Accessibility links

"Кремльдің соғыс машинасына" чип пен дрон жеткізген Орталық Азия. Түркі елдерінің "әскери ынтымақтастығы"


Ресей дроны қиратқан тұрғын үйден қалған үйіндіні аршып жатқан украин құтқарушылары. Одесса, 3 наурыз 2024 жыл. Зерттеушілердің пікірінше, электронды компоненттері Ресейге Орталық Азия арқылы жеткен.
Ресей дроны қиратқан тұрғын үйден қалған үйіндіні аршып жатқан украин құтқарушылары. Одесса, 3 наурыз 2024 жыл. Зерттеушілердің пікірінше, электронды компоненттері Ресейге Орталық Азия арқылы жеткен.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейге санкция салынған тауар Қытайдан Орталық Азия арқылы жеткізілетінін жазды. Сонымен қатар Түркі мемлекеттерінің ұйымы қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ұмтылып жатқанын, аймақтағы геосаяси күшке айналуы мүмкін екенін талдады. Бұдан бөлек елдегі аса маңызды минерал − литий қорына Батыс елдері мен Қытай қызығушылық танытып жатқанына назар аударды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСЕЙГЕ "САНКЦИЯ САЛЫНҒАН ТАУАРДЫ ТАСЫМАЛДАЙТЫН ӨТКЕЛГЕ АЙНАЛДЫ"

Соғыс басталғалы екі жыл өтсе де, америкалық компаниялар жасап шығаратын компьютер чиптері мен дрондар Ресейге Қытайдан Орталық Азия арқылы жеткізіледі, деп жазады американдық Wall Street Journal басылымы. Бұл Мәскеу соғыста қолданатын заттардың Ресейге тасымалын жабу қаншалықты қиын екенін көрсетеді.

Мақала авторлары Лиза Лин мен Кларенс Леонның жазуынша, Батыс қос мақсаттағы тауарды Ресейге экспорттауға қанша жерден шектеу қойса да, аймақтың Ресеймен мыңдаған шақырымға созылып жатқан шекарасы, ашық емес сауда саясаты мен пайда көксеген делдалдар Орталық Азияны осы тауарды жеткізушіге айналдырды. Қосалқы мақсаттағы тауар негізінен Қытайдан тасымалданады, кей ретте бұл тауарды Қытайда ірі америкалық компаниялар өндіреді. Бұл компаниялар тауар Ресейге олардың рұқсатынсыз жеткізіледі дейді.

«Орталық Азия сауда жолы ретінде өте маңызды, себебі Ресейге Батыста жасалған тауар осы бағыт арқылы көптеп жеткізіледі. Бұл − микроэлектроника, автомобиль бөлшектері, соғыста және жеке мақсатта қолданылатын тауарды жеткізетін негізгі дәліз», дейді Вашингтондағы C4ADS зерттеу компаниясының сарапшысы Натали Симпсон.

АҚШ пен оның одақтастары санкцияға іліккен қосалқы мақсаттағы тауардың тізімін жасаған. Былтыр онда компьютер чиптері, танкте қолданылатын мойынтірек тәрізді 45 түрлі тауар болса, биыл ақпанда тізім тағы бес тауармен толықты.

Қытай кеденінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстанға Қытайдан жеткізілетін қосалқы мақсаттағы тауар экспорты 2022 жылдың ақпанынан бастап күрт өскен. 2023 жылы 45 тауардың экспорты 1,3 миллиард долларға артты, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 64 пайызға көп. C4ADS зерттеу компаниясының дерегінше, мұның көпшілігі ары қарай Ресейге жөнелтілген.

Соғыста жиі қолданылатын дрондар санкция салынған тауар тізіміне кірмеген. Қытай өз есебінде соңғы екі жылда Қазақстанға дрон экспорттағанын мүлде көрсетпеген. Бірақ екі елдің арасындағы сауда мәліметіне сүйенсек, Қазақстан 2023 жылы Қытайдан 5,9 миллион доллар сомаға жетеқабыл дрондар сатып алып, Ресейге сомасы 2,7 миллион долларға жететін дрондар тасымалдаған.

Соғыс басталғалы Қытайдың Қазақстанға қосалқы мақсаттағы тауар экспорты күрт өсті. C4ADS зерттеу компаниясы Ресей кеденнің ашық мәліметіне сүйеніп, 2023 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан мен Қырғызстан Ресейге 64 миллион долларға тауар экспорттағанын анықтады. Бірақ бұл мәлімет толық болмауы мүмкін.

Басылымның жазуынша, электроника шығаратын американдық Vishay Intertechnology компаниясының Қытайдағы зауытында өндірілген транзисторлар былтыр Қазақстанда тіркелген компанияға сатылған. Кеден мәліметтеріне қарағанда, елдегі компания Vishay бөлшектерін Ресейдегі компанияға сатқан. Украина сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Vishay транзисторлары Ресей дрондарына қолданылады. АҚШ-тың сауда министрлігі бұл мәмілеге қатысқан Elem Group компаниясын экспорты бақыланатын тауарды тасымалдағаны үшін қара тізімге қосты. Elem Group Еуроодақ санкцияларына ілікті, компания Еуроодақ қабылдаған 13-санкция пакетінде жүр.

АҚШ-та ImportGenius сауда мәліметтері базасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың наурыз-тамызы аралығында Elem Group Ресейге 1,15 миллион доллар сомаға тауар тасымалдаған. Олардың арасында Далласта орналасқан Texas Instruments пен Массачусетс штаты Уилмингтонда орналасқан Analog Devices компаниялары өндірген электронды тауарлар бар. Сол кезеңде Elem Group-ке ең көп көлемдегі импорт Қытайдан жеткізілді.

Алматының орталығындағы ғимаратта орналасқан "Elem Group" компаниясы соғыс басталған соң 20 күн ішінде құрылған, 2022 жылы табысы 14,5 миллион долларға жеткен. Былтыр наурыздан бері компанияға Қазақтан азаматы иелік етеді.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

АҚШ-тағы Jamestown қоры Түркі мемлекеттері ұйымы қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ұмтылып жатқанын жазды.

Мақала авторы Әзербайжандағы халықаралық қатынастарды талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Васиф Гусейнов Әзербайжан таяуда өткен президент сайлауынан кейін Түркі мемлекеттері ұйымына көп көңіл бөле бастағанына назар аударды.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан кіреді.

Түркияның қорғаныс саласындағы компанияларының Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдермен серіктестігі бұл ұйым Еуразия кеңістігінде үлкен геосаяси күшке айналып жатқанын көрсетеді.

Автордың пайымдауынша, мүше мемлекеттер одақтастық мен әскери саладағы қарым-қатынасты дамытып жатыр, бұл − ұйым интеграциясының негізгі бағыты. Былтыр қарашада Астанада өткен саммиттің қорытынды құжатында «қорғаныс өнеркәсібі мен әскери саласындағы серіктестікті күшейту» жайлы айтылған. Ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік пен әскери саладағы серіктестігі негізінен тек екіжақты форматта жүреді.

Мәселен, ақпан айының аяғында Қазақстан парламенті Өзбекстанмен одақтастық қарым-қатынас жайлы келісімді ратификациялады. Бұл келісімге екі тарап былтыр желтоқсанда қол қойған. Құжатқа сәйкес, екі ел бір-біріне қарсы одақтарға қосыла алмайды.

2022 жылдың мамырында Қазақстан мен Түркия елде түрік дрондарын шығару туралы келісімге келді. Былтыр қазанда түрік дрондарын елде шығару 2024 жылы басталатыны хабарланған.

Әзербайжанның қорғаныс паркінде Түркияның түрлі дрондары бар. Әзербайжан мен Арменияның қақтығысы кезінде осы дрондар шешуші рөл ойнады. 2023 жылдың аяғында Өзбекстан Түркияның дрондарын сатып алған.

Гусейновтің пайымдауынша, Түркі мемлекеттері ұйымының қорғаныс саласындағы серіктестікті дамытуы аймақтағы динамиканы өзгертеді: ұйымға мүше мемлекеттер қауіпсіздік, стратегиялық үйлестіру мен сыртқы саясатта ортақ күн тәртібін белгілеуге көбірек басымдық беріп жатыр. Алайда ұйымның қорғаныс саласындағы серіктестікті күшейтуі мен Ресей, Қытай тәрізді сыртқы ойыншылармен қарым-қатынас арасында баланс ұстану қажет. Автор Түркі мемлекеттерінің одағына мүше елдер аймақтағы державалардың ықтимал теріс реакциясынан сақ болуы керек дейді.

ҚЫТАЙ МЕН БАТЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЛИТИЙ ҚОРЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТА БАСТАДЫ

Қазақстан өзін жоғары сапалы литийді өндіріп, басқа мемлекеттерге жеткізе алатын ел ретінде көрсетіп жатыр, әлемде бұл минералға сұраныс артты, деп жазады Eurasianet басылымы.

Литий – энергияны сақтау технологиясында қолданылатын маңызды минерал.

5 наурыз күні Сеулде өткен конференцияда Кореяның геология және минералды ресурстарды зерттеу институтының ғалымдары Шығыс Қазақстанда литийдің үлкен қоры тапқанын мәлімдеді. Ғалымдардың айтуынша, аумағы 1,6 шаршы шақырым болатын Бакен кен орнындағы минерал ресурстардың құны 15,7 миллиард долларға жетеді. Бұл кен орнында бұған дейін тантал өндірілген. Кореяның геология және минералды ресурстарды зерттеу институты сол елдегі компаниямен бірге осы кен орнын бұрғылауға рұқсат алу үшін келесі жылы өтініш бермек.

Қазақстан және Қытай басшылары қол алысып тұр. Қытай, Сиан 17 мамыр 2023 жыл.
Қазақстан және Қытай басшылары қол алысып тұр. Қытай, Сиан 17 мамыр 2023 жыл.

Қазақстан геология қызметі елде литийдің 75,6 мың тонна қоры бар деп хабарлады.

Былтыр мамырда Сиан қаласында өткен Қазақстан – Қытай инвестициялық форумында Тоқаев литий өндірісіне инвестиция құюға шақырған. Eurasianet Қытай литийді бірігіп өндіру ұсынысын қабыл алса, ол бұл саладағы монополиясын бекіте түседі дейді. АҚШ-тың энергетика министрлігінің 2021 жылғы мәліметінше, Қытай әлемдегі литийдің 60 пайызын қайта өңдейді.

Бірақ литийге Еуропа да қызығушылық танытып жатыр. Былтыр қыркүйекте Тоқаев Берлиндегі HMS өнеркәсіп концернінің төрағасы Деннисом Швиндтпен кездескен. Швиндт Шығыс Қазақстанда литийді өндіріп өңдейтін, құны 500 миллион доллар зауыт құрылысының жобасын таныстырды. Одан бір ай бұрын бұл компания литий, кобальт, никель, тантал мен сирек металдарды өндіру мен барлауға лицензиясы бар екі қазақстандық компанияның акцияларын сатып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG