Қысым көрген этникалық қазақтар елші уәдесіне елеңдейді

Алматыдағы сыртқы істер министрлігі өкілдігі алдына тұрған Қытайдан келген этникалық қазақтар. Азаттық видеосынан скриншот. Алмаьты, 25 қазан 2017 жыл.

Қытай қазақтарының көріп отырған қысымына қатысты Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей алғаш рет жауап берді. Қытайда қамалған қазақтардың Қазақстандағы туыстары енді елшінің уәдесінен кейін жағдай түзелер деп үміттенеді.

Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын этникалық қазақ Сәңкей Адалдың (аты-жөні өзгертілді – авт.) Қазақстанға келгеніне 20 шақты күн ғана болған. Сауда-саттықты кәсіп ететін Сәңкей «Қазақстанға шығарда қанымызды тапсырып, саусақ іздерімізді қалдырып, өзім жайлы толық мәліметті беріп, қазақстандық компаниялармен сауда жөніндегі келісімдерді көрсетіп жүріп, шекарадан әрең өттік» дейді.

«Үрімжіден әйелім хабарласып, тез қайтуымды өтініп жатыр. Өйткені шетелде бір айдан артық жүріп қалсаң, тергеуге алып, «екі бетсің» (Қазақстанға іштартасың деген мағынада – авт.) деп қамап тастайды. Үш айдан алты айға дейін саяси үйренуге жібереді. Сол себепті мұндағы кейбір шаруаларым бітпесе де қайтуға жиналып жатырмын. Бірақ барғаннан кейін қандай да бір сылтаумен ұстап, қамап тастауы да мүмкін» дейді ол ішкі қорқынышын жасыра алмай.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫН СОНДА НЕ ДЕП АЙЫПТАЙДЫ?

Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр ауданындағы Шіңгіл өлкесінен түсірілген көшедегі әскери көліктің суреті.

БІР АУЫЛДАН ЕКІНШІ АУЫЛҒА РҰҚСАТПЕН БАРУ

Сәңкейдің айтуынша Шыңжаң аймағында тұратын мұсылман тектес жұрттың барлығы қатаң бақылауға алынған.

- Бір ауылдан екінші ауылға бару үшін сұранып шығасың. Мемлекеттік қызметкерлердің барлығының паспортын жинап алған. Олар сыртқа шығу үшін арыз жазып, жоғары үкіметтен сұранады. Берсе кетті, бермесе амал жоқ. Қысым әсіресе діни адамдарға қатты тиіп жатыр, - дейді Сәңкей Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазіргі ахуалдан хабар беріп.

Оқи отырыңыз: Қытайда қазақ имамның жүздей жақтасы ұсталған

Шетелге қоңырау шалуға, whatssap байланыс желісіне кіруге тиым салынғанын айтқан Сәңкей «Қазіргі саясат қатаң басқару яғни тез соққы беру екен. Ұсталған адамдарды тез арада қамайды» деді.

Қой айдап келе жатқан Шыңжаң қазақтары

ЕЛШІНІҢ ЖАУАБЫ

Қазанның 31-і күні Астанадағы «Бейжің сарайы» қонақүйінде болған журналистермен кездесу кезінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей мырза журналист Анар Төлеухан қойған сауалға орай «заңсыз әрекеттердің орын алып жатқанын» мойындаған болатын.

Қазаққа деген ешқандай жаман көзқарас жоқ. Бірақ тексереміз деп шамадан артық кетіп қалған жайттар болған. Жоғарыдан съезд ешбір у-шусыз өтетін болсын деп түскен нұсқауды орындаймыз деген құқық қорғау органдарының қызметкерлері шамадан тыс қимылдап, төмендегі жекелеген қызметкерлер ақылға сыймайтын шешімдерге барған.

«Қудалауға келсек, 19-съезд (Қытай коммунистерінің қазанның 24-і күні аяқталған 19-съезін айтады – ред.) қарсаңында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы адамдарды тексеру қатты жүргізілді жəне тек қазақтар ғана емес ханзулар да (жергілікті қытайларды айтады – ред.), барлық өзге ұлт өкілдері де тексеруден өтті. Қазаққа деген ешқандай жаман көзқарас жоқ. Бірақ тексереміз деп шамадан артық кетіп қалған жайттар болған. Жоғарыдан съезд ешбір у-шусыз өтетін болсын деп түскен нұсқауды орындаймыз деген құқық қорғау органдарының қызметкерлері шамадан тыс қимылдап, төмендегі жекелеген қызметкерлер ақылға сыймайтын шешімдерге барған. Тіпті Үрмжіге барып біздің елшіліктің дипломаттары қонақүйге орналаса алмады. Олардан куəлік сұраған, ал біздің қызметкерлерде тек дипломатиялық паспорт қана бар. Сөйтіп Бейжіңнен хабарласып бұларың дұрыс емес дегенде барып орын берді. ...бұл мемлекет тарапынан жасалған саясат емес, жекелеген мемлекеттік қызметкерлердің жүгенсіздігі» деген бас консуль «Егер осындай фактілер тағы болса, азаматтардың елшілікке келіп мəн-жайды айтуын сұраймын. Ондай ақпаратты саудаға салып желкілдету мəселені шешпейді, қайта екі ел арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Сондықтан жолсыздық болған жағдайда хабарлассын, мәселеге мен өзім араласатын боламын" деп жауап берген еді.

Бұл – Қытайдағы этникалық қазақтарға жасалған қысым жайлы ҚХР үкіметі тарапынан берілген алғашқы ресми жауап болды.

«БҰҒАН ДЕЙІН АРЫЗ ЖАЗУҒА ҚОРЫҚТЫҚ»

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген, қазір Қазақстан азаматы болып алған қоғамдық белсенді Қыдырәлі Оразұлы Азаттық тілшісіне телефон арқылы «Журналистке берген жауабына орай нақты фактілермен арыз-шағым дайындап жатырмыз. Алдағы үш-төрт күнде Төтенше және өкілетті елшінің қолына табыстаймыз» дейді.

- Бұған дейін Қытай елшілігіне шағымдана алмадық. Өйткені арыз жазсақ арғы беттегі (Қытайдағы – авт.) сотталған туыстарымыз алған жазасының үстіне жаза жамап ала ма деп қорықтық. Сол себепті өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шағымданған болатынбыз. Олар біздің шағымды қабылдап алып, Қытай елшілігі арқылы Қытай билігіне жеткізуге уәде берген. Бәлкім, елші мырзаның мойындауы - осы шағым хаттан кейін болуы да мүмкін, - деген Қыдырәлі Оразұлы «Бас елші нақты факті болса, істі оң шешетінін айтып отыр. Сол себепті бізде елшінің сөзіне үміттене қараймыз, - деді.

ВИДЕО: Қытайда қамалған қазақтардың туыстарының шағымы (24 қазан 2017 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Оралмандар Қытайда қамаудағы туыстарының дерегін білуді сұрады

Қазанның 23-і Астанада БАҚ өкілдерінің сауалына жауабында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов:

- Бізге ресми мәлімет түссе біз міндетті түрде Қытай тарапымен, өзіміздің сыртқы істер министрлігінде немесе басқа мекемелердегі әріптестерімізбен [бұл мәселені] көтереміз. Өзіміздің қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделерін, олардың құқықтарын қорғау – бұл біздің тікелей міндетіміз, - деп мәлімдеген.

ВИДЕО: Қазақстан СІМ Қайрат Әбдірахманов Қытайдағы қазақтар туралы (23 қазан 2017 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстан СІМ Қайрат Әбдірахманов Қытайда қысым көрген қазақтар мәселесі туралы

Қытайдағы этникалық қазақтардың үкімет қысымына ұшырап жатқаны туралы алғашқы хабарлар 2017 жылдың көктемі мен жаздың басында шыға бастаған еді. Азаттық бұл тақырыптағы сериялы мақалаларының алғашқысын 2017 жылы маусымның 8-і жазды.

Оқи отырыңыз: Қытай қазақтары "қысым көріп жатқандарын" айтады

Мұнан ары бұл мәселе маусым айында өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында көтерілді.

ВИДЕО: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты

Your browser doesn’t support HTML5

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, Қазақстан президенті Назарбаев бұл мәселені бұрын білмегенін, енді ғана бақылауына алатынын айтқан болатын. Азаттық мұнан кейін бұл проблемаға қатысты сұхбат, мақала, видесюжет түрінде ондаған материал жариялаған.

Пекин бұл мәселе шыққанға дейін ұйғырлар көбірек тұратын аудандарда өзі күмәнді деп танитын саяси және діни көзқарас ұстанушы адамдарды оқшаулап, сотқа тартып келген. Кейбір халықаралық бақылаушылар енді бұл тәсілдің Шыңжаңдағы қазақтар тұратын аудандарда да қолданыла бастағанын айтады. Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларына, Алтай, Тарбағатай аймақтарына, бұлардан басқа тағы бірнеше қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, бұл елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.