"ҰҚШҰ ӘСКЕРІН КЕЛТІРМЕУГЕ ӘРЕКЕТ ЖАСАҒАН"
Тергеу орындары бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа, Жан-Айдар Кәрменовке айып таққан. Әйгерім Тілеужан үйқамақта, өзге төртеуі былтыр көктемнен бері тергеу абақтысында қамауда отыр.
Айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында "билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деп көрсетілген. Бұған қоса, Нұрпейісов, Дәлібаев, Шилібаев пен Кәрменов "ғимараттарға шабуыл жасап", "көліктерді тартып алған, бөтеннің мүлкін жымқырған" деп жазылған.
"Нұрпейісов әуежай ішіндегі жаппай тәртіпсіздікпен шектелмей, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің келуіне жол бермеу үшін, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелік жабдыққа электр қуатын беретін "Қазаэронавигация" ғимаратын басып алмақ болған" деп жазылған тергеу материалында.
Қылмыстық іс бойынша, Алматы халықаралық әуежайы, "Қазаэронавигация" мен Qazaq Air, Air Astana, Fly Arystan және Scat әуекомпаниялары жәбірленуші деп танылған. Прокуратура айыпталушылардың әуежайдағы заңсыз іс-әрекетінің салдарынан әуекомпаниялар мен жеке кәсіпкерлер орасан зиян шеккен дейді. Тергеу материалдарында келген зиян көлемі 6,1 миллиард теңгеден асады деп жазылған. Оның негізгі бөлігі ірі әуекомпанияның әуежайдағы дүрбелең кесірінен жұмысы тоқтағандықтан алынбай қалған табысы деп көрсетілген.
Алматының Наурызбай аудандық сотында 14 наурызда өткен алдын ала тыңдауда тергеу орындары бірқатар қылмысқа күдікті деп атаған бес адам өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. 30 наурызда таңертең басталған негізгі сот процесінде айыпталушылардың адвокаттары судьяға бірнеше өтініш тапсырды. Адвокаттар тергеу абақтысында қамауда отырған төрт адамды үйқамаққа ауыстыруды, ал Әйгерім Тілеужанды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамақтан босатуды сұрады. Сонымен бірге бұл істі алқабилер қарасын деген өтініш айтты.
Кәрменовтің қорғаушысы сотқа әуежайдағы дүрбелең кезінде Кәрменовтің заңсыз іс-әрекет жасайтын пиғылы болмағанын айтып бере алатын куәні шақыртуды сұрады. Адвокаттың сөзінше, Кәрменов әуежайдың ұшу алаңына баласынан көз жазып қалған сол әйелге көмектесу үшін шыққан.
Бұған қоса, соттың алғашқы отырысында адвокаттар процесті қазақ тілінде жүргізу туралы өтініш айтты.
– Процеске қатысушылардың бәрі – қазақ: айыпталушылар да, судья да, прокурорлар да. Жәбірленушілердің арасында "Қазаэронавигацияның" өкілі ғана – өзге ұлт өкілі. Меніңше, ол компаниядан қазақ тілін білетін өкіл табуға болар немесе аудармашының көмегіне жүгіне алады. Бастысы – айыпталушылар қазақ тілінде сөйлейді, сот олардың қорғануына, ойын дұрыс жеткізуге деген құқығына басымдық бергені жөн деп білемін, – деді адвокат Шынқуат Байжанов. Оның сөзін басқа адвокаттар қостады.
Прокурор процеске орысшадан қазақшаға аударатын тәржімашы қатысатынын алға тартып, судьядан қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырмауды сұрады.
Шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткен судья Маратбек Кәкімжанов бірнеше сағаттан кейін оралып, айыпталушылардың қорғаушылары берген өтінішті орындамайтынын хабарлады. Адвокаттар судьяға сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді.
Ашық өтеді деп жарияланған соттың алғашқы отырысына сотталушылардың туыстары мен жақтастары – 30 шақты адам қатысты. Олар істі алқабилер қарауына беруді, процесті қазақ тілінде жүргізуді талап етіп, "Қазақша!", "Бостандық!" деп барлығы қосыла айғайлады. Жақтастары айыпталушыларды үйқамаққа босатуды, істі алқабилер қарауына беруді және процесті қазақ тілінде өткізуді талап еткен хат жазды. 80 адам қол қойған хатты сот кеңсесіне өткізді.
"САЯСИ АСТАРЫ БАР ІС"
"Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша айып тағылған бес адамның екеуі – Тілеужан мен Нұрпейісов қазіргі билікті сынайтын көзқарастағы азаматтық белсенділер ретінде танылған. Қалған үш адам бұрын-соңды белсенділігімен көзге түспеген.
38 жастағы кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан үкіметке қарсы наразылық митингілеріне шығып, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ой-пікірін айтып, саяси реформалар жүргізуді талап еткен. Былтырғы қараша айынан бері үйқамақта отыр. Әуелде Тілеужан іс бойынша куәгер болды, бірақ 2022 жылғы қазанда тергеушілер оны күдікті деп таныды.
44 жастағы Қалас Нұрпейісов бұрын мектепте мұғалім болып істеген. Бес баласы бар, кенжесі әкесі тергеу абақтысында отырғанда дүниеге келді. Нұрпейісов 2019 жылы наразылық акцияларына шығып, саяси талаптар айтып, азаматтық көзқарасын білдіргеннен кейін мектептегі жұмысынан айырылған. Жалғыз мүлкі – үйін тергеу соты санкцияға алған.
Қаңтар оқиғасынан соң тергеу орындары Нұрпейісовке "тонау", "көлік құралын айдап кету" деген баптарға қоса, "жаппай тәртіпсіздік" және "ғимаратқа, құрылыс нысанына, байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе басып алу" баптары бойынша айып таққан. Нұрпейісов өзіне негізсіз айып тағылып, қысым жасалып жатқанына наразылық ретінде былтыр 24 қарашада тергеу изоляторында сол қолының тамырын кескен. Ол ауруханаға жеткізіліп, көмек берілген.
Тілеужан мен Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайына барғанын растайды, бірақ "жұртты тәртіпсіздікке шақырды, өздері де қатысып, ұйымдастырды" деген айыпты мойындамайды.
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл 5 қаңтарда парламентте сөйлеген бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып алған" деп мәлімдеді. Екеуінің адвокаттары бас прокурор осы сөзімен соты болмай, үкім шықпай тұрып, Нұрпейісов пен Тілеужанның конституциялық құқығы – кінәсіздік презумпциясын бұзды деп есептейді.
Әйгерім Тілеужан жақында өткен мәжіліс сайлауына Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округінен үміткер ретінде тіркеліп, кандидаттығынан екі мәрте айырылған. Бастапқыда сайлау комиссиясы оның сайлау жарнасын төлегеніне күмән келтіріп, тіркемей қойды. Жоғарғы сот Тілеужанның шағымын қанағаттандырғаннан кейін ол кандидат болып тіркелген. Алайда екінші жолы сайлау комиссиясы белсендіні "табыс декларациясындағы мәліметтер дұрыс емес" деген желеумен сайлаудан қайта шеттетті.
Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовтің үстінен қозғалған істің саяси астары барын айтқан жақтастары билік оларды азаматтық ұстанымы үшін қудалап отыр деп біледі.
ЕЛЕСКЕ АЙНАЛҒАН "ТЕРРОРИСТЕР"
Былтыр қаңтардың басында сұйылтылған газ бағасының өсуінен басталған Маңғыстау облысындағы наразылық кейін Қазақстанның басқа өңірлеріне тез жайылып, халық жаппай шеруге шыққан.
Бейбіт басталған шеру дүрбелеңге ұласқан шақта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "террористер бандасы ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" мәлімдеген еді. Ол "терроризм қаупінің алдын алу үшін" ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін хабарлаған.
Кейін мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында Тоқаев "бүлікшілер Алматы әуежайын басып алған соң, Орталық Азияның бір қаласынан гастарбайтер кейпінде ұшып келген басшыларын қарсы алып, шекаралық бақылау бекетінен ішке өткізіп алған" деп мәлімдеді. "Кейін әлгі келген адамдар ұшақпен ұшып кетті" деді Тоқаев. Бірақ билік әлі күнге дейін бұл сөзіне бірде-бір дәлел-айғақ келтірген жоқ.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Оқиға кезінде күш құрылымдары жазықсыз адамдарды жөн-жосықсыз ұстап, қамауда азаптап-қинағаны туралы арыз-шағым көп түскен, бірақ олардың көбі қаралмай, кінәлілер жазасыз қалды дейді құқық қорғаушылар. Олар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуге үндеген, бірақ Ақорда ол ұсыныстан бас тартты.
Your browser doesn’t support HTML5