Джован Ангелов есімді мемлекеттік қызметкер бұдан әрі не болатынын болжауға тырысады. Себебі ол мұндай дағдардысты бұрын да көрген.
Саяси дағдарыс созылған сайын оның экономикаға әсері көбейіп, Джован сияқты қарапайым македониялықтардың тұрмысына кесірі тиіп жатыр.
- 2002 жылы «Электро Скопье» компаниясынан кеткенде де осындай жағдайда болғанмын. Тағы сондай бола ма деп қорқамын, - дейді Джован.
Ұзаққа созылған ұлтаралық кикілжіңнен 2001 жылы Македонияда азамат соғысы тұтана жаздаған. Балқандағы шағын елдің 2 миллионнан асатын халқының көбі – славяндар. Бұл елде этникалық албандардың да үлкен диаспорасы бар. Албандар социал-демократтар басқаратын коалицияға өз өкілдерін енгізуді талап етіп отыр. Үкімет құрамы бекітілмегелі жеті апта болды.
Македонияда бұл саяси дағдарыс екі жыл бұрын басталған. Сол тұстағы премьер Никола Груевски мен ол басқарған консервативтік VMRO-DPMNE партиясы 20 мыңнан астам адамды, соның ішінде журналистерді, саясаттанушыларды және діни қызметкерлерді заңсыз аңдыды деген айыптың астында қалған.
Халық жаппай наразылық шараларын бастап, мұның соңы Еуропа Одағының араағайындығымен арнайы қоғамдық прокуратура құруға алып келді. Ақыр соңында Груевскидің үкіметі отставкаға кеткен.
Екі жылдың ішінде төрт сайлау өткеніне қарамастан, халқының төрттен бірі жұмыссыз Македонияда саяси тұрақтылық орнай қоймады. Бұл елдің солтүстік-батыс аймағындағыкәсіпкерлер палатасының директоры Фатмир Битики:
- Өкінішке қарай, бұл тұрақсыздықтың экономикалық салдары байқалып, экономикалық өсім баяулап келеді. Бизнесте өтімділік, ағымдағы бизнес операциялары, қарыздарды өтей алмау проблемалары болып жатыр. Бұл мемлекеттік мекемелерге де әсер етіп отыр. Кейбіреулері келісім-шарттарды тоқтатуға, қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр, себебі олар осы проблемалардың кесірінен жұмысын жалғастыра алмай отыр, - дейді.
Желтоқсанда өткен 120 орындық парламентке сайлауда ұлтшылдардың VMRO-DPMNE партиясы 51 орынға, социал-демократтар 49 орынға ие болды. Сөйтіп олар ел халқының төрттен бірін құрайтын албандар қатысқан үкімет құра алмай қалды.
Оппозициялық социал-демократиялық одақтың басшысы Зоран Заев «егер құқықтары кеңейіп, албан тілін екінші мемлекеттік тіл ету туралы талаптары орындалса, онда кейбір албан партияларымен бірлесіп коалициялық үкімет құра алатындарын» айтты.
Бірақ VMRO-DPMNE партиясының өкілі - президент Георгий Иванов Заевтың бұл жоспарын орындауына мүмкіндік бермеді. Оның айтуынша, екінші мемлекеттік тіл мәселесі Македонияны тәуелсіздігінен айыруы мүмкін. Бұдан бөлек, президент көршілес Албанияны елдің ішкі ісіне араласып отыр деп айыптады. Осындай процестер кесірінен Македонияда саяси итжығыс басталды.
Статистикаға қарасақ, мұндай оқиғаларға қарамастан, Македония экономикасы соншалық нашарлай қойған жоқ. 2012-2015 жылдар аралығында экономика жыл сайын өсіп келеді.
Бірақ Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметіне қарағанда, өткен жылдың екінші жартысында «саяси белгісіздік» кесірінен инвестиция мен несие азайып, экономикалық өсім 2,2 пайызға баяулаған.
Соңғы екі жылда экономика бірнеше қиындыққа ұшырады, ұзаққа созылған саяси дағдарыс – соның бірі. Бейімделу саясатының, шикізат бағасы арзандығының, шетелдік инвестицияның және еңбек нарығындағы ахуалдың түзелуінің арқасында экономикалық өсім сақталып келген.
ХВҚ сарапшылары «Соңғы екі жылда экономика бірнеше қиындыққа ұшырады, ұзаққа созылған саяси дағдарыс – соның бірі. Бейімделу саясатының, шикізат бағасы арзандығының, шетелдік инвестицияның және еңбек нарығындағы ахуалдың түзелуінің арқасында экономикалық өсім сақталып келген. Алайда ұзаққа созылған саяси дағдарыс елдің Еуропа Одағына кіруге деген үмітін азайтып жіберді», - деп санайды.
Бұл – 2001 жылғы албандар көтерілісінен кейінгі ең үлкен дағдарыс. Сол жолы Македония дипломатиялық тәсілдердің арқасында азамат соғысының алдын алған. Дағдарыс кезінде «Македония Еуропа Одағына (ЕО) және НАТО-ға мүше болады» деген уәделер берілген.
ЕО-ның соңғы саммитінде 28 елден тұратын блок Балқан елдерін қатарына алуға әзір екенін тағы да мәлімдеді. Ресей бұл аймақта ықпалын арттыруға күш салғалы ЕО да жылдамырақ қимылдай бастаған сыңайлы.
ЕО-ның кеңею жөніндегі комиссары Джоханнес Хан (Johannes Hahn) наурыздың 21-і күні Македония басшыларын саяси тайталастан жоғары тұрып, дағдарыстан шығуға шақырды.
Скопье қаласында тұратын, аты-жөнін атаудан бас тартқан тұрғын Азаттыққа берген сұхбатында дағдарыстардан зәрезап болған македониялықтардың мұндай қиындыққа еті үйреніп кеткенін айтады.
1990 жылдардан бері біз үнемі дағдарысқа түсіп келеміз. Жағдай тіпті нашарлап барады.
- Македония азаматтары мұндай дағдарыстардың қаржылық және экономикалық зардаптарын үнемі тартып келеді. 1990 жылдардан бері біз үнемі дағдарысқа түсіп келеміз. Жағдай тіпті нашарлап барады, - дейді ол.
Бірақ елдің экономикалық болашағына үмітпен қарайтындар да бар.
ХВҚ биыл ел экономикасы жоғары қарқынмен өсе бастайды деп болжаған. Алайда бұл болжам саяси дағдарыс басталардан бұрын жасалған еді.
Скопье тұрғыны Гиокика Бозиновски де экономиканың дами бастайтынына сенеді, ол қазіргі жағдайды «жасанды дағдарыс» деп есептейді.
- Жасанды саяси дағдарысқа қарамастан, жаңа инвестиция келіп жатыр, Македония жастардың бизнес ашуына жақсы жағдай жасап отыр. Менде ешқандай қорқыныш жоқ, - дейді ол.
Алан Кросбидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.