Сәуірдің 16-сы күні Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф пен Сирия басшысы Башар Асад “Астана келіссөзінің алдағы отырысы мен Дамаск пен Тегеран арасындағы ұзақ әріптестіктің маңызын талқылады” делінген Сирия президенті әкімшілігі таратқан мәлімдемеде.
Асадтың негізгі одақтастары Иран және Ресей ереуілшілерді қолдайтын Түркиямен бірігіп, Сириядағы сегіз жылға созылған азаматтық соғысты тоқтатуды көздейтін Астана келіссөзін өткізіп келеді. 25-26 сәуір күндері Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда келіссөздің кезекті раунды өтеді.
Сирияда 2011 жылы наурызда үкіметке қарсы наразылықтың соңы биліктің басып-жаншуына ұласқан. Содан бергі наразылар мен билік әскері арасындағы қақтығыстан 400 мыңға жуық адам қаза тапқан. Қарулы жанжал кезінде Мәскеу мен Тегеран Асад режиміне қолдау танытып келеді. Жанжал кесірінен миллиондаған сириялық азамат үй-жайын тастап босып кетті. Соғыс кезінде көптеген тарихи ескерткіштер қирады. Түркия мен АҚШ Сириядағы әртүрлі көтерілісшілерді қолдайды.
Ресей қақтығыста Асад әскерінің басымдыққа ие болып, әскери әуе шабуылдарын ұйымдастыруға көмектесті. Бірақ сириялық ереуілшілер және әскери топтар қазір Сирияның солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөлігін әлі бақылауында ұстап отыр. Ал АҚШ қолдайтын күрдтер жасағы елдің солтүстік-шығыс бөлігіне шоғырланған. Вашингтон және оның одақтастары мыңдаған адам өліп, миллиондаған адамның басқа жаққа кетуіне себеп болған қақтығыста Асад әскерін қолдағаны үшін Ресейді кінәлайды.
Ал Сирия президенті әкімшілігінің таратқан хабарламасына сәйкес, 16 сәуір күні Дамаскідегі кездесуде Зариф және Асад батыс елдерін аймақта “өздерімен келіспеген тарапқа қарсы соғыс бастап, экономикалық терроризм жасады” деп кінәлаған.
Иран да, Сирия да қазіргі кезде батыс санкциясына ұшырап отыр. Бұған дейін АҚШ Иранның ислам революциясы сақшылар корпусын террорлық ұйым деп атаған.
Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф сириялық әріптесі Валид Муаллеммен де кездескен. Сирияның мемлекеттік Al-Watan басылымының жазуынша, кездесуден кейін Зариф Қазақстанда [өтетін келіссөздің келесі кезеңінде] Иран, Ресей және Түркия Сирияның Идлиб провинциясының солтүстік батыс бөлігіндегі ахуалды талқылайды деп айтқан. Түркиямен шектесетін бұл аймақ бұрынғы "әл-Қаида" ұйымы жақтастарының қолында. Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Зарифтің Сириядан кейін Түркияға сапары жоспарланған.
Сирия бейбіт келіссөзінің Астана процесі 2017 жылы қаңтарда Ресейдің ұсынысымен басталған. Ресми түрде келіссөздің мақсаты Сириядағы азаматтық соғысты тоқтату деп айтылған. Бұған дейін АҚШ Мәскеу мен Дамаскіні Астанадағы келіссөзден нәтиже шығара алмай отыр деп сынаған. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт келіссөзді "фарс" деп атаған.
Ал ресми Нұр-Сұлтан АҚШ сынымен келіспейді. Өткен жылы қараша айында өткен келіссөздің 11-кезеңінен кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Сириядағы бейбіт келіссөздің Астана процесі "өз мандатын толық атқарып жатыр" деп мәлімдеген еді.
Аталған келіссөз бойынша соңғы отырыс 2018 жылы қараша айының соңында Нұр-Сұлтан (Астана) қаласында өткен. Келіссөз соңында тараптар ортақ мәлімдеме жасады. Онда үш елдің қақтығысты тоқтату режимін сақтау үшін іс-қимылын үйлестіріп отыратыны, Сирияда химиялық қару қолданудың кез-келген әрекетін айыптап, мұндай қару қолданылғаны туралы ақпаратты дереу Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйыммен бірге тексеру қажеттілігі және өзге мәселелер айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сириядан АҚШ әскерін әкету туралы құжатқа қол қойылды