Қайрат Досмағамбетов 19 рет операция жасатты

Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп, мүгедекке айналған Қайрат Досмағамбетов пен анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Маңғыстау облысы, 12 қаңтар 2016 жыл.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында жамбасына тиген оқтан мүгедекке айналған Қайрат Досмағамбетов Мәскеуде жасалған операциядан соң үйіне оралды. 31 жастағы азамат бұл ақырғы операция екенін айтады.

Қайрат Досмағамбетов - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының орталығында бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларды 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні полиция қуып таратқанда оқ тиіп, мүгедек болған адамның бірі.

«ЕНДІГІ АРМАНЫМ - ОТБАСЫМДЫ ЖАҢАӨЗЕНГЕ ӘКЕЛУ»

Төрт жыл ішінде жамбасына 19 рет ауыр операция жасатқан жігіт қаңтардың 13-і күні Мәскеудегі дәрігерлерден оралды.

- Қатты қиналдым. Шаршадым. Дәрігерлер «көреміз, бірақ бұл - соңғысы» деп отыр. Әлі ауырады, жаныма батады, дегенмен осы соңғысы ғой деп қуанып отырмын, - дейді Азаттық тілшісіне көңіл-күйі көтеріңкі екенін айтқан Қайрат Досмағамбетов.

Төрт жылдан катетермен жүрген азамат оны соңғы операция кезінде ғана алғызып тастаған.

Қайрат Досмағамбетов 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзеннің орталық алаңында болған мұнайшылардың ереуіліне қатыспаған. Оған сол күні алаңдағы оқиғаны көруге бара жатқанда оқ тиген.

Қайрат төрт жылдан бері аурухана аралап, денсаулығымен әуре болып жүргенде оның зайыбы мен 10 жасар қызы Ақтауда пәтер жалдап, аяқ астынан екінші топ мүгедегі болған болған әкелерінің 23 мың теңге жәрдемақысына күн көріп отырған.

- Ендігі арманым - отбасымды Жаңаөзенге алып келіп, өз бетіммен бөлек тұрсам ба деймін. Үйдің кезегінде 800-адам болып тұрмын, - дейді Қайрат Досмағамбетов.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзенде жараланған Қайрат Досмағамбетов

«ТАРТҚАН АЗАБЫМ ОСЫМЕН БІТТІ МЕ»

Қайраттың анасы Оңайгүл Досмағамбетова да "аурухана шарлап, ауру баламның басын сүйеген қиындығым осымен аяқталды ма" деп қуанып отырғанын айтады.

Қайрат Досмағамбетов пен анасы Оңайгүл Досмағамбетова.

- Төрт жылдан бергі тартқан азабым осымен бітті ме деп ойлап отырмын. Енді бұл балам отбасымен отауын бөлек тіксе, қызын, әйелін қасына алса деп ойлаймын. Қолындағы телефонынан қызының суреттеріне үзіле қарағанын көргенде шығып кетіп, көзімнің жасын сығып-сығып аламын,- дейді Қайрат Досмағамбетовтің анасы.

Оңайгүл Досмағамбетова Ақтаудағы немересін Қайраттың мүгедектік жәрдемақысымен бағып жатқанын айтты.

Ұлының ем-домына «Өзенмұнайгаз» компаниясы басшылығы мен оның құрамында ереуілден соң құрылған «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» (БЖБ) мұнайшылары, жергілікті билік көп демеу болғанын айтқан ана оларға ризашылығын білдірді.

12 бала тәрбиелеген Оңайгүл Досмағамбетова Жаңаөзен оқиғасынан соң сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан тағы бір баласы Мақсат Досмағамбетовтің де денсаулығына алаңдайды.

- Мақсаттың жағдайы ауыр. Әлі көзінің орыны мен беті түзелген жоқ. Оған әлі талай ем керек. Ол да қаңтардың 11-і күні Оңтүстік Кореядан кезекті химиялық емнен оралды, - дейді Оңайгүл Досмағамбетова.

Мақсат Досмағамбетовтің ауруханада операция жасатып шыққаннан соңғы суреті. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл.

Мақсат Досмағамбетов - «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының 2011 жылы Жаңаөзенде болған ереуілінің белсендісі. Осы ереуілден соң ол «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылып, 2015 жылы ақпанда шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Мақсат Досмағамбетов түрмеде азаптауға ұшырағанын айтқанымен, оның шағымы «дәлелі табылмады» деген уәжбен қаралмай қалған. Ол қатерлі ісікке түрмеде душар болғанын бірнеше рет мәлімдеген.

2011 жылы желтоқсанның 16-17-сі күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен мен Шетпеде болған ереуіл мен толқу кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған. Өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктердің жасалуын биліктен талап еткен мұнайшыларға осы оқиғадан соң «әлеуметтік наразылық тудыру» айыбы таңылып, 2012 жылы 37 адам жауапқа тартылып, 13 мұнайшы түрлі мерзімге сотталған. Олармен бірге бірнеше жергілікті билік өкілі мен полицей «қылмыстық өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша жазаға тартылған. Былтыр Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған мұнайшылар мен полицейлердің барлығы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Қазір түрмеде Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік араздық туғызды» деген айыппен сотқа тартылған адамдардың біреуі ғана - 2012 жылы жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған оппозицияшыл саясаткер Владимир Козлов жазасын өтеп жатыр.