Жұмыссыздар арасында қылмыс көбейді

Атыраудағы еңбек жәрмеңкесіне келген жұмыссыздар. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда былтыр 100 мыңнан аса адам қылмыс жасаған. Оның 80 мыңға жуығы - жұмыссыздар. Сол жұмыссыздардың бірі "қылмыс жасауға жігерсіздік пен дәрменсіздік итермелейді" дейді.
Қазақстан бас прокуратурасының жуырда жариялаған есебінде жұмыссыздар арасында қылмыстың үздіксіз көбейіп келе жатқаны айтылды.

ҚЫЛМЫС ПЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Соңғы төрт жылда қылмыс жасаған жұмыссыздардың үлес салмағы 11,4 пайыздан 17,1 пайызға өскен. Жұмыссыз адамдардың ең көп қылмыс жасайтын аймақтары - Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстары.

Жұмыссыздар жиі жасайтын қылмыс түрі - «жекеменшікке қарсы» қылмыстар.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген алматы тұрғыны К.М. Азаттық тілшісіне «Үйленгем, төрт балам бар. Талай жыл жұмыс таппай жүрдім. Ара-тұра шығып қалатын уақытша жұмыстардың ақшасы жетпейді. Бала-шағаның киім-кешегі, тамағы бар, жалдайтын пәтерге де төлеу керек. Балаларды оқыту мен дәрі-дәрмекке де қаншама ақша керек? Сөйтіп жүріп заңнан қалай аттағанымды да байқамай қалдым. Ақыры ұрлықпен ұсталып, түрмеге түстім» дейді.

Көрнекі сурет.

Жұмыссыздар арасында қылмыстың көбею себебін әркім әрқилы, кейде мүлде қарама-қарсы тұрғыда түсіндіреді. Жезқазған қаласының тұрғыны Сәуле Сейдахметова адамдарды заң бұзуға жұмыссыздық итермелейді деп санайды.

- Жұмысы жоқ бір танысым қарындасын ұзату үшін пәтер тонаған. Бізде қалыңдықтың артынан қоржын апарады ғой. Әлгі кісінің тұрмысқа шығатын қарындасына киім-кешек әперетін ақшасы болмаған. Әке-шешесі жоқ, отбасындағы баланың үлкені. Міне, жұмыссыздықтың ақыры қайда апарады? Жұрт қазір жұмыс табылатынына сенбейді. Бірдеңе етіп бала-шағаны асырау керек, пәтер ақысын төлеу керек, көбінің мойнында несиесі бар. Адамдар қылмысқа көбінесе шарасыздықтан барады, - дейді ол.

Ұрлық жасап, кісі тонауға адамды жұмыссыздық қана итермелей ме? Алматының жұмыссыз тұрғыны Бейбіт Төлегенұлының пікірі басқа. Ол «Адам қылмысқа жігерсіздігінен барады. Жұрт қылмыс жасауға әлеуметтік проблемалар итермелейді деп ойлайды. Бұл заң алдында да, мораль алдында да қылмысты ақтайтын сылтау емес. Қылмысты жігерсіз, дәрменсіз адамдар жасайды» дейді.

ЖҰМЫС ІЗДЕУ САРСАҢЫ

Статистика агенттігінің дерегі бойынша, ақпан айында елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз болған. Бақылаушылардың айтуынша, бұл мәлімет нақты жағдайды көрсетпейді.

Жұмыссыздар көбінесе қала мен ірі елді мекендерде ғана есепке алынатынын бас прокуратура да мойындайды. Ал үй-жайы, малы, бау-бақшасы бар ауылдықтар жұмыссыздар ретінде тіркелмейді, әрі оларды статистикалық есептерде «өзін өзі қамтитындар» ретінде көрсетеді. Жұмыссыздық үшін төленетін жәрдемақыны алып тастағаннан бері жұмыспен қамту бөлімдеріне барып тіркеуге тұратын азаматтар азайып кеткен.

Қазақстан түзету колонияларының бірі. (Көрнекі сурет)

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, халықты жұмыспен қамту шаралары тиімсіз жүргізіледі. Бұл проблема әсіресе Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ушығып барады. Бұлар - ірі өнеркәсіп ошақтары, оның ішінде экспортқа шығатын мұнай, металл өндірумен айналысатын кәсіпорындар шоғырланған батыс, оңтүстік және орталық аймақтар.

- Жаза мерзімін толық өтеп шықтым. Енді тағы жұмыссыз жүрмін. Бармаған жерім қалмады. Биржаға да тіркелдім. Кейде шарасыздықтан не істерімді білмей кетемін. Балаларды қалай асырап, жеткіземін деп уайымдаймын. Енді жаз келгенін күтіп жүрмін, мүмкін құрылысқа жұмысқа алатын шығар. Сылақшы немесе қара жұмысшы іздеп жүрген таныстарыңыз жоқ па? Қолымнан бәрі келеді, - дейді алматылық тұрғын К.М. Азаттық тілшісіне.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)