"ӨТЕ ҚОЛАЙЛЫ БАП: УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР БАСТАП, СОТ ҚОШТАЙДЫ"
– Қандай жалған ақпарат? Маған қандай айып тағып отырсыздар?
– Істі қарауға негіз бар.
– Қандай негіз? Мен қандай өтірік айттым?
– Шындыққа жанаспайтын жазба жарияладыңыз.
– Қай жері шындыққа жанаспайды? Нені айтып отырсыз?
– Күмәнді мәліметтерді жарияладыңыз.
Бұл – азаматтық белсенді Берік Жағыпаров пен астаналық судья Сәуле Әбішеваның арасында болған әңгіме. "Жалған ақпаратты жариялау, тарату" бабы бойынша кінәлі деп танылып, сот қаулысы жарияланғаннан кейін Жағыпаров сотқа сұрақ қойды. Бірақ көп сұрағына жауап ала алмады. Судья қаулының толық мәтінінде "бәрі баяндалатынын" айтып, осыдан кейін сот залындағы трансляция үзілді. Отырыс онлайн режимде өтіп жатқан еді.
Айыптауға Жағыпаровтың Facebook әлеуметтік желісінде жезқазғандық футболшылардың сыйақысы туралы жариялаған жазбасы себеп болған. 23 қыркүйекте сот Жағыпаровқа 73 000 теңге (шамамен 150 доллар) айыппұл салды, алайда белсенді шілдеде жарияланған жазбадағы нақты қай мәлімет шындыққа жанаспайтынын білмейді.
Өзі туып-өскен Ұлытау облысындағы көкейкесті мәселелерді көтеріп жүрген белсендінің үстінен әкімшілік іс қозғауға жергілікті клубта ойнайтын футболшының арызы негіз болған. Спортшының айтуынша, жезқазғандық команданың сыйақы қоры туралы жазбада Жағыпаров "шындыққа сай келмейтін мәліметтер көрсетіп, футболшылар мен футбол клубына деген жағымсыз көзқарас қалыптастырып, қоғамда дүмпу тудырған".
Футболшының арызынан кейін полиция хаттама толтырғанымен, онда Жағыпаровтың жазбасындағы нақты қай мәлімет жалған екенін нақтыламаған. Мұны полиция қызметкері сотта да айта алмады.
23 қыркүйекте сотта сұрақтарға жауап берген учаскелік инспектор Еркебұлан Құрманалиев Жағыпаровтың парақшасында жарияланған футбол клубы туралы жазбаны көрмегенін, хаттаманы футболшының арызы бойынша толтырғанын айтты. Ақпаратты өз бетінше тексерген-тексермегенін сұрағанда полиция қызметкері: "Жоқ, өзім тексерген жоқпын", – деп жауап берді. Артынша хаттама толтырар алдында Жағыпаровтың парақшасына кіргенін, алайда онда "жазба болмағанын" айта келіп: "Маған ол жазбаны өшіріп тастағанын айтты", – деп қосты.
26 қыркүйек кешке Берік Жағыпаровтың ісі бойынша сот қаулысының толық мәтінімен танысудың сәті түсті. Онда сот футболшылар сыйақысының мөлшері жайлы "жалған ақпарат" тараған деген байлам жасағаны айтылған.
Жағыпаров өзіне тағылған айыпқа келіспейді, кінәсі дәлелденбегенін айтады. Бастапқыда қоғам белсендісіне Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 456-2-бабы бойынша құқық бұзды деген айып тағылып, бір жыл ішінде қайталанды дегенмен, Астана соты "қайталанды" дегенді алып тастады. Бірінші жолы Жағыпаровтың үстінен полицияға Жезқазған әкімдігі арыз түсіріп, қаланың шеткері жағында тұратын тұрғындардың орталық жылу жүйесіне қосылмағаны туралы жазбаны шындыққа жанаспайды дескен.
Белсендінің өзі әкімшілік іс қозғауға шенеуніктердің жұмысын сынап, сыбайлас жемқорлық схемаларын жариялауы себеп болды деп біледі.
– Белсенділерді, блогерлерді, журналистерді жауапқа тарту туралы тапсырма болған сияқты. Бұл өзі қолайлы бап. Кез келген учаскелік инспектор бастап берсе, сот қоштай кетіп, бәріне айыппұл сала береді. Мен мұны саяси астары бар іс деп бағалаймын. Шағымданамыз. Қазақстаннан әділдік таппасақ, БҰҰ-ға шағымданамын, – деді Жағыпаров.
456-2-БАППЕН ЖАУАПҚА ТАРТУ
"Жалған ақпаратты жариялау, тарату" деген 456-2-бап Әкімшілік құқық бұзу кодексінде 2023 жылдың жазында пайда болды, ол кезде блогосфера туралы заңға енгізілген түзетулер күшіне енген болатын. Ең қатал жаза – 900 мың теңгеден асатын айыппұл (шамамен 1920 доллар) және 10 күнге қамау.
Түзету енгізу талқыланып жатқан сәтте-ақ құқық қорғаушылар дабыл қақты. Мамандар бұл бап Ресейдің қудалауға құрылған "фейк" туралы заңына ұқсайтынын айтып, ол қоғамдық талқылауды тұншықтыру, ақпарат құралдары мен блогерлерге қысым жасап, "жұмсақ" цензура қою мақсатында пайдаланылуы мүмкін екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Интернетті шектейтін Қазақстан: сайт бұғаттау, журналистерге шабуыл, кибербақылауОсы бап бойынша қозғалған алғашқы істер құқық қорғаушылардың бекерге шырылдамағанын көрсетті.
Былтыр қараша айында Алматы соты Азаттыққа 103 500 теңге айыппұл салды. Бұл іске Шымкент тұрғынының арызы түрткі болды, шағымданушы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына қатысты "Ресей басқаратын" деген тіркесті жалған ақпарат деп тапқан (ҰҚШҰ-ға Қазақстан мен Ресейден бөлек Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан кіреді, Армения мүшеліктен шығатынын мәлімдеді; ұйым Хатшылығы отыратын штаб-пәтер Мәскеуде).
ҰҚШҰ Батыстың жетекші ақпарат құралдарында да осылай сипатталып, Russian-led organisation деп беріледі, постсоветтік кеңістікті зерттеумен айналысатын шетелдік ғалымдардың аналитикасында да солай кездеседі.
Бұл ұйымды Ресей Мемлекеттік думасының мүшесі Константин Затулин де осылай сипаттаған болатын. 2024 жылдың тамыз айында, ресейліктердің ұзаққа созылған шабуылына жауап ретінде украин әскері Курск облысына басып кіргенде журналистер Затулиннен Мәскеу ҰҚШҰ көмегіне жүгіне ме деп сұраған.
"Жоқ, жүгінбейді. ҰҚШҰ ішіндегі негізгі ел бола отырып, Ресейдің өз аумағында біреуден көмек сұрауы көңілге қонбайды. Ресей Курск облысына көмекке кімді тартуы керек деп ойлайсыз? Қазақтарды ма, армяндарды ма? Кімді? Ақылға сыймайтын сұрақ қоясыз", – деді ресейлік депутат.
Оңтүстіктегі көршінің аумақтық тұтастығына қарсы сөйлейтін Затулинге Қазақстанның әділет жүйесі ештеңе дей алмайтын тәрізді. Дегенмен, ресми Астана бір рет мінез көрсеткен. Былтыр көктемде Қазақстанға келген Затулин төлқұжат тексеруінен өте алмады – шекарашылар нон-грата тұлғаны елге кіргізбеді. Ресейдің сыртқы істер министрлігінің араласуынан кейін ғана депутат ел шекарасынан өте алды.
Алматыда Азаттыққа қарсы іс қаралып жатқан уақытта Көкшетаудың соты журналист Нұржан Баймолдинге қарсы істі қарап жатқан еді. Полиция рапортында интернет кеңістікке мониторинг жасау барысында Facebook әлеуметтік желісінде Баймолдиннің президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы "жағымсыз пікір" білдірген жазбасы көзге түскені айтылды. Нақтырақ айтқанда, жазба авторы Ақорданың қазіргі саясатынан "Кремльдің ығына жығылуды" көретінін, ал экономикада "РФ күш алып бара жатқанын" жазған. Сот мұны "қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келетін" жалған ақпарат деп тауып, Баймолдинге айыппұл салды.
Қараша айында Алматы соты Қаңтар оқиғасының ең кішкентай құрбаны, қантөгіс кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханұлына 456-2-бабы бойынша айыппұл салды. Сот қызының өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап жүрген Мелдеханұлының Facebook желісіндегі бейнеүндеуінде айтылған сөздерді шындыққа жанаспайды деп тапты. Онда жәбірленуші өзіне шабуыл жасалған уақытта полицияның ешқандай әрекет етпегенін айтқан болатын. Сот полицияға ешқандай арыз-шағым түскен жоқ деп мәлімдеді. Ал Мелдеханұлы мен оның адвокаты учаскелік полиция қызметкері арызды тіркемегенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оқ бар, қаза бар, қылмыс қалай жоқ?" Айкөркемнің өліміне қатысты соттың жай-жапсары2024 жылы да "Жалған ақпаратты жариялау, тарату" бабы бойынша іс қозғау мен сот процестері жалғасып жатты.
Сәуір айында Қызылорда қаласында тұратын белсенді Гүлназ Серікбаеваға Facebook парақшасындағы жазбасы үшін "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Серікбаеваның жазбасында су тасқыны кезінде қырылған малға өтемақы алу үшін "олардың өлексесін көрсету керегі" айтылған болатын. Белсенді бұл жазбаның әзіл екенін, соған орай күліп тұрған эмодзи берілгенін айтты. Бірақ онысын полиция қабылдамады. Серікбаева мұны саяси қудалау, елдегі жағдайға наразылық білдіруіне орай есе қайтару деп атады. Сот әкімшілік істі қысқартты. Прокурор наразы болғанмен, шілде айында апелляция алқасы алдыңғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Мамыр айында Алматы соты журналист, ProTenge жобасының авторы Жәмила Маричеваға "жалған ақпарат жариялап, таратты" деген айып тағып, 73 000 теңге айыппұл салды. Маусым айында болған апелляция соты қаулыны күшінде қалдырды. Іс қозғауға Мәдениет және ақпарат министрлігінің шағымы негіз болды, мекеме Маричеваның Азаттықты қолдап жазған постында "көрінеу жалған ақпарат бар" деп тапқан. ProTenge Telegram желісіндегі парақшасында Қазақстанның СІМ Азаттықтың 36 журналисінің аккредитациясын созбады немесе аккредитация бермеді деп жазған болатын. Полиция бұл жазба "қоғамдық тәртіпті бұзуға негіз болады" деп ұйғарған. Хаттаманы толтырған полиция қызметкері сот барысында нақты қай тұста құқық бұзу болғанын айтып бере алмады. Сот шешім қабылдауға Маричеваның "аккредитацияны созудан бас тарту негізін көрінеу бұрмалауы" себеп болды деп түсіндірді. Сыбайлас жемқорлық белгілері бар істерді зерттеп, мемлекеттік сатып алу кезіндегі заң бұзу туралы жазатын журналист мұндай шешіммен келіспейді.
"ЕШҚАНДАЙ ОБЪЕКТИВТІ КРИТЕРИЙ ЖОҚ"
Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис 456-2-бап әлеуметтік желіде белсенді азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы қолданылатын "тоқпақ" екенін іс жүзінде көріп отырмыз дейді.
– Бұл ашық кеңістікте ақпарат тарататындардың бәріне бақылау жасау тәсілі. Бақылауды күшейту тетігі, соның ішінде қолдануға бола ма, болмай ма деп қарауға мүмкіндік беретін тетік. Блогерлерге, журналистерге, тәуелсіз ақпарат құралдарына ескерту. Билік қажет деп тапса, осы бапты қолдана қояды, соның ішінде саяси мақсатта пайдаланады. Мұны кейінгі жағдайлардан көріп отырмыз, – деді Жовтис.
Евгений Жовтис жалған ақпаратты мемлекеттік органдар да тарататынын айта келіп, Қаңтар оқиғасын еске алды. Сол кезде ел басшылығы ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрай отырып, "елімізге шекара сыртында дайындықтан өткен мыңдаған террористің шабуыл жасады" деп мәлімдеген еді. Сырттан шабуыл жасалғанына бірде-бір дәлел келтірілген жоқ. Бақылаушылар Қаңтардағы аласапыран күндері биліктің жоғарғы жағында элитааралық соғыс болып, Тоқаев өз орнын нығайтып алды дегенге тоқтайды. Соның артынша заң талабы күшейіп, жаңа шектеулер пайда болды, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзу кодексіне енгізілген 456-2-бап та бар.
"Жалған ақпарат" туралы әкімшілік бап пайда болғанға дейін Қазақстан заңнамасында "Көрінеу жалған ақпарат тарату" деген бап болған. Қылмыстық кодекстің 274-бабы. "Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүддесіне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесіне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын" жалған ақпарат таратудың ең ауыр жазасы – жеті жыл мерзімге бостандығынан айыру.
– 274-бапты БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі, Адам құқығы комитеті бірнеше рет сынға алды, себебі онда "нақты түсінік жоқ". Халықаралық құқықта адам құқығына келгенде заң жағынан нақтылық және болжам жасай алу деген маңызды қағида бар. Заң талабы қарапайым азаматтың өзі де нені істеуге болатынын не болмайтынын түсінуге мүмкіндік беретіндей етіп жазылуы керек, – деді Жовтис.
Құқық қорғаушының айтуынша, Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 456-2-бабында да, Қылмыстық кодекстің 274-бабында да заң жағынан түсінік бұлыңғыр.
– "Қоғамдық тәртіпті бұзуға әкелетін ақпарат" деген не? Құқық қолданушы ондай жағдай бар-жоғын анықтауы керек. Ешқандай объективті критерий жоқ. Мәселен, нақты қоғамдық тәртіптің бұзылуы болмаса, бірақ ақпарат оны бұзуға әкеледі делінсе, бұл ешқандай да заң талабына сай емес, мұнда нақтылық та, болжау мүмкіндігі де жоқ, бәрі субъективті түрде айтылып, бағаланады. Бәрі де "қауіп төнгенін" әлдекімнің әлдеқалай бағалауына байланысты. ҰҚК немесе полиция қызметкері субъективті баға береді, содан кейін сот та сол соқпақпен кетеді, – деді Жовтис.
Баспасөз өкілдерін қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" сынды беделді топ биылғы маусым айында мәлімдеме жасап, Қазақстанда режим әлі де заңнаманы журналистерге қысымды күшейту үшін қолданатынын, соның ішінде "кең ауқымда түсіндіруге болатын" "жалған ақпарат тарату" бабы көп қолданылатынын айтты. Осы топ жасайтын Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде Қазақстан биыл 180 елдің ішінде 142-орында, Эфиопия мен Ливияның ортасында тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эфиопия мен Ливияның арасы. Баспасөз бостандығы рейтингінде ҚазақстанHuman Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқығы жағдайы туралы баяндамасында "жалған ақпаратты жариялау, тарату" деген сөз еркіндігіне қауіп төндіретін, кең ауқымда пайдалануға болатын бап деп көрсетті. Ұйым сарапшылары Қазақстанда билікті сынаушыларға қарсы осындай заң талабы мен бұлыңғыр қылмыстық айыптауды қолдану қалыпты жағдайға айналып кетті деп санайды.
Қазақстан билігі елде азаматтар саяси көзқарасына бола қудаланып жатыр деген сөзді жоққа шығарады.