Қыркүйектің 19-ы күні Бішкекте Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы (ҚЖҰҚ) іздеу қызметінің мерейтойында Зуура Болтоева ұзақ жыл бойы көре алмай келген сіңлісімен кездесті.
Әпкелі-сіңлілердің 23 жылдан соң жүздескенін көргендер көз жасына ие бола алмады. Бурмакан Болтоева жылдар бойы әпкесін іздеп, табылып қалар деген үмітін үзбеген.
- Ол 1995 жылы Қазақстанға кетті. Ол кезде біз қалада тұратын едік, әпкемді алдап әкетіпті. Қызыл жарты ай қоғамына көмектері үшін алғыс айтамын, - деді Бурмакан Болтоева.
51 жастағы Зуура Болтоева Ош облысының Қарақұлжа ауданында туған. Бір апта бұрын оны Қызыл жарты ай қоғамы Астанадағы қырғыз диаспорасының өкілдерімен бірге іздеп тапты. Құжаттарын жоғалтқан әйел ұзақ жылдар бойы отанына орала алмаған. Күнкөріс үшін 20 жыл бойы темекі плантациясында жұмыс істеген, тауда мал баққан.
- Темекі плантациясында істедім, кейін тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен 11 жыл бірге тұрдым, сосын ол дүние салды. Қызым екеуміз жалғыз қалдық. Кейін қайын атам мен қайын апам "баланы өсіріп, тәрбиелей алмайсың" деп қызымды тартып алды. 11 жасында алып кетті. Қазір қызым Қазақстанда тұрады. Осы уақыт бойы түрлі адамдарға жұмыс істедім. Үш қожайыным болды, екеуі мені ұрып, түрлі жұмыстар істетті. Туыстарымның іздеп жатқанын білмедім. Мені тауып, отаныма қайтарған Қызыл жарты ай қоғамының қызметкерлеріне рақмет, - деді Зуура Болтоева.
Қызыл Жарты ай қоғамы Астанадағы қырғыз диаспорасы өкілдерімен бірге Зуура Болтоеваны үш айға жуық іздеді. Оны Бішкекке әкелген соң дәрігерлердің тексеруінен өткізді. Қазір әйелдің құжаттарын, жеке бас құжатын дайындап жатыр.
"400 АДАМ ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН"
Қырғызстанның Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы іздеу қызметінің мерейтойын атап өту үшін соның көмегімен жақындарын тапқан көп адам келді. 25 жыл бойы бұл ұйымға 3 мыңға жуық өтініш түскен. Ұйым 135 отбасының қайта қауышуына ықпал еткен. Іздеу жұмыстары негізінен, ТМД аумағында жүргізілген.
- Қандай кезде адамдар хабар-ошарсыз жоғалып кетеді? Көбіне, жазатайым жағдайлар болса. Яғни, адам қайда барарын, кімге өтініш айтарын білмейді, өз құқығын білмейді. Біз тек іздеумен айналыспаймыз, құжаттар рәсімдеуге көмектесеміз, кеңес береміз. Ұлы отан соғысы кезінде қаза тапқан солдаттардың жерленген жерін іздеуге көмектесеміз, маршрутын жасаймыз. Қазіргі кезде шетелге жұмыс іздеп кетіп, хабарсыз кеткен 400 жуық адам бар, - дейді ҚР ҚЖҰҚ үйлестірушісі Салтанат Әбдіжапарова.
Қызыл Жарты ай қоғамы Қырғызстанның мемлекеттік көші-қон қызметімен бірге жұмыс істейді. Адамдарды іздеуге Қызыл Жарты айдың бүкіл әлемдегі 195 өкілдігі, түрлі елдер мен қалалардағы қырғыз диаспорасы, еріктілер көмектеседі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлдықта болған әйел арыздануға қорқадыАдам құқығы жөніндегі халықаралық федерация жақында әлемдегі мигранттар жағдайы туралы баяндамасын жариялады. Баяндамада Қазақстанға кеткен қырғыз мигранттардың көбі құлдық сауда құрбандары болатыны айтылған.
Зерттеу дерегі бойынша, қырғыз мигранттарын Қазақстанда жұмыс берушілер де, делдалдар да алдайды. Жалақы бермей қосымша жұмыс істетеді, кейде тіпті құжаттарын тартып алады. Көбіне адамдардың өз оқиғасын ашық айтпауынан, құқық қорғау мекемелеріне хабарласпауы салдарынан осындай жағдайлар болады екен.
Қырғызстанның мемлекеттік көші-қон қызметінің статс-хатшысы Нұрлан Шерипов бұндай жағдайларды болдырмау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек дейді:
- Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Автовокзалда, теміржол вокзалында, әуежайларда, әр облыстың үкімет өкілдігінде арнайы ақпарат терминалдары бар, сол жерден азаматтар қажетті ақпарат ала алады. Оған қоса, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қолдауымен смартфондарға арналған арнайы бағдарлама жасадық. Әр азамат оны жүктеп алып, әлемнің кез келген мемлекеті туралы ақпарат ала алады. Мемлекеттің консулдық нөмірін, біздің қызметтің нөмірі мен басқа да қажетті байланыс құралдарын таба алады, - дейді Нұрлан Шерипов.
Қырғызстанның мемлекеттік көші-қон қызметінің дерегі бойынша, 2017 жылы 175 қырғыз азаматы құлдықта жүрген жерінен босатылған. Тәуелсіз құқық қорғау ұйымдарының зерттеулері бойынша, құлдыққа түскен қырғыздардың 70%-ы – еңбек мигранттары.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Әйгерім Ақылбекованың мақаласы орыс тілінен аударылды)