Қаңғыбастар арасында мүгедек жандар көбейіп барады

Асхат Жәркенов ауруханада жатыр. Семей, 24 наурыз 2011 жыл.

Семей қаласының үйсіз тұрғындарының бірі Асхат Жәркенов биыл қыста қол-аяғынан айырылды. Алайда ауруханада жататын мерзімі аяқталса да, оны алып кететін ешкім болмай отыр.

Ауруханадан қағаз жүзінде осыдан бір ай бұрын «шығарылған» науқасқа ауырса да ем-дом жасалуы екіталай. Ешкімге керексіз болып қалған Асхат осылайша әрі-сәрі шерменде болып жатыр. Бірақ ол біреуді кінәлаудан аулақ.

«ОЯНСАМ, ҚОЛ-АЯҒЫМДЫ КЕСІП ТАСТАПТЫ»

– Бәріне кінәлі өзім ғана, – дейді Асхат. – 15 жыл бұрын ұлымды тастап кеткенмін. Енді «мені алып кет» деп оған айта алмаймын. Жүзіне қалай қараймын? Қазір 22 жасқа толды, мені кешіре қоймас.

Асхат Жәркенов өткен күндер туралы айтуға құлықсыз. Кешегі тепсе темір үзетін жігіттің бүгін мынадай күйге түскені жанын жегідей жейді.

– Кезінде менде үй де болған еді, қазір ол да жоқ. Басым ауған жақта жүрдім. Бір күні спирт сатып алып ішіп, көшеде ұйықтап қалыппын. Бір жігіт пен қыздың мені тұрғызып, жедел жәрдем шақырғаны ғана есімде. Оянғанда аяқ-қолымды кесіп тастағанын бір-ақ білдім. Дәрігерлердің «ауруханадан шығарылды» деген қағаз толтырып бергеніне бір ай болды, бірақ барар жерім
жоқ.

Асхат ағайын-туыстары жайлы айтқысы келмейді. Бірақ сөз арасында ағасы бар екені белгілі болды. Ағасы кезінде көмек те көрсетіпті, тіпті, үй де сатып әперіпті. Бірақ ішкілікке салынған Асхат оны да түңілдіргенге ұқсайды.

Аурухана қызметкерлері мен пациенттері Асхатқа шамаларынша жәрдемдесіп-ақ жатыр. Тиісті орындардың бәріне хабарласса да, Асхатты еш жер алғысы келмейді. Арнайы әлеуметтік орталықтар лық толған, ал
Үйсіз-күйсіз адамдарды бейімдеу орталығындағы кезек. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
мүгедектер үйі «мүгедектігі туралы» ресми құжаттары түгел болса ғана алатын көрінеді. Асхатты аурухана әзірше ұстап отыр, бірақ қашанға дейін шыдамақ?

ҚАҢҒЫБАС МҮГЕДЕК ҚАЙДА БАРАДЫ?

Аурухананың травматология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Түлзебаев «мұндайды бірінші рет көріп отырмағанын» айтады. Әр қыс сайын Семейдегі үйсіз-күйсіздердің арасынан 30-40 адам мүгедектер қатарына қосылады екен. Олардың көпшілігінен туыстары бас тартады.

Азаттық радиосына берген сұқбатында Қуаныш Түлзебаев «мұндай адамдармен арнайы мекеме айналысуы керектігін» айтты.

– Семейдегі қаңғыбас мүгедектер мәселесі ушығып тұр. Әлі де адам секілді өмір сүре алатын ондаған адамның тағдырына ешкім бас ауыртпайды. Қаңғыбастардың жүретін жері – су құбырларының төңірегі; басқа барар жер, басар тау жоқ. Оларды ешкім алғысы да келмейді, учаскелік полицейдің де онымен шұғылдануға мұршасы жетпейді. Мұндай мүгедектерді қалай рәсімдеу керектігін де білмеймін. Әйтеуір бір туысы алып кетер деп күткеннен өзге амал бар ма, – дейді Қуаныш Түлзебаев.

«Бірде-бір туысы келмей қойса, қайтесіздер?» деген сауалған Қуаныш Түлзебаев «біреу-міреу көмектеседі ақыры» деп жауап берді.

Семейдегі бейімдеу орталығы мен Қызыл крест ұйымы мұндай мүгедектерде сыйғыза алмай жатыр. Бірақ осы материал әзірленіп жатқанда бұл мекемелердің басшылары Асхатты да «өйтіп-бүйтіп сыйыстыруға» уәде берді.