоғамда кез келген саясаткер көпшілік көңілінен шығуға тырысады. Қазақстанда көпшілік электорат қазақ тілінде сөйлейді. Тоқаев расымен көпшілік көңілінен шыққысы келетін президент болса, ол сұхбатты қаңтар оқиғасынан кейін беріп, тіпті қаңтар оқиғасы кезінде жиі-жиі мемлекеттік тілде үндеу жасар еді. Ал ол қоғам қысымынан кейін осындай интервьютектес телесюжет арқылы үндеу жасағандай болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қантөгістен кейінгі бір ай. Жауабы жоқ сұрақтарАзаттық: Сұхбаттың бөлігі қаңтар оқиғасына арналған. Бірақ бұл жолы да оққа ұшқан бейбіт азаматтар туралы айтпады. Сіздің ойынша, мұның себебі не?
Шалқар Нұрсейіт: Сұхбаттан байқағаным, биліктің "террористік акт", "лаңкестік әрекет" туралы аргументтері мен дәлелдері әлі күнге дейін өте әлсіз. Бірақ тағы да "лаңкестер" жайлы тезисінен бәрібір бас тартпайтынын көрсетті.
Әлі күнге дейін қаза болған бейбіт азаматтар туралы тіс жармауы, өкінішке қарай, "лаңкестік әрекет" деген тезистің негізсіз екеніне одан әрі көз жеткізетін сияқты. Басқа елдерді алып қарасақ, террористік әрекет болғанда бірінші кезекте мемлекет басшылары азаматтардың қауіпсіздігіне көңіл аударады, қаза болғандарды көпшіліктің алдына шығарып, өмірбаянына тоқталып, қоғамға адам құқығы мен құны қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ал бізде керісінше, қаза болғандар тізімін шығармай, аты-жөнін жасырып, тіпті Азаттық сайтындағы [марқұмдар тізімі бар] арнайы парақшаны бұғаттап, кедергі жасайды.
Мұның бәрі жай ғана сәйкестік деп ойламаймын. Сондықтан әлі күнге дейін Тоқаев әкімшілігі өздері айтқан, мәлімдеген адам құқықтары деген сөз әлі күнге дейін сөз жүзінде қалып отырған сияқты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үстімізге ыстық су құйып, үтік басты". Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтардың көрген азабыТіпті арқасын [тергеушілер] үтік басып күйдірген талдықорғандық Азамат [Батырбаев] туралы сұраққа жауап бергенде де президенттен адамның құқығы, денсаулығы мен тағдыры туралы алаңдаушылық байқаған жоқпын. Эмоциясынан да адамды азаптау – жантүршігерлік әрекет екені көрінген жоқ. Өзінің "адам құқығы басты назарда" деген жаттанды сөзін айтты. Бірақ осы сөзінің салмағын сезініп отырғаны байқалмады.
Азаттық: Тоқаев "төңкерісшілер елімізде қолға алынған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті президентке де қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімді емес еді. Өйткені реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету" деді. Бұл нені білдіреді?
Шалқар Нұрсейіт: Тоқаев осы сөзімен өз билігін күшейтуді ақтауға тырысқандай әсер қалдырады. "Құқықтық нигилизм – біздің басты проблемамыз" деп айтты. Шын мәнінде бұл жүріп жатқан мемлекеттік секьюритизация, яғни түймедей қауіпті түйедей етіп көрсету арқылы күш қолдануды, күш құрылымдарының жұмысын белсенді жүргізуді ақтау.
Демократиялық емес билік халыққа сырттан әлдебір қауіп келетіндей етіп көрсетуге тырысады. "Сыртқы жау" туралы риторика күн тәртібінен түспейді. Біз бұл сөзінен Тоқаев алдағы уақытта да табиғаты автократ президент ретінде өз билігін күшейту үшін күш құрылымдарын пайдаланудан кетәрі емесін көреміз.
Азаттық: Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Оған мемлекетке опасыздық жасау, өкілетін асыра пайдалану және билікті күшпен басып алуға талпыну баптары бойынша айып тағылды. Бұл туралы Тоқаев ештеңе демеді…
Шалқар Нұрсейіт: Меніңше, қазіргі саяси режим Мәсімов пен орынбасары [Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің] ісі бойынша бір тоқтам, нарративті әлі ойлап таппаған сияқты. Жақын уақытта бір сценарий ойлап табылған соң мемлекеттік БАҚ арқылы, тіпті Тоқаевтың аузымен таратады деп ойлаймын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын жаңарту нені білдіреді?"АРМАНДАМА, АҚ ТОҚТЫ"
Азаттық: Тоқаев "бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. "Саяси тазалауға" барудың қажеті жоқ" деді. Бұл дүрбелеңнен кейінгі ауыс-түйістерден соң "елде ештеңе өзгермеді" деген сынға жауап па?
Шалқар Нұрсейіт: Әрине, отыз жыл бойы ауыспаған саяси режимді жүз пайыз өзгертіп тастау деген… Ең бастысы, режим өз қолымен өзін өзгертуге бармайды. Ол – кез келген биліктің табиғаты. Мүмкіндік болса, кез келген мемлекетте қолында билігі бар топтар мейлінше ұзағырақ отыруға тырысады. Мейлінше, билікті өз пайдасына көбірек жаратқысы келеді. Оның үстінде біздің Қазақстандағыдай авторитар билік еш уақытта өзіне бір жаңару керек, өзгерістер керек деп айтпайды.
Азаттық: Ал Тоқаев қазіргідей парламент пен үкіметтің құрамымен өзі айтып жүрген "Жаңа Қазақстанды" құра ала ма?
Шалқар Нұрсейіт: Жаңа Қазақстан тек шенеуніктермен емес, жаңа ойын ережесімен құрылуы керек. Яғни, бізге жаңа конституция керек. Биліктің үш тармағын тепе-тең ұстайтын, солай жұмыс істеуге мәжбүрлейтін конституция керек. Бізде, өкінішке қарай, атқарушы билікке кіретін президент билігі бәрінен жоғары тұр. Осыны шектеу керек. Бізде реформа болса, ең алдымен оны президент билігін шектеуден бастау керек. Өйткені Қазақстан автократиялық тығырыққа келіп тіреліп тұр. Бірақ президенттік билікті қолына шоғырландырып, күшейтуге тырысып жатқан Тоқаев өз билігін шектеуге барады дегенге сенбеймін.
Меніңше, Тоқаев екінші мерзімге сайлануға тырыспауы керек. Ол транзит кезеңінің президенті болып қалуы керек. Тоқаев әділ сайлау арқылы билікке келген жоқ. Біздің азаматтар қаңтар оқиғасына дейін Назарбаевқа адал болғанын ұмытпауы керек. 30 жыл бойы авторитарлық саяси режимді құруға атсалысқан, жоғары лауазымды қызметтерде болған, парламентте бір емес, екі рет спикер болған адамның Қазақстанды тығырыққа тіреген мәселелерге қатысы жоқ деп айтуға мүлдем келмейді. Назарбаев режимінен Тоқаевтан бөлек қарап, Жаңа Қазақстан деген идеяның құрбаны болмауымыз керек.
Оның облыс, аудан әкімдерін сайлау туралы берген жауаптарына қарасақ, "армандама, ақ тоқты, қыстыгүні көк шөпті" дегендей болды. "Ауыл әкімдерін сайлауды бердік. Алда аудан әкімдерін сайлаймыз. Одан артық сендерге не керек?" дегендей әсер қалдырды. Осының өзімен біз демократияға кетіп қалдық дегенді айтқысы келгендей болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәжілісте "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобын құрды. Биліктің көздегені не?ҚАҢТАРДАҒЫДАЙ НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?
Азаттық: Тоқаев "басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн" деп, олигополиямен күресетінін айтты. Бұл терминді ол алғаш рет Назарбаевты сынағанда "бай шенеуніктер ел дәулетінің жартысына ие болып отыр" дегенде айтқан. Тоқаевтың "әлеуметтік теңсіздік" мәселесімен күрес бойынша содан бері қандай шарасын байқадыңыз?
Шалқар Нұрсейіт: Әлі көрмедім. Негізінен олигополиямен күрес өзіне ыңғайсыз, өзінің билігіне қауіп төндіретін олигархтарды шектеу болып қалмауы керек. Олардың байлығын өзіне адал басқа ауқаттыларға бөліп беруге ұласпауы керек.
Тоқаев [табысты компаниялар мен олигархтар ақша аударатын] "Қазақстан халқына" деген қайырымдылық қор құру туралы идея көтергенде менде күмән болды. Шын мәнінде біз заң тұрғысынан құқықтық мемлекет болуға тырыспайтын сияқтымыз. Құқықтық мемлекет құрғысы келсе, Тоқаев қор құрмай, бизнесмендерге лайықты салық салуды қамтамасыз етер еді. Салық кодексін қайта қарар еді. Ал ол көпшілікке ұнайтындай, президент олигархтарды көмектесуге мәжбүрлеп жатыр, президент керемет адам деген бір әсер қалдыру үшін жасалған тактика сияқты көрінеді.
Азаттық: Саяси дағдарыс болып, халық қаңтар оқиғасынан соң абдырап отырғанда, өзіңіз айтқандай, шынайы реформаға әзір емес президенттің билеуінен қандай қауіп бар?
Шалқар Нұрсейіт: Қазір бізге автократ басшы емес, билігі легитимді, көпшілікті ұйыстыра алатын басшы керек. Өйткені саяси реформаларды тез жасау керек. Экономикалық тұрғыдан болсын, саяси болсын – Қазақстан өте үлкен дағдарыста. Ондай реформаны саяси ерік-жігері бар адамдар ғана жасай алады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар құрбандарын еске алу жиынында Тоқаевқа импичмент жариялау жайлы талап айтылдыБилікке енді қолы жеткен Тоқаевтың айналасындағы адамдарда "Неге біз президенттің билікті әлсіретуіміз керек?" деген сұрақ тууы мүмкін. Бірақ ерік-жігері мықты, бір күнді емес, алдағы ондаған жылды, Қазақстанның келесі ғасырдағы болашағын ойлайтын адамдар авторитарлық басқарудан бас тартып, демократиялық бағытқа бой түзеуге талпынуы керек.
Бірақ Тоқаевтың риторикасынан, қабылдаған шешімдерінен ол кісінің тарихта Қазақстанда автократияны тоқтатқан адам ретінде қалғысы келетіні байқалмайды. Бұл кісі қазіргі конституция мүмкіндік беретін, шексіз президенттік билікті өз ыңғайына қолдануға кетәрі емес.
Либерализация жүрмесе, наразылық көңіл-күй күшейе береді, радикал идеялар тарайды. Одан бөлек экономика тығырыққа тіреліп тұр, бұл саяси талаптармен қосылған кезде нәтижесі қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Сол себепті біз, өкінішке қарай, алда қаңтар көтерілісі сияқты оқиғалардың қайталануы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз және оның масштабы бұдан да ауқымды болуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау"Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады Азаптау туралы арыздар тексерілсін. HRW ұйымының Қазақстанға қатысты мәлімдемесі"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?