Мұхтар Әблязовты 20 жылға сырттай соттады

Мұхтар Әблязов. (Көрнекі сурет).

Алматыда "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша айыпталушыларға үкім оқылды. Судья осы іс бойынша негізгі айыпталушы - БТА банктің директорлар кеңесінің төрағасы болған, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязовты сыртынан 20 жылға соттады. Үкім бойынша оның мүлкі тәркіленуі тиіс.

СЫРТТАЙ ШЫҚҚАН ҮКІМ

Алматы соты істі үш ай қарағаннан кейін қылмыстық кодекстің "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша айыпталған оппозициялық тұлға, БТА Банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовті сырттай 20 жылға соттады. Үкім бойынша, оның мүлкі тәркіленуі тиіс. Үш ай бұрын басталған сот процесіне шетелде тұратын Әблязов қатысқан жоқ.

Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов те Әблязовке тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Бірақ судья оған әуелі бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бірақ "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты бес жылды үш жыл шартты жазамен алмастырды.

Сот сонымен қатар банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешті "банк қаражатын заңсыз пайдалану", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру жылыстату" және "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену" айыптары бойынша кінәлі деп таныды. Оған әуелі бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бірақ оған да "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты 5 жыл шартты жаза кесілді.

БТА Банктің несие беру бойынша директоры болған Қайрат Садықовты да сот Әблязовке тағылғандай айыптар бойынша кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Садықов бұған дейінгі сотта өзіне тағылған кейбір айыптарды мойындамайтынын айтқан.

БТА Банк ісі бойынша соттан жасалған трансляция видеосы:

СОТТАҒЫ БҰРЫНҒЫ ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР

Әблязовтің ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

БТА Банктен ақша жымқыру ісі 2009 жылы басталған еді. Ол кезде БТА Банк ресми деректер бойынша, актив көлемі жағынан елдегі ірі банктер қатарында болған.

Қазақстан билігі банктегі қаражатты «күмәнді жобаларға миллиондаған сомамен несие беру арқылы ірі көлемде жымқыру оқиғалары» туралы мәлімдеген. Мемлекет қарамағына тәркіленгеннен кейін банк бірнеше рет қайта құрылды. Оның активтерінің бір бөлігі Қазкоммерцбанкке берілді.

БТА Банктің жетекші менеджерлері 2009 жылғы осы оқиғалардан кейін шетелге шығып кеткен еді. Олардың қатарында шетелге кетіп, Қазақстан билігін сынауға кіріскен Мұхтар Әблязов те бар. Ол «билік банкті тартып алды» деп мәлімдеген. БТА Банктің ондаған басқа менеджерлері шетелден Қазақстанға экстрадицияланып, тергеуге алынды. Олар 2009 және 2012 жылы өткен соттарда түрлі мезімге сотталды.

Әблязовке қатысты тергеу 2017 жылы Астанаға шетелден Жақсылық Жарымбетов әкелінгеннен кейін қайта жанданды. Кеңсесі Польшада орналасқан «Ашық диалог» құқық қорғаушы тобы Жарымбетовті Қазақстан арнайы қызметтері Түркияда жүрген жерінен "ұрлап әкетіп, Қазақстанға жасырын жеткізді" деп мәлімдеді.

Қазақстанға келгеннен кейін Жарымбетов баспасөз мәслихатын өткізіп, "Әблязовтің қылмысына қатысы жоғын" айтып, тергеуге болысатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Түркияда жалған құжатпен ұсталған кезінде Қазақстан консулдығына өз еркімен хабарласып, берілген. Оны Астанаға ұшақпен жеткізіп, қаланың тергеу абақтысында бірнеше күн ұстағаннан кейін, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан.

Жарымбетов сотта Әблязовтің оны «пайдаланғанын» айтып, бұл куәлігін ешқандай қысым жасалмастан, өзі беріп тұрғанын ескерткен. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындайтынын, бірақ банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы "Мұхтар Әблязовтің қылмыстық ісінің құрбаны болғанын" айтты.

Жарымбетов өзінің "банкир емес, бизнесмен" екенін мәлімдеп, "банкте болып жатқан операциялардың бүге-шігесін түсінбегенін, кей операциялардың заңсыз екенін білсе де, оның масштабын Қазақстанға келіп қылмыстық іспен танысқан соң түсінгенін" баяндады.

БТА банк басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сотталушы Жақсылық Жарымбетовтың адвокаты Нұрлан Өстеміров сот кезінде қорғауындағы азаматқа қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш жасады. Оның сөзінше, "БТА Банктен қаржы жымқыру схемасын Әблязов жасаған, ал Жарымбетов оның бұйрықтарын орындауға мәжбүр болған". Адвокат "Бес адам, әркім өзіне тиісті жұмысты атқарған. Бұл қылмыс емес. Ал оны тұтас алып қарағанда, қылмыс болып шығады. Ол Әблязовтің қитұрқысы" деген еді.

Сәдуақас Мәмеш сотта БТА Банктегі жұмысынан 2009 жылы өз еркімен шығып, өз қаражатына Сингапурға оқуға кеткенін айтқан. Мамеш тергеу органдары шақырғанда келгенін, тергеушілермен ынтымақтаса жұмыс істегенін ескерткен. Ол сот кезінде кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеген болатын.

Қазақстаннан 2009 жылы кетіп қалған Қайрат Садықов өзінің елден кетуін «қателігім» деп мәлімдеген еді. Оның туысы әрі қоғамдық қорғаушысы Салтанат Садықованың сөзінше, Қайрат Садықов «Жарымбетовтың қоқан-лоқысы кесірінен әуелі Бішкекке, одан ары Украинаға кетуге мәжбүр болған». Ол тергеушілерге көмектесетінін Қазақстан билігіне хабарлай отырып, 2016 жылы келген.

Салтанат Садықованың сөзінше, оның ағасы «БТА Банк басшыларының шешімдерін техникалық түрде орындайтын» қызметте болған, «банк атынан қандай да бір келісімшарттар мен құжаттарға қол қоятын құзыреті болмаған».

ӘБЛЯЗОВТІҢ «НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҒЫ»

Сотта Әблязовті мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Ажығұлова қорғады. Ақпараттарға қарағанда, ол өзі қорғаған тұлғамен байланыс орнатпаған.

ВИДЕО: Мұхтар Әблязовтың сот үкімі жайлы пікірі

Your browser doesn’t support HTML5

Әблязов сырттай 20 жылға сотталды

Әблязов Азаттыққа мамырдың 25-і Skype арқылы берген комментариінде Алматы сотындағы істі "қолдан жасалған" деп санайтынын айтты. «Өзіме келсем, мен қазақ сотының барлық шешімдеріне немқұрайды қараймын. Менің қолымда Франция сотының шешімі бар. Бұл үкімдердің барлығының, Қазақстан билігінің мені қудалауының саяси астары бар. Сондықтан, олар "Қазақстан билігін айтады - ред.) шығарған барлық шешімдерді мойындамаймын, мен олармен күресемін» деген еді.

Оқи отырыңыз: Әблязов: "Ақылға қонымсыз" сот шешімін мойындамаймын

Ол Азаттықтың "Прокурор сұраған жазаға қатысты не айтасыз?" деген сұрағына Әблязов "Прокурордың мені 20 жылға, Қайрат Садықовты 18 жылға соттау, Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәмешті шартты мерзімге соттауды сұрауы абсурд қана емес, Ақорданың өзі не істеп жатқанын түсінбейтінін, шынайы өмірден ажырағанын көрсетеді" деді.

​- Мен директорлар кеңесінің төрағасы болғандықтан оған заңдық тұрғыдан алғанда ешқандай нұсқау бере алмаймын. Себебі менің өкілеттігім директорлар кеңесінің аясында шектеледі. Ол өзі бағынған Жарымбетов пен банк басқармасының айтқанын орындайды... Ол өзінің айыбын жартылай мойындайтынын, басшылықтың айтқанын орындағанын айтты. Енді мынаған қараңыз: басшының айтқанын жасаған адамға 18 жыл береді, ал оған тікелей басшы адамдарға (Жарымбетов пен Мәмешті айтады - ред.) "айыбын мойындап, ісіне өкілгені үшін" шартты мерзім кеседі. Яғни, бұл жердегі мәселе Ақордаға қажетті сөзді айтқызу керек болған. Егер олар басқаларға шартты жаза берсе, онда Садықовқа да шартты жаза берсін. Бұл - масқара, адамшылық тұрғысынан алғанда да масқара, - деген еді Әблязов.

Ол мемлекет тағайындаған адвокаты өзімен "бір де бір рет байланыспағанын", "қалай қорғанатыны, не істеуі керегін сұрамағанын" да айтты.

Қазір шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов жақында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құрғанын мәлімдеді.

ВИДЕО: Әблязов ҚДТ-ны қайта құрды (3 мамыр 2017 жылы орыс тілінде алынған сұхбат)

Your browser doesn’t support HTML5

Әблязов ҚДТ-ның қайта құрды

Осындай атаумен 2000 жылдардың басында саяси қозғалыс болған еді. Шенеуніктер мен кәсіпкерлер құрған бұл қозғалыстың негізін қалаушылар ішінде Әблязов та болған. Ескі атаумен жаңа қозғалыс құрған Әблязов оның мақсаты «Қазақстан қоғамының салауатты күштерін елде түбегейлі демократиялық өзгерістер жасау үшін біріктіру» деп мәлімдеген. Ол президент лауазымын жоюды, басқару жүйесін бірпалаталы парламенттік етіп өзгертуді, тікелей сайлау өткізуді, адам құқықтарын қорғауды, жерді жеке меншікке өткізуді тоқтатуды ұсынады.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы желтоқсанның 9-ы күні бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның мәлімдеуінше, БТА Банктен "Әблязов басқарған қылмыстық топ" 7 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жымқырған.

ВИДЕО: Депутаттардың Әблязовқа шыққан үкімі жайлы пікірлері

Your browser doesn’t support HTML5

Депутаттардың Әблязов үкімі жайлы пікірлері