Accessibility links

"Үрей биледі". Жемқорлықты әжуа қылған алматылық комикті қамады. Әріптестеріне бұл қалай әсер етті?


Комиктер Нұрасхан Басқожаев (сол жақта) пен Руслан Тай Zamandas подкасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.
Комиктер Нұрасхан Басқожаев (сол жақта) пен Руслан Тай Zamandas подкасына сұхбат беріп отыр. Видеодан скриншот.

Мамырдың аяғында Алматы соты стэндапер Нұрасхан Басқожаевты әзіліне бейпіл сөз араластырғаны үшін 15 күнге қамады. Полиция мен сот "стендап-клуб – қоғамдық орын" деп тауып, Басқожаевты "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін жауапқа тартты. Комиктің әріптестері "оны саясат пен жемқорлықты жиі әжуалағанына бола жазалады" дейді. Азаттық Central Stand Up Almaty сахнасында не болғанын анықтауға тырысты, бірақ комиктердің көбі мақала жарияланар сәтте алдыңғы айтқан сөзінен айнып қалды. Билік діттеген мақсатына жетті ме?

Алматы, 11 шілденің кеші. Central Stand Up Almaty стендап-клубында "лас микрофон" шарасы өтіп жатыр. "Бұл кеште әжуалауға болмайтын, тыйым салынған тақырып жоқ". Ұйымдастырушылар бұл шараны осылай сипаттайды.

Стендап-клубқа қонақ болып тіркелгендердің бәріне "сахнада бейпіл сөз айтылады, бірақ комиктер мұны біреуді қорлау үшін айтпайды" деп ескертеді. Кешті жүргізген Думан Бейсен де комиктерді хабарламас бұрын осы жайтты залдағы халықтың қаперіне үнемі салып отырды. Ол комиктерді видеоға түсірмеуді, залда болып жатқан нәрсені түсіруге болмайтынын ескертті.

"Қолыңызға телефонды хат-хабарға жауап беру үшін алсаңыз да уайымдап қаламын. Сіздердің сезімдеріңіз сахнадағы комиктен де маңызды", – деді жүргізуші.

Клуб "бәзбір көрерменге әзіл орынсыз көрінсе, залдан шығып кеткені жөн" деп түсіндірді.

Стендап-клубтағы кеш 2 ай бұрынғы кештерге мүлде ұқсамайды. Ол кезде Алматы полициясы клуб резиденттерінің бірі Нұрасхан Басқожаевты сахнада бейпіл сөйлегені үшін 15 күнге қамаған.

ПОЛИЦИЯМЕН ХИКАЯ НЕДЕН БАСТАЛҒАН?

"[Ары қарай да ақша ұрлап], Дубайға [барып], Мадлен сияқты блогерлерге тапсырыс беріп, Қазақстанның солтүстігі суға батып жатқанына қарап отыра беруге болады". Бұл – алматылық комик Нұрасхан Басқожаевтың сахнада айтқан әзілінен үзінді. Мамырдың басында Нұрасханның әзілі интернетте тарап, қызу пікірталас туғызды. Біреулер комик әйелдерді қорлады десе, өзгелері апат кезіндегі жемқорлардың әрекетсіздігін сынады деп түсінді.

Нұрасхан Басқожаев Zamandas подкасына сұхбат беріп отыр
Нұрасхан Басқожаев Zamandas подкасына сұхбат беріп отыр

Басқожаев Мадленнен (2 миллион оқырманы бар блогер Мәдина Мамадалиева) халық алдында кешірім сұрады. Central Stand Up Almaty клубы адамды ұлтына, жынысына, нәсіліне және басқа да сипатына қатысты қорлауды және зорлық-зомбылықты қолдамайтынын мәлімдеп, болашақта мұндай жағдайлар қайталанбасы үшін жұмыс жүргізетінін айтты. Комик пен блогер арасындағы мәселе осылай шешілді.

Сондықтан бірнеше аптадан кейін комикті полиция ұстап әкеткенде, Басқожаевтың жақындары мен әріптестері таңырқап қалған. Бұл комик сөзбен қорлады деген блогер Мадленнің өзіне таңсық болған. Комиктің әйелі әрі клуб директоры Әйгерім Инаяттың айтуынша, 23 мамырда Нұрасханды Медеу аудандық 74-полиция бөлімшесіне шақыртып, блогерге байланысты кикілжің жөнінде қайтадан түсініктеме жазуды сұраған. Комик полицияға барғанда, оның мәселесі бойынша онлайн режимде сот өткізіп жіберген. Жақындары оған аз уақыт ішінде әзер адвокат тауып үлгеріпті. Басқожаевты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша соттап, 15 күнге қамады.

Блогер Мамадалиева әу баста Басқожаевқа қарсы арыз жазамын деп, Central Stand Up Almaty клубын мизогинияны (әйелге деген өшпенділік – ред.) қолдады деп айыптаған. Кейін ол өз парақшасына комикті кешіргенін жазды. Мамадалиева Азаттықтың сұрақтарына жауап беруге ықылас білдірмеді. Мадленнің PR-агенттері "блогер сұхбат бермейді" деп түсіндірді.

Стендапер қамауға алынғаннан кейін клуб тағы да мәлімдеме жасады. Олар Басқожаевқа қарсы істі "сөзіне бола қудалау", "жабық форматтағы әзілі үшін түрмеге жабу" деп атады.

"ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС" ЖӘНЕ "ТӘРБИЕЛЕУ МАҚСАТЫ"

Ресми түрде комикті қоғамдық орында бейпіл сөз айтқаны үшін ұстаған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңдағы "Ұсақ бұзақылық" жөніндегі бапта "қоғамдық орындарда балағат сөз айту, физикалық тұлғаларды сөзбен қорлау <…> қоршаған ортадағы азаматтардв құрметтемеу болып саналады және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзады" делінген. Бұл бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салу немесе 5 күннен 15 күнге дейінгі мерзімге қамау жазасы қарастырылған". Басқожаевқа ең ұзақ мерзім берілді. Сот қаулысында бұл оның іс-әрекетінің қоғамдық резонанс туғызуына байланысты деп түсіндірген. Қорғау тарабы сот қаулысына келіспей, қарсы арыз түсірді, бірақ шешім өзгерген жоқ. Басқожаев 15 күн қамау мекемесінде отырды. Алматы қалалық соты бірінші инстанциядағы сот жаза мерзімін дұрыс белгілеген, "тәрбие жұмыстарын жүргізуге осы мерзім жеткілікті" деген қорытындыға келген.

"Құқық бұзушының әрекеті қоғамда резонанс туғызды. Бұл жастарға кері әсер етуі мүмкін", – деді сот.

Клуб "Нұрасхан көрермендер билет алып кіретін жабық шарада өнер көрсетті. Шара басталмай тұрып, онда бейпіл сөз айтылатыны жұрттың бәріне ескертілген" дейді. Әріптестері Нұрасханның ол кеште жаңа материалын жұрт қалай қабылдайтынын білуге шыққанын, ондайда балағат сөз естіліп қалуы мүмкін екенін айтады.

"СОЛТҮСТІК КОРЕЯ ІСПЕТТІ"

Нұрасхан Басқожаевты әріптестері, белсенділер, үлкен аудиториясы бар, сөз және шығармашылық еркіндігі туралы айтып жүрген блогерлер қолдады.

"Бүгін – Нұрасхан, ертең – мен немесе басқа комик. Бүгін – 15 күнге, ертең әзілге бола 15 жылға қамайды. Әзілдегені үшін түрмеге тығу, тіпті, нашар әзіл болса да, Солтүстік Кореяға ұқсайды", – деп жазды астаналық комик Зарина Байболова.

Медиада "Басқожаевты биліктің қытығына тиетін әзіліне бола қамады, комик дөрекілеу естілетін материалдары арқылы елде болып жатқан оқиғаларға қатысты сыни көзқарасын қоғамға жеткізіп жүрген. Мадленмен арадағы кикілжің жай сылтау ғана болды" деген пікір айтылды.

Әртісті ашық қолдағандардың бірі – журналист Әсем Жәпішева.

"Нұрасханды Мадлен үшін емес, Тоқаев пен билік туралы әзілдері үшін түрмеге жапты", – деп жазды ол телеграм-арнасына.

Режиссер Қанат Бейсекеев стендапер қамалғаннан кейін Instagram-ға Zamandas подкасының 2023 жылы Нұрасхан қатысқан шығарылымынан үзінді салды. Онда комик шығармашылық арқылы халықты ағартуға, саясат, әлеуметтік мәселелер туралы әзілдер жазуға тырысатынын айтқан.

"Келесі толқын қазіргідей ойына келгенін істейтін қатыгез болмауы үшін батылырақ болып, материалдарымызда жақсы нәрсеге ұмтылу керек. Мұны "лас материалдар" арқылы жүзеге асыруға болады", – деген еді Нұрасхан.

"Нұрасханның көзқарасы мен сөз еркіндігі туралы осы үзіндіні тыңдаңдар", – деп жазды Бейсекеев.

СТЕНДАП-ИНДУСТРИЯНЫ БАҚЫЛАУ

Нұрасхан Басқожаев қамауда отырғанда, Азаттық комиктің қоғамдағы көкейкесті тақырыптарға әзіл жазып жүрген әріптестерімен сөйлесуге тырысты. Стендаперді жазалаудың саяси астары бар деген пікірге комик Думан Бейсен де қосылады.

Комик Думан Бейсен
Комик Думан Бейсен

"Стендап индустриясын бақылауға алды. Нұрасханды бейпіл сөз айтқаны үшін емес, саяси әзілдері үшін түрмеге жапты деп ойлаймын. Билік "ұсақ бұзақылық" туралы әкімшілік бапты түрмеге жабудың саяси астары болмауы үшін ғана пайдаланатын сияқты", – дейді Бейсен.

Бейсеннің сөзінше, қазіргі кезде саясат туралы әзілдемейтін әртіс табу қиын. Думан саяси белсенділікпен айналысады, сондықтан әзілдерінде саяси тақырыпты жиі көтереді. Central Stand Up Almaty YouTube-арнасында Бейсеннің Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев туралы әзілі бар. Видеода қазіргі президенттің аты цензураға ұшыраған. Әртістің айтуынша, стендап-қауымдастық Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің назарына ілінген.

Азаттықпен сөйлескен тағы бір кісі осы мақала жарияланар алдында алдында айтқан сөзінен айнып қалды. Нұрасхан Басқожаевтың әйелі Әйгерім Инаят Central Stand Up Almaty клубының директоры ретінде пікірін жарияламауды өтінді. Сұхбат берген адамдар комиктерді жаппай қамайды я клубты жауып тастайды деп қауіптенетінін айтты. "Олар бекер қорқытып жатқан жоқ", – деді пікір беруден бас тартқан адамдар.

"БАТЫЛ КОМИК"

Тәуелсіз журналист Әсем Жәпішева – Central Stand Up Almaty клубының тұрақты көрермені. Ол Басқожаевты батыл комик, ал стендап клубты "сөз еркіндігі бар орын" деп біледі. Журналист комикке жасалған қысымға да куә болған.

Белсенді Әсем Жәпішева
Белсенді Әсем Жәпішева

Жәпішева Басқожаевқа қарсы қолданылған бап сот пен полицияның сөзіне сай келмейді дейді.

"Стендап-клуб қоғамдық орынға жатпайды. Адамдар клубқа билет сатып алып кіреді. Театр сияқты. Театр актері сахнада "х**" деген сөз айтса, стендапер де солай жасай алады. Бұл – адамды саяси себеппен түрмеге қамау", – дейді журналист.

"МАҒАН ҚЫСЫМ ЖАСАСА, ЕЛДЕН ҚАРАМДЫ БАТЫРАМЫН"

"Менде мынадай әзіл болған: Астанаға бірінші рет 2012 жылы бардым. Ең әуелі Бәйтерекке көтерілдім. Назарбаев қолының табы салынған жерге алақанын төсеп, Жаңаөзендегі қантөгіске олардың да қолы тигенін түйсініп суретке түсу үшін қаншама адам кезекте тұрғанын көрдім". Осы әзілімді салған соң, "біттім" деп ойладым". Нұрасхан 2023 жылы Zamandas подкасында саяси әжуа мен оның салдары қандай болуы ықтимал екені жайлы осылай дейді.

Zamandas подкасының сол шығарылымында Басқожаев әріптестері Темірлан Жалдыбаев, Руслан Тай, жүргізушілер Қанат Бейсекеев және Ержан Алдабергеновпен бірге Қазақстандағы стендап қозғалысының дамуы, комиктердің позициясы, әзілге бола қысым көрсету, қазақ тілі және түрмедегі азаптау жөнінде сөйлескен.

Комик Темірлан Жалдыбаев
Комик Темірлан Жалдыбаев

Комик Темірлан Жалдыбаев стендапты "күлкілі болса, ойыңа келген кез келген дүниені айтуға мүмкіндік беретін жалғыз сахналық жанр" деп сипаттайды. Ол комедия елдегі өзгерістерге түрткі болады деп сенеді. Жалдыбаев Азаттыққа сұхбат беруге ықылас танытпады.

Басқожаев белсенді Тимур Дәнебаевты жаза өтеу мекемесінде ұрып-соққанын еске алды. Дәнебаев Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыға 20 мың терроршы шабуыл жасады деген сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған.

"Тоқаевты сотқа берген саяси белсендіні түрмеде азаптап жатқаны жайлы видеоны қалай қорытарымды білмеймін. Ойымнан шықпайды. Мұны халыққа "ауызға ие болып жүріңдер" деген ишара деп түсіндім, – дейді комик. – Комик ретінде бұл белгі маған түсініксіз. Не істей аламын? Әрине, осы жайлы айту керек. Байқап көру қажет. Бірақ маған қысым көрсетсе, елден қарамды батырамын".

"ЕРТЕҢ БІР ЖАҒДАЙ БОЛСА, ОЛАРДЫ КӨП АДАМ ҚОРҒАМАЙДЫ"

"Үрей биледі, бірақ бұл олардан басталған жоқ. Қаңтардан кейін өзіндік цензура деңгейі күрт өсіп кетті. "Назарбаев дәуіріндегідей" тыйым салынған тақырыптар, айтуға болмайтын есімдер пайда болды. Елде бір жағдай болса, ірі басылымдар бұл туралы жазбайды. Жазса да, биліктің нұсқауымен жазады", – дейді журналист Әсем Жәпішева.

Журналист комиктердің пікір беруден бас тартуы негізсіз емес дейді. Әртістер өнер көрсету мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Жәпішеваның пікірінше, қазіргі биліктің халық алдында беделі жоқ, сондықтан ол азаматтарды қорқытып-үркітіп ұстауға тырысады.

"Биліктің үрейін мобилизациядан қашқан ресейліктер үдетті. Ресейден көп азамат Қазақстанға көшіп келіп, креативті индустрияда жұмыс істей бастады. Олар өз қорқынышын бірге ала келді. Ресейдегі жағдай қиындау. Ресейліктермен сөйлескенде, ол жақта режим ештеңе істеп әуре болмайтынын, адамдар өз ауызын өзі жауып тастағанын түсінемін", – дейді журналист.

Белсенді әрі Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек қазақстандық шенеуніктер сынға қалудан бұрын, келеке болудан қатты қорқады дейді. Темірлан 2021 жылы әзілге құрылған жаңалықтары үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған. Qaznews24 Instagram парақшасында үкімет, президент, ішкі істер министрлігі, белгілі тұлғалар, елдегі көкейкесті оқиғалар туралы әзіл жаңалықтар жарияланады. Темірланның контенті шынайы жаңалықтарға ұқсайды, бірақ парақшаның сипаттамасында кейіпкерлердің аты-жөні мен оқиғалар ойдан шығарылған, шынайы өмірдегі адамдармен сәйкес болуы жай ғана кездейсоқтық деп жазылған.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек "Көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша полиция тергеуінен шыққаннан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 мамыр, 2021 жыл.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек "Көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша полиция тергеуінен шыққаннан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 мамыр, 2021 жыл.

Дисклеймерге қарамастан, билік Темірланның әзілдерін жоққа шығаруға тырысты. 2021 жылы полиция Темірланның пәтерін тінтіп, өзін 5 сағат бойы тергеген. Ол "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істе қорғану құқығы бар куәгер болды. Белсенді жобасын уақытша тоқтатып, Грузияға ұшып кетті. Кейін елге оралып, әзілін жалғастырды.

Еңсебекке қарсы тергеу 1,5 жылға созылып, лингвистикалық сараптама қорытындысы Qaznews24 контенті – юмор және сатира екенін көрсеткен. 2022 жылы қыркүйекте Алматы полициясы "қылмыс құрамы табылмады" деп, істі жапты.

"Мені сатира үшін түрмеге жаба алмады, бірақ біраз сескеніп қалдым. Үнемі сыртымнан аңдып жүрді. Өзімді қорғансыз сезіндім. Қауіпсіздік сезімі болмады. Бірақ жазықсыз екенімді білдім, сондықтан қорықпай, сатира жазуды жалғастырамын деп шештім", – дейді Темірлан Еңсебек.

Әзілқойға қарсы іс Қазақстандағы сөз еркіндігінің бұзылуы жайлы халықаралық есепке енді. Белсендіні құқық қорғау ұйымдары қолдады. Ол Amnesty International ұйымының "хаттар марафоны" деп аталатын акциясына қатысты. Темірлан Еңсебек қазіргі кезде Басқожаевты қудалау Қазақстан билігі ешқандай сабақ алмағанын көрсетеді дейді.

"Олар мінсіз шенеунік бейнесін қалыптастыру үшін мемлекеттік пропагандаға миллиардтаған ақша жұмсайды. Ал біреу олар туралы әзіл айтады. Біздің шенеуніктердің шынайы өмірден жырақтап кеткені соншалық, олар өздерін құдайдай сезінеді. Сондықтан өзі туралы әзіл айтқан кісіні де қудалайды. Сынды сыртқа шықпай жатып өлтіреді, комедияға да осындай әдіс қолданып жатыр", – дейді Qaznews24 авторы.

Әсем Жәпішеваның пікірінше, Басқожаев қамауға алынғаннан кейін комиктер әр сөзіне мұқият қарай бастаған. Бірақ олар саяси тақырыпта сөйлеуден емес, блогер Мадленмен болған оқиғаның қайталануынан қорқатын сияқты.

"Олар қолынан келгенше тырысып жатыр. Жергілікті деңгейдегі комиктер ғана емес, Нұрлан Сабуров та Қазақстан, Тоқаев, әкімдер, Бишімбаев туралы әзілдер айтады. Медиада қолдауы аз комиктер қорқады. Ертең бір жағдай болса, оларды көп адам қорғамайды".

Қазір Central Stand Up Almaty сахнасында әлі де Тоқаев туралы әзілдер айтылады. Азаттық тілшісі клубқа көрермен болып барған күні ондай әзіл көп болмады. Комиктер көбіне әйелдер мен балаларға қарсы зорлықты сынады. Көрермендер секс жайлы әзілге қарағанда, осындай тақырыптарды қызу қолдап отырды.

Ал клуб фойесінде бір қыз жақында шыққан мерчке назарымды аударды. Шолақ жең жейделердің бірінде Конституцияның 20-бабындағы "Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады" деп жазылған.

XS
SM
MD
LG