Интернет арқылы төңкеріс жасау немесе «Фейсбук» Қазақстанның «Аврорасы» бола ала ма?

Фейсбук әлеуметтік желісі интернеттегі танымал сайттардың бірі (көрнекі сурет).

Әлеуметтік желілер араб елдеріндегі жаппай наразылық шараларын үйлестіруге септесті. «Қазақстанда интернет кеңінен таралмаса да, мұндай жағдайдың қайталанып қалуы ықтимал» дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.
Әлеуметтік желілерге қатысты талқылауды тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Әлеуметтік желілерге қатысты талқылауды тыңдаңыз



Тунистегі «Ақгүл төңкерісі» кезінде жалпақ жұртқа белгілі WikiLeaks («Уикиликс») сайтында атышулы материалдар жарияланып жатқан. Төңкеріс елді 23 жылдай билеген президент Бен Әлиді бас сауғалатып, елден қашуға мәжбүр етті.

Бен Әли елінен қашқан күні Қазақстан парламенті мемлекетті 21 жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін сайлау өткізбей-ақ ұзартуға мүмкіндік беретін заңды бірауыздан қабылдаған еді.

Тунистен соң іле-шала Мысырда жаппай қарсылық шаралары өтіп, оның соңы елді 30 жылдан аса билеп келе жатқан президент Хосни Мүбәрәкті
Тунистегі шерушілер мен арнайы жасақтың қақтығысы. Тунис, 20 қаңтар 2011 жыл.
тақтан кетіріп тынды. Оппозиция жақтастары өз іс-қимылдарын Фейсбук және Твиттер әлеуметтік желілерінің көмегімен үйлестіріп отырды деп хабарланды. Ел билігі толқудың алғашқы күндері-ақ осы желілерге тосқауыл қоймаққа әрекеттенді.

Қарсылық толқыны бұдан соң Йеменге ауысып, наразылық білдірушілер елді 32 жылдан бері билеп-төстеп келе жатқан Әли Абдулла Салехтің биліктен кетуін талап етті. Бұдан әрі наразылық жалыны Алжир, Бахрейн, Йемен және Ливия тәрізді көршілес авторитарлық елдерге қарай ауысты.

Әр түрлі дерек көздерінің пайымдауларынша, мұндай қарсылық шаралары Facebook («Фейсбук») және Twitter («Твиттер») тәрізді әлеуметтік интернет желілерінің көмегімен үйлестіріліп отырады.

Азаттық радиосының дөңгелек үстелі «Әлеуметтік интернет желілер ауыспайтын режимдерге қарсы ма?» деген тақырыпқа арналды. Дөңгелек үстелге қатысатындар: Қарлығаш Еженова – «Эксклюзив» журналының шеф-редакторы (Алматы); Қанат Ибрагимов – суретші және танымал блогер (Алматы); Андрей Цуканов – «Еркін интернет үшін» қозғалысының Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы бойынша үйлестірушісі, «Қазақстан коммунистері қозғалысының» белсендісі (Қарағанды); Дина Байділдаева – «Еркін интернет үшін» қозғалысының Шымкент қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

ИНТЕРНЕТ АУЫСПАЙТЫН РЕЖИМДЕРГЕ ҚАРСЫ

Жүргізуші:

– Тунис пен Мысырдағы жаппай қарсылық шаралары нәтижесінде президенттер Бен Әли мен Хосни Мүбәрәк қызметтерінен кетті. Осы оқиғалар тұсында әлеуметтік желілер қандай рөл атқарды?

Қанат Ибрагимов:

– Бұл оқиғаларда әлеуметтік желілер шешуші рөл атқарды деп айтуға болмас. Бұл, шамасы, «Әлеуметтік желі» деп аталатын танымал фильмнің әсері болар. Бірақ бұл оқиғаларда белгілі бір рөлді, ал енді кейбіреулерінде шешуші рөлді заманауи коммуникациялардың атқарғанын мойындау керек.

Суретші Қанат Ибрагимов. Алматы, 24 тамыз 2009 жыл.
Тунисте де, Мысырда да әкімшілік және күштік ресурстардың барлығы тоталитарлық режим жағында болды. Төңкерістің қозғаушы күші болған жастар бір-бірімен әлеуметтік желілер, интернет арқылы байланысып отырды. Бұны мойындау керек. Ал Қазақстанға келсек, мұнда әлеуметтік желілер барынша дамыған.

Қарлығаш Еженова:

– Әлеуметтік желілер араб елдерінде бұл үдерістің себепкері емес, тұтатқыш білтесі болғанын айтқым келеді. Бұларды диктаторларды жаппай тақтан тайдыру оқиғалары деп атар едім. Бұлар саяси бой ұсынбау стандарттарына сай келеді. Қазір ол көптеген елдерде, оның ішінде ТМД-да өрістеп келеді. Осы оқиғада интернет себепкер емес инновациялық фактордың рөлін атқарады.

Туниске келсек, қателеспесем, бұл ел 20 жылдан астам Францияның отары болған. Менің субъективтік көзқарасым бойынша, француздар барлық жағынан да - саясатта да, экономикада да, мәдени салада да жақсы отаршылдар болған. Тунистің зиялы қауымы мен жастары тіл және діл тұрғысында барынша французданған. Францияның әлі де болса ықпалының сақталып қалғандығы барлық жерде байқалады. Әрі бұл жағдай әлеуметтік жағынан белсенді тұрғын халықтың саяси жігерінде айырықша байқалды.

«Түрлі-түсті» төңкерістер классиктерінің «дәл осы Тунисте өңірдің өзге елдерімен салыстырғанда халықтың жағдайы анағұрлым жақсы болатын, бұл төңкерістердің шынайы себебі халықтың тұрмыс жағдайының төмендігі емес – әділетсіздікке төзбеушілік» деген пікірі орынды.
Журналист Қарлығаш Еженова.

Ал осы жағдайда әділетсіздіктің белең алуына наразылық интернет арқылы таратылды. Өйткені дәстүрлі БАҚ-тар қазіргі уақытта, әсіресе авторитарлық мемлекеттерде қоғамдық пікір қалыптастыру қабілетінен айрылып қалған.

Дина Байділдаева:

– Сөз жоқ әлеуметтік желілер үлкен рөл атқарды. Facebook пен Twitter батыста көбіне-көп көңіл көтеру мен бос уақытты өткізетін ермек рөлін атқарады. Тунис, Мысыр сияқты авторитарлық мемлекеттерде бұл желілер төңкерістерді ұйымдастырудың басты құралына айналды.

Қазіргі уақытта интернет өмірге бейжай қарамайтын азаматтардың идеяларын еркін білдіретін және әрекеттерін үйлестіретін орын болып қалғандықтан, төңкерістер осымен бітті деп нүкте қоюға әлі ертерек.

Тунис пен Мысыр салыстырмалы түрде алғанда нашар дамыған мемлекеттер, онда білімсіз адамдар көп. Осыған қарамастан олардың өз әрекеттерін Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік желілер арқылы үйлестіріп отыруы таң қалдырады.

Андрей Цуканов:

– Әлеуметтік желілер қанша жерден дамығанымен, олар өз-өздерінен ешқандай төңкерісті жасай алмайды. Атап айтқанда, Мысырда төңкерістерді ұйымдастыруда әлеуметтік желілер шешуші рөл атқарды деген пікір, өздерінің үкіметке қарсы парақшаны жасағанын айтып, содан соң Мысырға бара жатқан сапарында ұсталған Google қызметкерінің айтуымен таралды.

Демек, ол әлгі парақшаның көмегімен әрекеттерді үйлестірмек болған ғой. Менің ойымша, бұл Facebook жарнамасына көбірек ұқсайды.
Андрей Цуканов, «Еркін интернет үшін» қозғалысының үйлестірушісі. Астана, 31 мамыр 2010 жыл.
Тунис пен Мысырдағы «төңкерістер» өткен жылы Қырғызстанда болған осындай оқиғаларды ойыма салды. Қырғыз елінде интернет пен әлеуметтік желілердің нашар дамығандығы белгілі. Сондықтан мен әлеуметтік желілердің рөлін асыра дәріптемес едім. Алайда олардың да қандай да бір рөл атқарғаны анық.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНТЕРНЕТ

Жүргізуші:

– Facebook, Twitter сияқты өзге де әлеуметтік интернет желілер Қазақстанда қаншалықты танымал?

Қанат Ибрагимов:

– Facebook пен Twitter Қазақстандағы қала жастары арасында кеңінен танымал. Қазіргі жастар барынша аморфты, материалдық игіліктерді неғұрлым көбірек пайдалансам, көбірек ақпарат алсам деген ойда ғана. Қазақстандағы әлеуметтік желілерді пайдаланатын жастардың басым көпшілігі халықтың әлеуметтік белсенді тобына жатпайды. Мысыр, Тунис және Алжирдегі сияқты феноменді, дәл осы себепті, Қазақстаннан күтуге болмайды.

Жоғарыда аталған елдердегі төңкерістердің себебін, Қарлығаш ханымның атап кеткеніндей, әділетсіздікпен байланысты деп есептеймін. Қазақстанда әлеуметтік жағынан барынша зардап шегіп отырған халық әлеуметтік желілерді пайдаланбайды және бұның не екенін де білмейді. Дәл сол «Шаңырақта» немесе түкпірдегі ауылдарда тұрып жатқан адамдар әлеуметтік желі дегеннің не екенін естіген де емес, ол жайында хабарлары да жоқ. Интернет Қазақтанда бұқара халықтың ой-пікірін білдіретін орын болады немесе төңкерістің тұтатқыш білтесі болады деген – артық айтылған сөз.

Оның үстіне Қазақстанда интернет БАҚ-тармен теңестірілген. Яғни, кез-келген блог немесе онда жарияларған материал БАҚ деп есептеледі. Көп жұрт «Қазақтелеком» арқылы «Мегалайн» қызметін пайдаланатындықтан, Қазақстанда интернетке тосқауыл қою билік үшін соншалықты қиын шаруа емес.

Қарлығаш Еженова:

– Біз бүгінде интернетті пайдаланудың бастапқы сатысында тұрмыз. Интернетке қол жеткізу басты проблемалардың бірі, бірақ мәселе онда ғана емес. Мәселе – дәл қазіргі уақытта біздің қоғамның ұйыспағандығында. Интернетке қызығатын халықтың саны төмен болуы дәл осы біздің мақсатты аудиториямыздың қалыптаспағанын байқатады.

Қазір үкімет интернетті тарату үшін бар күшін салып жатыр. Алайда олар интернеттің қауіптілігін сезінгенше ғана осылай жасайды-ау деп ойлаймын. Бірақ бұндай жағдай жақын арада бола қоймас.

Дина Байділдаева:

– Қазақстанда «В контакте», «Мой мир» тәрізді әлеуметтік желілер барынша танымал. Түкпірдегі ауыл тұрғындарының көпшілігінде интернеттің болмауы біздің елімізде оқиғалар Мысыр немесе Тунис сценариі бойынша дамымайды дегенді білдірмесе керек.

Қанат мырза Қазақстанда интернетке оп-оңай тосқауыл қоюға болатындығын айтып кетті. Міне, дәл осы жағдай тұрғын халықтың, оның ішінде интернетті көп пайдаланатын жастардың наразылығын туғызуы мүмкін.

Жақында парламент депутаты Бақыт Сыздықова Мысырдағы оқиғаларға байланысты Қазақстандағы әлеуметтік желілер реттеуді қажет етеді деп мәлімдеді. Менің ойымша, мұндай реттеулер қазақстандық жастар мен тағы басқалардың қарсылығын тудырады.

Андрей Цуканов:

– Менің байқауымша да, Қазақстанда Facebook пен Twitter емес, ресейлік «Мой мир», «В контакте» тәрізді әлеуметтік желілер кеңінен танымал. «В контакте» соншалықты ыңғайлы желі емес, ал енді «Мой мир» мектеп оқушылары, саяси жағынан аморфты деп есептелетін тұрғын халық арасында кеңінен танымал.

Ал Дина ханымның «интернетке тосқауыл қойылған жағдайда бұның ақыры наразылық туғызады» деген пікірімен келісемін. Өйткені қазір көп адамдардың бойында интернетке тәуелділік нышаны қалыптасып қалды.

ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗГЕРІСТЕР БОЛУЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ

Жүргізуші:

– Қазақстанда 2009 жылы қабылданған заң бойынша, барлық интернет-ресурстар, оның ішінде жеке блогтар, чаттар мен әлеуметтік желілер дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестірілген және оларға қатаң шектеу қойылуы мүмкін. Осыған қарамастан, интернет желілер Тунис пен Мысырдағы сияқты, Қазақстанда да жаппай наразылықтардың тұтатқыш білтесі бола ала ма?

Дина Байділдаева:

– Мысырдың тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, бір ғана адам – «Гуглдің» қызметкері, халықтың әрекетін үйлестіріп, төңкерісті бастады. Осының нәтижесінде диктатор тақтан тайдырылды. Қазақстанда мұндай сценаридің болуы мүмкін.
Оппозиция жақтастары Каирдің Тахрир алаңындағы Twitter әлеуметтік желісіне сілтеме жасалған жазудың түбінде тұр. Египет, 5 ақпан 2011 жыл.
Көптеген қазақстандықтардың Facebook пен Twitter аккаунтының жоқтығы бұған кедергі болмауы керек деп ойлаймын. Мысырда бұны қысқа мерзімде ұйымдастырды. Мысыр шерушілері «бізден Интернетті тартып ала алмайды, өйткені еркіндік қанымызға сіңген» деп мәлімдеді.

Қазақстандықтар үшін ең бастысы – өзгерістерге деген ойдың болуы. Иә, Қазақстан азаматтары мұндай оқиғаларға барынша салғырт қарайды, бірақ болашақта бұлай болуы әбден мүмкін.

Андрей Цуканов:

– Әлеуметтік желілер тұтатқыш білте болады ма, жоқ па – оның барлығы бізге байланысты. Қалай болғанда да біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Бұл үшін желілердің мазмұнын көкейкесті мәселелер көтеретін бейнематериалдармен толтыру қажет. Мен осы жұмыспен айналысуға әрекеттеніп жатырмын.

Ақыр соңында біз адамдарды интернеттегі белгілі бір сайттарды көруге үйретуіміз қажет. Олар осы жерде шындықтың жазылатынын білулері керек, осы сайттарға кіруді әдетке айналдырулары қажет. Ең бір шешуші сәтте ол да шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Қарлығаш Еженова:

– Тунисте болған жағдай бізде қайталануы үшін ол әлдекімге қажет болуы керек. Мұндай наразылық шарларының артында әлдебір ұйымдар, саяси жағдайлар тұр деп есептеймін. Мен бұл оқиғаның аяқ астынан пайда бола қалғандығына сенбеймін.

Иә, араб елдеріндегі жастар өзгерістер болғанын қалады, бірақ олар шақыруларға бірден үн қосатындай соншалықты ұйымшыл емес болатын. Әлеуметтік желілердің рөлі жайында айтар болсақ, осы елдерде болған оқиғалар оның жақсылап ұйымдастырылғанын байқатып тұр.

Біз Қазақстанда интернет қоғамдастық құрмақ болып әрекеттендік. Бірақ кез-келген мұндай қоғамдастықты құру үшін тұрақты ұйымдастыру жұмыстары мен қаржының қажеттігін түсіндік. Белгілі бір технологиялар дегеніміз де – осы.

Қанат Ибрагимов:

– Интернеттің көмегімен төңкеріс жасап, өнеге көрсету мүмкін емес. Бірақ интернеттегі блогтар мен түрлі материалдар тұтатқыш білтенің рөлін атқаруы мүмкін. Алдымда сөйлеген адаммен салыстырғанда, мен үзіліссіз төңкеріске, қазақ халқының шешуші және қатаң әрекеттерге бара алатындығына шынымен де сенемін.

Орыстың нақыл сөзін мысалға келтіріп айтар болсам, қазақтар «арбаны ұзақ жеккенімен, барынша жылдам жүреді». Мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының куәгері ғана емес, қатысушысы да болғанмын. Ол кезде жағдай өте нашар болатын, ешқандай әлеуметтік желі, ешқандай ақпарат жоқ болатын. Ол кезде кәдімгі қарапайым советтік жастар күтпеген жерден алаңға шықты.

50 мың адамды ұйымдастырып, алаңға алып шығуға болады. Бірақ миллион адамды ұйымдастыру өте қиын. Қазір елдің шыдамы шегіне жеткен, өйткені олар әділетсіздікті өз көздерімен көріп отыр.

Қоғам қазір әрі-сәрі жағдайда тұр. Оған тек интернет қана себепкер емес. Аста-төк байлығына қарамастан Қазақстан қазір өркениеттің шалғайында қалып қойды. Сондықтан, қандай жағдай болса да интернет (оның ішінде блогтар, әлеуметтік желілер) халық толқулары мен Қазақстандағы биліктің ауысуының тұтатқыш білтесі болуы мүмкін дегенді қайталап айтамын. Жағдай қаншалықты қасаңданып қалғанына қарамастан, Қазақстанда өзгерістердің болуы мүмкін дегенге сенемін.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін тәмамдайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет.