АҚШ әуе күштері қаңтардың 3-і күні Бағдат әуежайында екі көлікті атқылаған. Оның бірінде генерал Касем Сулеймани отырған. Сулейманидің қаза тапқанын Вашингтон мен Тегеран да растады. The New York Times пен The Washington Post басылымдары шабуыл дрон арқылы жасалғанын хабарлады.
Сулейманидің қазасынан бұрын 29 желтоқсанда АҚШ әуе күштері Ирак пен Сирияда Иран қолдап отыр делінген қарулы топқа соққы берген. Оларды Вашингтон "Ирактағы АҚШ-тың әскери базасына шабуылдады" деп айыптаған. Америка сарбаздарының соққысынан соң 30 желтоқсан күні Ирактағы АҚШ елшілігіне Иран әскерилері бар топ басып кірмек болған.
Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи "Сулейманиді өлтірген қылмыскерлерден аяусыз кек алатынын" мәлімдеді. Елде үш күндік қаралы күн жарияланды.
Сулейманимен бірге "Хашд аш-Шааби" жасағы (Иран қолдайтын ұйым - ред.) жетекшілерінің бірі Әбу Махди әл-Мухандис те қаза тапқан. Оның өлгенін Иран ислам революциясы сақшыларының корпусы да растады.
Сулеймани қаза тапқан соң "әл-Құдыс" әскери бөлімі жетекшілігіне Исмаил Каани тағайындалды.
СУЛЕЙМАНИ ҚАЗАСЫ МЕН ӘУЕ ШАБУЫЛЫНА РЕАКЦИЯ
Иран президенті Хасан Роухани мемлекеттік арналар арқылы мәлімдеме жасап "Сулеймани қазасы АҚШ экспансиясына қарсы тұрып, ислам құндылықтарын қорғау үшін Иранды одан әрі батыл ете түседі. Иран мен аумақта еркіндікке ұмтылған өзге елдер сөзсіз кек алады" деді.
Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф Сулеймани қазасын "АҚШ тарапынан жасалған теракт" деп атады.
Қараша айында орнынан кететінін мәлімдеген, бірақ қазір қызметінде отырған Ирак премьер-министрі Әділ Абдул-Махди бұл оқиға "Ирак пен әлемді бүлдіретін үлкен соғысқа итермелеуі мүмкін" деп топшылады. Ол Ирак парламенті тез арада кезектен тыс сессия өткізіп, "елдің абыройы мен тәуелсіздігін қорғайтын шешім шығаруы тиіс" деген.
Ақ үй әскери операцияны конгреске алдын-ала ескертпей жасағанын айтты. Пентагон операцияны президент Дональд Трамп 2 қаңтар күні мақұлдағанын хабарлады және "соққы Иранның алдағы шабуыл жоспарына тұсау салу үшін жасалды" деді. Пентагон мәлімдемесінде Сулейманидің "Ирактағы АҚШ басқаратын коалицияның әскери базасына бірнеше айдан бері жасалған шабуылға жетекшілік еткені, осы аптада Бағдаттағы АҚШ елшілігіне басып кірмек болғандарды да қолдағаны" айтылады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Twitter-де "операция нәтижесін Ирак халқы қуана қабылдағанын" жазды. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Сулеймани өлімін "америкалықтардың қауіпсіздігіне зардабы тиетін арандату" деп бағалады. Трамптың алдағы сайлауда басты саяси қарсыласы делінген декмократ Джо Байден Сулейманиді америкалықтардың ешбірі аза тұтпайтынын айта келе "Трамп мұржаға динамит тастап жібергендей болды. Енді америкалық сарбаздар мен елшілік қызметкерлерін қалай қорғайтынын өзі түсіндіруі керек" деген.
Сирияда Иран қолдайтын Башар Асад үкіметінің сыртқы істер министрлігі АҚШ әрекетін "қорқақ" әрі "американың жауыз агрессиясы" деп атады.
Ресей СІМ генерал өлімі аумақтағы ахуалды одан әрі ушықтырады десе, Израил премьер-министрі Грекияға жоспарлаған сапарын шегерген және ресми тұлғалардың Сулеймани өліміне байланысты пікір білдіруіне тыйым салған. Қытай екі тарапты сабырға шақырған.
Сулеймани Иран қарулы күштерінің "әл-Құдыс" арнайы жасағын басқарған. Бұл бөлімді АҚШ шетелдің террорлық ұйымдары қатарына қосқан.
Соңғы айларда Иранды жақтайтын шиит күштері Ирактағы Балад, Айн әл-Ассад, Таджи қалалары мен Бағдат әуежайындағы базалардағы америкалық әскерилерге, сонымен бірге АҚШ елшілігіне шабуылдаған.
Желтоқсанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ирактағы әскери базаларға шабуылды ираншыл топтар жасады деп айыптаған.
Қазір Иракта АҚШ-тың шамамен бес мыңға жуық сарбазы бар.
(Азат Еуропа/Азаттық радиосы мақаласы ағылшыннан аударылып басылды).