Еуропа одағының жаңа санкция пакетінде Қазақстанда тіркелген Da Group 22 компаниясы бар. Бұл ақпарат Еуроодақтың ресми журналында шықты. Компания тізімде ресми түрде 25 маусымнан бастап тұр.
Da Group 22 компаниясы 2022 жылы көктемде – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Астанада тіркелген. Еуроодақ былтыр қарашада бұл компания Ресейдің Украинаға қарсы соғысына көмектесіп отыр деп, санкция салмақ болған.
Ресей кеден қызметінің деректеріне сәйкес, Da Group 22 Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейге экспорттаған.
Da Group 22 туралы былтыр мамырда халықаралық зерттеушілер тобы айтқан. Олар компания соғыста қолданылатын санкция салынған тауарлар реэкспортына атсалысты деген. Зерттеушілер бұл компанияның Германияда бизнеспен айналысатын ресейлік отбасымен байланысы барын анықтаған.
Зерттеуге сәйкес, Германиядағы Elix ST компаниясы 2022 жылдан бастап қазақстандық Da Group компаниясына жүздеген мың долларға бөлшектер жіберген. Da Group оны Ресейдегі "Стэк" компаниясына сатқан. "Стэк" Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындарына қызмет көрсетеді.
Ашық мәліметтерге сәйкес, Da Group 22-де жалғыз қызметкер бар. Компания электронды және телекоммуникация жабдықтары мен олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатынын жазған. Компанияның сайты қазір ашылмай тұр, басты бетте сайтты қайта дайындап жатқаны жазылған.
Биыл ақпанда Еуроодақтың 13-санкция пакетіне қазақстандық Elem Group компаниясы енген. Сол кезде қазақстандық Elem Group және Da Group 22 компаниялары АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау басқармасының санкциялар тізіміне ілінген.
Еуроодақтың санкциялар тізіміне Ресей әскери-өнеркәсіп кешенін тікелей қолдауға қатысы бар 60-тан аса адам я компания енді. Жаңа тізімде Қырғызстан, Түркия, Қытай және БАӘ компаниялары да бар.
24 маусымда Еуроодақ кеңесі Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 14-санкция пакетін мақұлдады (тізімде Қазақстанда туған бірнеше адам бар: өзін-өзі жариялап алған "Луганск халық республикасы" ("ЛХР") заңсыз құрылымның "білім және ғылым министрі" Иван Кусов, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 70 жастағы анасы Аймани Қадырова, т.б.).
Жаңа санкция Ресейден шығатын сұйылтылған табиғи газды Еуропа порттары арқылы тасымалдауға шектеу қояды. Үшінші елдерге арналған Ресейдің сұйылтылған табиғи газын енді Еуроодақ порттары арқылы қайта экспорттауға болмайды. Ресейдің өзінен Еуроодақ елдеріне сұйылтылған табиғи газ жеткізуге тыйым салынбаған.
Бұдан бөлек, Ресейдің қару-жарақ немесе украин астығын тасымалдауға қолданатын 27 танкеріне және кемелеріне санкциялар салынған.
Санкцияларды айналып өтуге қарсы күрес бойынша қосымша шаралар көзделген. Үшінші елдерге қос мақсаттағы тауар жеткізу қатаң бақыланатын болады. Еуропа одағындағы компаниялар өздерінің үшінші елдердегі еншілес компаниялары санкцияларды айналып өтуге қатыспауын қадағалуы керек.
ПІКІРЛЕР