Қарауылдағы айтыс: Серікзат пен Сара

Серікзат Дүйсенғазин, айтыскер ақын. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылы. 15 қыркүйек 2011 жыл.

Қыркүйектің 15-і күні Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауылда «Бабалар тойы – ел тойы» деген атпен Көкбай Жанатайұлы мен Ақылбайдың туғанына 150 жыл, Шәкір Әбеновтің туғанына 110 жыл толуына орай республикалық айтыс өтті.

Бұл айтыста сахнаға төртінші жұп болып астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен алматылық Сара Тоқтамысова шықты. Бұл екі ақын да – Семей өңірінің тумалары.

Айтысты бастаған Серікзат қарсыласы Сараның Алматы маңына келін болғанын тілге тиек ете келіп, Қазақстан президентінің шетелге кеткен күйеу баласы Рахат Әлиевті де сөз етті:

– Еу, еккені Малтүгелдің тұз деп жүрміз,
Аңғалдық қылығы да жүз деп жүрміз.
«Көк шапан киіп алған жемқорсың» деп
Ойнағысы кеп отыр бізбен бұл қыз.
Одан да қашып кеткен жездеңді айтшы,
Шапыраштының келіні сіз деп жүрміз.
Атамның іздегені ат қана ғой,
Оның несін күлкі ғып, «мін» деп жүрміз.
Ал біздер ай мен күннің аманында,
Әлиевті алты жыл іздеп жүрміз.

Сара Тоқтамысова қарсыласының бұл сөзіне уәж ретінде Храпуновтың да «Швецарияға көшкенін» айтты:

– Атаңды мысал ғып едім,

Сара Тоқтамысова, айтыскер ақын. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылы. 15 қыркүйек 2011 жыл.


Әлиевті айттың-ау.
Дедің бе маған – не істедің?
Біз де, аға, естіп жүрміз ғой,
Сіз жақтан сөздің ескенін.
Храпунов дейтін жездеңіз,
Байлықты белден кешкенін.
Ай менен күнің аманда,
Тып-тыныш мынау заманда,
Байлықты тиеп ұшаққа,
Швецарияға көшкенін.
Әлиевті іздеп жүргенде,
Төртеу болып қос көзің.
Храпунов дейтін әлгі ұлың,
Астананың тиеп байлығын,
Кемпір-шалдың шайлығын,
Жымқырып кетіп қалыпты,
Шығып жүргенде естерің.

Серікзат Дүйсенғазин мен Сара Тоқтамысованың айтысы.

Your browser doesn’t support HTML5

Серікзат Дүйсенғазин мен Сара Тоқтамысованың айтысы.