Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамның ісін сот қарап жатыр. Оның бесеуі – қаңтарда қаладағы алаңда мерт болғандар. Солардың бірі – 19 жастағы студент Райс Рысбеков басынан оқ тиіп қаза тапқан. Анасы ұлына билік нақақ айып тағып отыр деп есептейді.
Тараздың солтүстік-батыс бөлігіндегі 15-ықшамауданның үйлері мемлекеттік бағдарламамен салынған. Қабырғаcы жұп-жұқа бұл үйлердегі пәтерде көршіңнің жүріп-тұрғаны, сөйлеп-күлгені – бәрі анық естіледі.
Биыл 7 қаңтарда түс ауа осы ықшамаудан тұрғыны, алты баланың анасы Индира Бекежанованың шырқыраған дауысын естіп, көршілері әп сәтте жиналып қалған.
Бірер минут бұрын ғана телефонның арғы жағындағы бейтаныс адам 39 жастағы Индираға үлкен ұлы 19 жастағы Райс Рысбековтің оққа ұшқанын естірткен.
– Қаңтар оқиғасы кезінде байланыс та, интернет те өшіп қалды емес пе? Жетісіне қараған түні құлағыма Райсымның "мамалаған" дауысы келіп, үйде байыз тауып отыра алмадым. Баламның бір хабарын біле алмай, таң атқанша 15-ықшамауданды кезіп жүрдім де қойдым. Телефонына жүз мәрте қоңырау шалған шығармын. Жауап болмады. Қаңтардың жетісі түс ауа, сағат үштің шамасында байланыс қалпына келе бастады. Жанұшыра тағы қоңырау шалғанымда баламның телефонын көтерген бөтен адам: "Ұлыңыз өткен түні оқ тиіп қайтыс болды. Киров көшесіндегі мәйітханадан алып кетіңіз" деді де тұтқаны тастай салды. Достарының қалжыңы болар деп қайта хабарластым. Менің сорыма қалжың сөз емес екен... Міне, содан бері он ай өтті. Көз жасым бір тыйылған емес, – дейді Индира Бекежанова.
"ОҚ ҚҰЛАҚ ТҰСЫНАН ТЕСІП ШЫҚҚАН"
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 2-курс студенті Райс Рысбековты үйелмелі-сүйелмелі бес бауыры мен шешесі ең соңғы рет 6 қаңтар кешкі алтының шамасында көрген. Жаңа жыл мейрамынан кейін жұрттың қапшықтап ұн мен қант сатып алып жатқанын әлеуметтік желіде тарап жатқан хабарлардан естіген Райс "Мама, халық дүкендегі азық-түлікті талап жатыр. Біз де қор жасап алайық та, мына бесеуі аш қалар" деп үйінен шығып кетеді.
Индира баласының Тараздың орталығындағы алаңға қашан, қалай, неге барғанынан бейхабар. Ұлының қаңтардың алтысы түнде Тараздағы Төле би көшесінен қалалық ауруханаға, одан мәйітханаға жеткізілгенін кейін білген. Келесі күні кешке туыстары мен көршілері Райстың сүйегін үйіне әкелген. Түн ортасында анасы марқұмның денесін қарап шыққан.
– Райстың оң балтырында қалы бар болатын. Соны көзіммен көргенше ұлым өлді дегенге сене алмадым. Аяғын ашып көрген соң ғана үмітім үзілді. Бір құлағының сыртынан кірген оқ екінші құлағының түбінен тесіп шығыпты. Екі көзі көгеріп кеткен. Бұл жауыздар жап-жас баланы атып өлтіргенімен қоймай, сабаған да болар деген күдігім бар, – дейді басынан кешкенін баяндап отырып, арасында солқылдап жылап алатын әйел.
Көп балалы Рысбековтер отбасы он жылдай баспана кезегінде тұрып, Тараздың 15-ықшамауданындағы үш бөлмелі пәтерге зорға қол жеткізген. Оған дейін облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Жасөркен ауылында тұрған. Қаңтарда оққа ұшқан Райсты туыстары Жасөркендегі зиратқа жерледі.
"ЖИЫРМАҒА ТОЛАТЫН КҮНДІ АСЫҒА КҮТТІ"
Анасы Райсты жастайынан ат десе ішкен асын жерге қоятын еді деп еске алады. Жас жігіт "Әулиеата" командасы құрамында көкпарға қатысып, жүлде де алыпты. Ат әбзелдерін жасап, табыс та тапқан.
– Бауырлары тамақтанып алмайынша Райс дастарханға келмейтін. Алдымен осылар ішіп алсын, солар аш болмасын, кейін ішермін дейтін. Көшеден, емханадан мүгедек сәби көрсе, ет жүрегі езіліп кететін. "ДЦП-мен ауыратын балаларды жылқымен емдейтін орталық ашсам" деп армандаушы еді. Студент достарын үйге жиі ертіп келетін. "Мама, ет асып қойыңызшы. Қуырдақ істеп бересіз бе? Достарымның қарны ашып жүр екен" деп оларға жанашырлық танытатын. Ондайда "Балам-ау, жалғыз жалақыма қарап, өзіміз зорға отырмыз" деп сөйлей бастасам, "Мама, ренжімеңізші, кейін бізге сауабы тиеді ғой" деп сабама түсіретін, – дейді Индира.
Райс 20-ға толар күнін асыға күтіпті. "Біздің үйге де көп адам жиылып, той болсыншы" деп жиі айтады екен. Шешесі Райстың жаназасына жүздеген адам жиналғаны, көпшілік ұлының жақсылығын айтқаны есіне түскенде егіліп жылайды. Райс оққа ұшарынан тура бір апта бұрын, қаңтардың біріне нағашыларын жинап, Индираның туған күнін жасап беріпті. Қонақтардың алдында сөйлеген кезде "Мамамды ұмытпаңыздар, тастамаңыздар, араласып тұрыңыздар" деп тілек айтыпты.
Бұрын Жасөркен мектебі жанындағы шағын орталықта тәрбиеші болған Индира ұлының қазасынан соң жалақысы жарытымсыз жарты ставкалық жұмысынан бас тартқанын айтады. Сот үкімі шыққанша жұмыссыз болғаным жөн деп ұйғарыпты.
"Ұлымды қайтсем деп ақтап алуым керек" деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әйел қазір бес перзентін көп балалы отбасына берілетін жәрдемақымен ғана асырап отыр. Балалардың әкесімен осыдан үш жыл бұрын дәм-тұзы жараспай, екеуі екі бөлек кеткен.
ҚАҢТАРДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР СОТЫ
23 қарашада Тараз қалалық 2-сотында судья Бағдат Төребекұлы Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған тоғыз адамның ісін қарай бастады.
Айыпталушылардың бесеуі – Райс Рысбеков, Тоқтар Ошақбай, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Исатай Донбаев қаңтарда Тараздағы алаңда мерт болған. Қылмыстық іс бойынша айып тағылған тағы төрт адамның үшеуі сотқа тергеу изоляторынан жеткізілді, біреуі ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен үйқамақта отыр.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, тергеу абақтысында отырған Б. есімді азаматқа "басқа адамды азғырып, қылмысқа айдап салушы" (Қылмыстық кодекстің 28-бабы), "терроризм актісіне" (255-бап) қатысы бар деген, ал қалған үшеуіне "жаппай тәртіпсіздікке қатысушы" (272-бап) ретінде айып тағылған.
19 жасында оққа ұшқан Райс Рысбековке қатысты тергеу органы қаңтарда "терроризм актісі" (255-бап), "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-баптың 2-бөлімі), "оқ-дәріні заңсыз иемденді, алып жүрді" (287-баптың 3-бөлімі) деген айып таққан. Кейін, шілде айында 255-бапты алып тастады дейді Индира Бекежанова. Оның айтуынша, бір топ ана Астанаға Бас прокуратураға барып, талабын жеткізіп келген соң алаңда өлген адамдарға тергеу органдары таққан "терроризм" айыбы алынып тасталған.
Қаңтар құрбандарының туыстары Тоқаевтың қабылдауына сұранды (11 сәуір 2022 ж.)
Your browser doesn’t support HTML5
Тергеу материалдарында Райстың қалтасынан екі оқ табылғаны айтылған. Марқұмның адвокаты Жанар Қисықова да, марқұмның анасы да тағылған айыппен келіспейді.
– Райс Рысбековке тағылған айыппен келіспейтінімді айтып, тергеу кезінде бірнеше өтініш жаздым. Сот басталған бойда бірнеше өтініш тапсырдым. Бұл істің ақ-қарасын сот айтуы тиіс, – деді Азаттыққа адвокат Жанар Қисықова.
Райстың шешесі баласының қалтасынан оқ табылған дегенге күмән келтіреді.
– Екі оқ туралы ақпанның аяғында ғана айтыла бастады. Әу баста ұлыма "терроризм" айыбы тағылған кезде де оқ туралы әңгіме болмаған еді. Ол оқты балам не істейді? О дүниеге апарып, біреуді атады ма? Қолында рогаткасы да жоқ балаға осылай жала жабуға бола ма? Айуандар баламды өлтіріп тастап.., – Индира сөзін аяқтай алмай қыстыға жылады.
Ол ұлының ажалына, ресми дерек бойынша кемінде 238 адамның өмірін қиған қаңтардағы дүрбелең кезінде ескертусіз оқ атуды бұйырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты деп санайды.
– Осының бәріне оқ атуға бұйрық берген Тоқаев кінәлі! Неге "атыңдар" деді? Неге Ресейден әскер алдыртты? Тыныш қана жүрген бала еді ғой... Биліктен баламды ақтауды талап етемін! Ақтап қана қоймай, "Қаңтар құрбаны" деген статус берсін! – дейді Индира Бекежанова.
Жыл басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауы елдің өзге де аймақтарына тез тараған жаппай наразылыққа түрткі болды. Демонстранттар халықтың қымбатшылық пен жұмыссыздықтан қиналғанын айтып, үкіметтен елдің тұрмысын жақсартуды, тамырын терең жайған жемқорлық пен непотизмді құртуды, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегілерді биліктен біржолата аластауды, әділ сайлау өткізіп, жоғары билікті қайта сайлауды талап етті. Бейбіт түрде басталған наразылық бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты: әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп, бүлінді, тонауға түсті. Сол шақта Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұраған президент Тоқаев Қазақстанға мыңдаған "террорист" шабуылдағанын айтып, күш құрылымдарына ескертпестен оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Кейінгі он айда қақпаған есігі қалмаған Индира Бекежанова "Өлген адамды соттауға бола ма?" деген сауалмен имамдарға да барғанын айтады. Имам қайғыдан қан жұтқан әйелге "тірілер өлілерді соттай алмайды. Күнәсі барлар түбінде Алланың сотынан құтыла алмас" деп жауап беріпті. Индира Раисым ақталса, жаны жай табар еді деп санайды.
– Жұмаға қараған таңда Райс түсіме кірді. Мама, жаурап жүрмін. Киімдерім қайда деп сұрайды. Сендерге хабарласайын десем, телефонымды таппай қалдым деп күрсінеді. Тергеушілер қырық сылтау айтып, қайтыс болған кездегі киімі мен смартфонын әлі күнге қайтармай жүр. Түсіме сол себепті кірді ме, білмеймін. – дейді Индира. – Жарығымның жаны жай таппай жүр-ау деп жорыдым. Кеудемде шыбын жаным болса, балам ақталғанша бұл күресті тоқтатпаймын. Соңғы демім қалғанша аянбаймын.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Солардың бірі – 17 жастағы тараздық Андрей Опушиевтің ісі бойынша сот жарыссөзі 30 қарашаға жоспарланған. Ол процесс Тараздағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатыр.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған алты адамның ісі сотқа түскен. Ал тағы тоғыз тараздықтың үстінен іс қозғалған я қозғалмағаны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Сенің балаң – 200 пайыз террорист". Қаңтарда үш оқ тиіп өлген Тоқтар"Арқадан тиген оқ кеудесінен шыққан". Қаңтарда қаза тапқан жасөспірімді сотқа тарттыНұр-Сұлтанда Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын полиция ұстап әкеттіЕҚЫҰ жиынында белсенділер Қаңтар қырғынын зерттеуге үндесе, шенеунік биліктің "реформасын" мақтады"Баламның сүйегін бір жарым айдан соң таптым". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 17 жастағы бозбала