"БАНКТЕР КАРТА АШПАЙ ОТЫР"
Алматы облысы Райымбек ауданы Ақбейіт ауылында тұратын Ерғанат Тараншиев 2006 жылы болған Шаңырақ оқиғасына байланысты қозғалған іс бойынша 15 жылға сотталып, 2018 жылы шартты жазамен мерзімінен бұрын босап шықты. Ал 2021 жылы 26 шілдеде жаза мерзімі толық аяқталған.
2006 жылы Шаңырақ оқиғасы кезінде полицей Әсет Бейсеновтің қазасына байланысты Тараншиев Арон Атабек (марқұм), Құрманғазы Өтегенов, Рүстем Тұяқовпен бірге сотталған еді. Оларға Қылмыстық кодекстің "Қызметін өтеп жүрген адамды өлтіру", "Жаппай тәртіпсіздік", "Адамды кепілге алу" баптарымен айып тағылған.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі "Адамды кепілге алу" бабы "экстремистік я террористік әрекет" саналады. Сондықтан төртеуі де "терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар тізіміне" енген. 2021 жылы қарашада қайтыс болған Атабек осы тізімде әлі тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Төреғожина: Атабек "Назарбаевтан ештеңе алмаймын" деп зейнетақыдан да бас тартқан едіТараншиев "қара тізімде" тұрғандықтан қазір банк және нотариус қызметін пайдалана алмайды, басқа адамға сенімхат беруге мүмкіндігі жоқ.
– Банктер карта ашпай отыр. Жан-жаққа арызданып жатырмыз, – дейді ол.
"Қазавтожол" мекемесінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген Ерғанат тапқан табысын да толық пайдалана алмай жүр.
– Түрмеден шыққан соң жұмысқа алмай, әкімдік арқылы жұмыссыздар тізіміне тіркеліп, ақыры "Қазавтожолға" күзетші болып кірдім. Алғаш жұмысқа кіргенімде жалақым 60 мың теңге еді. Бірақ қолыма ең төменгі жалақы – 42 жарым мың теңге беретін. Қалғаны "Қазпоштада" қалатын. Қазір жалақымыз 80 мың теңге болды. Бірақ қолыма ең төменгі жалақы деп 60 мың теңге ғана аламын. "Қазпоштадағы" қалған алашағым – шамамен 800 мың теңге. Тіпті демалысқа шыққан кезде де қолыма 42 500 теңге берді ғой, – дейді Ерғанат.
Тараншиев қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң талабы бойынша ең төменгі жалақы алады. Тараншиевке заң жағынан көмек көрсетіп жүрген құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың сөзінше, төменгі жалақыдан артылған ақша "Қазпоштада" сақталады, егер Тараншиев жұмыстан шығып қалса осы қаржыдан күнкөріске алады. Ал "экстремизм тізімінен" шақса, "Қазпоштада" сақталған ақшаны толық алуына болады.
Шаңырақ оқиғасы: қалай болды және немен бітті
2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар" деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.
Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбау" айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.
Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеді. 2014 жылдың сәуірінен бастап ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек ол жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, "түрме ішіндегі түрме" іспетті мекеме.
2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті.
"ТЕРРОРИЗМ МЕН ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАТЫСЫМ ЖОҚ"
Өмір сүруге, тіршілікке қажет құқықтарын пайдалана алмай шарасыз күйге түскен Ерғанат Тараншиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазған.
"Терроризм мен экстремизмге еш қатысым жоқ. Өзім күзетші болып жұмыс істеймін. Мені осы тізімге енгізіп қойғандықтан құқығым барлық жағынан шектеліп отыр. Маған бұл шектеулер туралы ешкім түсіндіріп айтпады. Сот отырысы, сот шешімі болған жоқ. Сізден сұрайтыным – осы тізімнен алып, құқығымды қалпына келтіріп беріңіз" деген ол Тоқаевқа жолдаған хатында.
Алайда ол хатқа президенттен ешқандай жауап болмаған. Ал қаржы мониторингі агенттігінің былтыр қыркүйекте Ерғанатқа жіберген жауабында "үкімде көрсетілген "Адамды кепілге алу" бабы террористік қылмыс болып есептеледі" деп жазған. Сондай-ақ агенттік Тараншиевтің жазасы 2021 жылы шілдеде аяқталса да, қылмыстық жазасының жойылғандығы туралы ақпаратты әлі алмағанын, қылмыстық жазасын өтегендердің тізімін Бас прокуратура дайындайтынын айтқан.
Ерғанат Тараншиев өзін "қара тізімнен" алып тастауды өтініп бас прокуратураға да арыз жазған. Бас прокуратурадан былтыр сәуірде келген жауапта "істің қаралып жатқаны" айтылған.
Ал ішкі істер министрлігінің Ерғанат Тараншиевтің анасы Рахила Иманқұловаға 2022 жылғы 22 қазанда жіберген жауабында баласын тізімнен алып тастау туралы өтінішін "Алматы қаласының полиция департаменті қарастырып жатқаны" жазылған. Бірақ қазан айынан бері Ерғанат та, анасы да ешқандай жауап алмаған.
Азаттық Тараншиевтің арызы бойынша жұмыс істеп жатқан тергеушіге хабарласты. Өзін Дәулет Әуезхан деп таныстырған тергеуші Тараншиев жазасын өтеген Алматы облысындағы Заречный түрмесінен Ерғанат туралы мінездеме ала алмай отырғанына екі ай болғанын айтады.
– Мен бүкіл сфералардан анықтама жинап жатырмын. Хат жіберіп қойдым, соларды аламын. Маған Заречный түрмесінен оған қатысты мінездеме керек. Ол қағазсыз маған ешкім бермейді. Ол бірден шешілетін нәрсе емес, жан-жақтан қағаз жинаймын. Ол кісіге көмектесіп, бәрін шешіп беремін деп уәде еттім. Бірақ бұл мәселе бір қағазбен шешілмейтін нәрсе, – дейді ол.
Ал құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова Ерғанат Тараншиевтің құқығы заңсыз шектеліп отырғанын айтады.
– Жаза мерзімін толық өтеген азаматтың аты-жөнін аталған тізімге енгізу заңсыз. Енгізген жағдайда да ол жазасын өтеп біткен соң автоматты түрде шығарып тастауы керек. Енді жазасын толық өтеп келсе де, Қазақстан азаматы ретінде толыққанды құқығын пайдалана алмай отыр. Ол ешқандай террорист те, экстремист те емес, – дейді заңгер.
Аспандиярова Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқовтың атынан қорғаушы ретінде жұмыс істегісі келетінін, бірақ олардың сенімхат беруге құқы жоқ болғандықтан, тек кеңес берумен ғана шектеліп отырғанын айтты.
"ТІЗІМНЕН ШЫҒУДАН БҰРЫН ЖАЗЫҚСЫЗ СОТТАЛҒАНЫМДЫ ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛЕДІ"
Ал Шаңырақ оқиғасына байланысты 14 жылға сотталып, 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан Рүстем Тұяқов қара тізімнен шығудан бұрын Шаңырақ ісі бойынша ақталу үшін күш салғысы келеді.
– Ол тізімде мен де бармын, бірақ тізімнен шығудан бұрын Шаңырақ оқиғасы бойынша жазықсыз сотталғанымды дәлелдегім келеді. Конституциялық сотқа арыз жазуды ойластырып жүрмін, – деді ол.
Шаңырақ ісі бойынша 16 жылға сотталған, 2022 жылы тамызда шартты жазамен босап шыққан Құрманғазы Өтегенов Азаттыққа "Тізімде бар екенімді білемін. Бірақ ешқайда ешқандай арыз жазған жоқпын, қазір есепшотым жабық тұр. Банктердің барлығы банк картасын ашпайды. Оған қоса, өзім тұрып жатқан Жаңатас қаласынан (Жамбыл облысы – ред.) ешқайда шыға алмаймын. Шартты жазам бойынша алты айға дейін бақылаудамын ғой, сондықтан алысқа бара алмаймын" деп жауап берді.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "Адамды кепілге алу" бабынан бөлек 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу"), 174-бабымен ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру") сотталғандар да банк, сақтандыру және нотариус қызметін пайдалана алмайды.
Оларды да автоматты түрде "терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалар тізіміне" енгізеді. Өзін осы тізімнен шығаруды талап етіп, діттегеніне жеткен адам аз. Қазақстанда әдетте 405-ші және 174-баптар билікке сын мен талап айтқан, бейбіт митингілерге шығатын белсенділерге қарсы қолданылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пост жазып, басы бәлеге қалды. Қазақстандағы "экстремизммен күрестің" ерекшелігі"Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар" тізімі Қаржы министрлігі қаржы бақылау жөніндегі комитетінің ресми интернет-ресурсына салынған. Қазір осы тізімде 1500-ден аса адамның аты-жөні бар. 2016 жылы бұл тізімде 500-ге жуық адам болған еді.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі тұтқындарды қоғамға бейімдеудің орнына түрмеден шыға сала қаржы құқығынан айыру сияқты қосымша жаза тағайындап, одан әрі қоғамнан алшақтатады деп сынап келеді.
Олар Астананы тізім жасау шартын қайта қарауға шақырғанымен, билік жағдайды өзгертетіндей іс-қимыл жасамады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Экстремист деген айдар тағып". Билік оппозиция белсенділерін қоғамнан жасырын шешімге сүйеніп соттайдыБиліктің "ұртоқпағына" айналған 405-бап «Шаңырақ ісі». Шартты жазамен ерте босауға қатысты қорқыныш пен үмітЕрғанат Тараншиев: «Халық жыламаса болды» Сотталған белсенділер «терроризмді қолдаушылар» тізімінде жүр