Жоғары балмен грантқа жетпегендер түсініктеме талап етті

Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау қорытындысына наразы талапкерлер мен ата-аналар білім және ғылым министрлігінде арыз жазып отыр. Астана, 11 тамыз 2017 жыл.

Астанада бір топ абитуриент пен ата-аналар жоғары оқу орындарына кей мамандықтарға білім грантына "ҰБТ-да көп балл алған өтпей, кем балл алған талапкердің" ие болуына наразылық білдірді. Білім және ғылым министрлігі өкілдері "конкурс бұрынғы ереже бойынша өтті" деп түсіндіреді.

Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарымен биыл жоғары оқу орындарына түскен талапкерлердің тізімі жарияланды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл жоғары оқу орындарына барлығы 37932 білім гранты бөлінген. Олардың 35082-сі бірінші курсқа оқуға қабылдауға, 2850-і - жоғары оқу орындары жанындағы дайындық курстарында оқуға бөлінген.

"ЖОҒАРЫ БАЛЛ АЛЫП, ГРАНТТАН ҚАҒЫЛДЫМ"

Тамыздың 11-і күні Астанадағы білім және ғылым министрлігінің алдына жиналған ата-аналар балалары биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) мен Кешенді тестілеуден (КТ) жоғары балл алса да, кейбір мамандықтар бойынша "олардан төмен балл алған абитуриенттердің білім грантына ие болуының" себебін түсіндіруді талап етті.

Your browser doesn’t support HTML5

Жоғары бағамен гранттан қағылғандар наразы

Индира Әбікенованың жиені ҰБТ-дан 126 балл жинағанымен, Қазақ мемлекеттік заң университетіне құқықтану мамандығы бойынша грантқа ілінбей қалған. Индира министрлік сайтындағы грант иегерлерінің тізімінен әлгі мамандық бойынша аталған университетке 108 балл жинаған өзге талапкердің оқуға түскенін көргенін айтады және мұның себебін түсіндіруді министрліктен талап етеді.

ҰБТ-дан 121 балл жинаған астаналық талапкер Сәттігүл Қарақожа шетел филологиясы мен түркология мамандығына құжат тапсырып, бірақ оқуға түсе алмаған. Оның сөзінше, бұл мамандыққа өзінен "төмен баллмен оқуға түскендер бар".

Астана тұрғыны Ғани Ахмеджанова немересі Темірлан Өмірзақовтың 114 баллмен Еуразия ұлттық университетінің құқықтану мамандығына грантқа ілінбегеніне ренжулі.

- ҰБТ-дан 114 балл жинады, профильдік пәннен 31 балл алды. Осы балмен құқықтану және халықаралық құқық мамандықтарына түсе алмады. Мұнда 11 балмен құқықтануға, ал 104 балмен халықаралық құқық мамандықтарына түсіп отыр. Мен осыған наразымын. Бұл адамдар қандай негізде грантқа ие болды? Бұлар "Алтын белгі" иегерлері болғанның өзінде, конкурста басымдық беретіндей балдары немеремнің балымен бірдей емес қой. Төмен балмен түсіп отыр, - дейді Ғани Ахмеджанова.

Жұма күні білім гранты иегерлері туралы ресми шешімге наразылық білдірген ата-аналар мен абитуриенттер министрлікке арыз-шағымын жазбаша түрде тапсырды.

МИНИСТРЛІКТІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен Ұлттық тестілеу орталығының (ҰТО) директоры Рамазан Әлімқұлов жиналғандарға арнап брифинг өткізіп, жағдайға түсініктеме берді.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

Олардың сөзінше, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұған дейін "Алтын белгі" иегерлеріне конкурста басымдық берілмейтінін мәлімдегенімен, ол туралы тиісті заңдарға түзету енгізу жобасы әлі парламенттің қарауында жатыр.

"Осыған байланысты биылғы конкурс бұрынғы ереже бойынша өтті, яғни, грант өзге талапкерлерден төмен балл жинаса да алдымен "Алтын белгі" иегерлеріне берілді", - деп түсіндірді білім және ғылым министрлігі өкілдері.

Министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенованың сөзінше, биыл министрлік бакалавриат бойынша грант санын 6 мыңға көбейткен. Ол түрлі мамандық бойынша бөлінген гранттар саны бұған дейінгі жылдардағыдай, биыл да біркелкі деңгейде еместігін, "әр мамандық бойынша білім грантын алу үшін белгілі бір деңгейде балл жинау қажеттігін" айтты.

"Бұл – жаңалық емес, былтыр да, алдыңғы жылы да осылай болған. Сол себепті талапкерлер мамандықтарға қандай бәсеке болатынын білулері үшін әр мамандық бойынша бөлінетін гранттар көлемі жыл сайын ҰБТ өткізілгенге дейін белгілі болады", - дейді Гүлзат Көбенова.

Сонымен бірге ауыл квоталары мен жеңілдіктерді пайдаланатын басқа да санаттағы адамдардың бар екенін де ескеру қажеттігін айтады министрлік өкілі. "Ондай талапкер ҰБТ-дан алған ұпай санының төмен болғанына қарамастан грант иегері атанады. Бұл да жыл сайын қайталанатын жағдай", - деді Көбенова.

Биыл Қазақстанда мектеп түлектері ҰБТ-ны жаңаша форматта тапсырған. Министрлік мәліметінше, ҰБТ-ға барлығы 88 595 мектеп бітіруші қатысқан. 67 627 түлек тест сұрақтарына қазақ тілінде, 20 968 – орыс тілінде жауап берген. Тест тапсырғандардың 84 пайызы жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік беретін межеден өткен. Алайда биылғы ҰБТ кезінде Қазақстан бойынша ең көп 140 балды ешкім алған жоқ. 14 066 адам ҰБТ-ның ең төменгі межесінен өте алмаған.

Қазақстанда биыл жаңа форматта өткен ҰБТ туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңа форматтағы ҰБТ