Астанада Аттиланы жүрегі жұмсақ әрі парасатты адам ретінде танытпақ

Фатих Сибгатуллиннің «Атилладан президентке дейін» кітабындағы сурет. Қазан, 16 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазанның 21-і күні «Астана опера» театрында Джузеппе Вердидің «Аттила» операсының премьерасы өтеді. Италия режиссері белгілі тұлғаны басқа қырынан танытуға уәде етті.
Итальяндық опера режиссері Пьер Луиджи Пицци Еуропа жұрты «қатыгез варвар» деп танитын ғұндар көсемі Аттиланы Астанада мүлде басқа қырынан көрсетпек. Оның айтуынша, Аттила бейнесі «соғыста батыл әрі ізгі, қаһарман әрі әділ, махаббатта жүрегі құштарлыққа толы, Құдайға бой ұсынған адам» ретінде сомдалған.

ЖАҢА ОБРАЗ

Пицци көрерменге Аттиланы қаһарман қолбасшы, парасатты тұлға, мәрт істердің иесі ретінде танытпақ.

Итальяндық режиссер бұдан бұрын Tenginews агенттігіне берген сұхбатында: «Операның басында мынадай көрініс бар. Кітапхананың жанына аялдаған сарбаздары өртеп жатқан кітаптардың жалынын Аттила желбегейінің етегімен өшіріп, тарихи масқара сәтті тоқтатады» деген еді.

Пьер Луиджи Пицци «кейіпкерімнің маңайындағылар сатып кетіп, алданып

Режиссер Пьер Луиджи Пицци (оң жақта) репетиция кезінде. («Астана опера» театры баспасөз қызметінің фотосы).

жалғыз қалған сәттегі психологиялық күйзелісін жеткізуге тырыстым» дейді. Қойылым соңында Аттила сүйіктісі Одабеллаға өзі сыйлаған семсерге түсіп өледі.

Операда Аттиланың рөлін «Әлемнің үздік бас дауысы» атағының иегері Ильдар Әбдіразақов, Одабелланың рөлін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анна Макарова орындайды. Музыкалық жетекші және дирижер – Валерий Гергиев.

ҚАЗАҚСТАН САХНАСЫНДАҒЫ АТТИЛА

Аттила – Қазақстан өнерінде бұрыннан таныс бейне. Қазақтар Аттиланы «Еділ» деп атайды.

«Қазақтар ғұндарды арғы бабамыз деп есептейді. Қазақ халқында Еділ патша, Еділ батыр туралы эпостық жырлар көп» дейді Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы театр өнері факультетінің деканы Асхат Майемеров.

Оның айтуынша, қазақстандық көрермен белгілі тарихи тұлғаларды жаңа қырынан сахналауды баяғыдан күтіп жүр.

Асхат Майемеровтің айтуынша, 1990 жылдардың ортасында режиссер Юрий

"Астана опера" опера және балет театры. 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ханинга-Бекназар Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында орыс жазушысы Евгений Замятиннің «Аттила» пьесасы бойынша «Еділ патша» спектаклін қойған.

– Жақсы спектакль еді. Төрт көріністен тұратын трагедия. Сахнада алты жылдай қойылды. Ал Вердидің ұлы шығармасы Қазақстанда алғаш қойылмақ. Қандай қойылым екенін бәріміз білгіміз келеді, күтіп жүрміз. Әсіресе қазақстандық көрермен үшін қызық болмақ. Біз Аттиланы ғұндардың көсемі деп санаймыз ғой, – дейді Асхат Майеміров.

Оның пікірінше, Аттиланың жаңарған бейнесі қазақстандық көрерменге ұнауы тиіс.

«Аттила» операсын қою үшін Астанада бір жылдай дайындық жұмыстары жүрді. Италияға тапсырыс беріліп, Рим опера театрының осындай қойылымына дайындалған декорациялар мен костюмдері әкелінді. Пьер Луиджи Пиццидің айтуынша, «Ғұндардың киімі этникалық ерекшеліктер енгізіліп, жаңадан тігілді. Киімдерінде қызыл, ақ, қара және сары түстерге басымдық берілді».

«Астана опера» театры баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «Аттила» премьерасы – әлемдік премьера болмақ. Премьерадан кейін үш күн қатарынан халықаралық ғылыми-практикалық конференция, классикалық музыка мен «Астана опера» театры жұлдыздарының қатысуымен гала-концерттер өтеді. Бұл шараларға шетелдік қонақтар көп қатысады деп жоспарланған. Билет бағасы 500 теңге мен 30 мың теңге аралығында.