Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын полиция ұстап әкетті


Нұр-Сұлтанда полиция Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Нұр-Сұлтанда полиция Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын ұстады

6 қыркүйек күні таңертең Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігіне арызын өткізуге келген 20 шақты адамды полиция ұстап әкетті. Тараз, Қызылорда, Алматы және Талдықорған қалаларынан келген арызданушылар – Қаңтар оқиғасында қаза тапқан, зардап шеккен азаматтардың туыстары. Олар астанаға осыған дейін де келген. Бірақ ол кезде билік түрлі уәде беріп кері қайтарған. Бұл жолы шағым өткізуге келгенде бірден ұстаған, министрліктер үйі алдында жиналамыз деген топ толық бас қосып та үлгермеген.

Алматылық белсенді Сәния Тұңғатарованың айтуынша, жиналған жиырма шақты адамды полиция үшке бөліп әкеткен. Ұсталғандар арасында сәбилі ана да бар.

– Бізді Байқоңырға (Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық полиция бөліміне), қалғандарын Алматы мен Сарырақаға (астанадағы аудандар) апарды. Қазір жедел жәрдеммен кетіп бара жатырмыз, бір адамның қолы сынған, бірінің қолы шыққан, – деді ол Азаттыққа.

Жиынға келгендердің Азаттыққа жіберген видеоларына қарағанда, шағымданушылар Алматы, Қызылорда, Тараз және Талдықорған қалаларынан келген. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасының зардабын тартқан өскемендік ата-аналар Азаттыққа арызданушылар қатарына қосылатынын айтқан.

Тараздан келген Мұхтар Сыздықов Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 20 жастағы ұлы Тоқтар Ошақбайды ақтауды талап етіп келгенін айтады. Оның сөзінше, тергеушілер марқұмның үстінен алдымен терроризм бабымен (қылмыстық кодекстің 255-бабы) іс қозғаған. Кейін ол істі тоқтатқан. Қазір жаппай тәртіпсіздік бабымен (272-бап) іс жүріп жатыр дейді ол.

– Тараздан әділдік таба алмадық. Прокуратураға да, әкімшілікке де неше рет бардық. Балаларымызға жала жауып жатыр. Тараздан төрт адам болып келдік. Бәрінде 272-2 бабы бар, – дейді Сыздықов Азаттыққа. – Тараздан кеше келдік. Пойыздан түстік те, министрліктер үйіне бардық. Бәрімізді жазып алып, таңертең тоғызда қабылдайды деп жіберді. Тоғызда келіп енді жиналып жатқан кезде арнайы жасақ келіп, автобустарына күштеп салды да, Алматы полиция бөліміне әкелді.

"Баламды ақтасын!" Қаңтарда оққа ұшқандардың жақындары президент әкімшілігіне кіре алмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:28 0:00

Жамбыл облысы Талас ауданы прокурорының орынбасары 23 ақпанда шығарған қаулыда, Тоқтар Ошақбайдың "6 қаңтар күні 20:00 шамасында алкогольдік және есірткі құмарлық масаң күйде полиция бөлімінен ұрланған қарумен терроризм актісін жасау, қоғамдық тәртіпсіздік бұзу, халықты үрейлендіру, әкімшілік ғимараттарды өртеу, билікті басып алу мақсатында Тараз қаласында орталық алаңға келген" деп жазылған.

Сыздықовтың айтуынша, тергеушілер Тоқтар Ошақбайдың аталған қылмыстарды жасағанына дәлел ұсына алмаған. Әкесінің сөзінше, Ошақбай сол күндері ел жиналып жатқан соң, төрт болып қызықтап қарап тұрған, кейін атыс басталғанда төртеуі төрт жаққа қашып, Ошақбайға оқ тиген.

Алматы аудандық полиция бөліміне апарған соң, Сыздықовтан түсініктеме алып, босатқан.

– Бұлардың мақсаты бізді қамап қойып, уақытымызды өткізу, жібермеу. Біз заң бұзған жоқпыз. Балаларымызды қорғауға келгенбіз. Иттей қалып жатыр. Біз осы жерде боламыз, балаларымыздан өтірік баптарды алып тастамаса, соңына дейін боламыз. Қажет болса резиденцияның алдына барып қонып жатамын, – дейді ол.

ҰСТАУ КЕЗІНДЕ НАРАЗЫЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА КЕЛГЕН РЫСБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ ХАЛІ НАШАРЛАП, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРТЫЛДЫ

Таңертең министрліктің үйінің алдына Алматыдан қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы да келген. Полиция оны да ұстап әкетіп, кейін босатқан. Алматы аудандық полиция бөліміне апарғанда белсендінің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртқан.

– Мені зорлап тергеушіге апармақ болды. Бар болғаны кім екенімізді, не үшін келгенімізді анықтау керек дейді. Сол үшін сүйреу керек пе? Сол жерде де анықтауға болады ғой. Мені осы жерге әкелген соң жағдайым қатты қиындады. Мені күшпен кіргізбек болды. Әрине қарсыластым, мал емеспін қой оларға айдауға жүретін. Ал соның салдарынан менің қазір қан қысымым көтеріліп кетті. Одан кейін жүрегім қақты. Ал дәрігерлерді шақыр десем шақырмайды. Әрең шақырды. Ал бұл дегеніңіз – азаптау, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы Азаттыққа.

Рысбек Сәрсенбайұлы.
Рысбек Сәрсенбайұлы.

Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар оқиғасын тергеу жөнінде тәуелсіз комиссия құрып, зардап шеккендерге көмек көрсетумен айналысып жүргенін айтады.

– Қаңтардағы қанды қырғыннан зардап шеккен адамдары келген. Оның ішінде қайтыс болып кеткендердің туыстары да бар. Қайтыс болғандардың өзіне лаңкестер, бұзақылар деген айып тағып жатыр. Артындағы жақындары сол жаман аттан ақтау үшін келіп отыр. Сол мәселелер жергілікті жерде-ақ шешілуі керек. Сол жерде прокуратура бар, тергеу органдары бар, сот бар. Анық қанығына жетіп, ол адамдарды ақтаса, мұнда келмейді. Жазықсыз, кінәсіз адамдар сотталып, істі болып отыр. Бұл тергеу органдарының, прокуратураның асыра сілтеп отырғанын көрсетеді. Содан зардап шеккен адамдар арыз мұңын айтып келіп отыр. Мына жақта бас прокуратура бар, жоғарғы сот, ішкі істер министрлігі бар, не болмаса президент әкімшілігі бар. Соларға келіп жағдайымызды айтайық деген адамдар ғой. Ал олар кіре алмайды есікке. Күшке салады да басып алып кетеді. Сондықтан ол кісілер менен көмек сұрады, – дейді ол.

Осыдан кейін Сәрсенбайұлы тергеушілермен сөйлесемін деп ішке кіріп кетті.

Азаттық Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасына хабарласып көрді, жауап алу мүмкін болмады. Алматы аудандық полициясының өкілі ұсталғандар жөнінде тергеу жүріп жатқанын айтты, өзге білдіре алмайтынын жеткізді.

Деректі фильм. Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың, жарақат алғандардың және сол оқиғадан соң істі болғандардың туыстары Нұр-Сұлтанға осыған дейін бірнеше мәрте келген. Олар президент әкімшілігі қабылдау бөліміне келіп, арызын өткізіп, сол жерде бірнеше күн лауазымды тұлғалармен кездестіруді сұраған. Ол кезде полиция жасағы ұстап әкетіп, кейін түрлі амалмен өз елдімекендеріне қайтуға, мәселені шешіп беруге уәде еткен.

Биыл жыл басында Ақтауда газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық бүкіл елге жайылып, аяғы қантөгіске ұласты. Бірнеше қалада полиция көліктері өртеліп, мемлекеттік ғимараттар бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың террорист шабуылдады" деп күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" беріп, жүздеген адам қаза тапты, жарақат алды. Ресми органдар оқиға кезінде барлығы 238 адам мерт болды дейді. Оның алтауы полицияда азаптаудан қаза тапқан.

Азаттық осы оқиғадан қаза тапқандардың тізімін жүргізіп, марқұмдар зерттеу жүргізді. Билік қаза тапқандар арасында кездейсоқ оққа ұшқандар бар екенін мойындағанымен, марқұмдардың көбінің үстінен терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау, тонау, мүлік жою баптарымен іс қозғаған. Істі болған марқұмдардың туыстары негізсіз жала жауып отыр, тергеушілер дәлел келтірмей отыр дейді.

1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін істі болғандарға бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан. Бірақ бұл рақымшылықтың "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтынын" ескерткен.

Тоқаевтың рақымшылығына кімдер ілігеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG