Мельдоний Қазақстан спортшыларынан да табылды

Мельдоний препараты.

Жыл басынан бері Қазақстанның 18 спортшысының ағзасынан допинг табылған. Олардың арасында мельдоний препаратын қолданғандар да бар.

Д. есімді қазақстандық дзюдошы (есімін жариялаудан бас тартты) 2016 жылға дейін мельдоний препаратын қолданып келгенін айтады. Бірақ олар 2015 жылдың қараша айында дзюдо құрамасының дәрігерлерінен бұл препаратты қолдануға болмайтыны туралы ескерту алған.

– Басқа спортшыларды білмеймін, бірақ бізге (дзюдошыларға) дәрігерлер 2015 жылы қараша айында мельдоний препараты допинг тізіміне енгені туралы айтты. Қазір қолдануды тоқтаттық, – дейді спортшы.

Есімін атауды қаламаған қазақстандық тағы бір дзюдошы Азаттық тілшісіне «командаластарының былтыр мельдоний қолданып келгенін, бірақ өзі денсаулығына байланысты пайдаланбағанын» айтты.

«18 ДОПИНГ ҚОЛДАНУ ОҚИҒАСЫ АНЫҚТАЛДЫ»

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты допингке қарсы ұлттық орталықтың директоры Майра Бақашева Азаттыққа берген ресми жауабында Қазақстан спортшылары арасында мельдоний қолданып, спорт-жаттығу шараларынан шеттетілгендері бар екенін айтты.

Республикалық допингке қарсы ұлттық орталықтың директоры Майра Бақашева.

– Жыл басынан бері 960 допинг сынамалары алынып, тыйым салынған препараттар қолданудың 18 оқиғасы анықталды. Қазақстандық спортшылар арасында мельдоний қолданғандары да бар, - дейді Бақашева.

Алайда ұлттық орталық спортшылардың жеке бас құпиясын сақтау үшін есімдерін жарияламай отыр.

Жағдаймен таныс Б. есімді спорт журналисі Азаттық тілшісіне «мельдоний препаратымен ұсталғандар қазақстандық спортшылар қатарында Азия чемпиондары мен Рио олимпиадасына жолдама алған атлеттер бар. Бірақ олардың есімі құпия сақталып тұр» дейді.

«СПОРТШЫЛАР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ»

Республикалық допингке қарсы ұлттық орталықтың директоры Майра Бақашеваның айтуынша, мельдоний тыйым салынған препараттар тізіміне енгеннен кейін Қазақстанда жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізілген.

– Ұлттық орталық спортшыларға, дәрігерлерге, жаттықтырушыларға, спорт федерацияларына мельдонийдің тыйым салынған препараттар тізіміне енгені туралы түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп келеді. Барлық федерацияларға айтылды, – дейді ол.

Допингке қарсы ұлттық орталық директоры Рио олимпиадасының қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасына енген спортшылар мен спорттық резервтегі командалардың өкілдері тұрақты бақылауда болатынын да хабарлады.

WADA (Допингке қарсы халықаралық агенттік) 2016 жылы қаңтардың 1-інде мельдоний препаратын допинг тізіміне енгізген. Агенттік 2016 жылдың басынан бері 288 спортшының қанынан мельдоний табылғанын мәлімдеді.

Мельдоний препаратын қолданғандардың көбі - бұрынғы совет елдері спортшылары. Допинг дауына іліккендер арасында ондаған ресейлік спортшының аты-жөні аталады. Олардың қатарында әлемге танымал теннисші Мария Шарапова, жүзуден әлем чемпионы Юлия Ефимова, конькимен жүгіруден әлем чемпионы Павел Кулижников та бар.

Оқи отырыңыз: Ресей спортшыларын «ақтап алуға» жанталасып жатыр

Беларусьте де 12 спортшыдан мельдоний табылған. Бұл тізімге ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Андрей Рыбаков та енді.

WADA 2016 жылдың наурыз айының 1-іне дейін тапсырылған допинг-сынамаларында бір микрограмм шамасында мельдоний болса, оларға кешірім жасалатынын мәлімдеген.

Қазақстандық спортшылар осыған дейін де бірнеше рет допинг дауына ілінген. 2015 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында күміс және қола медаль алған Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевтың қанынан рұқсат етілмеген препарат табылып, олар спорттан уақытша шеттетілген. Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі Өтешов пен Қыдырбаевтың биылғы Рио олимпиадасына қатыспайтынын хабарлады.