Азаттық танысып шыққан құжаттарға сәйкес, Еуроодақ Орталық Азиядағы бірнеше компанияға қарсы санкция салмақ. Батыс елдері ол компанияллар Ресейдің санкцияға ілінген тауарларға оңай қол жеткізуіне көмектесіп отыр деп топшылайды.
Еуроодақтың 12-санкциялар пакетіне 31 жаңа компания енгізілмек. Олардың екеуі – Қазақстанда, біреуі Өзбекстанда тіркелген. Бұл компаниялар 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін құрылған.
Құжат жобасында Ресейде өндіріліп, экспортқа шығатын алмасқа тыйым салу туралы ұсыныс бар. Вашингтон бұл шектеуді қолдағанымен, Брюссель әлі қол қойған жоқ.
Орталық Азия компанияларын жаңа санкциялар тізіміне енгізу аймақ елдерінің Мәскеуге Батыс елдері салған шектеулерді айналып өтуге көмектесіп отырғанын көрсетеді.
Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы бері Орталық Азия компанияларынан бірнеше мақсатта қолданылатын тауарларды көптеп сатып ала бастаған. Мәселен, Батыс елдері мен Қытайда өндірілетін микрочип, дрон сияқты электроника тауарлары саудасы ерекше қарқын алған.
ASPAN ARBA, DA GROUP 22 ЖӘНЕ MVIZION
Азаттық танысқан құжаттарға сәйкес, жаңа шектеулер Ресейдің қорғаныс саласы мен қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетін тауарларды сатуды тоқтатуға бағытталған. Құжатта "Ресейдің әскери қимылын бәсеңдету үшін үшінші елдердегі шектеулерді айналып өтуге көмектесетін ұйымдарды назарға алу керек" деп жазылған.
Тізімге жаңадан қосылған компаниялар арасында қазақстандық Aspan Arba мен Da Group 22 және өзбекстандық Mvizion бар.
Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec өз кезегінде тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан.
Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес жобасының (OCCRP) мамырда жүргізген зерттеуі қос компания да бір ресейлік азаматқа тиесілі екенін анықтады.
Қазақстанның сауда дерегінше, импорт дрондар Қытайдың DJI компаниясынан шыққан. DroneAnalyst дерегінше, дрондар нарығының 90 пайызын осы компанияның үлесіне тиеді.
Компания өз дрондары Украинадағы соғыста қолданылмас үшін ондайдың алдын-алуға уәде бергенімен, DJI өнімдерін қос тарап та пайдаланды. Азаттық қазан айындағы материалында ресейлік әскери топтар мен Skymec компаниясы Қытайда жасалған дрондарды сатып алып отырғанын жазған еді. Бұл тауарлар Ресейдің ішкі істер министрі, Федералды қауіпсіздік қызметі мен төтенше жағдайлар министрлігіне жеткізілген.
Ресейдің кеден деректеріне сәйкес, Da Group 22 былтыр Қазақстаннан мыңдаған микрочипті Ресейгеэкспорттаған. OCCRP бұл компанияның Германияда бизнеспен айналысатын ресейлік отбасымен байланысы барын анықтады.
Қарашаның басында АҚШ-тың сауда министрлігі соғысқа қатысы болғаны үшін санкцияға ілінген ресейлік фирмаға электронды бөлшектер мен компьютер бағдарламасын жібергені үшін өзбекстандық Mvizion компаниясына қарсы шектеулер енгізді.
Еуроодақтың жаңа санкциялар жобасына Орталық Азиядан тағы үш компания кіргізілмек. Маусымда қабылданған 11-санкциялар пакетіне Өзбекстаннан 2 компанияны қосқан еді.
Alfa Beta Creative және GFK Logistics Asia компанияларының штаб-пәтері Ташкентте орналасқан. Екеуі де сәуірде АҚШ сауда министрлігінің санкциясына ілінген. Ведомство бұл кәсіпорындар экспорт бақылауын айналып өтіп, Ресейдің әскери-қорғаныс жүйесін қолдау үшін америкалық тауарларды сатып алу мақсатында құрылған деген қорытындыға келді.
ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ КОМПАНИЯЛАРЫ: ҚЫТАЙ ФИРМАЛАРЫ ТІЗІМДЕ ЖОҚ
Алдын-ала тізімде Орталық Азиядағы кәсіпорындардан бөлек, Ресейде тіркелген фирмалар мен сингапурлық Deflog Technologies компаниясы бар.
Жақында Еуроодақ өкілдері Орталық Азия басшыларымен кездесіп, өңірдің Ресейге қарсы салынған санкцияларды айналып өтудегі рөлін талқылады.
Қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц Берлинде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде осы мәселені тағы көтерді. Франция президенті Эммануэль Макрон да қарашаның басында Қазақстан мен Өзбекстанға ресми сапар жасап, Батыс санкцияларын бұзатын компанияларға бақылауды күшейтуге шақырды.
Бұл жоба аясында Ресей мұнайының еркін сатылуына жол бермеу үшін есеп беру процесін қатаңдату көзделіп отыр.
Жаңа тізімде Қытай компаниялар аталмайды.
Брюссель 11-санкциялар пакетіне Қытайдың 7 компаниясын қосып, кейін төртеуін тізімнен шығарып тастады. Санкцияға ілінген кәсіпорындар қатарында Гонконгта орналасқан Asia Pacific Links, Tordan Industry және Alpha Trading Investments компаниялары ғана қалды. Қалған 4 компания осы жолғы тізімге енеді деп айтылып келген еді, бірақ Sinno Electronics, 3HC Semiconductors, Sigma Technology және King-Pai Technology тағы да жобадан тыс қалды.
Еуроодақ шенеунігінің мәліметінше, санкция туралы жаңа ұсыныстар бойынша талқылау осы аптада басталады, ал құжат Рождествоға дейін қабылданады деп күтіліп отыр.
Еуроодақтың жаңа санкциялар тізімі әлі де өзгеруі не толығуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР