Бір кезде қаланың батысындағы саяжай массиві тұрғындары үшін қалаға тікелей қатынауға арналып Есіл өзенінен салынған жаяулар көпірі қазір тозған. Жөндеу көрмегелі қанша уақыт болғанын да ешкім нақтылап айтып бере алмайды. Ұзындығы 60 метрді шамалайтын көпірден иықтасып екі адам әзер өтеді. Көпірдің жақтауы да тым төмен. Есіл өзенінің осы көпір тұрған тұсының тереңдігі 3-4 метр шамасында. Көктем сайын су тасығанда су көтеріліп кетіп, жергілікті тұрғындар көпірдің үстінен резеңке етікпен өтетінін айтады. Көпірдің салынғанына 15 жыл болған.
23 қыркүйек күні кешке дәл осы «Западный» саяжай массивін Көктал шағын ауданымен қосатын көпірде қайғылы жағдай болды. Кешкілік отбасымен қонақтан қайтып келе жатқан алты жасар бала көпірден құлап суға батып кетті. Кейіннен баланың мәйіті табылып, жерленді.
Осы оқиғадан соң, бүгін «Западный» саяжай массивінің тұрғындары жиналып, жергілікті билікке қатысты өз ұсыныс, талаптарын білдірді. Олар он жылдан астам уақыт жергілікті биліктен осы көпірді түпкілікті жөндеуден өткізуді не болмаса жаңа көпір салып беруді сұрап келе жатқандарын айтады.
- Көпірден өту қорқынышты. Мектепте оқитын екі балам бар. Бірін үйге әкеліп тастап барып, екіншісін де мектепке өзім апарамын. Ылғи да осы, көпірден қорқып өтеміз, - дейді «Западный» саяжай массивінің тұрғыны Ирина Попова.
Саяжай массивінің тағы бір тұрғыны Татьяна Кабдрашева өздерінің үш жылдан бері осы саяжайда тұратынын айтады.
- Көпір шайқалып тұрады. Оған, біз, ересектер үйреніп алдық, асықпай өтеміз. Ал кішкене балалар үшін қауіпті, - дейді Татьяна.
Тағы бір тұрғын Фарид Таскабулов екі жағаны жалғайтын көпірдің өздері үшін неліктен маңызды екендігін айтып берді.
- Бұл көпір бізге қажет. Өйткені көпір бізді мектеп, балабақша, ауруханамен байланыстырады, - дейді ол.
Қазірдің өзінде аспалы көпірді жағаға бекітіп ұстап тұратын тростардың бірі үзіліп кеткен. Ал көпірдің екі басындағы бағандардың қисайып тұрғандығын көруге болады.
ВИДЕО: Астанадағы "қыл көпір"
Your browser doesn’t support HTML5
«Западный» саяжай массивінде 236 жер телімі, ресми тіркелген 32 баспана бар. Бірақ саяжай қауымдастығының төрағасы Евгений Примак «мұнда халық жүздеп саналады» дейді. Айтуынша, елді қаламен тікелей жалғап отырған жалғыз көпір Есіл ауданы әкімдігінің балансында жоқ. Аспалы көпірді жыл сайын жергілікті тұрғындар өздері жөндейді.
«Западный» саяжай қауымдастығының төрағасы Евгений Примактың сөзінше, жаңа көпірді тұрғындар өздері сала алмайды. Ол өзінің бұл қызметке таяуда ғана келгенін айтып отыр.
- Жаңа көпірді өзіміз сала алмаймыз. Жер бөлу, келісу, архитектуралық жоба жасату секілді шығындарды қауымдастық көтере алмайды, - дейді саяжай қауымдастығының төрағасы Азаттыққа.
Есіл аудандық әкімдігі өздеріне қарасты «Западный» саяжай массиві тұрғындарының үрейін тудырған көпір туралы сұраққа жауап беруден бас тартып, қалалық әкімдікке сілтеді.