Жақында бір видеохабардан жазушы Дидар Амантайды көрдім. Өзінің кітапханасы жайлы сөйлеп отыр екен. Сүйікті кітаптарының қатарында Мартин Хайдеггердің «Болмыс пен уақыт» кітабын атады. Бірден ішім жылып кетті: «Әйтеуір, елімізде адамдар бар екен ғой мұрнына философия иісі баратын» деп. Өкінішке орай, қазір еліміздегі философия үлкен дағдарыста. Жалғыз философия институтымыз (білім және ғылым министрлігіне қарасты мемлекеттік мекеме - ред.) бар еді, оны біресе фиилософия мен саясаттану, кейін тіпті философия, саясаттану және дінтану институты деп атады. Енді, міне, "министрлік берген грантының төрттен үшін кесіп тастап отыр" дейді сонда істейтіндер. КазҰУ-дің философия факультеті де дәл сондай «реформалардан» өткен. Сонда қалай, бұл үшеуі еш қосылмайтын ғылым ғой. Әлгі Хайдеггер айтқан емес пе: «Қолданылмалы болу философияға жат нәрсе» деп?
Ал егер хайдеггертануды өзімізше жалғастыршақ, ол философияны аспаннан жерге түсірген, күнбе-күнгі тірлігімізге жақындатқан адам ғой. Оның "болмыс" деп отырғаны адам, өйткені басқа тірі жанда болмыс болмайды, тек тірлік ету. Ал Хайдеггердің айтуынша, "болмыс тірлікте жоқ нәрсе" (бытие ничто из сущего). Сондықтан адамды ол "бытие-присутствие" деп атайды, немесе бар болудың болмысы, нақтырақ айтқанда, мына болмыс. Сонымен қатар, мына болмыс қанша жеке болса да ол "әлемдегі болмыс" (бытие в мире), өйткені, әркім жағдайына, географиясына, этноортасына тәуелді. Міне, бұл ұлттық философия қалыптастырушы мамандарға таптырмайтын амал.
Әрине, бізде маманданған дербес таным ретіндегі ұлттық философия болған жоқ. Бірақ қазір маманданған философтарымыз бар ғой, неге оларға қазақы ой дәстүрімен сұхбатқа түсіп, қазақ философиясын қалыптастырмасқа?
Мен де кезінде бәрі қазақ философиясының патриоты боп кеткенде, қатты ойланғам. Әрине, бізде маманданған дербес таным ретіндегі ұлттық философия болған жоқ. Бірақ қазір маманданған философтарымыз бар ғой, неге оларға қазақы ой дәстүрімен сұхбатқа түсіп, қазақ философиясын қалыптастырмасқа? Содан «Дәстүрмен сұхбат ретіндегі қазақ философиясы» деген кандидаттық диссертация қорғадым. Бірақ маған ерген ешкім болған жоқ. Олар қазақ философиясын еуропалықтардың үлгісімен қалыптастырғысы келді. Ойшылдығымен аты шыққан жеке тұлғаларды алды да, соларды философ ретінде тізе берді. Ал соңғылардың айтқаны тек әйтеуір ислам философиясының о жақ, бұ жағы. Әрине, ұлттық философия қалыптастырудың бірінші кезеңі үшін бұл заңды да шығар, бірақ бұл қазақтардың ұлттық түсініктерінің философиялық мазмұнын аша алмайды ғой, тіпті, оған жақындамайды да.
Мысалы «тірлік» ұғымын алайықшы. Ол кәдімгі бар болудың, «сущеенің» баламасы емес пе? Дегенмен, айырмасы да жоқ емес. Бұл дүниеде органикалық зат та, бейорганикалық зат та бар емес пе? Үндіеуропалық тілдерде бұлардың айырмасы сезілмейді, ал «тірлік» дегеніміз «тір(і)лік», яғни «тірі болу». Бұны гректер гилозоизм (hyle – зат, материя, zoe – өмір) деген. Ертедегі ғылыми философиялық дәстүрдің гилозоизмі анимистік түсініктерден нәр алады. Бұл ұғым «тірілікті» «бар болумен» бір санайды, «болмысты» «өмір» деп түсінсе, «жоқ болуды» «өлім» деп ұғынады. Өйткені отырықшылардың тірлігі өсімдік өсіру болса, көшпенділердің тірлігі мал бағу және оны түрлі жыртқыштардан қорғау. Қалай болғанда да олар дүниені тірі жандардың теке тіресі және бір бірімен өзара қатынасы деп ұғынған. Хайдеггердің бізге жақын болатыны, ол Ницшемен бірге христиан метафизикасын жоққа шығарып, Фридрих Гёльдерлин сияқты христианшылдықтан бұрынғы құдайлар табиғатына үңілген. Содан ол адам тірлігі төмендегі төрттіктен тұрады деп санаған. Төрттік дегеніміз аспан, тәңірілер, немесе Тәңірі (жалпы, тәңірлік ұғымы), ажалды болмыстағы адам және жер. Қарап отсаңыз Хайдеггер адамды бүкіл ғаламмен ғажап тұтастықта алып отыр. Мен мұндай схеманың тек бір-ақ аналогын білемін, ол Күлтегіннің Үлкен жазуындағы үш бөлімнен тұратын әлем мен адам жобасы.
Жоғарыда Көк Тәңірі,
Төменде айғыз жер қылынғанда,
Екеуінің арасында кісі ұғлы қылынған.
Мына картина толық ұқсастыққа жақын емес пе? Қалай болғанда да, неміс философы да, түркі жыршысы да адамды бүкіл космосымен бірге алып тұр. Бұл біздің Қазтуған жырауда да бар емес пе?
Қазақ жырауының жыры тіпті мықты емес пе? Оның өзін құдыретті санауы сонша, ғарыштық күштермен ойнап отыр ғой!
Бұлт басқан күнді ашқан,
Тұман болған Айды ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп бұзып,
Дінді ашқан,
Мен, Сүйініш ұлы Қазтуған!
Қазақ жырауының жыры тіпті мықты емес пе? Оның өзін құдыретті санауы сонша, ғарыштық күштермен ойнап отыр ғой!
Міне, қазақ философиясының бастауы қайда жатыр!
Сонымен, қазақ философиясының бастауын Ресей отаршылдығынан бұрынғы қазақтың дәстүрлі мәдениетінен іздеу қажет. Оған, меніңше, жыраулар поэзиясы, қазақтың сыншылық дәстүрі, бақсы-балгерлер, сал-серілер, түрлі айтыскерлер мұрасы жатады. Халық күнтізбесіндегі космогониялық түсініктер, қазақ эпосы, аңыз ертегілері де сол қатарда. Бұдан көшпенділердің таза өзіндік көзқарасын, ар ұят туралы түсінігін, жыныстық қатынас амалдарын, табиғатпен жарасты тірлігін, құдайға жалбарыну түрлерін, жалпы, шілдеханадан жерлеу дәстүріне дейінгі түрлі қайнаркөздерден бөліп алып, қарастыра беруге болады. Егер қажетсінсеңіз, мен де бұл тақырыпқа қайта оралудан бас тартпас едім.