Өзбекстанда дін тақырыбына жазатын блогерлер ұсталған

Ұсталған блогерлер

Өзбекстанның бас прокуратурасы әзірге тек екі блогерге қатысты түсініктеме берді. Блогерлердің туыстары жақындарының тағдырына алаңдайды.

Қыркүйектің 4-і күні Өзбекстанның бас прокуратурасы соңғы күндері халықаралық БАҚ-та қызу талқыланып жатқан "блоггерлердің қамалуына қатысты" түсініктеме берді. Тамыз айының соңында Ташкент, Әндіжан және Қоқан қалаларында діни тақырыпта жазатын кемінде бес блоггердің ұсталғаны хабарланған.

БАС ПРОКУРАТУРА ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Бас прокуратура дерегінше, ташкенттік блогерлер Атхам Олимов (қолданушылар арасында Мусанниф Адхам есімімен танымал) және Зиёдулла Кабировқа (қолданушылар арасында Зиёвуддин Рахим есімімен танымал) “милиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетті” деген айып тағылған.

Олимовтың үстінен қозғалған әкімшілік іс 29 тамызда қаралып, сот оны 15 күнге қамаған. Сот кезінде Олимов өзіне тағылған айыпты "жартылай мойындаған".

Ал 10 күнге қамалған Зиёдулла Кабировқа 185 сом (шамамен 23 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынған. Өзбекстанның бас прокуратурасы қалған "блогерлердің қамалуына" қатысты дерек бермей отыр.

"ЖАППАЙ ҰСТАУ"

Бұған дейін қанша блогердің ұсталғаны туралы әртүрлі дерек айтылып келді. Қазіргі кезде өзбекстандық бес блогердің ұсталғаны белгілі болды. Олар: Атхам Олимов, Зиёдулла Кабиров, әндіжандық Отабек Усманов және қоқандық Хуршидбек Мухаммадрозиков, Миразиз Ахмедов. Бірақ бұл азаматтардың нақты қай жердегі уақытша тергеу изоляторында отырғаны белгісіз. Полициядан жауап ала алмай отырған блогерлердің туыстары олардың жағдайына алаңдайды.

Атхам Олимовтың туыстарының айтуынша, оны 28 тамызда кешке жақын сегіз полиция блогердің үйіне келіп, алып кеткен. Содан бері көрмеген. Блогердің туыстары полицейлердің қамау жайлы ешкімге тіс жармау керектігін айтып, қысым көрсеткенін де айтқан.

Musannif Adham есімімен танымал блогер Атхам Олимовтың Facebook-та бес мыңнан артық жазылушысы бар

Ұсталған блогерлер интернетте дін тақырыбын қозғап, мемлекеттің діни саясатын жиі сынап келген.

Орталық Азия аймағы бойынша жаңалық тарататын интернет-ресурстардың хабарлауынша, мысалы Отабек Усманов балалардың мешітке баруына кедергі келтіргені үшін шенеуніктерді сынаған. Атхам Олимов елдегі дін саясатының бағыт-бағдарына қатысты интернетте теріс пікір білдірген.

Eurasianet.org сайтының хабарлауынша, ең соңғы ұсталған Миразиз Ахмедов интернетте "егер хиджаб таққан қызым мектепке кіргізілмесе, онда мектепке барғызбайтын едім" деп жазған. Кейінірек Facebook-та полицияға шақырылғанын жазған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, "блогерлерді ұстау науқаны" 25 тамызда - құқық қорғау органының өкілдерінің Ташкент облысында тұратын блоггер Шакир Шариповқа ескерту жасауынан басталған.

BBC-дің Өзбек қызметінің жазуынша, Шарипов "мектептерде хиджаб киюге тыйым салуға қатысты қарсылық акциясына шақырды" деп айыпталып, үстінен әкімшілік іс қозғалған. Оны "жаппай тәртіпсіздікке шақырды", "тұрақты тіркеусіз тұрды" деп айыптаған.

Кейбір сарапшылар Өзбекстанда ел билігіне Шавкат Мирзяев келгеннен кейін діни шектеулердің сәл азайғанын айтады. Бірақ өткен жылдың соңында Өзбекстанды аралаған БҰҰ-ның дін еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысы Ахмед Шахид "елде діни еркіндік жоқтың қасы" деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан арналарына Каримовтің атын атауға тыйым салды