"Кезінде Жапаров активист әйелдерге арқа сүйеген". Қазір оларды өз билігіне қауіп көре ме?

Бұрынғы депутат, белсенді Әсия Сасықбаева 71 жасында қамауға алынды.

Қырғызстан билігі президент Садыр Жапаровты биліктен тайдырмақ болды деген айыпты белсенді әйелдерге де тақты. Сыншылар биліктің бұл қадамын оппозицияны "басып-жаншу амалы" деп бағалайды.

Былтыр қазанда қырғыз билігі саяси репрессия науқанын жүргізіп, "өзгеше ойлайтын" 20 шақты адамды қамауға алған. Оның алтауы әйел еді. Бұл президент Садыр Жапаровтың билігіне таңба болып басылатын оқиға болды.

Ұсталғандар үш айдан сегіз айға дейін қамауда болды. Олар "билікті басып алуға талпыныс" айыбы бойынша қозғалған жабық сот процесінің үкімі шықпайынша, үйқамақта болмақ.

Бұл билік қарсыластарына қарсы науқандар ішінде 2010 жылдан бергі ең ірісі еді. Сол жылы Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев биліктен тайдырылған. Бәкиев – тәуелсіз Қырғызстан тарихында президенттіктен қуылған үшінші адам.

Бірақ белсенділердің ішінде әйелдерді көздеу Бәкиевтің бұдан қатыгез билігі үшін де шектен шығу болар еді. Ал Жапаров пен елді де-факто сонымен бірге билеп отырған қауіпсіздік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Тәшиевтің ұстанымы бөлек.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) пен ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев.

Осы айдың басында елдегі жаңа наразылықты пысқырмаған қырғыз билігі 70 жастағы әйел мен 44 жастағы жалғызбасты әйелді қамауға алды. Олар "конституция қайшы әрекет" жасады деп айып тағып отыр.

Венада орналасқан "Еуразия еркіндігі" үкіметтік емес ұйымының төрағасы Лейла Назгүл Сейітбек белсенділерді қудалау жалғасады, өйткені билік белсенділіктің барлық формасын жоюға шындап кірісті дейді. Сарапшының пікірінше, Қырғызстандағы азаматтық белсенділіктің негізгі қозғаушы күші – әйелдер.

– Өздері оппозицияда болғанда Жапаров пен Тәшиев белсенді әйелдерге жиі арқа сүйейтін. Олар әйелдердің бейбіт жиындар ұйымдастырып, билікті сынауда жақсы нәтижеге жете алатынын біледі. Сондықтан әйелдерді өз билігіне қауіп көреді, – дейді ол.

Қырғызстанда азаматтарды саяси себеппен ұстау дәстүрге айналған. Соған қарамастан, Қырғызстан Орталық Азиядағы саяси плюрализм мен азаматтық қоғам белгілері сақталған жалғыз мемлекет саналады. Бірақ қазіргі режим үшін бұл жетістік емес, кедергі сияқты.

СУ ҚОЙМАСЫ ЖӘНЕ САЯСИ ҚУДАЛАУ

Былтыр Қырғызстан мен Өзбекстан арасында шекараға байланысты келісім жасалғанда, Кемпір-Абад су қоймасының Өзбекстанның ықпалына өтуіне қарсы наразылық білдірген 25 азамат қамауға алынды.

Бішкекте белсенділер мен оппозиция өкілдері "Кемпір-Абадты қорғау" комитетін құрды. Көп ұзамай қауіпсіздік қызметі комитет мүшелерін италиялық мейрамханада отырған жерінен ұстап әкетіп, "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды" деген айып тақты.

Конституциялық соттың бұрынғы судьясы, үкіметтік емес ұйымды басқаратын Клара Сооронқұлова.

– Қай ақымақ қоғамдық орында – мейрамханада отырып, мемлекеттік төңкеріс туралы айтады? – дейді Конституциялық соттың бұрынғы судьясы, үкіметтік емес ұйымды басқаратын Клара Сооронқұлова.

Мейрамханадағы кездесуден кейін ұсталған белсенділер қатарында Сооронқұлованың өзі де бар. Ол сәуірде кепілмен босап шықты. Кларамен бірге ұсталған құқық қорғаушы, кезінде президенттікке үміткер болған Рита Қарасартова маусымның соңына дейін қамауда отырды.

Қарасартова "Кемпір-Абад ісінің" бір жылдығына орай берген сұхбатында 71 жаста түрмеге жабылған Әсия Сасықбаеваның ерік-жігеріне тәнті болғанын, оның батылдығынан үлгі алатынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тарихи келісім". Қырғызстан мен Өзбекстан "достығы" ұзаққа созыла ма?

Бұрынғы депутат, белсенді Сасықбаева түрмеде тұтқындарға орыс тілін үйретіп, тамақ дайындап, сағы сынбаған. Ол тіпті, түрмеге қате үкіммен түскен 24 жастағы әйелге босап шығуға көмектескен.

– Cасықбаева басын тік көтеріп жүргенде, менің ауырдым деп шағымданғаным болмас деп ойладым. Бұрын түрмеге түсуден қауіптенетінбіз. Қазір батыл болып кеткен жоқпыз, бірақ түрмеден қорықпаймыз, – деді сегіз ай қамауда болған Қарасартова.

Үкіметтік емес ұйымдарға қарсы заң қабылданса, ұсталған белсенділер саны одан әрі артуы мүмкін. Осы айда Қырғызстанның оңтүстігінде ұсталған екі әйелдің ісі де Кемпір -Абад дауына қатысы бар деген күдік пайда болды.

Жалғызілікті ана Шыныгүл Шерқұлова әлі изоляторда отыр. Бірақ бір апта қамауда отырып, 17 қазанда босап шыққан зейнеткер Сәлия Таштанованың ісі қоғамды дүр сілкіндірді.

– Қырғызстан тарихында қарт әйелді ұстап әкету деген болған емес, – дейді белсенді Динара Ошурахунова.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ДЕНІН ӘЙЕЛДЕР БАСҚАРАДЫ

Шерқұлова мен Таштановаға билікті күшпен басып алуға шақырды деген айып тағылған. Таштанова әлеуметтік желіде Тәшиевтің атына хат жазып, елдегі қымбатшылық пен әділетсіздік туралы айтқан. Зейнеткер Кемпір-Абад су қоймасының жерін Өзбекстанға беруге қарсы наразылыққа да қатысқан. Таштанова жоғарыда аталған жазбасын "Бүтін Қырғызстан" оппозициялық партиясының басшысы Адахан Мадумаров "мемлекетке сатқындық жасау" айыбымен ұсталғаннан кейін жариялаған.

Сәлия Таштанова (сол жақта) мен Шыныгүл Шерқұлованы билікті күшпен құлатуға үндеді деп айыптап отыр.

Мадумаровтың ісі оның 10 жыл бұрын мемлекеттік қызметте жүргенде қабылдаған шешімдерімен байланысты болса да, оппозиционерге қысым ол "Кемпір-Абадты қорғау" комитетіне қосылғаннан кейін басталған.

2020 жылы Жапаров пен Тәшиев билікке келгеннен кейін көп оппозиционер саясаттан кеткен. Мадумаров – елде қалған аз оппозиционердің бірі еді.

Шерқұлова – "Бүтін Қырғызстан" партиясының Жалал-Абад облысындағы жетекшісі. Оның адвокаты Тоқтосын Жоробеков Шерқұлова Қырғызстан билігі Тәжікстанға жер берді деген қауесет таратқаны үшін айыпталып отыр деді.

– Айыптау үкімін оқыдым. Онда ештеңе жоқ. Біреу үстінен арызданғаны үшін ұстап әкеткен, – дейді Жоробеков.

"Еуразия еркіндігі" ұйымының өкілі Лейла Назгүл Сейітбек қазір билік тарапынан қудалауға ұшыраған 70 азаматтың ісін бақылауға алғандарын, олардың 20-сы әйелдер екенін айтты.

25 қазанда Қырғызстан парламенті шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектейтін заң қабылдады. Енді биліктің қолайына жақпағаны үшін қылмыстық қудалау көретін адамдар саны артуы мүмкін.

– Олардың арасында әйелдер көп болады. Өйткені үкіметтік емес ұйымдардың көбін әйелдер басқарады, – дейді Сейітбек.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент Жапаров Конституциялық соттың шешімін жоятын құзыретке ие болмақ