"АЙТЫЛҒАН СОМАДАН БІРНЕШЕ ЕСЕ АЗ ТӨЛЕДІ"
2020 жылы наурызда Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы шараларға қатысқан медицина қызметкерлерінің жалақысына қосылатын үстемақы көлемі бекітілген. Жұмыс барысында кездесетін қатерге қарай дәрігерлерге 212, 425 және 850 мың теңгеден ақша төленетін болған. Семейдегі жедел жәрдем станциясы қызметкерлері ай сайын төленуі тиіс үстемақыны осы уақытқа дейін бір рет қана алғанын айтады.
– Бұл бұйрық үш айға шықты. Бірақ біздің басшылық бірінші реттің өзінде төлегісі келмеді. Үстемақының жартысын ғана берді. Біз шу шығара бастаған соң қалған ақшамызды төледі, – дейді фельдшер Сәуле Төлеутайқызы. Өз есебі бойынша, Сәуле айына 425 мың теңге үстемақы алуы керек.
Фельдшердің сөзін жедел жәрдем көлігін жүргізетін Серік Жұмағалиев та растайды. Ол өзі мен әріптестеріне президенттің жарлығына сай төленуі тиіс 212 мың теңге бір-ақ рет берілгенін айтады. Жүргізушінің сөзінше, коронавирус белгілері бар немесе сондай диагноз қойылған науқастармен байланыста болған жедел жәрдем қызметкерлеріне үстемақы төленеді, бірақ айтылған сомадан бірнеше есе аз.
– Қалған айларға 10, 15 немесе 30 мың теңгеден үстемақы беріп келді, – дейді Жұмағалиев.
Жедел жәрдем қызметкерлері қазір үстемақы медицина қызметкерінің коронавирус жұққан адаммен өткізген сағатына байланысты әрқилы төленетінін айтады.
– Бас дәрігердің орынбасары бәріне бірдей үстемақы берілмейтінін, "жедел жәрдем қызметінде" сағатына байланысты төлем жасалатынын айтып түсіндірді. Бірақ біз заңгерлермен кеңестік. Олар "Бәрі анық жазылған, тәулігіне бір науқасты ауруханаға жеткізген адам да үстемақы алуы керек" дейді. Бізде айына жеті-сегіз тәулік шығады. Әр тәулікке бір науқастан санағанның өзінде 425 мың теңге алуымыз керек. Заңгер солай түсіндірді. Ал біздің басшылық "Олай болмайды, әр адамды санасақ, миллиондаған ақша шығады, мемлекет тақырға отырады" дейді. Өскемендегі міндетті медициналық сақтандыру қорының басшылығы "Әр адамға ай сайын 425 мың теңгеден төлеуге миллиондаған, бүкіл Қазақстан сұраса, миллиардтаған ақша кетеді. Мемлекетке жаның ашымай ма?" деді. Мен "Бұйрық шықса, орындалуы керек" деп жауап бердім. Астана, Павлодар мен Алматыдағы қызметкерлер өздеріне бұйрық бойынша төленуі тиіс ақшаға қол жеткізді. Бәріне төленуі керек. Өскеменде берілетін үстемақы Семейде неге төленбейді? – дейді Сәуле Төлеутайқызы.
"МЕМЛЕКЕТКЕ АЛҒЫС АЙТУЛАРЫҢ КЕРЕК"
Серік Жұмағалиевтың сөзінше, 2020 жылы жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің бір сағат жұмыс істегеніне төленетін ақша көлемі де азайған. Енді олар сағатына бұрынғыдай 75 теңге емес, 52 теңге алады. Жүргізуші "басшылық қызметкерлердің шағымы мен талабына құлақ аспай отыр" деп есептейді.
– Бізге неге солай қарайтынын білмеймін. "Мемлекетке жұмыс бергені үшін алғыс айтуларың керек" дейді.
8 желтоқсанда арасында дәрігерлер, фельдшерлер мен жүргізушілер бар 30 шақты қызметкер өздерін толғандырған мәселеге байланысты жауап алу үшін жедел жәрдем станциясының алдына жиналған. Олар медициналық жарна жоғын, зейнетақы жарнасы мерзімінен кеш аударылатынын айтқан. Басшылық өкілдері қалыптасқан жағдайдың себебін "коронавирусқа байланысты туған күтпеген жағдай" деп түсіндіріп, қызметкерлер талап еткен төлемдерді желтоқсан айында аударуға уәде берген.
Серік Жұмағалиев пен Сәуле Төлеутайқызының айтуынша, осыдан кейін наразылық білдірген медициналық қызметкерлерге қысым көрсетіле бастаған.
– Маған бас фельдшер "Сізді есте сақтап алдым, қара тізімге кірдіңіз" деді, – дейді Сәуле.
Ал Серік басшылықтан "келер жылы еңбек шартың ұзартылмауы мүмкін" деген ескерту алғанын айтады.
– Бәрі шағынып жүр, бірақ шағымын темекі шегетін орында, асханада айтады. Ал басшылыққа айтуға қорқады. Олар "дұрыс ақпарат бермегенің үшін сотқа береміз" деп, прокуратурамен қорқытады, – дейді жүргізуші.
"КІМ АЙТТЫ? ЖҰМАҒАЛИЕВ ПЕ? МЕН ОНЫ…"
Семей қалалық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Гаухар Мансұрова қызметкерлердің мәселесі "шешіліп қойған" деп мәлімдеді.
– Бәрі 7 желтоқсанда шешіліп қойған. Жалақыны да, зейнетақы жарнасын да, сақтандыру төлемдерін де – бәрін аудардық. Ақшаны қайта есептеп, міндетті медициналық сақтандыру қорына құжаттар өткіздік. Төлемдерді күн бойынша есептейміз, – деді ол.
Гаухар Мансұрова ақпарат құралдарына "үстемақы төленген жоқ" деген ақпаратты кім беріп жүргенін сұрады.
– Кім айтты? Жұмағалиев па? Мен оны… – деген жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары 212-850 мың аралығындағы үстемақы әлдеқашан төленгенін, қазір тек ақша қайта есептеліп, қалып кеткен төлемдер ғана аударылып жатқанын айтты.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой былтыр қарашаның соңында мемлекет Covid-19 вирусына қарсы күреске қатысып жүрген медицина қызметкерлеріне бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын ұсынып отырғанын айтқан.
– Қазір негізгі жалақыдан бөлек, 200 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемақы төленеді. Мысалы, инфекциялық ауруханада 250 мың теңгеге жұмыс істейтін дәрігер наурыздан қыркүйекке дейін 1,7 миллион теңге және оған қосымша айына 850 мың теңге үстемақы алып келген. Сонда осы уақыт ішінде дәрігер 7,7 миллион теңге табыс тапқан. Дәл сол инфекциялық стационарда істейтін, 153 мың теңге жалақы алатын медбике де қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін айына 850 мың теңгеден үстемақы алып, осы уақыт ішінде жеті миллионға жуық ақша тапқан, – деген министр.
Дәрігерлер, фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері де жоғарыда аталған санаттарға кіреді.
"АДАМДАР КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ҮСТЕМАҚЫСЫН АЛУЫ КЕРЕК"
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз хатшысы Әсия Аймағамбетова "Төлемдер коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел іс-қимыл штабы жанынан құрылған өңірлік комиссия берген тізім бойынша аударылады" деп түсіндірді. Комиссия бұл тізімді медицина ұйымдарынан алады.
– Бұл тізім медициналық сақтандыру қорына түседі. Қор төлемдерді аударып жатыр. Бірақ ақша әр дәрігерге емес, медицина ұйымына түседі. Тізім ай сайын бекітіледі. Семейде мәселе болған, біз араласқанбыз. Адамдар басын қатерге тігіп, жұмыс істеп жүр, сондықтан олар кепіл берілген үстемақысын алуы керек, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз хатшысы.
Әсия Аймағамбетова атап өткен "мәселе" де үстемақыға байланысты. Тамызда жедел медициналық көмек ауруханасының қызметкерлері заңды төлемге қол жеткізе алмай отырғанын айтып шағынған. Осыдан кейін мәселе шешілген.
"БІР РЕТТІК ЖЕКЕ ҚОРҒАНЫШ ҚҰРАЛДАРЫН ЖУЫП, ҚАЙТА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРДІ"
Фельдшер Сәуле Төлеутайқызы мен жүргізуші Серік Жұмағалиев жұмыстағы басқа мәселелерге де назар аударды. Бұл салада бірнеше жылдан бері істеп келе жатқан қызметкерлер көп нәрсеге куә болған.
Серік жедел жәрдем станциясында бригадалар саны қысқарып, қызметкерлер сыйақысыз қалғанын айтады.
– Денсаулық сақтау министрі "көлік жетпесе, үлгермесеңдер, бригадалардың санын көбейтіңдер" деді. Бізде керісінше, қысқартып жатыр. Берілген жаңа көліктер бір ай бойы орталық станцияда тұрды: біресе құжаты жоқ, біресе "нөмердің ақшасын төлей алмадық" дейді. Енді қайтадан бригада саны қысқарып, жаңа көліктерді өңірлерге беріп жатыр. Ал станция аумағында тұрған тіркелмеген көліктерді кейін біздің жедел жәрдем қызметкерлеріне береді, – дейді Жұмағалиев.
Оның айтуынша, 2020 жылғы мамыр айындағы мерекеге орай берілуі тиіс сыйақы қызметкерлердің қолына сол күйі тимеген.
– Ақша келді, бұл туралы басшының өзі айтты. Кейін "Бұл ақшаны ауылдар мен аудандардағы жүргізушілерге береміз, оларға жалақы төленбепті" деді. Оларға жалақы берілсе, біздің сыйақымызды соның есебінен төлеуге уәде берді. Сөйтті де бұл туралы мүлде ұмытып кетті, бірақ бұл аз ақша емес еді, – дейді ол.
Сәуле Төлеутайқызы да "сыйақы дегеннің не екенін ұмытқанын", тіпті кәсіби мереке қарсаңында да қосымша ақша алмағанын айтады.
Ол медицина қызметкерлеріне берілетін қорғаныш құралдары тапшы екенін де айтып берді.
– Жазда бізге пайдаланылған комбинезондар мен халаттар таратты. Бір рет қана пайдаланатын заттарды жуып, қайта пайдалануға берді. Басында бұл заттарды тым болмаса үтіктеп беретін, кейін дымқыл күйінде тарататын болды. Олар клеенкадан жасалған, қайтадан пайдалануға келмейді, – дейді фельдшер Сәуле Төлеутайқызы.
Серік Жұмағалиев жүргізушілердің де жағдайы мәз емес екенін айтады.
– Маска берілмейтін болды. Бұрын бір ауысымға бір маскадан болсын беретін. Қазір мүлде бермейді. Қолғап та жоқ. Бір реттік масканы жуып берген кездері болды. Жаңа көліктерге қосымша құятын май жоқ, "қажет болса өздерің сатып алыңдар" дейді. Май келгенге дейін жаңа көліктерге ескі май жарамайды, – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі.
Серік Жұмағалиев айтқан көліктердің 50 данасын станция 1,1 миллиард теңгеге сатып алған. Әр көлік 21,9 миллион теңгеге түскен.
2020 жылы жедел жәрдем станциясы кейінгі бес жылда ең көп қаржы жұмсаған: 2019 жылы мекеменің мемлекеттік келісімшарттарының құны 450 миллион теңге болса, 2020 жылы бұл қаржы 3,2 миллиард теңгеге жеткен.
Жыл соңына қарай жедел медициналық көмек ауруханалары ерекше көзге түсті: Алматыда осындай медицина мекемесінің бұрынғы директоры 2,7 миллион теңге жымқырғаны үшін алты жылға түрмеге жабылды; Алматы облысындағы станция директоры 2,5 миллион теңге жымқырғаны үшін бостандығын шектеу жазасын алды.
Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда 12 983 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Олардың 182-сі қайтыс болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұрынғыдай жұмыс істеуі екіталай". Індеттің 2-толқыны алдында билік дәрігерлерді қалай ренжітті?