Accessibility links

АҚШ-пен серіктестік аймақтағы Ресей мен Қытай ықпалын азайта ма? Орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі артпақ


АҚШ және Орталық Азия елдерінің тулары.
АҚШ және Орталық Азия елдерінің тулары.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия АҚШ-қа Қытайдың маңызды минералдарына тәуелділіктен арылуға көмектесе ме деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен бірге Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы жалғайтын Орта дәліздің өткізу қабілеті мен тиімділігін қалай арттыруға болатынына үңілді. Бұдан бөлек Орталық Азия азаматтары Түркиядан Италияға мигранттарды қайықпен заңсыз жеткізгенін жазды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АҚШ-ҚА ҚЫТАЙ МИНЕРАЛДАРЫНА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Орталық Азия елдері АҚШ-тың Қытай минералдарына тәуелділігін жоя алар еді, деп жазады АҚШ-та шығатын Hill басылымы.

Әлемде жасыл энергия үшін қажет маңызды минералдар үшін бәсеке күшейіп келеді. Жел станциялары, атом электр станциялары, электромобильдер мен аккумуляторлардың негізгі бөлшектерінде қолданылатын хром, литий, уран, мыс, германийге сұраныс өсіп жатыр.

«Бұл АҚШ пен оның одақтастарын осы минералдарды өндіріп, өңдейтін монополист Қытаймен санасуға мәжбүр етеді», деп жазады мақала авторлары АҚШ-тағы Texas A&M университеті үкімет және мемлекеттік қызмет жөніндегі Буш мектебінің профессоры, Орталық Азия істері бойынша Oxus қоғамының президенті Эдуард Лемон мен Oxus қоғамының басқарушы директоры Брэдли Джардин.

Сирек металл өндірісі. Көрнекі сурет.
Сирек металл өндірісі. Көрнекі сурет.

Бұл секторда Қытай мен Ресей басымдыққа ие. Қытай әлемдегі маңызды минералдардың өндірісінің 60 пайызын, өңдеудің 85 пайызын бақылайды. Пекин әлемдегі кобальттың 70 пайызын, литийдің 58 пайызын, никельдің 35 пайызын өңдейді. 2020 жылы палладий өндірісінің 43 пайызы, ванадий өндірісінің төрттен бірі Ресей бақылауында болған.

Бұл ретте АҚШ импортқа тәуелді, елге қажетті маңызды минералдардың жартысынан көбін импорттайды. Авторлардың жазуынша, Орталық Азия Қытай монополиясын жоя алады. Аймақта марганецтің әлемдік қорының 38,6 пайызы, хромның 30,07 пайызы, қорғасынның 20 пайызы, мырыштың 12,6 пайызы, титанның 8,7 пайызы бар. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран жеткізуші, 2022 жылы әлемдегі уранның 43 пайызын тасымалдаған.

Былтыр қыркүйекте Нью-Йоркте Орталық Азия елдерінің басшыларымен саммит өткізген АҚШ президенті Джо Байден аймақтың маңызды минерал қорын барлау мен өндіру үшін С5+1 форматында диалог құруға шақырған. Әзірге бұл диалогтың нәтижесі қандай болары белгісіз. Алайда Қытай бұл мәселеде АҚШ-тың алдын орап кеткен. Аймақтың көптеген қазба байлығы Қытайға тасымалданады. Мысалы, Қазақстан Қытайға молибден экспортын 2017 жылдан 2020 жылға дейін төрт есе арттырған, молибден жел қондырғыларын өндіру үшін қолданылады. 2019 жылы Қазақстан Оңтүстік Африкадан кейін Қытайға ең көп хром экспорттаған ел болған. Қытай компаниялары Тәжікстан мен Қырғызстанда пайдалы қазбаның көпшілігін өндіруге лицензия алған. Аймақтың Қытайға географиялық жақындығын ескерсек, Қытайға экспорт өсе береді.

Лемон мен Джардин АҚШ аймақтың тау-кен өндіру және өңдеу саласына инвестиция құйып, бұл саладағы технология мен тәжірибесін бөліссе, Орталық Азия әлемдегі маңызды минералдардың тасымал тізбегін әртараптандыра алар еді дейді. Зерттеушілердің пайымдауынша, АҚШ-тың аймақтағы белсенділігі дипломатиялық, экономикалық қарым-қатынас, инфрақұрылымды дамыту тәрізді жан-жақты саланы қамтуы керек, бұл аймақтың Ресей мен Қытайға тәуелділігін азайта алады.

Дегенмен АҚШ аймақтағы саяси тұрақсыздық, адам құқықтарының нашар ахуалы, аймақ елдерінің шекарадағы қақтығысы, Ауғанстан тәрізді мәселемен бетпе-бет келеді. Зерттеушілер қалай болғанда да АҚШ-тың аймақтағы стратегиясы қайта сүзгіден өткізілуі керек деп есептейді. Көмірсутегіден пайдалы қазбаларға өту аймақ экономикасын жемқорлық, ашық емес басқарудан арылтады. Вашингтонның Орталық Азиямен серіктестігі Қытайдың болашақ технология өндірісіндегі монополиясын жойып қана қоймай, жасыл энергияға өтуге мүмкіндік береді.

ОРТА ДӘЛІЗ АЗИЯ МЕН ЕУРОПА АРАСЫНДАҒЫ ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ МЕРЗІМІН ЕКІ ЕСЕ ҚЫСҚАРТТЫ

Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий теңізі мен Кавказ арқылы жалғайтын Орта дәліз Ресей аумағымен өтетін Солтүстік дәлізге балама бағытқа айналғанын жазды.

Мақала авторы Әзербайжанда тұратын журналист Сеймур Мамедов Ресейді айналып өтетін Орта дәліз жүк тасымалдау уақытын қысқартқанына назар аударады. Еуропадан Азияға Суэц каналы немесе Африка аумағы арқылы жүк тасымалдау 40-60 күнге созылса, Қытайдан Еуропаға тауар Солтүстік дәліз арқылы 30 күнде тасымалданады. Ал Орта дәліздің негізгі бөлігі − Баку-Тбилиси-Карс теміржолымен Азиядан Түркияға Оңтүстік Кавказ арқылы жүк небәрі 15 күнде жеткізіледі. Былтыр Қазақстан мұнайы алғаш рет Орта дәліз арқылы тасымалданды. Орта дәліздің бойындағы негізгі елдер – Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия мен Түркия бұл бағытқа қызығушылық артып жатқан тұста одан пайда көруді көздейді.

2023 жылы Орта дәліз немесе Транскаспий дәлізі арқылы 2,8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 86 пайызға көп. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4 миллион тоннаға жетеді деп жоспарланды.

Қытай мен Еуропаны жалғайтын Орта дәліз.
Қытай мен Еуропаны жалғайтын Орта дәліз.

Дүниежүзілік банк Орта дәлізбен жүк тасымалдау 2030 жылы 11 миллион тоннаға жетеді деп болжайды. Алайда бұл көрсеткішке жету үшін дәліздегі бірқатар проблеманы шешу керек. Баку-Тбилиси-Карс бағытындағы Грузиядағы тар өткелдерден бөлек, Түркиядағы теміржол жылына небәрі 700 мың тонна жүк өткізе алады. Осының кесірінен жүкті автокөлікпен тасымалдауға тура келеді. Грузиямен шекарадан Анкараға дейін теміржол салынса, Орта дәліз таптырмас бағытқа айналып, Түркия арқылы тауар тасымалы 8 күннен 2 күнге қысқарар еді.

Қазақстан, Әзербайжан мен Грузия Транскаспий дәлізін 2027 жылға дейін дамытуды көздейтін бес жылдық жол картасын мақұлдады. Осы жоспардың аясында үш ел бірлескен логистика компаниясын құрмақ. Жаңа компания тарифтерді біріздендіріп, дәліз арқылы тауар жеткізуді тездетіп, жеңілдетеді. Бастапқыда Орта дәліз арқылы тауар тасымалдау 53 күн болса, қазір ол 18-23 күн шамасында, жаңа компания жұмысын бастаған соң тауар жеткізу мерзімі 10-15 күнге қысқарады.

Былтыр қарашада Дүниежүзілік банк Орта дәліз жайлы есебінде бұл бағыттың өткізу қабілетіне порттағы, теміржолдағы, теңіз жолдарындағы және шекара өткізу пунктеріндегі тар жерлер кедергі келтіретінін тізген. Бұл мәселені шешу үшін қомақты инвестиция қажет. Дегенмен бағыт жылдам және тиімді бола түссе, инвестиция өзін-өзі ақтап, бірден пайда әкеле бастайды. Дүниежүзілік банктің есебіне қарағанда, дәлізден тез пайда табу аймақ елдерінің табандылығы мен талпынысына байланысты болмақ.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЗАМАТТАРЫ ТҮРКИЯДАН ИТАЛИЯҒА МИГРАНТТАРДЫ ҚАЙЫҚПЕН ЗАҢСЫЗ ЖЕТКІЗГЕН

Ұлыбританиядағы Guardian басылымы қылмыстық топтар мигранттарды Түркиядан Италияға заңсыз жеткізу үшін Орталық Азия азаматтарын қайық жүргізушілері ретінде көптеп тарта бастағанын жазды.

Көші-қонды ұйымдастыру жөніндегі халықаралық ұйымның дерегінше, 2023 жылы Сицилия, Апулия немесе Калабрия жағалауына Түркияның Измир, Бодрум мен Чанаккале порттарынан 7153 мигрант заңсыз келген. Олардың әрқайсысы теңіз жолымен келу үшін 8 мың еуро төлеген.

Италияның Arci Porco Rosso үкіметтік емес ұйымы мен Borderline Europe коммерциялық емес ұйымының есебінде 2023 жылы Италия полициясы осы бағытпен мигранттарды әкелген 68 қайық жүргізушісін тұтқындағаны, олардың кемінде 18-і Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Әзербайжаннан келгені жазылған.

Жерорта теңізін кесіп өтпек болған, орта жолда құтқарылған мигранттар. Олар мінген қайықтар теңізде жиі апатқа ұшырайды.
Жерорта теңізін кесіп өтпек болған, орта жолда құтқарылған мигранттар. Олар мінген қайықтар теңізде жиі апатқа ұшырайды.

Бұған дейін Еуроодақта бас сауғалағысы келетіндерді қайықпен апаратын Түркияның контрабанда топтары қайықты жүргізу үшін Украина мен Ресей азаматтарын тартатын. «Бұрын қылмыстық топтар Украинаның кәсіби балықшылары мен теңізшілерін алатын», дейді шетелдік капитандарды қорғаған адвокат Олеся Дзедзинская.

Дзедзинская Украинадағы соғысқа байланысты ер адамдар елден шыға алмай қалды, қайық жүргізушілер қамауға алынып, түрмеге қамалатыны жайлы ақпарат Украинада кең тарады, сол себепті қылмыстық топтар Орталық Азия азаматтарын жалдай бастады дейді.

Қайық Италияның теңіз шекарасына кіргенде билік жолаушылардан қайық жүргізушісінің атын атап, түсін түстеуді сұрайды. Италия заңына сәйкес, ол ұсталып, кейін оған заңсыз иммиграцияға итермелеу немесе айдап салу, мигранттар саудасы, қылмыстық топқа қатысу сияқты айыптар тағылуы мүмкін. Ол 15 жылға, ал қайық жолаушылары мерт болған жағдайда өмір бойғы түрме жазасына кесілуі мүмкін.

Есепке қарағанда, қазір заңсыз иммиграцияға итермелеу немесе айдап салу баптары бойынша Италия түрмесінде Орталық Азияның кемінде 40 азаматы отыр.

Дзедзинская қайық жүргізушілердің көпшілігі басын қандай қатерге тігетінін білмейді дейді. Олардың арасында 19-20 жастағы ер адамдар бар. «Италияның заңы олар қылмыстық топтардың құрбаны екенін ескермейді, Орталық Азия азаматтары қайық жүргізуді бір аптаға жетер-жетпес уақытта үйренуге мәжбүр», дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG