Ресейден Алматыға екі «Жеңіс символын» әкелді

«Ночные волки» байкерлік клубы мүшесі Алексей Вайц генерал-майор Иван Панфиловтың жиендері Айгүл және Алуа Байқадамоваларға топырақ салынған капсула тапсырып тұр. Алматы, 10 мамыр 2015 жыл.

Алматыға топырақ салынған капсула мен Жеңіс туының көшірмесін әкелген Мәскеу облысы өкілдері оларды «Ұлы Отан соғысындағы жеңіс символдары» деп атайды. Делегация құрамында «Ночные волки» мотоклубы өкілі де бар.

Алматылықтар табыс ету үшін Мәскеу облысы өкілдері әкелген «жеңіс символдарының» бірі – 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезі түбіндегі әйгілі шайқас болған орыннан алынған топырақ салынған капсула. Бұл шайқасқа Қазақ ССР-і мен Қырғыз ССР-і тұрғындарынан құрылған 316-атқыштар дивизиясының 28 жауынгері қатысқан деп саналады. Дивизияны генерал-майор Иван Панфилов басқарғаны белгілі. Әлгі екі символды тапсыру рәсімі мамырдың 10-ы күні Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өтті.

КАПСУЛА – МЕКТЕПКЕ, ТУ – ҚОНАҚ ҮЙГЕ

Капсула әуелі генерал Панфиловтың жиендері Әлия және Алуа Байқадамоваларға табыс етілді. Екеуі капсуланы бірден Алматыдағы генерал Панфилов атындағы 54-ші Қазақстан-Ресей гимназиясы директорына берді. Ол енді мектептің жауынгерлік даңқ мұражайы экспонатына айналмақ.

Жеңіс туының көшірмесін тапсыру рәсіміне Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия мен жиені Дәурен қатысты. Оң жақтағы экранда Рақымжан Қошарбаевтың бейнесі көрінеді. Суретте сол жақта артқы қатарда Алматы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова тұр. Алматы, 10 мамыр 2015 жыл.

Ал Жеңіс туының көшірмесі кезінде Рейхстагқа ту тіккендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев директоры болған «Алматы» қонақ үйіне берілді. 1945 жылдың 30 сәуірінде ресейлік Григорий Булатов екеуі тіккен ту рейхстагтың маңдайшасында бір тәуліктей ілініп тұрған. Бұл ерлігі үшін екеуін Совет одағы батыры атағына ұсынғанымен, оларды "Қызыл жұлдыз" орденімен ғана наградтаған. Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы қайтыс болғаннан кейін, 1999 жылы берілген. Жеңіс туының көшірмесі әскери-тарихи мұражай ашылған соң сонда сақталады.

Тудың көшірмесін тапсыру кезінде филармония сахнасына Қошқарбаевтың қызы Әлия мен жиені Дәурен шықты. Мәскеулік Павел Илларионов туды Дәуренге табыстап тұрып «Қошқарбаевқа Ресей батыры атағын беру туралы Ресей президенті Владимир Путинге Мәскеу облысы мен Қазақстан халқы атынан өтініш жолдаймын» деп уәде етті. Бірақ Қошқарбаевпен бірге ту тіккен Григорий Булатовқа бұл атақты беру туралы кезінде Ресейдің Киров облысы үкіметі жолдаған бірнеше өтініші орындалмаған күйі қалған.

МӘСКЕУ ОБЛЫСЫ ДЕЛЕГАТТАРЫ

«Жеңіс символдарын» Мәскеу облысы қоғамдық палата өкілдері – кинорежиссер Егор Кончаловский, «Ночные волки» байкерлер клубы жетекшілерінің бірі Александр Вайц, «Свеча памяти» қоғамдық-мемориалдық орталығы директоры Павел Илларионов, жазушы әрі психолог Ирина Медведева әкелді. Олармен бірге Валаам монастырының мерекелік хоры мен театр және кино актері, РСФСР халық артисі Алексей Петренко де келген. Символдарды тапсыру рәсіміне Ресей елшілігінің консул-кеңесшісі Марина Клюкина-Витюк те қатысты.

Қазақстан тарапынан бұл шараға Алматы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова мен екі генерал қатысты. Генералдардың бірі – әділет генерал-майоры әрі республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Қайдаров.

Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров. Алматы, 10 мамыр 2015 жыл.

Сөз жеңіске жетудегі совет халқы бірлігінің рөлі, қазақстандықтардың ортақ жеңіске қосқан майдандағы және тылдағы үлесі, жауынгерлердің ерліктеріне тағзым етуді жалғастыру қажет деген сарында өрбіді. Қазіргі замандағы Ресей мен Қазақстанның бірлігі тақырыбы да қозғалды. Генерал Рүстем Қайдаров сөзін «Қазақстан мен Ресей біртұтас» деп аяқтады. Бұл тақырыпты «Ночные волки» клубының өкілі Алексей Вайц та қозғап, «Бәріміз жиналып, іс-қимылымызды реттеп алу қажеттігінің туғаны әсіресе Жеңістің 70 жылдығы тойланып жатқан тұста айқын сезілді. Назарларыңызды бұрын-соңды мұндай жікшілдік рухы байқалмағанына аударғым келеді» деді.

Осы орайда Алексей Вайц орыс ақыны Федор Тютчевтің «Два единства» өлеңін ескерту әрі өсиет ретінде келтірді:

«Единство, – возвестил оракул наших дней, -
Быть может спаяно железом лишь и кровью...»
Но мы попробуем спаять его любовью, -
А там увидим, что прочней…

1870-1871 жылдары француз-прусс соғысы тұсында жазылған бұл өлең – славяндарды, әсіресе қуатты Германия мен Еуропа жерінде позициясын күшейткен Ресейдің қайсысына қосылуды білмей, әрі-сәрі күй кешкен батыс славяндарын бірлікке шақырған үндеу болатын. Өлеңдегі оракул деп отырғаны – герман империясының болашақ канцлері Отто фон Бисмарк.

Валаам монастыры мерекелік хорымен бірге РСФСР халық артисі Алексей Петренко (ортада) де ән шырқады. Алматы, 10 мамыр 2015 жыл.

Азаттық тілшісіне Алексей Вайцпен біраз әңгімелесудің сәті түсті. Ол – Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын және Украинаның шығысындағы соғысты белсенді қолдағаны үшін 2014 жылдың желтоқсанында АҚШ пен Канада санкция салған ресейлік «Ночные волки» мотобайкерлер клубының мүшесі. Соңғы жылдары «Ночные волки» өзін «Ресей патриоттары» ретінде көрсетіп, орыс православие шіркеуімен тығыс байланыс орнатқан. «Ночные волки» байкерлерін Путиннің қастық саясатын насихаттаушылар ретінде қабылдайтын Еуропаның кейбір елдері олардың жуырдағы мотошеруіне қарсы шыққан. Бірақ, «Ночные волки» олардың қарсылығына қарамастан, 9 мамырға қарай Берлинге дейін жетіп, акциясын бәрібір өткізген.

Азаттық тілшісінің «Қазақстан байкерлері мен «Ночные волки» өкілдерінің арасында әлдебір байланыс бар ма?» деген сұрағына Алексей Вайц: «Олармен кездесетін шығармыз деп үміттенемін. Мұнда әлі екі күн боламын. Олар 2009 жылы Севастопольде өткен байк-шоуымызға келген. Оларды, Қазақстан туы түстерін көрдім. Менде тіпті фотосуреттері де бар» деді.

«Жеңіс символдарын» тапсыру рәсімінен кейін Ресейдегі Ладога көлінің солтүстік бетіндегі аралдарда орналасқан Валаам монастыры мерекелік хоры концерт қойды.