Қазақстан «Еңбек өнімділігі-2020» атты тағы бір бағдарлама қабылдады. Бірақ оның болашағы қалай болары белгісіз.
Қазақстандағы еңбек өнімділігі адам басына шаққанда орташа есеппен 30–40 мың долларды құрайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 200 мың долларға тең келеді.
Машина жасау өнеркәсібінде еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 10–17 мың долларды құрайды, АҚШ-та ол адам басына есептегенде 90 мың доллар болады. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың көпшілігіне тиесілі негізгі қорлардың тозу дәрежесі – 60 пайыздан жоғары. Металлургия саласындағы тозу деңгейі – 58,4 пайыз, машина жасауда – 56,7, химия және фармацевтикада – 45,3, құрылыста 39 пайызды құрайды.
ҰШАТЫН ЖӘНЕ ЖҮЗЕТІН ҚҰРАЛДАР ДА ҚАМТЫЛҒАН
Қазақстан биыл «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасын қабылдады. Оны іске асыруға 34,9 миллиард теңге жұмсау қарастырылған. Құжаттың негізінде екі мақсат жатыр.
Біріншісі – қолданыстағы басқару және өндіріс технологияларын жетілдіру, бұл жоғары білікті (соның ішінде шетелдік) мамандарды тарту және заманауи технологияларды енгізу негізінде іске асады.
Екіншісі – технологияларды иемдену негізінде жұмыс жасап жатқан өндірістерді жаңарту (техникамен қайта жабдықтау) және олардың жаңа бәсекеге қабілеттілерін құру, ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру және білікті жобалаушы және инжинирингілік ұйымдарды тарту.
«Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасына барлық салалардың өңдеуші кәсіпорындары қатысады. Оның үстіне шығаруға жоспарланған өнімдердің көлемді тізімі бар. Оған азық-түлік пен көпшілік қолданатын тауарлардан бастап ғарыштық ұшу аппараттары мен олардың бөлшектері, кеме, қайық пен жүзетін құрылымдарға дейін қамтылыпты.
БӘСЕКЕСІЗ НӘТИЖЕ ЖОҚ
Қазақстандағы еңбек өнімділігінің төмен болу себебін түсіну үшін статистика жөніндегі агенттіктің деректеріне жүгінген жөн. 2011 жылдың қаңтар – шілде айлары бойынша тауар экспорты 49 963,8 миллион долларды құрады, ал импорт 21 525,8 миллион доллар болды.
Экспорт | Импорт | |||
Тауар топтары | миллион доллармен | пайызбен | миллион доллармен | пайызбен |
Өсімдік текті және мал өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары | 815,2 | 1,6 | 2 310,9 | 10,7 |
Минералды өнімдер | 39 404,7 | 78,9 | 3 254,4 | 15,1 |
Химиялық өнімдер және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері | 1 859,5 | 3,7 | 2 855,0 | 13,3 |
Металдар және олардан жасалған бұйымдар | 5 920,1 | 11,8 | 3 105,8 | 14,4 |
Машиналар, жабдықтар, көліктер, аспаптар және аппараттар | 555,9 | 1,1 | 8 002,7 | 37,2 |
Басқа да тауарлар | 1 408,4 | 2,9 | 1 997,0 | 9,3 |
Барлығы | 49 963,8 | 100 | 21 525,8 | 100 |
Минералды ресурстар мен металдарды есептемесек, деректерге қарағанда, Қазақстан экспорттаудан гөрі ел шетел өнімдерін көбірек тұтынады. Өңдеуші өнеркәсіп көп дәрежеде бәсеке жоқ ішкі нарықпен шектеледі, ал бұл еңбек өнімділігін арттыруға деген мүддені жоққа шығарады.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ОСАЛ ТҰСЫ
Биыл шілде айында Қазақстандағы өнеркәсіп дамуы институтының президенті Мейрам Қажыкен Bnews.kz сайтында «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасын қаржыландыруға қатысты түсінік берді. «Бұл -инвесторлардың ақшасы емес, бюджеттің ақшасы. Сонымен бірге 15 миллиард теңге – «ҚДБ-Лизингтің» ақшасы» дейді Мейрам Қажыкен.
«ҚДБ-Лизингтің» «Қазақстан Даму Банкі» компаниясының еншілес ұйымы ретінде «Самұрық-Қазына» қоры жүйесіне енетінін ескерсек, бұл да мемлекеттің қаражаты. Бірақ бұл қаражат та жеткіліксіз болып шықты.
-...Көбірек, анағұрлым көп ақша керек. Жеті-сегіз есе, тіпті он есе көп керек болар, – дейді Мейрам Қажыкен. - Ақша бар, бірақ бюджет оны бөліп бере алмайды, оның үстіне модернизацияны қолдау бюджеттің қызметтік міндеті емес. Бұл - нарық институттарының міндеті, нарықтық инфрақұрылым құру керек деген сөз.
Өкінішке қарай, ол «нарықтық инфрақұрылым» дегенді қалай түсінетінін анықтап жатпады. Ол экономиканың зор үлесін құрайтын жеке меншік құрылымдарды меңзеген көрінеді, алайда бұл құрылым бағдарламаның жүзеге асуына мүдделі болмай отыр.
Сөзден іске көшу үшін мемлекеттің тап осы кезеңде бағдарлама қарқынын шапшаңдата алатын нарықтық (ең алдымен, салықтық) механизмдерді енгізуі қажет .
ҚЫТАЙ ТӘЖІРИБЕСІ
«Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасы модернизацияны лизинг көмегімен іске асыруды көздейді. Осы ретте бірден бірқатар сұрақ туындайды. Кім кейін құнын төлеп сатып алу құқын сақтай отырып, мүлікті жалға береді? Кім бәсекелестерін өсіп-өнсін дейді? Потенциалды бәсекелесіне су жаңа технологиялар мен жабдықтарды кім бере салады?
Қытай басқа жолды таңдады. Қытай бизнесі билікпен бірігіп, қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатқан Еуропада агрессиялық саясат жүргізіп отыр. Соңғы үш жылдың ішінде Қытай Еуропа Одағының экономикасына 40 миллиард доллардан аса инвестиция салды. Қытай Еуропаның жүзден аса кәсіпорнын тікелей және жанама түрде бақылап отыр. Бейжің сатып алған мүліктердің ішіндегі мәлім болғандарының қатарына «Вольво»; «Медион» неміс компаниясының 37 пайыздық акциясы; Manassen фирмасындағы үлестің 75 пайызы; «Юнайтед Бисквитс» ағылшын компаниясы кіреді.
Қытай болашақта пайдаға жарайтынның бәрін сатып алды. Нәтижесінде не көріп отырмыз? Технологиялар мен жобалар шетелдік кәсіпорындардан біртіндеп Қытайға ағылып жатыр. Қытай олардан қазірдің өзінде тиісті пайда таба бастады.
Қытай билігі өз кәсіпкерлерін ынталандырып жатыр, ал олар шетел кәсіпорындарын иемденуге ынталы әрі олардың акцияларын сатып алады.
Ал Қазақстандағы ахуал қандай? Мұндағы билік те, ең бай қазақстандықтар да (мәселен, «Форбс» журналының тізіміне енген адамдар) көршілерінің тәжірибесінен үлгі алуға ұмтылар емес. Олар шикізат пен мол ақшаны сыртқа шығаруды артық көреді.