Адвокаты Мұхтар Жәкішевпен кездесе алмаса, Жәмила түрмедегі күйеуінің өміріне алаңдайды

Қамауда жатқан Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішева.Алматы, 31 шілде, 2009 жыл.

Жәмила Жәкішева ҰҚК-нің тергеушілерінің жауапқа тартылуын талап етіп, прокуратураға шағымданатынын мәлімдеді. Ал «Қазатомпром» ұлттық компаниясының қамаудағы бұрынғы президентінің адвокаты Нұрлан Бейсекеев өзінің қорғауындағы Мұхтар Жәкішевпен кездесе алмай отырғанын айтты.

ҰҚК ӨЗ КЕЛІСІМІН ӨЗІ БҰЗДЫ


7 қыркүйек күні өткен баспасөз мәслихатында адвокат Нұрлан Бейсекеев 26 тамыздан бері өзінің қорғауындағы Мұхтар Жәкішевпен кездесе алмай отырғанын жария етті.

Оның сөзіне қарағанда, тергеушілер авдвокат Нұрлан Бейсекеевтен қорғауындағы Мұхтар Жәкішевпен кездеспей-ақ, іспен танысуын табанды түрде қалап отыр. Адвокат Нұрлан Бейсекеев тергеушілердің бұл ісін заңға қайшы әрекет деп бағалап, өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруға кедергі жасалып отырғанын айтады.

26 тамызда қорғауындағы Мұхтар Жәкішевпен кездесуге барған адвокат Нұрлан Бейсекеев тергеу тобының тарапынан қысымға ұшыраған.
"Қазатомпромның" бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Алматы, 7 қыркүйек, 2009 жыл.

– Өзін таныстырмаған тергеу тобының бір мүшесі менен портфелімнің ішінде не бар екенін көрсетуімді сұрады. Ол осы әрекеті арқылы «адвокаттық қызмет» туралы заңның 7-ші бабын бұзып отыр. Мен әрине, оның заңсыз талабын орындаудан бас тарттым. Тергеушінің талабын орындаудан бас тартқанымнан кейін маған өз қорғауымдағы адаммен кездесуге рұқсат етпеді. Бұл – қылмыстық-процесуалдық кодекстің 74- бабының өрескел бұзылуы, – деді Нұрлан Бейсекеев.

Осыған байланысты Мұхтар Жәкішевтің жұбайы Жәмила Жәкішева күйеуінің ісімен адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айналысуын уақытша тоқтатты. Оның айтуынша, ҰҚК адвокатты Жәкішевтің ісіне жіберу арқылы тергеудің заң шеңберінде жүріп жатқанын жарнамалауға тырысуда, бірақ сөйте тұра адвокаттың жұмысына үнемі кедергі жасап отырмақ ниетте болған.

– Менің күйеуім мен оның қорғаушысы құқықтарының сақталу жағдайы өзгергенше осылай жасауға мәжбүрмін. Адвокат жоғары инстанцияларға өтініш хат жазған. Сондай-ақ, менің күйеуімнің денсаулығы мүшкіл екенін жасыру үшін де адвокатты күйеуіммен кездестірмей отыр, – деді Жәмила Жәкішева.

Алайда, ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров адвокат Нұрлан Бейсекеевтің тергеу ісімен танысуға келмейтінін айтып отыр.

– Мен адвокаттың неліктен мұндай мәлімдеме жасап отырғанын түсінбеймін. Керісінше, тергеу ісі оны күтіп отыр. Ол өзі іспен танысуға келмейді. Қорғаушы ретінде тіркелген, бірақ өзінің қызметін орындамай отыр. Расында да жағдай керісінше болып тұр. Оны кім жібермей отыр? Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, – деді Кенжеболат Бекназаров Азаттық радиосына

«ОЛАР МЕНІҢ КҮЙЕУІМДІ ӨЛТІРІП ТЫНАТЫН ШЫҒАР»

7 қыркүйек күні болған баспасөз мәлихатында адвокат Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы өте нашар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Мұхтар Жәкішев орнынан зорға тұрып, әрең жүреді. Өз қорғауындағы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына алаңдаған адвокат оны денсаулығына байланысты дереу ауруханаға жатқызу керек екенін айтып, өтініш хат жазған. Алайда, бұл өтініш хат жауапсыз қалған.

Сонымен қатар, Жәмила Жәкішева да күйеуінің тергеу абақтысында-ақ өлімге душар болуы қаупіне алаңдап отырғанын жасырмады.

– Олар тергеу абақтысында күйеуімді өлтіріп тына ма деп қорқам. Шамасы, олардың іс «алға баспай» тұрғанға ұқсайды. Жібі түзу дәлел, айғақ жоқ. Енді олар айыпталушының көзі жойылса, ештеңені де дәлелдеудің қажеті жоқ деп шешкен сыңайлы, – деді Жәмила Жәкішева.

Жәмила Жәкішеваның күйеуінің денсаулығына байланысты алаңдауы заңды дейді «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова. Оның айтуынша, адамға психологиялық қысым жасаудың өзі азаптау болып табылады.

– БҰҰ-ның азаптауға тап болған адамдардың құқығын қорғау туралы декларациясында айтылатындай, «азаптау дегеніміз – қандай да бір ақпарат алу үшін адамның денесі мен санасына қасақана ауыр жарақат түсіру». Сондықтан Мұхтар Жәкішевтің қазір бастан кешіріп отырған жағдайы азаптаудың бір тармағы болып табылады, – деді баспасөз-мәслихатына қатысып отырған Бақыт Түменова.

Бақыт Түменованың сөзіне қарағанда, ол Жәмила Жәкішева көмек сұрап хабарласқаннан кейін және Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы туралы сұрап білгеннен соң, 21 тамыз күні Әділет министріне, 24 тамыз күні Бас прокурордың атына хат жазған. Өз хатында Бақыт Түменова тергеу абақтысында жатқан Мұхтар Жәкішевті дереу ауруханаға жатқызу керектігін айтқан.

7 қыркүйек күні болған баспасөз мәслихатында Жәмила Жәкішева адвокат Нұрлан Бейсекеевке қысым жасаған ҰҚК тергеу тобының заңсыз әрекетіне байланысты Бас прокуратураға тергеу тобы басшысының және оның мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде өтініш жазатынын хабарлады.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішев ағымдағы жылдың мамыр айында қызметінен босатылып, тұтқындалған болатын. ҰҚК Мұхтар Жәкішевке мемлекет мүлкін жымқырды деген айып тағып отыр. Қолдаушылары Жәкішевтің ісінің астарында саясат жатыр деп біледі.