Чехия билігі құрамынан министр қазақ қызы Жәмила Стехликованың алдын ала кетуі үкіметті отставкадан құтқармады

Министр Жәмила Стехликова мен премьер-министр Мирек Тополанек адам құқтары бойына көрмені ашуда.(Мұрағаттық сурет).

Осы жылдың қаңтар айында Чехияның адам құқтары және ұлттық азшылықтар бойынша министрі Жәмила Стехликова кабинетті сақтап қалу үшін министрлік қызметтен өз еркімен кеткен болатын. Бірақ бұл жосықсыз құрбандық болғандай ма, қалай?
Өткен бейсенбіде Чехияның премьер-министрі Мирек Тополанек ресми түрде отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Бұл - чех Конституциясы бойынша бүкіл үкімет отставкаға кетеді деген сөз. Сейсенбіде Чехия парламентінің төменгі палатасы Тополанектің оңшыл центристік үкіметіне сенімсіздік білдірген-ді.

Чехия осы жылдың шілдесіне дейін ЕуроОдаққа төрағалық етеді. Мирек Тополанек басқаратын Чехия үкіметі осы кезеңде отставкаға кетіп барады. Чех саясатшыларының арасындағы алдын ала келісім бойынша, бұл кабинет ЕуроОдаққа төрағалық мерзімі біткенше, өз міндеттерін атқара береді. Чехия президенті Вацлав Клаус «әрекетке бейім жаңа үкіметтің» барынша тезірек жасақталуына бар күшін салатынын айтты.

Алайда, осы үкіметтің бұрынғы мүшесі, қазақ қызы Жәмила Стехликова біздің Азаттық радиосына берген эксклюзивті сұхбатында бұл үкіметтің отставкаға кетуі президенттің ойланбай жасаған қадамы және оппозицияның мағынасыз өш алуы болды деп мәлімдеді. Ол осы жылдың қаңтар айында Мирек Тополанектің кабинетін құтқару мақсатында Чехияның адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі қызметінен өз еркімен кеткен. Оның пікірінше, жаңа үкіметті қалыптастыру мәселесі әзірге беймәлім.

- Жәмилә ханым, қаңтар айында сіз Мирек Тополанек басқарған үкіметті сақтап қалу мақсатында Чехияның адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі қызметінен өз еркіңізбен кеттіңіз. Алайда, арада екі ай уақыт өтер - өтпестен парламент Тополанектің үкіметіне сенімсіздік білдіріп, соның салдарынан үкімет отставкаға кетіп барады. Сіз бұны қалай түсіндіресіз?

- Өкінішке қарай, үкімет ауыр экономикалық дағдарыс кезінде және Чех Республикасы ЕуроОдаққа төрағалық етіп отырған кезеңде отставкаға кетіп барады. Менің ойымша, бұның ең басты себебі оппозицияда жауапкершіліктің жоқтығы. Олар премьер-министрге (Мирек Тополанек) немесе, мәселен ,министр Бурсикке тісін қайраған бірнеше адамның дауысын пайдаланып кетті. Осы бірнеше дауыстың арқасында ешкімге түсініксіз қадам жасады. Өйткені, оппозицияның өзі ешқандай конструктивті ұсыныс жасап отырған жоқ.
Екіншіден, бұл қадам ешкімге ештеңемен көмектеспейді. Тіпті, оппозицияның өзіне де көмектеспейді деп ойлаймын. Бұдан қандай да бір пайда көріп, оқиғалар ортасында болатын бірден - бір адам, әрине президент (Вацлав Клаус) болмақ. Ол үкіметтің отставкаға кетуінде Тополанек кабинетінің мағынасыз отставкасында үлкен рөл атқарды.

Үкіметтің отставкаға кеткен уақыты және басқа да жағдайлар бұл жерде дұрыс ойлауға қарағанда жеке амбициялардың жоғары тұрғанын байқатады. Және ол (президент Вацлав Клаус) қазіргі уақытта барлық оқиғалардың орталығына айналып, саяси процестерді басқарып отыр. Өйткені, ендігі жерде жаңа үкіметті кім жасақтайтынын және кімнің премьер-министр болатындығын сол ғана шешеді.


- Жәмилә ханым, кезінде, бірінші вице-премьер қызметінде Иржи Чунектің отыруымен байланысты болған қаңтар айындағы алғашқы үкімет дағдарысы кезінде сіз абыройыңызға кір келтірмей, одан шықтыңыз да үкіметті сақтап қалдыңыз. Бірақ, Чехия сияқты демократиялық мемлекеттің үкіметінде, оның үстіне бірінші вице-премьерлік қызметте Иржи Чунек тәрізді елге даулы тұлғаның отырғанын қалай түсінуге болады?

- Бұл өте қарапайым нәрсе! Өйткені, ол коалициялық партияның (христиандық-демократиялық партиясы) жетекшісі болып табылады. Ал, коалициялық партияның төрағасы, коалициялық келісімге сәйкес, премьердің шешіміне вето қоя алады. Мәселен, министрлерді ауыстыру жөнінде. Яғни, коалициялық партия төрағасына үкіметтен кетуін «өтіну», бұл үкіметтің өзін-өзі тарқатуына пара-пар. Сондықтан да премьер-министр де, оның коалициядағы басқа әріптестері де үкіметті тарқатып алу қаупінен қорқып, оның үкіметте отыруына шыдаммен қарады.

Тек қаңтар айының соңында үкіметте болған үлкен ауыс-түйістердің нәтижесінде ғана Иржи Чунекті үкіметтен кетіруге мүмкіндік туды. Әрине, құрамынан Иржи Чунек тәрізді адамды енді ғана тазартқанда үкіметтің отставкаға кетіп бара жатуы екі есе өкінішті. Ол тек Чехияда ғана емес, шетелдерде де популист саясатшының нашар үлгісі ретінде «танылды». Ол даулы шешімдер арқылы танымал болып, партия төрағасы, бірінші вице-премьер қызметіне ие болды.

Яғни, оның үкіметтен кетуі тек Мирек Тополанектің ғана емес, басқа да коалициялық партиялардың, соның ішінде жасылдар партиясының үлкен жеңісі болды. Өйткені, менің министр қызметінен кетуім бекер болған жоқ. Осы мақсатта коалициялық партиялар үкіметтегі өздерінің бір мүшелерін «құрбандыққа» шалулары керек еді. Атап айтқанда, жасылдар партиясы мені «құрбан» етті.

Біздің ойымызша жаңарған үкімет өз мерзімінің соңына дейін тыныш жұмыс істеуі керек еді. Бұл біздің барлығымыздың мақсатымыз болатын және біз қандай да бір күтпеген жағдайлар болады деп ойлаған жоқпыз. Болмаса, бұндай жағдайдың мүмкіндігі өте төмен болатын.

Үкімет мерзімінен бұрын отставкаға кетуі үшін әлдеқандай шектен тыс оқиға болуы керек еді. Бұндай ештеңе болған жоқ, бәрі керісінше... ЕуроОдақта өте табысты төрағалық еттік, көптеген халықаралық, еуропалық проблемаларды шешудің сәті түсті. Чех Республикасының беделін көтеруге мүмкіндік туды.

Ал, оппозицияның президент Вацлав Клаусты қолдау туралы шешімі ту сыртыңнан тиген күтпеген соққымен бірдей болды. Шынында да оппозиция мен мемлекет басшысының бұл қадамы еліміздің, Чехияның беделіне үлкен нұқсан келтірді. Бұны еуропалық серіктестеріміз де, көршілеріміз де түсінбей отыр.

- Жәмила ханым, сіз жаңа ғана Тополанек үкіметінің отставкаға кетуіне біреулердің жеке амбициялары себеп болды дедіңіз. Қатаң экономикалық дағдарыс кезінде нақты кімнің жеке амбициясы бүкіл елдің, бүкіл ЕуроОдақтың мүддесінен жоғары болғанын айта аласыз ба?

- Біріншіден, бұл социал-демократиялық партияның амбициясы. Ол өзінің оппозицияда жүргені үшін үкіметтен өш алғысы келді. Және оның үкіметті құлатуы еш мағынасыз болды. Өйткені, социал-демократиялық партияның төрағасы Иржи Пароубектің жаңа үкіметті қалай жасақтау туралы ешқандай нақты жоспары жоқ.

Содан соң бұл президент Клаустың амбициясы. Ол бұл оқиғалардан сәл шеттеу тұрып, біздің барлығымыз үшін президент екендігін айтады. Алайда, оның соңғы сөздері, соңғы бірнеше айларда жасаған қадамдары, Мирек Тополанек пен оның үкіметінің отставкаға кетуіне президенттің тікелей мүдделі болғанын анық байқатты.

Оның Тополанекпен арасындағы соңғы айларда асқынып кеткен ерекше тартысы жұртқа белгілі.