Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сында болған оқиғаларды тергеп, тексеруге осы уақытқа дейін жиыны алты түрлі комиссия құрылды. Олардың үшеуі үкіметтік тарапынан құрылған. Оған қоса бірлескен жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
ТӘУЕЛСІЗ КОМИССИЯ
Жаңаөзендегі қантөгіс болған желтоқсанның 16-сы күні «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы тәуелсіз қоғамдық комиссия құру бастамасын көтерді.
Құрамына «Азат» ЖСДП, Қазақстанның коммунистік партиясы және тіркелмеген «Алға» партияларының жетекшілері мен өкілдері кірген бұл комиссия желтоқсанның 17-күні Жаңаөзенге баруға тырысқан, бірақ жолдары болмады.
Қазір бұл комиссия құрамына «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры», Қазақстандық Хельсинки комитеті сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бірқатар қоғам қайраткерлері мен заңгерлер, тәуелсіз журналистер де қосылды. «Руханият» партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбеталин де комиссияға қосылуға тілек білдірді.
ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ
17 желтоқсанда Астанада өткен Жаңаөзен оқиғасына қатысты қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі вице-премьер Өмірзақ Шүкеев жетекшілік ететін үкіметтік комиссия құрылды. Мұның құрамына Маңғывстау облысының жаңа әкімі Бауыржан Мұхамеджанов, «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компанияларының жаңа басшылары мен басқалары кіреді.
Азаттық радиосы бұл комиссия мүшелерімен сөйлесе алмады. Маңғыстау
Үкіметтік комиссияға қоса бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің бірлескен жедел тергеу тобы құрылды. Бұл топты бас прокуратураның арнайы прокурорлар департаментінің бастығы Серік Қараманов басқарады.
Алайда, Қазақстан президентінің Маңғыстау облысындағы оқиғаларды тексеруде ашықтық пен жариялылық болатыны туралы мәлімдегеніне қарамастан, тергеу тобының Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру жұмысы жайлы білу қиынға түсті. Бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан ұққанымыз, тергеу тобына Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктердің шығу себебін анықтау және оны ұйымдастырушыларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту тапсырылған.
ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ
Желтоқсанның 22-23-і күндері Ақтауға барған Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір республикалық комисиия құруды тапсырыпты. Бірақ ол үкіметтік емес, қоғамдық болып табылады. 23 желтоқсан күні бұл комиссия жұмысқа кірісіп кеткен.
Бұл комиссияның құрамына қарасақ, Назарбаев қоғамдық комиссия құру тапсырмасын мемлекет басшысы ретінде емес, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі ретінде берген секілді. Себебі бұрынғы сенатор, Маңғыстау обдыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, комиссия құрамына «Нұр отан» партиясы филиалының, «Ақ жол» партиясының, Маңғыстау облыстық ақсақалдар кеңесінің, «Өзенмұнайгаз» компаниясының өкілдері, Астанадан белгілі адамдар кіреді. Бірақ ол бұл комиссияға мұнайшылар кәсіподағының өкілдері кірмегенін айтады.
Маңғыстау облысының «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Кенжеғали Сүйеуов Озғанбаевтың өзін комиссия құрамына кіруге шақырғанын, бірақ істің тек шақырумен шектелгенін айтады.
Озғанбаевтың сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық комиссияға бас прокуратура мен ІІМ-нің бірлескен жедел тергеу тобының жұмысына қоғамдық бақылау жасауды тапсырған. Ол қоғамдық комиссия құрылған күнінен бастап Ақтауда, Жаңаөзен мен Шетпеде өздерінің қоғамдық бақылау пунктерін ашқанын айтты. Бұл пунктерде тұрғындар тергеу тобының азаптау және басқа да заңға қайшы әрекеттері туралы шағымдарын, із-түзсіз жоғалған адамдар туралы мәліметтерді қабылдайды.
Бірақ Озғанбаев өзі басқаратын комиссия Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты күдіктілер отыратын Маңғыстау облысындағы түрмелер мен уақытша ұстау және тергеу абақтыларын тексеру кезінде олардан өздерін азаптап, қинағандығы жөнінде арыз-шағымдар түспегенін айтты.
ЕРІКТІ КОМИССИЯ
«Озғанбаевтың комиссиясымен» қатар Жаңаөзенде облыстық «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Кенжеғали Сүйеуов басқаратын, өзін тәуелсіз деп санайтын тағы бір комиссия жұмыс істеп жатыр.
Сүйеуовтың орынбасары Жомарт Айдарбековтың сөзіне қарағанда, комиссия
Бұл комиссияның жұмысының нәтижесі туралы қазір айта алмаймыз. Себебі Айдарбековтың өзі қазір комиссияға көмек сұрап келіп жатқандардың аз екенін айтады. Комиссияға жүгінетіндердің өзі тікелей келуден қорқып, телефон арқылы ғана көмек сұрайды екен. Ол комиссияны тіпті әкімдікке де кіргізбегенін жеткізді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМИССИЯ
29 желтоқсан күні Ақтауға халықаралық «Penal Reform International» (PRI – «Халықаралық түрме реформасы») үкіметтік емес ұйымы мен Шымкент, Қызылорда, Петропавл және Ақтау қалаларынан қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері кіретін тағы бір комиссия келді. Бұл комиссия Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының абақтыларында отырған күдіктілердің азапталып жатқандығы турасындағы әңгімелерді тексеруге келген.
Алайда, комиссияның аймаққа жасаған сапарының қорытындысы жайлы ақпарат ала алмадық. Комиссия жетекшісі және PRI-дың Орталық Азия бойынша өкілі Жанна Малаеваның және аталған ұйымның Астанадағы өкілдігінің телефондары жауап бермеді. PRI-дың бастамасымен құрылған бұл комиссия аймаққа келу үшін бас прокуратурадан рұқсат алған.
Қазақстан билігі әлі күнге оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар құрған тәуелсіз қоғамдық комиссияны Жаңаөзенге, Жетібай мен Шетпеге жібермей отыр.
Бірақ тәуелсіз комиссия мүшесі және «Гүлжан.орг» сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева өздерінің жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібінің мерзімі аяқталған соң қалаға барудан үмітті екендіктерін айтты. Бірақ үкіметтік комиссия жетекшісі Өмірзақ Шүкеев Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібінің ұзаратыны туралы айтқан болатын.
ЖӘНЕ БІР ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ
Ал соңғы күндері Жаңаөзенде еңбек мәселесін қарастырумен айналысатын тағы бір комиссия құрылды. Оны басқаратын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов бұл комиссия жұмыстан босатылған жұмысшылардың арыз-шағымын қарайтынын жеткізді.
Вице-министрдің айтуынша, еңбек дауымен айналысатын комиссия үкіметік комиссияның жетекшісі Өмірзақ Шүкеевтің тапсырмасымен құрылған.