Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев видеомәлімдемесінде "элитааралық қақтығысты" жоққа шығарды


Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев.

18 қаңтарда "Елбасының баспасөз қызметі" кейінгі кезде жұрт алдына шықпай кеткен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың видеомәлімдемесін таратты. Онда экс-президент "элитааралық күресті" жоққа шығарып, өзінің астанада екенін айтты. Шамамен 4,5 минутқа созылатын видеоның нақты қай кезде түсірілгені белгісіз.

"2019 жылы президент өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазір астанада лайықты демалыстамын және ешқайда кеткен жоқпын" деді 81 жастағы экс-президент.

Ол бар билік қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында екенін атап өтіп, "сол себепті элита арасында ешқандай қақтығыс немесе текетірес жоқ, бұл жайлы сыбыстардың барлығы негізсіз" деді.

Назарбаевтың видеосы тарап жатқан шақта кейбір қолданушылар видео үзік-үзік монтаждалғанына назар аударды:

Экс-президент қаңтар оқиғасы жөнінде "ұйымдасқан экстремистік топтар жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады, соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шекті" деді. Ол Тоқаевтың "шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілмегенін" айтты.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда президенттік өкілетін тапсырған Нұрсұлтан Назарбаев саяси ықпалын сақтап қалуға тырысқан. Ол қаңтар оқиғасы мен элитааралық күрес жайлы болжамдарға алғаш рет пікір білдіріп отыр.

Оның кейінгі кезде жұрт алдына шықпай кетуі ел ішінде элитааралық күрестің жүріп жатқаны туралы сыбыс-қауесеттерді өршіткен. Соңғы уақытта оның жақындары мен оған адал делінген шенеуніктер бірінен-соң бірі қызметтерінен кетіп жатыр. Бұған дейін Назарбаевтың да Қазақстаннан тыс жерде екені айтылған.

Қазақстанда 2 қаңтарда басталған наразылық шаралары шамамен бір аптаға созылды. Оған сұйытылған газдың қымбаттауы себеп болған. Наразылар өзге талаптармен бірге отставкаға кетсе де, саяси ықпалын сақтап қалған 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін де талап еткен.

Наразылықтың соңы Қазақстанның Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған ірі тәртіпсіздікке ұласты. Жүздеген адам үкімет ғимараттарына барып кіріп, кейбірі өртенді. Сауда және қызмет көрсету орындары тоналды. Көліктер аударылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай енгізген. Билік тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың артында "халықаралық террористер бандасы тұр" деп мәлімдеді. Бірақ оған әлі күнге дейін дәлел келтірмеді. Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрап, ізінше елге ҰҚШҰ-ның бірнеше мың солдаты кірді. Бітімгершілік әскері Қазақстаннан 13 қаңтардан бастап шығарыла бастаған.

Кейбір сарапшылар Назарбаев жақтастарымен текетірес ушыққан шақта ҰҚШҰ әскерінің арқасында Тоқаев элитааралық күресте билікті уысында сақтап қалды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG