Accessibility links

Сирек металға байланысты көп сауал мен сараң жауап


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан сирек металдар мен сирек жер металдар өндіру жөнінен әлемде көшбасшы бола алады. Бірақ жария ақпараттардың жоқтығына байланысты бірқатар келісім-шарттар күдік туғызады.


Жоғары технологиялық өндірісте қолданылатын сирек металдар экспортын Қытайдың күрт шектеуіне байланысты осы саланың сарапшылары смартфон, қатты диск, сұйықкристалды экрандар секілді компьютер бөлшектерінің бағасы көтеріледі деп болжап отыр.

Сирек металдар шикізатының елеулі қоры бар Қазақстан рений мен галлий, сондай-ақ осмий-187 изотобы секілді металдар өндіретін әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарында, – дейді Минералды шикізатты кешенді өңдеу
...осмий-187-нің бір грамының әлемдік рыноктағы бағасы үш килограмм алтыннан да қымбат
жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры Абдурасул Жәрменов.

Осмий-187 – әлемдегі ең қымбат металл. 2011 жылдың бас кезінде осмий-187-нің бір грамының әлемдік рыноктағы бағасы үш килограмм алтыннан да қымбат болды (Аутор мынадай қарапайым математикалық тәсілмен есептеп отыр: 2011 жылы 28 қаңтар күнгі халықаралық саудадағы алтынның бір троялық унциясы – 1313,58 доллар). Осмий-187 аэроғарыш саласында, ракета жасауда, қазіргі заманғы технологиялар мен көптеген дәрілік препараттарды синтездеу кезінде пайдаланылады.

Осмий-187 қазақ изотобының шикізаты Жезқазған кен орындарынан алынады. Мұнда өндірілетін кеннің 100 грамында 0,02 пайыз осмий бар. Бұл – әлемдегі ең жақсы көрсеткіш. 2004 жылы қаңтарда Абдурасул Жәрменовтың осылай дегенін «Қазақпарат» агенттігі хабарлаған еді.

Оның сөзіне қарағанда, осмийдің осмий-187 изотобында толық берілуі де қазақ кен орындарының бірегей екендігін танытатын белгі болып саналады. Сондай-ақ бұл – шикізат қоры есептеліп және «С-1», «С-2» өнеркәсіптік санаттарымен бектілген әлемдегі жалғыз кен орыны.

«Жер қыртысындағы аса сирек элементтердің бірі – рений Жезқазған қаласына таяу жерден табылған, аса сирек жезказганит түрінде кездеседі. Мұнан өзге рений қоспа ретінде клумбит, колчедан, сондай-ақ циркон мен сирек жерметалл элементтерінің құрамына кіреді» деп мәлімдеді 2004 жылы наурыз айында оппозицияға өткен саясаткер және бұрынғы министр Заманбек Нұрқаділов.

«Тағы бір сирек жерметал элементі – галлий арсенидінің мүмкіндіктері де таңғаларлық» дейді Абдурасул Жәрменов.

– ХХІ ғасырда әскери саланың 90 пайызында галлий арсенидінің қазіргі заманғы интегралды схемалары қолданылатын болады. Күн қуатын пайдаланатын бұл схемалар кәдімгі электрстансалармен бәсекеге түседі. Қазақстан галлий өндіруші елдердің әлемдік клубына кіреді, – деген пікір айтады сирек металдар жөніндегі қазақстандық мамандар.


МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ

«Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Абдурасул Жәрменов құрамында сирек металдар (СМ) мен сирек жер металдар (СЖМ) кездесетін мол шикізат қоры бар Қазақстан әлемдік рынокқа кейбір өнеркәсіптік өнімдер мен концентраттарды, техникалық тазалық металдарын ғана шығаратынын, алайда бұл көрсеткіштер Қазақстан әлеуетінің небәрі 8-10 пайызынан аспайтынын 2006 жылы 30 қаңтарда «Қазақпарат» агенттігіне айтқан еді.

– Еліміз жыл сайын миллиардтаған доллардан қағылып жатыр. Егер СМ мен СЖМ саласын дамыту жөнінде Мемлекеттік бағдарлама қабылдамасақ, одан да көп қаржыдан айырыла береміз. Бағдарлама негізінде ядролық энергетикада, ғарыштық, авиациялық техникада, қазіргі заманғы байланыс құралдарында, лазерлік техникаларда, композициялық материалдарда құрыштың ерекше сұрыптарында пайдаланылатын қазіргі заманғы жоғары
Қазақстанда индий, таллий, германий, галий, селен, таллур секілді сирек металдар мен олардың қосындыларын өндіру ісі екі-үш есеге төмендеп кетті
технологиялық электронды, радиотехникалық өнеркәсіпті дамыту қажет, – дейді Абдурасул Жәрменов.

«Қазақстанда индий, таллий, германий, галий, селен, таллур секілді сирек металдар мен олардың қосындыларын өндіру ісі екі-үш есеге төмендеп кетті» дегенді айтады Абдурасул Жәрменов.

Қазақстанның «пайдаланылмаған мүмкіндіктері» мен «жүзеге асырылмаған әлеуеті» мәселесін Абдурасул Жәрменов 2006 жылы наурыз айында Алматыда тағы бір рет көтерді. Оның: «Кадмий, индий, таллий, селен, теллур, бериллий, тантал, ниобий, ванадий, галлий, скандий, рений, осмий, вольфрам, молибден, цирконий, гафний тәрізді өте сирек кездесетін элементтердің елеулі қоры Қондыбай, Ақшатау, Жоғарғы Қайрақты, Святогорск, Лосевск, Шоқаш, Сәтбаев, Обуховск полиметалл кен орындарында бар» деген сөзі елдің бас ресми газетінің бірі «Казахстанская правдада» жарияланды.

Ренийді ұнтақ, штабик, таблетка түрінде өндіріп, осмий-187 изотобын шығаратын «Жезқазғансирмет» – жүз пайыз мемлекеттік кәсіпорын. Бұл кәсіпорын 1995 жылы құрылған. 2005 жылы қараша айында қазақ парламенті әлемде өте тапшы стратегиялық металдар өндірісіне мемлекеттік бақылау енгізуді көздейтін Мемлекеттік монополия туралы заң қабылдады.

Азаттық радиосының сауалына индустрия және жаңа технология министрлігінен келген жауапта «тантал мен ниобий металдары Үлбі металлургия зауытында өндіріледі» деп хабарланған. Бұл жауаптың астында министрдің бірінші орынбасары Альберт Раудың қолы тұр.

Алайда осмий, рений, галлий және өзге де СМ мен СЖМ-дарды өндіру көлемі, индустрия және жаңа технология министрлігінің бұл хатына қарағанда, мемлекеттік құпия болып саналады екен. СМ және СЖМ өнімдерін өндіру көлемі мен лицензиясы, сондай-ақ әлемдік рыноктағы сату бағасына жасалатын бақылау жөнінде жария ақпараттар жоқ.

1997 жылы маусым айында сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин «Тауар (жұмыс, қызмет көрсету) экспорты мен импортын лицензиялау туралы» үкімет қаулысына қол қойды.

Қаулыда (сілтеме 2004 жылы 112 ақпанда өзгерістер енгізілген осы қаулыдан алынып отыр), біріншіден, «тауарды (жұмыс, қызмет көрсету) экспорт пен импортты лицензиялау ережесі (1-қосымша) жасалып, екіншіден – лицензия бойынша экспортталатын тауарлардың тізімі анықталып, бекітілген (4-қосымша)». Қаулы бойынша бұл ереже ұйымдық-құқықтық формасы мен тіркелген жеріне қарамастан барлық заңды тұлғалар мен жеке адамдарға, оның ішінде шетелдіктерге де таралады.

Осы қаулы арқылы СМ мен СЖМ экспорты және оларды өндіруге арналған шикізатты, қорытпа мен қосындыларды, сондай-ақ осы металдарға қатысты басқа да түрлі бұйымдарды лицензиялау құқығы қорғаныс министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген. Үкімет құжатында бұл СМ мен СЖМ-дың нақты атауы қарапайым адам түсіне бермейтін цифрлармен көрсетілген.


БЕС ЕСЕ АРЗАН БАҒАЛАҒАН

«Елдің сметадан тыс байлығы қайда кетіп жатыр? Бақылап, есептеп отырғандар кімдер? Кімдер пайдаланып отыр?.. Бұл байлықтың қызығын халық неге көрмейді?» деген сауалдарды оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов 2004 жылы наурыз айында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хатында алғаш рет саяси тұрғыда көтерген еді. Бұл хатта СМ мен СЖМ туралы айтарлықтай сөз қозғалды. Көп ұзамай, 2005 жылы Заманбек Нұрқаділов жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады. Содан бері Қазақстанда мұндай «қитұрқы» сұрақты ешкім қоймайтын болды.

2009 жылы 9 сәуірде алматылық «Время» газетінде жарияланған «Страсти по рению» деп аталатын мақаланың ауторы журналист Геннадий Бендицкий бір ғана ренийдің әлемдік рыноктағы сатылымы туралы кейбір ақпараттарды негізге ала отырып, Заманбек Нұрқаділов көтерген мәселелердің әлі де өзекті екенін жазды. Аутордың нұсқасы бойынша, Қазақстан, басқасын айтпағанда, 2007-2008 жылдары ренийді әлемдік тауар биржасындағы бағадан бірнеше есе төмен бағаға сатқан.

Міне, осы тұрғыдан келгенде дәл қазір Қазақстанның ренийі қандай бағамен сатылып жатыр деген сауал туады. Азаттық радиосы осыған және СМ мен СЖМ-ге байланысты өзге де сауалдарға жауап іздеп, қаржы министрлігіне, индустрия және жаңа технология министрлігіне, Ұлттық банкке, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына, «Жезқазғансирмет» кәсіпорыны мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми хат жолдаған болатын.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2009 жылдың сәуірінен бері өз атауы мен кейбір кәсіби салаларын ғана өзгертіп қоймай, бірінші басшысын да жаңартып үлгерді. 2009 жылы сәуір айында «Жезқазғансирмет» кәсіпорыны басшылығы да ауысты. Ал қазір директордың міндетін атқарушы Аманжол Қаратаев басқаратын «Жезқазғансирмет» кәсіпорыны телефон арқылы жауап беруден үзілді-кесілді бас тартып, хатымызға да жауап қайтармады. Сол сияқты «Қазатомөнеркәсіп» те сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Ал ҰҚК-нің жауабы Қажыгелдин үкіметінің жоғарыда аталған қаулысына қайшы келді. Жауапта былай делінген:

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қорытпа, қосынды және тағы да басқа бұйымдар алынатын сирек металдар мен сирек жер металдар экспортын лицензиялаумен шұғылданбайды және лицензиялау мәселелермен де айналыспайды.

Сіздерді қызықтырып отырған өнім экспортының көлемі мен оны лицензиялау және бағасын бақылаумен салалық министрліктердің (ҚР қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті, индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өнеркәсіп комитеті, т.б.) құрылымдық бөлімдері шұғылданады».


ЛИЦЕНЗИЯНЫ КІМ БЕРЕДІ?

«Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың» бас директоры Абдурасул Жәрменов өзі басқаратын мекеменің бүгінде радиоактивті емес ең таза осмий-187 изотобын (тазалығы 99,97 пайыз) экспорттау лицензиясын алғаны туралы айтқан мәлімдемесін 2004 жылы алматылық «Панорама» газеті жариялады.

«Осмийді сатуға алғаш рет лицензия алынып отырғанын» айтқан Жәрменов осмий өндірісінде монополист болып саналатын ел үшін мұны аса маңызды оқиға деп атады. Абдурасул Жәрменовтың ақпаратына қарағанда, 2004 жылы Чехиямен жасалған келісім-шарттың көлемі елеулі — 40 миллион доллар. Оның сендіруі бойынша, сол уақытта әлемде осмий-187 изотобына баға белгілеу тәжірибесі болмаған, сондықтан оның бір грамына 10 мың
[осмийдің] америкалық рыноктағы бір грамының бағасы 130-150 мың доллардан асады
доллар бағаны өндірушінің өзі қойған.

Алайда 2005 жылы «Жезқазғансирметтің» сол кездегі директоры Марат Раджибаев «Қазақпарат» агенттігіне берген сұқбатында: «Оның америкалық рыноктағы бір грамының бағасы 130-150 мың доллардан асады» деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ: «Біз мұндай изотоп саудалайтын үш елдің қатарына (Қазақстан, АҚШ, Ресей) кіреміз» деген болатын.

Осы ретте мынадай сұрақтар туады. Бірінші: егер СМ мен СЖМ өнімдерінің өндіріс көлемі мен экспорты мемлекеттік құпия болса, «Минералды шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың» бас директоры Абдурасул Жәрменовтің бұл мағлұматтарды жалпақ жұртқа жайып салатыны қалай?

Егер АҚШ рыногында бұл заттың бір грамы 130-150 мың долларға бағаланатын болса, онда бұл саладағы монополист Қазақстанның соншалық төмен баға қоюына не себеп? «Баға белгілеудің әлемдік тәжірибесі жоқ» деген уәж аса сирек металл үшін осынша төмен баға қоюға негіз бола ала ма?

Марат Раджибаевтың жоғарыда келтірілген сөзі «Жезқазғансирмет» кәсіпорынының құрылғанына 10 жыл толу құрметіне арналған шарада жұртшылық алдында айтылған болатын.

Сол шарада Марат Раджибаев тағы да: «Сирек металдар табиғи минералдық шикізаттың стратегиялық түріне жатады. Олар кез-келген мемлекеттің экономикалық және қорғаныс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жетекші өндіріс салаларының негізін құрайды. Мұндай металдардан қор жинап, дағдарыс кездерінде мемлекет бюджетінің тапшылығын жою үшін алтыннан да қымбат сатуға болады» деген еді.

Егер сол жылдардың бизнес-шежірелеріне сенер болсақ, онда 2006 жылға дейін «Жезқазғансирмет» қарқынды дамыған, Женевада өткен форумда халықаралық тұрғыдан мойындалып, «Іскерлік тәжірибедегі жоғары сапасы үшін» деген алтын медальға ие болған. Сонымен қатар «Жезқазғансирмет» «Еуропаның үздік кәсіпорыны» белгісімен марапатталған.


«ЕТІКШІ БІЗГЕ ЖАРЫМАС...»

Алайда «Жезқанғансирмет» кәсіпорыны өз қызметкерлеріне жалақысын төлей алмайтын жағдайға дейін жетті. «Қазақстан бүгін» ақпарат агенттігі 2009 жылы 24 қазанда Жезқазған қаласы прокурорының міндетін атқарушы Талғат Маймеровтің «Жезқазғансирмет» 2009 жылдың маусым айынан
«Жезқазғансирмет» 2009 жылдың маусым айынан бастап өзінің 229 қызметкеріне 33 миллион теңгеден астам ақша қарыз болды,
бастап өзінің 229 қызметкеріне 33 миллион теңгеден астам ақша қарыз болды, оны тек прокуратураның араласуынан кейін ғана төлеп құтылды» деген сөзін таратты.

1995 жылы кәсіпорын құрылғалы кем дегенде төрт директор ауысқан. «Жезқазғансирметтің» алғашқы директорларының бірі Тамерлан Урумов, «Известия-Казахстан» газетінің ақпаратына қарағанда, Қазақстан азаматтығын Ресей азаматтығына ауыстырған.

2005 жылы «Жезқазғансирмет» кәсіпорыны өзінің 10 жылдық мерейтойын басқа директормен, яғни Марат Раджибековпен бірге қарсы алды. Раджибековтің айтуынша, оның кезінде «бұл кәсіпорын ұдайы өрлеу үстінде болып, мемлекет бюджетіне қосатын өз үлесін әрдайым ұлғайтып отырған».

2007–2009 жылдар аралығында осы бай кәсіпорынды Артур Бекенов басқарды. Одан кейін бұл орынға Артур Бекеновтің экономика жөніндегі орынбасары Аманжол Қаратаев келді. Аманжол Қаратаев кәсіпорынның хал-ахуалы туралы Азаттық радиосының тілшісімен сөйлесуден ат-тонын ала қашты.

«Время» газетінің нұсқасы бойынша, Артур Бекенов пен оның орынбасары Аманжол Қаратаевтың кезінде «Жезқазғансирмет» өз өнімдерін офшорлық зонада, яғни британдық Виргин аралдарына тіркелген екі компанияға рыноктағы бағасынан 2,5-3 есе арзанға сатқан. Бұл кезде ренийдің бір килограмының әлемдік бағасы 8,5-9 мың долларға дейін жеткен еді. Соның нәтижесінде кәсіпорынның өзі ғана емес, еліміздің бюджетіне де орасан зор зиян келтірілді, – дейді 2009 жылы 9 сәуірде «Время» газетінде жарық көрген «Страсти по рению» атты мақалада.


САТЫЛМАҒАН ОСМИЙ-187 ҚАЙДА?

Қазақстанның Чехияға осмий-187 изотобының 1 грамын 10 мың долларға сататыны жөнінде жасалған келісімшарт туралы ақпараттар да аз күдік туғызбайды. Белгісіз себептермен бұл келісім-шарт жүзеге аспай қалды, ал сатылмаған металл түгелімен Қазақстан Ұлттық банкінің мемлекеттік қоймасында сақталатын болады» деп хабарлады 2004 жылы 23 қаңтарда «Панорама» газеті.

Ұлттық банке сақтауға берілген осмий-187 қазір қайда? СМ мен СЖМ өнімінің Қазақстанның алтын валюта қорының құрылымындағы үлесі қанша? Азаттық радиосы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченкоға осы сұрақтарды ресми хатпен жіберген еді. Ұлттық банк бұған байланысты ақпараттан хабарсыз екенін айтып жауап қайтарды.

Өткен жылы Астанада СМ мен СЖМ және осы металдардан алынатын өнімдер саласында жұмыс істейтін аса ірі жапон корпорациясымен Қазақстан аумағында бірлескен кәсіпорын құруды көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Құжаттарға «Қазатомөнеркәсіп» мен Toshiba Corp. басшылығы Қазақстан энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, Жапонияның экономика, сауда және индустрия министрлігінің және Жапонияның мұнай, газ және металл ұлттық корпорациясы өкілдерінің қатысуымен қол қойды.

Тараптар осы келісім бойынша жүзеге асырылатын жобалар «Қазатомөнеркәсіп» пен оның жапондық серіктесіне сирек металдар мен сирек жерметалдар базасы арқылы Қазақстанда жоғары технологиялық өнімдер шығаратын аса ірі өндіріс ошақтарын құруға мүмкіндік береді деп сендіріп отыр.
XS
SM
MD
LG