КЕЗЕКТІ САНКЦИЯ ТІЗІМІ
АҚШ қаржы министрлігі 30 қазанда жариялаған кезекті санкция тізіміне 275 компания мен жеке адамдар енгізілді. Олар Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге әскери-өнеркәсіп кешеніне қажет озық технологиялар мен құрал-жабдықтар жеткізуге қатысы бар деген күдікке ілінген.
Жаңадан санкция салынғандар арасында станоктар сатумен айналысатын қазақстандық Kazstanex компаниясы да бар.
АҚШ билігінің мәліметінше, Kazstanex Өзбекстандағы бөлімшесі – Uzstanex фирмасымен бірге Ресейге сатуға, жеткізуге тыйым салынған станоктарды Еуропадан алып, қытайлық Shanghai Winsun компаниясы арқылы Ресейге жөнелтіп отырған. Осылайша бұған дейін Ресейге қарсы салынған санкция ережелерін бұзған. Олардың іс-әрекетіне Игорь және Татьяна Хоменко, Александр Ушко деген Ресей азаматтарының қатысы бар деп отыр АҚШ қаржы министрлігі.
Оның дерегінше, еуропалық станок шығаратын компанияда жұмыс істейтін Александр Ушко ресейлік "Технология Развития Открытых Систем" компаниясын басқаратын әкесі Сергей Ушкоға станоктар сатып алуға жәрдемдескен.
Санкция салынған жүзден астам ресейлік және шетел компаниясы арасында "Чип и Дип", "Сталепромышленная компания", өткізгіштер шығаратын "Ангстрем" компаниясы, авиация және ғарыш жүйесінің құрал-жабдығына қажет бөлшектер шығаратын "Звезда", Инженерлік физика институты және өзге де мекемелер бар.
АҚШ билігі жариялаған санкция тізімінде ресейліктерден бөлек Үндістан, Қытай, Түркия, Швейцария, Черногория және Чили азаматтарының – жиынтығы 30-дан астам адамның аты-жөні аталған.
САНКЦИЯҒА ІЛІНГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯ
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, 2011 жылы наурызда тіркелген Kazstanex компаниясының құрылтайшысы әрі жетекшісі Василий Абрамов деген адам. Компания сайтында бас кеңсесі мен қоймасы Алматының Шаңырақ-1 ықшамауданында орналасқаны, Өзбекстанда кеңсесі бары жазылған.
Бейсенбі күні Азаттық АҚШ санкциясы жөнінде Kazstanex компаниясының өзінен пікір алуға талпынып көрді. Алайда сайтта көрсетілген байланыс телефондарын ешкім көтермеді, жазбаша жолдаған сұрақтарға да жауап бермеді.
Бұған дейін де АҚШ пен Еуроодақ Ресейге салынған тыйымдарды айналып өтуге көмектескені үшін қазақстандық бірнеше компанияға санкция салған.
Биыл тамызда АҚШ қаржы министрлігі Астанада тіркелген CATU TECH компаниясын Мәскеуге Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшін салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деп санкция тізіміне қосқан.
Маусым айында Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақтың кезекті санкция тізімінде Қазақстанда тіркелген компания бар2024 жылы ақпанда журналистер осы компанияның жұмысы туралы зерттеу жариялаған. Зерттеуде "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқаны айтылған.
Ақпанда АҚШ "Ресейдің Украинаға шабуылының екі жылы мен Навальный қазасына қатысты" жариялаған санкция тізіміне DA Group компаниясы енгізілген. Халықаралық зерттеушілер бұл компания соғыста қолданылатын санкция салынған тауарлар реэкспортына атсалысты деген.
Ал Еуропа одағының 13-санкция пакетіне қазақстандық Elem Group компаниясы кірген. АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазақстандық Elem Group АҚШ-та тіркеліп, Ресейде орын тепкен "Стрелой Е-Коммерц" компаниясына "озық тауарларды" жеткізумен айналысқан.
Қазақстан билігі Ресейге қарсы санкциялық режимді қолдамайды. Бірақ Батыстың Мәскеуге салған "экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген.
Биыл жазда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресейге салынған Батыс санкциялары өз саласында негізгі жұмыс беруші болып отырған отандық компанияларға зиян тигізген жағдайда, Қазақстан санкция ережелеріне көзсіз мойынсұнбайды деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?