Риода Қазақстан велоспорттан да жүлдеге таласпақ

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценконың Еуропадағы жарыстардың бірінде жеңіске жеткен сәті (Сурет "Астана" велокомандасының баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстан велошоссе құрамасы Рио олимпиадасына екі жолдама иеленді. Ал велотрек құрамасы жолдамаға таласып жатыр.

Бразилияда 2016 жылы жазда өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасында велошоссе мен велотректен медальдар жинағы сарапқа салынады.

РИОҒА ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БАРАДЫ

Қазақстанға Рио олимпиадасына велошосседен екі жолдама алғанын велоспорт федерациясы хабарлады. Ол жолдамалар туралы Велосипедшілердің халықаралық одағы (UCI) олимпиадаға қатысатын ұлттық құрамалар тізімін жариялағанда белгілі болған. Қазақстан олимпиадалық біліктілік жүйесі бойынша «Азия Турда» екінші орынға шыққан. Сөйтіп, велошоссе бойынша топтық жарысқа Қазақстан екі спортшы, жеке жарысқа бір велосипедші қоса алады.

Велошосседегі екі жолдаманың бірімен Риоға 2012 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындары алтын жүлдесін алған Алексей Луценко баратын болды. Ол жеке жарысқа және топтық жарысқа да қатысады. Ал Луценкомен бірге топтық жарысқа қатысатын екінші жолдама иегері мамыр айында анықталмақ.

- Рио олимпиадасына Францияда өтетін “Тур-де-Франс” көпкүндігі арқылы дайындаламын. Бұл жарыс маусымның 2-сі мен 24-і арасында өтеді. Оған дейін Еуропадағы бірнеше жарысқа қатысамын. Рио олимпиадасынан дейін жақсы спорттық формаға келуге тырысамын, - дейді Алексей Луценко.

Александр Винокуров. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.

Лондон олимпиадасы чемпионы, қазір «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуровтың айтуынша, Луценкомен бірге Рио олимпиадасына баруға кандидаттар арасында Руслан Тілеубаев, Бақтияр Қожатаев және Мақсат Аязбаевтардың есімдері аталады.

- Қазақстан Лондон олимпиадасында алтын алған ел ретінде бүкіл әлемнің назарында болады. Сондықтан Рио олимпиадасында медальға таласамыз. Ол күміс не қола болуы мүмкін, - дейді Винокуров Азаттық тілшісіне.

Винокуров Риоға арнайы барып, велоспортшылар жүретін жолды көріп қайтқанын және Луценконың осы жолға бейім жарыстарға қатысатынын айтты.

«МЕДАЛЬ АЛЫП КЕЛЕМІЗ»

Қазақстан велотрек жарысына 2004 жылы Афинада өткен олимпиадада соңғы рет қатысқан. 2008 және 2012 жылғы олимпиадаға бұл ел жолдама ала алмады. Ал осы жолы Қазақстанның олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігі көбірек болып тұр.

Қазақстан велоспорт федерациясы 2016 жылғы олимпиадаға құраманы дайындау үшін франциялық маман Эрве Дагорнені ұлттық құрама бапкері етіп тағайындаған. Дагорне 2012 жылғы олимпиадаға Франция құрамасын бастап апарған. Лондонда оның шәкірті Брайан Кокар күміс медаль алған еді.

- Қазақстан велотрек құрамасы олимпиада жолдамасын алу үшін әлемдік рейтингте спортшыларымыздың бірі үздік жиырмалыққа енуі керек. Қазір Артем Захаровтың үздік жиырмалыққа кіруге үлкен мүмкіндігі бар. Сондықтан оның басты мақсаты – олимпиада жолдамасы мен медаль болып тұр, - дейді Дагорне Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық велотрекші Артем Захаров (оң жақта) пен Эрве Дагорненің Гонконгтағы әлем кубогында түскен суреті.

Қазақстан велотрек құрамасының лидері Артем Захаров жақында Гонконгта өткен әлем кубогы кезеңінде күміс медаль алып, әлемдік рейтингте бесінші орынға шықты. Енді Қазақстан велотрек құрамасы наурыздың 2-сі мен 6-сы күндері аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Сөйтіп, мамыр айында осы екі жарыстың нәтижесімен рейтинг қайта жарияланып, түпкілікті бекітіледі.

- Қазақстан велотрек құрамасы олимпиада жолдамасын алуға жақын тұр, - дейді Дагорне.

Егер Артем Захаров Лондонда өзінің рейтингін қорғап қалса, велотректен Қазақстан құрамасы атынан Риода медальға таласады. Велоспорт федерациясы президенті Дархан Қалетаев «велоспортшылардың Риода жүлде алатынына сеніммен қарайтынын» айтады. Ол жыл басында Астанада өткен велоспорт федерациясы жиынында Азаттық тілшісіне:

- Барлық күш олимпиадаға жұмсалады. Риодан медаль алып келеміз. Велотрек пен велошоесседен медаль алу жоспарда бар, - деген еді.

Қазақстандық велоспортшы Александр Винокуров 2000 жылы Сиднейде күміс, 2012 жылы Лондонда алтын медаль алған. Рио олимпиадасында велошоссе жарысы тамыздың 6-сы мен 7-сі аралығында, велотрек жарысы тамыздың 11-і мен 16-сы күндері аралығында өтеді.