Андрей Свиридов Евгений Жовтисті қолдағаны үшін айыппұл төлейді

Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов сот шешімімен танысып тұр. Алматы, 17 қыркүйек 2009 жыл.

Қыркүйектің 17-сі күні мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Евгений Жовтис ісінің әділ қаралуын талап еткен журналист Андрей Свиридовке 10 орта айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Сот процесін бақылағандар да, жазаланушы да істе заң бұзушылықтардың көп болғанын айтады.
ҚАЙТА ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАМАДА АКЦИЯ «ДЕМОНСТРАЦИЯҒА» АЙНАЛЫП КЕТКЕН

Виктор Ковтуновскийдің наразылық шарасын жалғастырған Андрей Свиридовтің ісі бір күннің ішінде қарастырылып, шешіле қойған жоқ. Акция өткізілген күні толтырылған хаттама жарамсыз танылып, жаңа хаттама жазылыпты. Бұл журналист пен қоғамдық қор өкілдерінің таңқалысын тудырды. Себебі хаттамада акцияның орнына «демонстрация» деп көрсетіліпті.

Андрей Свиридов: «Бір адам демонстрация өткізе алмайды. Мынау жаңа хаттама. Кеше мен қол қойған ескі хаттама дұрыс жазылған болатын. Тек онда мен өзімнің құқық бұзушы емес екенімді айттым. Біз мұны сот төрешісіне айттық. Ал сот төрешісі мұның барлығына көз жұма қарапты»

Құқыққорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, неге екені белгісіз, хаттамада құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан кеткен заң бұзушылықтар баяндалмаған:

«Акцияда Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының өкілдері хаттама толтырып жатқан кезде ұсталушы мен көптеген журналистердің өтінішіне қарамастан Свиридовты не үшін ұстап жатқанын түсіндірген жоқ. Бұл туралы хаттамада жазылмаған»

СОТ ПРОЦЕСІНЕ АНДРЕЙ СВИРИДОВ ҚОРҒАУШЫСЫЗ ҚАТЫСТЫ

Таңертең болған сот отырысында сот төрешісі журналисті қорғау құқығынан айырды. Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының заңгері Светлана Орысбаеваның айтуынша, бұл заңсыз.

Светлана Орысбаева, тәуелсіз журналист Андрей Свиридовтың адвокаты. Алматы, 17 қыркүйек 2009 жыл.
«Сот төрешісі «қорғаушының лицензиясы жоқ» деп маған қорғауға мүмкіндік берген жоқ. Алайда менде істі жүргізуге қатысты сенімхат бар. Әкімшілік кодекске сәйкес, лицензиясы бар қорғаушы ғана емес, заңды өкілдері де қорғай алады. Бұл сот процесінің объективті болмағанын көрсетеді. Сондай ақ, сот отырысы барысында хаттама түзілген жоқ, хатшы болмады. Біз сот төрешісінен оның себебін сұраған кезде «әкімшілік кодекске сәйкес хатшы қарастырылмайды» деді.

Андрей Свиридов: «Бір апта бұрын Светлана Виктор Ковтуновскийді қорғаған болатын. Бәлкім, бұл оны белсенді қорғауының нәтижесі шығар. Сол себепті қорыққан болар. Бірақ бұл болжам ғана» дейді.

Осыған орай журналист пен оның қорғаушысы сот төрешісін ауыстыру туралы өтініш берген еді. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырылған жоқ. Мұның себебін сот төрешісі төмендегіше түсіндірді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 648-ші бабына сәйкес, хаттама жазылмайды. Сондай ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 588-ші бабына сәйкес, қорғаушының қызметі мен өкілеттігі нақты анық жазылған. Мұндайда сот процесіне айыпталушы тек жасы кәмелетке толмаған жағдайда немесе өзінің құқығын қорғауға физикалық- психологиялық мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана жіберіледі»

Бір күннің ішінде бірнеше мәрте үзілген сот отырысы кешкі сағат 18.30 шамасында аяқталды. Сот төрешісі А.Қоразбаева Әкімшілік кодекстің 373-ші бабы, 1-ші бөлімі бойынша журналистке 10 орташа айлық көрсеткіш яғни, 12 730 теңге көлемінде айыппұл салды.

Естеріңізде болса, Андрей Свиридов қамауда отырған Евгений Жовтис ісіне қатысты соттың әділ етуін талап етіп, сәрсенбі күні наразылық акциясын өткізген еді. Бұдан бір апта бұрын дәл осы мазмұндағы акцияны саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаған болатын. Мамандандырылған экономикалық сот оған әкімшілік жаза ретінде 32 мың теңге көлемінде айыппұл салған еді.