Астаналық тұрғын Алтынбек Жұбанышәлиев үш жылдан бері велосипедпен жүреді. Ол велосипедті өзге көлік түрлерінен қолайлы деп санағанымен жолда жүрудің қауіпті екенін айтады.
- Кейде, мысалы, көлік қарасы көбейетін «қарбалас» сағат кезінде жол жүру тәжірибелі деген менің өзіме де қиын. Бізде ереже бұзатын кейбір көлік жүргізушілері bus line (автобусқа арналған жолақ) тұрмақ, сары жолақтың өзін елемей, үстін басып отырып жүйткітеді, - дейді Алтынбек Жұбанышәлиев.
Қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары қалалық автоматтандырылған велопрокат жүйесі қызметін пайдалана алады. Мысалы, астанада велосипедті жалға беретін мұндай станциялар саны 170-тен асады. Адамдар велосипедті арнайы карточканы қолданып пайдаланады. «Astana Bike» компаниясының дерегінше, Астанада 2015 жылы айына орта есеппен адамдар велосипедті 20 мыңнан көп пайдаланған, ал 2016 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 146 мыңнан асқан.
Алайда қала жолдары велосипедшілердің жүруіне бейімделмеген. Жаяу жүргіншілер велосипедшілер санының көбейіп бара жатқанына алаңдайды, олар «велосипедшілер тротуармен жүреді» деп шағынады.
Блогер Аршат Ораз әлеуметтік желілерде бұл тақырыпқа бірнеше пост арнап, оқырмандармен наразылығын бөлісіп жүр.
- Заң бар емес пе? Ал заңға жұрттың бәрі бағынуы тиіс. Бұған ренжудің мүлде жөні жоқ деп ойлаймын. Түсіністікпен қарап, тротуармен жүрмей, мүмкіндігінше қауіпсіздік шлемін киіп, автокөлік жолында өзге көліктермен қатар жүрсе... Қазір әкімдік велосипедшілерге арналған жолдарды көп салып жатыр ғой. Ондай жолдар көбейсе, көше де, жол да дұрыс болады, - дейді ол Азаттыққа.
Велосипедшілерге тротуарлармен жүруге тыйым салынуына байланысты ішкі істер министрлігінің әкімшілік полициясы өкілі Ирина Лукьянина да түсінік берді. Оның пікірінше, велосипедші де транспорт көлігінің жүргізушісі.
- Велосипед – көлік құралы. Демек, велосипедшілердің тротуармен жүруіне тыйым салынады. Велосипедшілер көлікке арналған жолмен, бір қатар түзіп немесе жолдың оң жақ шетімен жүруі тиіс, - дейді ол.
Ирина Лукьянинаның айтуынша, велосипедшілердің автобус жолақтарымен жүруіне де тыйым салынған.
ВИДЕО: Астанадағылар велосипедшілер мәселесі.
Your browser doesn’t support HTML5
Алайда Астана қалалық әкімдігінің бұл мәселеге қатысты берген жауабы ішкі істер министрі өкілі айтқан жаймен үйлеспейді. Әкімдік жазбаша берген жауабында велосипедшілердің "тротуарда жүруіне тыйым салынбайтыны" айтылған. Бұл - ішкі істер министрлігінің өкілінің пікіріне ғана емес, жалпы жұртшылықтың заң жайлы түсінік-ұғымдарына да қайшы.
Жаяу жүргіншілер де, велосипедшілер де бұл проблеманы велосипедке арналған жолдарды көптеп салу шешеді деп санайды. Қазір Астанада қала билігі Қорғалжын тас жолынан Қабанбай батыр көшесіне дейін салған 23 шақырым велосипед жолы бар. Әкімдік қаладағы велосипед жолдарын 2018 жылға дейін 201 километрге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ресми тұлғалар 2022 жылға қарай Астанадағы велосипед жолдарының жалпы ұзындығы 692 километр болады деп мәлімдейді.
2017 жылы Астанада велосипедшілердің араласуымен бір адам мерт болып, 20 адам түрлі дәрежеде жарақат алған 19 жол-көлік апаты тіркелген